Томирис патшалығы қай жер?

6.jpg


Біздің заманымызға дейінгі VII ғасыр шамасында массагеттерді (сақтарды) билеген әйел патша Томирис өмір сүрген. Ол жөнінде пікір айтқан – грек тарихшысы Геродот. Томирис есімі Геродот жазбасы бойынша, Тұмар болуы мүмкін. Геродоттың ойынша, массагеттер Сыр бойын жайлаған. Бірақ нақты қай жер екенін Геродот айта алмаған. Ол мүмкін де емес еді. Қазір «Қазақфильм» Томирис  фильмін түсіруге кірісті. Таңдаған жері – Іле өзенінің бойы. Бұл дұрыс, шындыққа жақын.

 Десек те, Сырдария – Іле өзені емес. Ендеше, Сыр бойындағы Томирис елі қай жер болуы мүмкін? Сыр бойына Арал теңізі мен Тәшкен аралығы түгел жатады. Ал енді осы аралықтың ең сулы, нулы шырай­лысы – Қаратау мен Сыр аралы­ғындағы жазық дала. Яғни, Шиелі болуы мүмкін деп шамалаймыз. Бұл жерге қоқандықтар қызыққан, билік жүргізген. Жоңғарлардың шабуылы да осы жерге тірелген. «Қаратаудың басынан көш келеді» деп зарлау – соның дәлелі. Ақмешітті (Перовск) қоқандықтар билеген. Орынбор мен Тәшкен аралығындағы сауда жолының орталығы да Шиелі болған. 1904 жылы Орынбор – Тәшкен теміржолы да Шиеліден өткен. Шиелінің дәл түбінде «Бестам» деген орын бар. Ел аузында оны Хан ордасы болған дейді. Қай ханның, қай замандағы ордасы болғаны кесіп айтылмайды, белгісіз. Бірақ ат бауырын жазып шабатын кең жазық, майса өлке – дәл осы аралық.

Дерек болмаған соң, уәжге тоқтайық. Қоқан, Бұхара мен Сыр аралығындағы тура жол Шиеліге әкеледі. Ертеде арабтар да осы жолмен келген. Сауда жасап, дін таратқан. Орынбор губернаторы болған генерал Перовский 1853 жылы Ақмешітті (қазіргі Қызылорда) қоқандықтардан қуғанда, олар Сырдариядан өтіп, тура түстікке қашқан. Сол жерді әлі күнге дейін ел «Қоқанқашқан» деп атайды. Самар­қанды билеген Сыр елінің тумасы, Жалаңтөс батыр да сол жолмен жүріп жеткен. Ерте кезде Сыр елі мен Бұхара, Қоқан арасы атпен, түйемен жүрген сайрап жатқан жол болған.

Ал енді Томирис еліне келетін болсақ, Парсы елін 28 жыл билеп-төстеген Кир есімді патша (б.з.д 558-530 жылдар) Сыр елін жауламақ болып, көп қолмен келеді. Ол кезде массагет қолын басқарған Томирис­тің ұлы жас жігіт еді. Оны Кир білген. Бұл елді қулықпен алғысы келіп, күндіз жас қолбас­шымен кездесіп, оны адалдыққа сендіреді. Ал түнде «қаннен қаперсіз жатқан қолды басып, қиратып, Томиристің ұлын Кир өлтіреді. Содан ыза, қайғыға түскен Томирис, атқа қонып, қол басқарып, Кирді талқандап, жеңіп, өзін тұтқындап, қолға түсіріп, кесілген Кирдің басын қан құйылған меске бұқтырады. Содан соң: «Сен өмір бойы қанға тоймайтын едің, енді оған тоятын болдың» деп тарихи ұлағатты шешім айтады. Бұл б.д.д 530 жыл еді. Арада 18 жыл өткенде Парсы елінің патшасы І Дарий б.з.д 512 жылы өш алмақ болып, көп күшпен жолға шығады.

Мұны естіген Шырақ деген қарапайым жылқышы биік патриот­тық сезіммен, өз құлағын, мұрнын кестіріп, үсті басын қанға бөктіріп, жау бетін басқа жаққа аудармақ болып, оның алдынан шығып: «Мені бұлай етіп жәбірлеген жерлестерім, олардан кек алайын деп келдім. Мен сендерді нағыз жау ордасына апарам» деп сендіріп, елсіз, шөл далаға бастайды. Жол ұзақ, жау жоқ, Дарий күші аштан, шөлден қалжырайды.

Сонда Дарий алданғанын сезіп, Шырақты қинап өлтіреді. Өлер алдында ол былай депті: «Мен жеңдім, жерлестерімді апаттан сақтадым». Бұл да тарих.

Сонда Шырақ Дарийдің жойқын күшін қай жаққа бастап, адастырды? Әрине, шамасы Шиеліден Терістікке қарай емес.

Өйткені онда «Телі көл» атты көл бар. Оған суды Ұлы Таудан, одан әрі бастау алған Сары су өзені бар. Әрине, су бар жерде ел бар. Олай болса Шырақ жауды ол жаққа бастамаса керек. Шиелінің Терістік шығыс жағы да емес. Таулы жерде бұлақ, жайылым мал бар. Шиелінің дәл тұсы Қаратауда «Мың бұлақ» деген жер бар. Одан әрі таулар, бұлақ­тар. Арыс, Талас сияқты өзен­дер. Олай болса, жауды Шырақ олай баста­ма­ған. Жауды судан шөлдетіп, ашықтыру үшін қалай қарай жол бастауы мүмкін? Әрине, ол елсіз, шөл дала болуы тиіс еді. Сыр бойының батысы да емес. Сонда ол қай жақ? Әрине, ондай шөл, елсіз дала Бай­қо­ңыр – Жезқазған аралығы болса керек. Геродот айтқан өз тарихымызға байланысты жағдайды айқындау «Біз кімбіз?» деген сұраққа жауап береді.

Біздің заманымызға дейінгі 329 жылы Александр Македонский парсыны бағындырған соң, Сыр өзенінің жағасына келсе, арғы бетте тұрған массагеттердің өздері түгіл аттары да сауытпен қымталған екен. Соны көріп Александр Македонский таң қалады. Ол кез түгіл, XVIII ғасыр­ға дейін Еуропа металл балқыту­ды білмеген.

Оның үстіне, массагеттердің аттары тың, жүйрік. Александр Македонскийдің аттары шаршаған, массагеттерге жете алмайды. Әбден адасып, қалжырайды. Жолда қақ суын ішкен Александрдың әскері де, өзі де ауырып, әрең қайтып оралады. Сонда бұл жол да – әлгі бағыт. Жаудан шашырап қашатын көш­пенділер қолы, қай жерде кезде­сетінін алдын ала келісіп, күш жинап қайта шабуылға бірігіп, қайыра шабатын болған.

Сонымен, Томирис елі Қаратау мен Сыр аралығындағы Шиелі аймағы болса керек деп болжаймыз. Нақты дерек жоқ жерде логикаға сүйенген. Айтылған сөз халық санасында сақтала береді. Тарихы­мызды білгеніміз жөн.

 

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,

ҰҒА академигі

Айқын газеті



Ұқсас тақырыптар