Қостанайлық шаруалар тұңғыш рет жасыл қарақұмықты нарыққа шығармақ

3.jpg


Қостанай облысында жоғары сұрыпты қарақұмық жармасын өндіру цехының құрылысы келесі жылы аяқталады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұxамбетов Қарабалық ауданына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы нысандарының жай-күйімен танысты. Солардың бірі - Тоғызақ ауылындағы жоғары сұрыпты қарақұмық өндірісі цехы. Белгілі болғандай, құрылыс жұмыстары 2019 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі. Жалпы, жоба құны - 670 млн теңге. Нәтижесінде 28 тұрақты жұмыс орны ашылады. Цех директоры Гүлза Сәрсекееваның сөзінше, құрылғылар украиналық «Агро-Симо-Машбуд» ғылыми-өндірістік бірлестігі мен «ОЛИС» қоғамдық ұйымынан алынады. Қостанайға 3 айдан соң жеткізіледі. Осы мақсатта 400  млн теңге жұмсалмақ. Тиісінше Архимед Мұхамбетов құрылыс-монтаждау жұмыстарын тиянақты жүргізуді тапсырды.

«Бұл инвестициялық жоба 2015 жылы қолға алынды. Құрылыс қарқыны бірқалыпты жүріп жатыр. Бірақ, цехты 2019 жылы іске қосыңыздар. Биыл аяқтап үлгіре алмайсыздар. Асығыстық танытудың қажеті жоқ. Кейін бір олқылығы табылуы мүмкін. Цех жылына 2000 тонна жоғары сұрыпты қарақұмық жармасын өндіруге қауқарлы. Сондықтан жоба жүйелі түрде жүзеге асуы тиіс. Жұмыс барысын қадағалауды облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына тапсырамын», - деді өңір басшысы.

Жоғары сұрыпты қарақұмық жармасын өндіретін цех шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Себебі, мұнда жасыл қарақұмық өндіріледі. Мамандардың айтуынша, жасыл қарақұмық шетелге бірінші рет экспортталмақ. Сондай-ақ, қарақұмықтың бұл түрі ең пайдалы дәнді дақылдар санатына кіреді. Әсіресе, Жапония, Украина елдерінде сұраныс мол.

 Еске салсақ,былтыр Қостанайдағы «Мибеко» ЖШС облыста тұңғыш рет қарақұмық өңдеу цехын ашты. Аталған нысан тәулігіне 55 тонна қарақұмықты өңдейді. Мұнда голландиялық, ресейлік және қытайлық құрал-жабдықтар қолданылады.



Ұқсас тақырыптар