Қазаққа сор болған «сұр ғимарат»

2.jpeg

Тарихтан белгілі, өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ халқы үшін ең бір қасіретті кезең болды. Өйткені, алдымен «асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын» деп, ұжымдастыруды бастан өткізіп, бүкіл қазақтың күн көріп отырған алдындағы малынан тігерге тұяқ қалдырмады. Оның соңы жұртымыз бұрын-соңды көрмеген жойқын ашаршылыққа әкеп соқтырып, ғасыр басында 6 млн. адамға жеткен ұлтымыздың жартысына жетер-жетпестейі аштан қырылды, тірі қалғаны төрткүл дүниеге құмалақтай шашылып кетті. Сосын Кеңестік империяның бұл саясатына қарсы үн көтерген ұлтымыздың кілең көзі ашық, бетке ұстар азаматтарына «халық жауы» деген жалалы атақ жапсырылып, олар да қуғын-сүргінге ұшырады. Сөйтіп, республикамыздың 130 мыңнан астам азаматы «Отанын сатқан» деген жаламен атылып немесе айдалып кетті.

Жалпы, кеңес өкіметінің орнауының өзі қазақ даласына орны толмас қасірет, зұлмат пен зобалаң алып келген «ақырзаман кезең» болғаны белгілі. Қазақ ұлты тірі тұрғанда ешқашан ұмытуға болмайтын бұл «қаралы тарих» халық жадынан мәңгі өшпек емес. Атап айтқанда, қолда бар деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың басында атажұртында 6 млн. адамға жеткен қазақ халқы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде – 150 мың, Қазан төңкерісі кезінде – 350 мың, Азамат соғысы мен соның салдарынан болған аштықтан – 800 мың, 1928 жылы ірі байларды жер аударған зомбылықта – 10 мың, сосын 1931–1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылықтан – 2 млн. 300 мың, сол 1931–1933 жылдардағы шетке көшіп кетіп, қайта оралмаған қызылтабан қуғыншылықтан – 615 мың, сталиндік репрессияда  – 25 мың, Ұлы Отан соғысы сұрапылы салған кесірден – 600 мың адамынан айырылған. 1986–1989 жылдардағы «процентомания» салдарынан шет ел асқан тек жастарымыздың өздері ғана 50 мыңды құраған. Сөйтіп, тек Кеңес заманының өзінде ғана қазақ халқы өз атамекенінде, қазақ сахарасында 5 млн. адамға кеміп кеткен.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары ұжымдастыру мен жойқын ашаршылық, содан кейін кілең оқыған, көзі ашық азаматтарын қуғын-сүргінге ұшыратып, біржолата жоюды мақсат тұтқан сталиндік репрессия халқымызды қатты есеңгіретіп кетті. Егер қайсыбір ресми деректерге сүйенсек, бұл зауалға қазақтың 25 мыңдай көзі ашық, оқыған зиялы өкілі ілініп, атылып кетті деп айтылады. Әрине, олардың ішінде Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров секілді қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен өкілдері болғанын қазір жатқа айта аламыз.

Ұлтымыздың аяулылары саналып кеткен бұл азаматтардың көбі «саяси тұтқын» ретінде бүгінгі Наурызбай мен Қабанбай батырлар атындағы көшелер қиылысындағы «қазаққа сор болған» сұр ғимаратта үкім естіп, атылып, не айдалып кеткені жадымыздан мәңгі өшпек емес. Әрине, бұл сұп-сұр үйдің жертөлесіндегі ызғарлы бөлмелерде осыдан 80 жылдай бұрын талай қазақ ардақтылары мен асылдары атылып кеткенін қатпарлы тарих ешқашан ұмытпайды. Негізі, сол бір қатыгез кездері қазақтарға ең ауыр үкім бұл ғимаратта сотсыз-ақ, тіпті, «Сталин жәйлі» қатардағы әңгіме айтқандарға дейін шығарылып, орындалғанын біріміз білсек, екіншіміз ештеңе ойламай жанынан өтіп кетіп жүрміз. Ал шындығында, бұл талайлардың қалай атылып, қалай азапталғанын көрген сұрқай мекен. Атап өтетіні, бұл сұп-сұр ғимарат  1934 жылы салыныпты да, бірден ІІХК-нің (НКВД) құзырына беріліпті. Сөйтіп, арада бірнеше жыл өтісімен-ақ аталған ғимараттың «нағыз қанішерлігімен» атағы шығып, тарихқа ілінеді. Мысалы, ресми деректер бойынша, мұнда тек 1938 жылдың 25 ақпаны мен 15 наурызы аралығында ғана 640 адам атылып кетеді. Демек, талайлардың өмірін жалмаған «сұр ғимарат» сұп-сұр болып талай сырды ішіне бүгіп әлі тұр.

Әрине, қазір бұл ғимарат түрлі кеңселерге бөлініп берілген. Одан осы күнге дейін қатыгездіктің, ұрып-соғудың, атып-асудың ызғарлы демі есіп тұр. Сондықтан да мұнда 2007 жылдары Қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығы қуғын-сүргін құрбандары мұражайын ашқан болатын. Бірақ бертінде бұл ғимарат жекешелендіруге түсіп, ондағы мұражай жұмысын тоқтатқан еді. Бұл біздің қасіретті тарихы-мызды өзіміз ұмытуға тырысқанымыз ба сонда?  Әйтпесе, бүгінге дейін жеткен мәліметтер бойынша,  1937 жылдың 25 қаңтарында ғана осындағы НКВД жертөлесінде арасында Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов бар, 39 қазақ зиялысына ату үкімі орындалған. Олардың мәйіттері артынан мына Боралдай кенті түбіндегі «Қанды сай» деген жерге жерленген көрінеді.

Қорыта айтқанда, қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда 130 мыңнан астам адам құрбан болып, олардың көбі атылып кеткен екен. Міне, солардың көбінің соңғы сәттегі жүзін көрген жоғарыдағы «сұр ғимарат» әлі күнге дейін бар сырын ішіне бүгіп тұр. Олай болса, қатал тарихтың куәсі болған және қазақтың ең қатпарлы кезеңін көзбен көрген мұндай орынды келер ұрпаққа сақтап қою керек деп білеміз. Атап өтетіні, былтырғы 31 мамырда осы ғимарат алдындағы саябаққа  ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылған болатын. Әрине, қазақтың болашақ ұрпағы халқымыздың  басынан  өткен қилы-қилы тағдырын біліп жүргені жөн…

Құттыбек АЙМАХАН

Алматы ақшамы



Ұқсас тақырыптар