Астанада Алматы облысы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

DSC_1156.JPG

Астаналықтар ала таңнан «Қазақстан» спорт кешенінің жанында өтіп жатқан Алматы облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қарай ағылды. Жәрмеңкеге облыстың 3 қаласы мен 17 ауданының шаруалары жалпы құны 270 млн. теңге болатын 470 тонна табиғи азық-түлік әкелді. Алматы облысының Мәдени күндері мен Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко және Парламент Сенатының депутаттары қатысты, - деп хабарлайды Mezgil.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі күн бойы елорда тұрғындарына сапалы әрі арзан өнім ұсынған жәрмеңкеге келген астаналықтар дән риза. Оларға нарықтағы бағадан төмен өнімдер ұсынылды. Атап айтар болсақ, 17 тонна ет өнімдері, 21,9 тонна сүт өнімдері, 12,4 тонна балық, 106,1 тонна көкөніс, 43,4 тонна жеміс-жидек, 43,3 тонна картоп тағы да басқа азықтар апарылды. Жалпы саны 48 түрлі өнімді жәрмеңкеге келушілер қуана-қуана сатып алды.

- Осындай жәрмеңкелер жиі өтіп тұрса деп тілейміз. Өйткені мұнда азық-түліктің бағасы төмен. Қазір ғана сиыр және жылқы еттерін сатып алдым. Жетісудың шаруалары Астаналықтарға керемет көңіл-күй, арзан азық-түлік ұсынып отыр деп айта аламын, - дейді елорда тұрғыны Бауыржан Исламұлы. 

Жәрмеңкеге келген жұрт арзан азық-түлік сатып алып қана қоймай, сонымен қатар Жетісулық өнерпаздардың өнерін тамашалап, концерт көріп қайтты. 

Әбубәкір Мәжитов, қала тұрғыны:

- Өзім Алматы облысында туып өскенмін. Соңғы жиырма жылда Астанада тұрып жатырмын. Кеше Жетісудың жәрмеңкесі өтеді дегенді естіп осы жерге алғашқылардың бірі болып келдім. Жақсы, өте сапалы өнімдер. Ең бастысы табиғи. Жеміс-жидек, көкөністен көптеп сатып алдым. 20 келідей ет алдық.  Қолдың қымызы, құрты, қандай керемет. Осының бәрі шаруалардың, диқандардың арқасы ғой. Солардың еңбегі жансын, еленсін дейміз. Күз берекесі, алтын дән мерекесі құтты болсын.

Астанадағы Алматы облысының Мәдени күндері қаланың 20 жылдығына орай Жетісулықтар тарту еткен "Жетісу" саябағында қайта жалғасын тапты. Саябақты аралап шыққан Алматы облысының әкімі Амандық Батталов құттықтау сөз сөйледі. Жәрмеңкеден басталған шара барысында Жетісулық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы қойылып, астаналықтардың назарына ұсынылды.

Ұқсас тақырыптар