Алматы облысында тұрғын үймен біріктірілген 100 учаскелік полиция пункті салынды

3.jpg

Алматы облысында учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттыру мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен 2014 жылдан бері тұрғын үймен біріктірілген полциция пункттері салына бастады. Жалпы 224 осындай пункт салуға 2014-2018 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 3,3 млрд. теңге бөлінді. Тұрғын үймен біріктірілген 100 учаскелік пунктке жергілікті тәртіп сақшылары қоныстанып үлгерсе, жыл соңына дейін тағы 77-сінің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 2019 жылы қалған 43-інің құрылысы басталмақ, - деп хабарлайды Mezgil.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында – 25-тен, Алакөлде – 19, Кербұлақта – 14, Ақсу, Ұйғыр аудандарында – 13-тен, Панфилов ауданында – 12, Іле, Балқаш аудандарында – 11-ден, Ескелді ауданында – 10, Көксу, Кеген, Талғар, Райымбек аудандарында - 9-дан, Қарасай ауданында – 8, Қаратал ауданында, Талдықорған қаласында – 6-дан, Сарқан ауданында – 6, Қапшағай қаласында – 2 және Текеліде 1 пункттен болады. 

Сөйтіп, қолға алынған жоба барлық аудан, қалаларды қамтымақ. Полиция жұмысына жасалған қолайлы жағдай өзінің нәтижелерін көрсетіп те отыр. Мәселен, биылғы жылдың 9 айында «Бұзақылық» бабымен қаралатын қылмыстардың ашылу көрсеткіші өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6,6 %, ал жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстарды ашу деңгейі 0,4 % артқан.

Учаскелік инспекторлардың өздері жасалып отырған материалдық мүмкіндіктер жұмыс жағдайына көп септескенін айтады. 

- Біріншіден, енді тұрақты жұмыс кабинетіміз бар, оған кез келген уақытта жергілікті азаматтар өз мәселе-шағымдарын айтып келе алады. Екіншіден, осы учаскелік пункт пайдалануға берілген биылғы жылдың ақпан айынан отбасымның тұрғын үй мәселесі шешілді. Бұған дейін пәтер жалдап тұрып келдік. Қазір жұмыс жасауға жайлы жағдай туғанына ризамыз, - деді Текелі қалалық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы Ербол Аманбаев.

Жарас Әділбеков биылғы жылдың мамыр айында құқық қорғау саласына жас маман болып келген. 

- Мемлекет тарапынан маман ретінде бағалап, қолдап, әсіресе, тұрғын үй мәселесін шешіп беруі маған жұмыс істеуге деген ерекше құлшыныс берді. Сол жасалған жағдайларға сай өнімді еңбек етуге міндеттіміз, - деді Ж. Әділбеков. 

Атап өтсек, бүгінгі күні Алматы облыстық ішкі істер органдарының қызметкерлері автокөлікпен, бейнетіркеу құралымен, бейнежетондармен, планшеттермен, компьютерлермен қамтылған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы облыс бойынша 502 бейнекамера орнатылады, сөйтіп жыл соңында олардың жалпы саны 1 268-ге жетеді, соның ішінде Талдықорғанда орнатылғаны – 870. Ішкі істер органдарын азаматтарды қабылдаудың Халыққа қызмет көрсету орталықтары принципі жағдайына кезең-кезеңімен көшіру – Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі болмақ. 



Ұқсас тақырыптар