Солженицынның Мойынқұмдағы күндері

5.jpeg

«Солженицын... Тіксініп қалдыңыз, ә? Әрине, тіксініп қалдыңыз. Нобель сыйлығы тұрмақ, одан да өткен бір сыйлық шығып, соның да лауреаты болғанның өзінде дәл біздің дәл осы адамды әспеттейтіндей жөніміз жоғы рас. Бас-қасын былай қойғанда, ана бір жылдары «Қайткенде Ресейдің көсегесін көгертеміз?» атты трактат типтес салақұлаш уағыз жазғанында Қазақстанның солтүстіктегі өңірлері ежелден орыс жері еді деп сандырақтағанын ұмытпайтынымыз анық». 

Көрнекті әдебиет зерттеушісі, публицист Сауытбек Абдрахманов бұдан 15 жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаласын міне, осындай жолдармен бастап еді. Дұрыс айтқан. Біз де оны мақтайық, мадақтайық деп отырғанымыз жоқ. Мәселе басқада болып тұр. Жұрт аузында: «Бұл адам 50-жылдардың басында қазақ даласында айдауда болыпты. Сонда қандастарымыз оған қолұшын беріпті. Ақталған соң қиын кезде дәм-тұзын өзімен бөліскен қазақ ауылының адамдарына рахметін айтып, Мәскеуге аттаныпты», − деген әңгіменің барын жақсы білеміз. Ылғи болмаса да ара-тұра айтылып қалатын осы сөзді біреу оқиға орын алған жерге барып зерттеп көрді ме? Көзкөргендермен кездесіп, мәселенің мән-жайына толық қанықты ма? Өкінішке қарай көп емес дер едік. Жариялылық жалауы желпілдеген 80-жылдардың аяғында Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінде тілші В.Вотчельдің шағын мақаласы шыққан. Одан соң «Ақжолға» жазушы К.Сәттібайұлы қалам тартқан. Ал одан бері Мойынқұмға осы тақырыпты зерттеп, зерделеуге біреу барыпты, жазыпты дегенді естімеппіз. Оған бұл жерге таяуда өзіміз арнайы келіп, Солженицынды көзімен көрген, сол жылдары бірге жүріп, араласқан адамдарды тауып, әңгімелескенімізде анық көз жеткіздік. 

− Иә, − деді ауылдағы алғашқы жүздескен адамымыз, еңбек ардагері Шора Әміреқұлов ақсақал. – Оны білетін адамдар осыдан оншақты жыл бұрын мұнда көп еді. Қазір енді солардың біразы жоқ. Әсіресе, Зейнағазы Сырымбетов ағайды айтам да... 50-жылдардың басында ол кісі осы Көктеректе мектеп директоры болатын. Сонда түрмеден босап, «Сельпоның» қара жұмысын істеп жүрген Солженицынды мұ-ғалім етіп алған еді. 

Әңгіме иесінің айтуынша оқиға былай болыпты. 1953 жылдың күзінде осы ауылдың С.М.Киров атындағы орта мектебіне бір адам келеді. Көнетоз киімді, жүдеу жүзді ол директорға өзін: «Александр Исаевич Сол-женицын, − деп таныстырады да. – Мұнда мұғалімдер жетіспей жатқан көрінеді. Менің педагогикалық білімім бар. Мүмкіндік болса, жұмысқа қабылдасаңыз», − дейді. 

Зейнағазы Сырымбетовтің көз алдына сол сәтте бұл адамның орталық сауда қоймасында жүкші болып жүргені елестейді. Мойынқұмда ол кезде не көп, халық жауы деп түрмеге тоғытылып, одан шыққан соң да бақылауда ұсталынған бейбақтар көп еді. «Алдымда отырған мына адам да солардың бірі-ау шамасы», − дейді іштей мектеп директоры. Сөйтеді де үш-төрт күннен кейін келіп жолығуын өтінеді. Ойы аудандық партия комитетінен рұқсат сұрау-тын. Ондағылар келіспейді. Бірақ мектептегі 3-4 пән бойынша оқытушы жоқтығынан бір айдан бері сабақ болмағандығын естігенде ойланып қалады. «Оның мұғалімдік мамандығы бар ма екен өзі?» − дейді аупартком хатшысы ұзақ үнсіздіктен соң. Зейнағазы Сырымбетов бұл сұраққа Солженицынның соғысқа дейін Ростов педагогикалық институтында оқып, ондағы физика-математика факультетін өте жақсы бағамен бітіргенін айтумен жауап береді. «Онда өзің біл», − дейді сауал иесі. Бұл: «Барлық жауапкершілікті мойныңа алсаң ғана қызметке қабылда», − деген сөз еді. 

«Әлгі адам уәделі күні алдыма қайта келгенде, − депті арада 36 жыл өткен соң облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі В.Вотчельмен әңгімесінде Зейнағазы ақсақал, − жеке басқа табыну салдарынан сенімсіз жан атанған оны жұмысқа алуға бекіндім. «Мұның не? Бұл үшін басың кетеді ғой», − деді менен 3-4 жас үлкендігі бар оқу ісінің меңгерушісі. Үндегенім жоқ. «Тәуекел», − дедім ішімнен. Өйткені әбден жүдеп-жадап, жүзі күзгі жапырақтай қуаң тартқан оған көмектеспесем, ар-ожданымның алдында өмір бойы кінәлі болып өтетіндей сезіндім өзімді». 

Осындай шешіммен Солженицынның шаруасын шешкен мектеп директоры оны үйіне алып келеді. «Сол күні мен асүйдің еденін жуып жатыр едім, − деп еске алыпты Зейнағазы Сырымбетовтің қызы Ғалия «Әке жолы» атты отбасылық жинақтағы естелігінде. – Аула жақтағы есіктен кірген әкем: «Қызым, мына ағаңды тамақтандыр», − деді қасындағы сақал-мұрты өсіп, үсті-басы кірлеп кеткен кісіні көрсетіп. Балалық қой. Жаңа ғана тап-таза етіп жуған еден мен әдемілеп жиналған асүйге оны қалай, не үшін кіргізуім керек деген ренішімді әкеме айтуға оқтала бергенімде, ол кісінің қатты дауыс көтергенін өмірімде бірінші рет көріп шошып кеттім. «Қиқарланба, − деді қаһарлы үнмен. – Бұл адам баласы ғой. Мұның да біз сияқты екі қолы, екі аяғы, екі көзі бар. Басқалардан несі кем? Тағдыры, өмірі осылай болып тұрған соң не шара? Көмектесуіміз керек». Мына сөзден кейін мен зыр жүгірдім дейсің. Тамақтанып болған соң қонақ сыртқа шықты. Біздің отбасына деген өзінің ризашылық белгісі ретінде көп етіп отын бұтап берді».

 − Ол кезде мен 9-сыныптың оқушысы едім, − деді отағасы Шора ақсақал жоғарыдағы бізге көрсеткен облыстық газет пен «Әке жолы» атты кітапты стол үстінен жинастырып жатып. – Бір күні класымызға арық денелі, атжақты, шашын артқа қарай жатқыза тараған орыс кісі келіп сабақ бере бастады. Аты-жөнін: «Александр Исаевич Солженицын», − деп таныстырған ол жүріс-тұрысының ширақ, сөйлеген сөзінің нақпа-нақ ерекшелігімен мектептегілердің назарын өзіне бірден аударды. Класқа сергек кейіппен енетін. Сабақты жігерлілікпен бастайтын. Тақырыпты түсіндіріп болған соң, оқушылардың оны қалай ұғып, қабылдағанына ерекше мән беретін. Оны ол кісі сұрақ-жауап түріндегі әдіспен анықтайтын. Сондай кезде біздің миымыз әдеттегіден тыс шапшаңдықпен жанталаса жұмыс істеуші еді. Осындай сынақта Бесбай Тілегенов деген сыныптасымыздың бағы жанатын. Оған Солженицын қатты таңғалушы еді. Кейде басқа оқушылардың да қабілеті ашылып, ой-өрісі кеңейсін дей ме екен, кез келген есептің шешуін ауызша айтып, ешкімге дес бермей отырған Бесбайды дәлізге шығарып жіберіп, біздің де жауап беруімізге жағдай жасайтын.

 − Солженицын мектептеріңізде сонда математикадан басқа тағы қандай пәндерден сабақ берген еді? 

− Физика, астрономия. Кейін оған орыс тілі мен әдебиетінің қосылғаны бар. 

Осылай деген Шора ақсақал кетерімізде біз іздеп келген тақырыпқа байланысты Көктерек ауылының тұрғыны Айдар Әшімовтің де көп нәрсе білетінін айтты. Сөйтті де отбасылық альбомынан ескі бір суретті алып көрсетті. Бірден айтайық, бұл өте қызықты дүние еді. Мұнда 50-жылдардың ортасындағы С.М.Киров атындағы орта мектептің мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары бейнеленіпті. Үлкен бәйтерек ағашы-ның саясындағы сол топтың ортасында біз сөз еткен білім ұясының басшысы Зейнағазы Сырымбетов, оның жанында сол кезде осында оқытушы болып жүрген жазушы Александр Исаевич Солженицын көрінеді. Ал ең алдыңғы жақтағы көк шөп үстіне жантая жайғасқан екі жігіттің бірі Шора Әміреқұлов екен. Суретті 1955 жылдың мамыр айында жергілікті тұрмыс қажетін өтеу мекемесінің фотографы түсіріпті. 

Ақсақалмен қоштасып, ол кісі нұсқаған үйге келгенімізде, күн кештетіп қалған кез еді. Соған қарамастан бізді ашық-жарқын жүзбен қарсы алған Айдар Әшімұлы алғашқы аман-саулықтан соң бірден негізгі әңгімеге көшті. Сөйтті де мынадай жайларды айтты. 

− Сіздер сұрап отырған адамды мен ең алғаш 8 жасымда көрдім. Қыс кезі еді. Ауыл балалары біздер ол кезде МТС жанындағы қалың қарға жайылған қызыл судан пайда болған мұз айдынынан шықпайтынбыз. Бір күні аяғымдағы конькидің бауы үзілді де қалды. Оны көрген Миша атты сыныптасым: «Саша ағайға барайық. Ол көмектеседі», − деді нық сеніммен. Жолдасым айтқан адам осындағы Яков Мельничуктың үйінде тұрады екен. Бейтаныс жан Миша екеуміздің өтінішімізді тыңдағаннан кейін үндемей жүріп, қабырғадағы ескі рюкзагының қайыс иықбауын ағытып алды. Сөйтті де оның шетін ұстарамен ұзыннан ұзақ етіп жіңішкелей тіліп, оны конькиімнің екі жағына теңдей бөліп байлап берді. 

Саша ағайға біздер одан кейін де барып тұрдық. Өйткені бұл кісінің білмейтіні, қолынан келмейтіні жоқ-тын. 50-жылдардың басы ғой. Ол уақыттағы балалар конькилері «снегурочка», «дуты» деп аталатын. Бұлардың бір қиындығы егеу мен шарыққа тәуелділігінде еді. Соны, яғни, конькидің мұзға түсетін табанының жүзін Саша ағай керемет шығаратын. Сондықтан оны тек осы кісіге қайратып алуға құмар болатынбыз. Көктем шыға танысымыз ескі шүберектердің арасына велосипед камераларының жыртылған резеңкелерін салып, кішкентай доп та жасап беретін. Бұл біздің сиырдың өлі жүнін тарап алып домбаздаған бұрынғы ойын дүниесінен әлдеқайда ыңғайлы еді. 

Келесі жылы ол мектептегі жоғары сынып оқушыларына сабақ бере бастады. Бірде солармен бастауыш білім басқышындағы біз де экскурсияға шыққанымыз бар. Жетекшіміз Саша ағай екен. Әскери адам сияқты ықшам киініп алыпты. Бір иығында – планшет секілді жол сөмке. Екінші иығында – шағын фотоаппарат. Беліне офицерлердің жалпақ былғары белдігін байлап алған. Саяхатқа қуанған балалар у-шу бола бастап еді, жетекшіміз қатаң да әмірлі үнмен: «Тынышталып, сапқа тұрыңдар!» − деп саңқ ете түсті. Сол-ақ екен дабыр-дұбыр сап тиылды. Оның командирлерге тән осы даусы мен қимылын өз басым көпке дейін ұмытпадым. Кейін ол Мойынқұмнан Мәскеуге аттанып, 60-жылдары атағы шыға бастаған уақыттағы өмір-баянын оқығанымда, бала кезгі танысымның Ұлы Отан соғысына қатысқанын, офицер болып, батареяға жетекшілік еткенін бір-ақ білдім. Сонда: «Е, бәсе... әскери адамға ұқсайтыны содан екен ғой», − дегенмін іштей. 

Айдар Әшімұлы осылай деді де сәл үнсіз қалды. Осы сәтті пайдаланған мен үй иесінен бұрынырақтағы ел аузынан естіген бір жәйттің анық-қанығын сұрадым. Ол: «Солженицын 1965-1970 жылдары Мәскеуден Көктерек ауылының адамдарына хат жазып, ризашылығын білдіріп тұрыпты», − деген жалпылама әңгіме еді. Олай дейтінім: ондай үшбу сәлемді ешкім көрмеген, осы уақытқа дейін мұндай дүние еш жерде жарияланбаған. Тек «сөйтіпті», «бүйтіпті» деп келетін «дейді-дейді» әләулайдың бір түріне ұқсайтын. Мұны асықпай тыңдаған Айдар аға орнынан тұрды да Шора ақсақалдың үйінен көрген «Әке жолы» отбасылық кітабын алып келіп, оның 85-бетіндегі факсимилиені көрсетті. Бірден елең еттік. Солженицынның хаты! «Мана қалай байқамағанбыз?» − деймін іштей. Сөйтіп жинақпен енді жақсылап танысуға отырдым. Ескерте кетейік, мұны жоғарыда отбасылық кітап деп айтып кеттік қой. Иә, солай. Себебі, тиражы шағын. 200 дана ғана. Содан соң онда бір әулеттің суреттері фотоальбом сияқты беріліп, отағасы Зейнағазы ақсақалдың туған-туыстары мен балаларының естеліктері қамтылған да қойған. Бұлардың ішіндегі ерекшеленіп тұрғаны Солженицынның хаты дер едік. Онда мынадай сөйлем жолдары бар болып шықты. 

«Қымбатты Зейнағазы! Сенің хатыңа қатты қуандым. Менің айдауылдың машинасынан түскен бойда Көктерек аудандық оқу бөліміне кіріп, өзіңді бірінші көргенде сенің күлімсірей қарсы алғаныңнан басталатын екеуміздің алғашқы таныстығымыз кезіндегі саған деген ең жылы сезімдерімді сақтап келемін. Содан кейінгі біздің жақсы қарым-қатынаста болған жылдарымыз ұмытылған жоқ. Сенің әйелің есімде, оның әзірлеген қазақша еті үшін басымды иемін! 

Менің айдаудағы жылдарда мектепте сабақ бергенім нағыз рахатты кезең болды. Кейін оқуға осыншалықты берілген балаларды басқа еш жерден кезіктіре алмадым: сыртқы әлемнен тысқары жүрген олар үшін мектептегі оқу соның бәрін алмастыра алатын жарық сәуле еді. Мен сол кездегі өз шәкірттерімнің табыстарына қуанамын, өйткені, олардың арасында айрықша таланттылары аз болған жоқ. Егер сен маған бұрынғы оқушыларым, оқытушылар туралы жазып жіберсең, жақсы болар еді. Мектеп үйі не болды, әлі өзгермей тұр ма? Әйтеуір бір кезде мен сонда барып, өзгерістердің бәрін өз көзіммен көріп қайта алсам, қуанатыным анық. 

Сенің үлкен, тату-тәтті әулетің болғанына қуаныштымын, сегіз балаңның бәрі жоғары білім алыпты, көптеген немерең өсіп келеді екен. Ал менің 21, 19 және 18-дегі үш ұлым бар, екеуі – Гарвард университетінің студенттері, біреуі – пианист, қазірдің өзінде көптеген концерттерге қатысып жүр. Олар менің соңымнан отанымызға оралатын шығар деп ойлаймын, бәрі де орыс тілін жақсы біледі. 

Бірақ мен үшін мұнда барлық жол әлі ашылған жоқ: кезінде өзім күрескен нәрселердің бәрі ептеп болса да алдымнан шығып жатыр. Біздің жасымызда ауру-сырқау деген таңсық емес қой, сондықтан бәріне төзуің керек. Ал жетіспеушілікпен өмір сүру – қиынның қиыны, бұған жүрегім ауырады. Себебі менің өзім де өмірімнің көп бөлігін жоқшылық пен таршылықта өткіздім, оны білемін. 

6.jpg

Мені танитын жұрттың бәріне өз атымнан шамаң жеткенше сәлем айт, ізгі тілегімді жеткіз. Көктерекке сәлем де, мен оны туған жерімдей көріп кеткенмін. Тап сол жерде қатты ауырып, ажалдың аузынан аман қал-ғаныма қарамастан, менің ондағы жағдайым жақсы болды. Қолыңды қатты қысамын. Солженицын. 24.6.91». 

Біз бұл үшбу сәлемнің нендей ой-мақсатпен жазылғанын білмейміз. Білетініміз – біреу. Ол Солженицынның Зейнағазы ақсақалдың хатына қайтарған жауабы. Оны жоғарыдағы мәтіннің басында тұрған: «Сенің хатыңа қатты қуандым», – деген сөйлем айғақтап тұр. Ішкі ойымыз айтады: «Мұны Зейнағазы Сырымбетов ақсақал жазушының 1990 жылғы 10 сәуірде «Литературная газетаға» шыққан атышулы мақаласын оқығаннан кейін оған ренжіп жазуы мүмкін-ау», – деп. Олай дейтініміз, Солженицын хатының соңындағы «24.6.91ж.» белгісінің тұруы. Осыған қарағанда бұл «Қайткенде Ресейдің көсегесін көгертеміз?» (10.4.90 ж.) атты шу-лығаннан кейін болған хат алмасулар. 

...Далаға шықтық. Қыстың қысқа күні көкжиекке көрінбей батып барады. Аяз ақырып тұр. «Анау мүйіске дейін жаяу жүрейік»,  деген Айдар Әшімұлы сөз арасында бізге тағы бір әңгіме айтты. Солженицын Көктерекке мұғалім болып келген алғашқы кезде Яков және Екатерина Мельничуктердің үйінде тұрыпты. Содан соң ол жеке бәкене тамға көшіпті. Пионер көшесіндегі бұл 10-үй кешегі өлара кезең, өтпелі тұс деп жүрген 90-жылдардың ортасына дейін болған екен. Содан соң қабырғалары құлап, орны жай төмпешік болып қалыпты.

 ...Қонақүйге келіп ойланып отырмын. Есіме 1945 жылғы Шығыс Пруссияда батарея командирі болып жүргенде кеңестік қоғамға қарсы ой-пікірі үшін тұтқындалып, Мәскеу, Марфино және Екібастұздағы сталиндік лагерьлерде азапты күндерін өткізген адам түсті. Содан соң көз алдыма 1953 жылы түрмедегі қиын жағдайдан дауасыз дертке ұшырап, ота жасалғаннан кейін жазасын Мойынқұмда өтеуге жер аударылған жан келді. Осымен бір мезетте ойыма 1956 жылы ақталып, Мәскеуге аттанған, 1959-1965 жылдары атақты «Новый мир» журналында кеңестік тоталитарлық режімді әшкерелейтін «Иван Денисовичтің бір күні», «Мат-ренаның ауласы» мен «Кречетовка бекетіндегі оқиға» және «Захар-Калита» шығармалары жарық көрген жазушы оралды. Ал 1968 жылы «ГУЛаг архипелагы» романы өмірге келгенде... Солженицын есімі идолға айналып, туындылары оқырмандардың сана-сезімін төңкеріп түсірді. Ондағы ең басты, ғаламат нәрсе сол ол бұрын кеңестік қоғамда айтуға тиіс емес жабық тақырыпты қаза жазып, қызыл террордың жантүршігерлік оқиғаларын нақты дерекпен жайып салуы еді. Осыдан кейінгі жағдай айтпаса да түсінікті. Жазушы өзінің алдындағы Ахматова, Зощенко, Пастернак сияқты қаламгерлер секілді сенімсіздікке ұшырап, қуғындалды. Кітаптарының жарық көруіне тыйым салынып, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын тізімнен алынып тасталды. Жазушылар одағынан шығарылып, азаматтығынан айрылды. Сөйтіп 1974 жылы елден аластатылды. Соған қарамастан озық ойлы шығармашылық өкілдері оны іздеді, түрлі басқосуларда репрессия сұмдығын еш боямасыз ашып көрсеткен қаламгер туындыларын айтумен болды. Өйткені кешегі сталиндік азап лагерьлерінен аман оралғандар мен әке-шешелері тоталитарлық режімнің құрбаны болған ұрпақ өкілдерінен тұратын сол кездегі миллиондаған оқырман ол қасіретті ұмытуы әсте мүмкін емес еді. Сондықтан да арада өткен 20 жыл ішінде «Қызыл доңғалақ» тетралогиясының құрамдас бөліктері «Он төртінші жылдың тамызы», «Он алтының қазаны», «Он жетінің наурызы» романдарын жазып бітіріп, Ресейге қайта ораларда ел оны хан көтеріп қарсы алуға пейілді-тін. Бірақ... Кешегі гуманист суреткер, адам құқығын алдыңғы орынға қоятын шығармашылық иесі, қиянатқа қаны қас қаламгер мұхиттың арғы жағынан өзгеріп келді. АҚШ-тан орала сала саясатқа араласты. Ұлт араздығын қоздырып, ұлыорыстық шовинизмнің шоғын үрледі. Антисемитизмнің ауылынан да алыс болмады. Сөйтіп жазушы В.Войновичтің «Аңыз аясындағы буалдыр бейне» кітабындағы сөзбен айтқанда: «...Украиндарға тіл тигізді. Қазақтарды ренжітті. Еврейлерге доқ көрсетіп, чешендерді шамдандырды. Ал оның Сібірді поезбен көктей өткен сапары ше? Теміржолдағы көрінген бекетте жиналыс ашып, елді шаршатты. Думаға келіп ақыл айтып, депутаттардың миын ашытты. Ресейдің жаңа тарихын жазамын деп кәсіби мамандармен жанжалдасты». 

...Осыларды еске алғанда ойлайсың: «Талантты, табанды, батыл әрі қажырлы қалам иесі неге өз саласымен ғана айналысып жүре бермеді екен?» – деп. Иә, ол 60-70-80-жылдардағы қаламгер үшін жазу, тек қана жазу болып табылатын бағытынан танбай, таза шығармашылық еңбегімен жұрт жадында қалғанда ғой. Атақ, абырой, даңқ та одан ешқайда кетпес еді. Бірақ олай болмады. Қалам иесі үшін қажеті жоқ жоғарыдағыдай жағдайларға араласамын деп ол өзінің бұрынғы жеткен биігінен өзі құлады. Құдайға шүкір, Солженицын солай деді екен деп ешбір елде ештеңе өзгеріп кеткен жоқ. Аңғыртқа ұшып, адасқан өзі. Әйтпесе қор болғандар мен қорланғандар шындығын жалғанның жарығына алып шыққан еңбегі үшін берілген мәртебелі Нобель сыйлығы оған аз ба еді? Біздің ойымыз осылай дейді. Десек те: «Қайткенде адам қалады адам болып?» деген данагөй сөзі мен : «Адам боп келіп өмірге, адам боп кету көп қиын», − атты атақты ақынның қос өлең жолдарындағы пәлсапа бойынша жер басып жүрген пенденің кей кездегі ұғымы мен ұстанымын түсіну қиын әрі күрделі. Иә.., күрделі. 

Жанболат АУПБАЕВ, 

«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы


Ұқсас тақырыптар