Қабірден тіріліп шыққан Ахмет байдың ескерткіші туралы не білеміз

5.jpg


Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы Далабай ауылы маңында орналасқан Ахмет кесенесі (Қызылтам) облыстың киелі нысандары картасына енген. Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бас инспекторы Серік Ысқақовтың айтуынша, Ахмет кесенесі (Қызылтам) ХХ ғасырдың басында салынған. Ескерткіш Жарқайың ауданында оңтүстік-батысқа қарай жеті шақырым жерде, Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Ахмет кесенесін алғашқы рет 1955 жылы Кемел Ақышевтің жетекшілігімен Ақмола археологиялық экспедициясы зерттеген. Кейіннен 1980 жылы «Қаз-қайта жаңғырту» мекемесінің экспедициясымен (жетекшісі Ж.Шайкенов), 2006 жылы «ҚазЖоба қалпына келтіру» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының Жиынтық бөлімімен (жетекшісі Г.Қамалова) зерттелген.      

Ахмет байға кесенені Ахмет Танкеев есімді көпес салдыртқан. Қабырғалары саз ерітіндісінен құйылып, күйген тік бұрышты кірпішпен қаланған және екі жағынан күйдірілген кірпішпен қапталған, цокольді қабаты тақтатастан қаланған. 

Серік Ысқақов атап өткендей, кесене кірпіштен қаланған. Төртқырлы кесене порталды-күмбезді болып келеді. Оның цилиндрлі барабан үстіндегі сфералық-конустық күмбезі жоғары қарай 2,5 метр биіктікке көтерілген. Кесененің жалпы биіктігі 7,15 метрді құрайды. Есіктің аркалы ойығы жағында садақты маңдайшамен біріктірілген енсіз бағаналармен екі жағынан қос қапсарланған. Бет жақ қабырғалары периметрі бойынша «Аллаһ» сөзінің араб жазулары шаршы кірпіш қатарларымен жиектелген.  

Қасбеттерінің орталық алаңдарында күңгірт түсті кірпіш пен өрнегі бар кірпіштен қаланған ромб тәріздес сурет бар. Бөлменің оңтүстік-шығыс бұрышында шатырға қарай баспалдаққа апаратын аркалы ойық бар. Табыт үсті мен еденнің кірпіш жабындысы бұзылған. 

Осы ескерткіш иесі туралы халық арасында аңыз әңгіме де бар. Аңызға сәйкес, баяғыда бұл өңірде Ахмет деген дәулетті адам болған.  Күндерді бір күнінде әлгі бай ойда жоқта ұйқысынан оянбай қалады. Ол кез медицинаның бүгінгідей дамымаған уақыты. Бәлкім сол себепті де шығар халық байды өлдіге санап, жер қойнына тапсырған екен. Содан біршама уақыттан кейін қабір басынан адамның ащы даусын естіген елдің есі кетіп, бойларын үрей билейді. Сол өңірдегі ишан-молдаларға хабар беріп, барлығы жиналып, қабірді ашады. Сөйтсе жаңағы өлді  деген Ахмет бай өкіріп сыртқа ұмтылады. Халық оны кебінге оралған Ахметтің бейнесіндегі жын деп ойлап, ұрып өлтіреді. Кейін естерін жиған соң өздерінің істерінің ағат болғанын, Ахметтің расында «терең» ұйқыға кеткенін түсінеді. Елдің үлкен-кішісі жиналып, Ахметті қайтадан арулап көмген.  

Айта кетейік, Ахметтің ұрпақтары Жарқайың ауданының аумағында тұрады.


Ұқсас тақырыптар