Маршал Броз Тито қазақтарды неге жақсы көрді?

1.jpg

«Қазақ – нағыз ержүрек, нағыз батыл халық»

 

Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ жауынгерлері Еуропаның көптеген елдерін азат етуде жанқиярлық ерлік көрсетті. Олардың жүрек жұтқандығы мен батылдығына, жаумен  арпалысқан өжеттіктеріне Еуропа халықтары әлі риза. Әсіресе, неміс тұтқынынан қашып шығып, Еуропаның қарсыласу майданында фашизмге қарсы соғысқан қазақ жауынгерлерінің ерлік істері сол елдердің тарихи құжаттарында жан-жақты көрсетілген. Қазақ жауынгерлерінің Францияда генерал де Голльдің «Қарсыласу» майданында, Балкан түбегінде ұйымдасқан маршал Броз Титоның парти-зандар отрядында соғысып, ерлік көрсеткені де белгілі. Кәрі құрлықтың көптеген қалаларында қазақ жауынгерлеріне ескерткіш қойылуы соның арқасы болса керек.

Азаттықтың таңы атысымен Италияда Еуропаны азат етуге қатысқан жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды. Алғаш рет қазақтарға арналған ескерткішке Еуропаны азат етуге қатысқан қазақтардың есімдері ойып тұрып жазылды. Мұндай ескерткіштер Финляндияда да, Балкан түбегінде де бар. Жалпы, Еуропада қазақ сарбаздарына үлкен сенімділік көрсетілді. Оларға атақ-дәрежесі төмен болса да, жауапты міндеттер жүктеліп, әскери бөлімдерге жетекшілік ету тапсырылған. Біз  бір мақаламызда генерал де Голльдің қарамағында рота, батальон басқарған қандастарымыз туралы жазғанбыз. Енді Броз Титоның партизан отрядында соғысқан қазақ жауынгерлері туралы айтуды  да жөн көрдік. Балкан түбегі көсемінің де қазаққа іші бұратынын, оның қазақ даласында табанының ізі қалғанын да айта кетсек дейміз.

Сонымен, Югославияда фашистерге қарсы әскер құрылып, оның басына ұлты хорват Иосиф Броз Тито бекітіледі. Жаңадан құрылған армия қатарына тұтқыннан қашқандар мен фашизмге қарсы соғысқысы келетін еріктілер тартылады. Фашистердің құрсауынан қашып шыққан кеңес жауынгерлерінің бір тобы Титоның армиясына келіп қосылады. Олардың арасында қазақ жауынгерлері де бар болатын.

Броз Тито тұтқыннан қашып шыққандар тобынан толыққанды бір батальон құрады. Сол батальонның командирлігіне қазақ жауынгерін тағайындайды. Жауынгерлердің арасында капитан, майор, подполковник шеніндегі кәсіби офицерлер де бар болып шығады. Жеке құраммен танысып шыққан штаб қызметкерлері Титоға осылардың арасынан біреуін тағайындауды ұсынады. Алайда, Тито ұсынылған офицерлермен танысып, әңгімелесудің орнына: «Құрама әскердің арасында ұлты қазақ жауынгерлер бар ма екен?» – деп сұрайды. Штаб қызметкерлері: «Бар, бірақ оның әскери шені сержант қана екен» – деп жауап береді. Сонда маршал: «Олай болса сол қазақты батальон командирі етіп тағайындаймын, қалған жауынгерлер оның бұйрығын орындайтын болсын!», – деп жарлық беріпті. Балкан көсемі сенім білдіріп, батальон командирі болған  сол жерлесіміздің аты – Бейсен Райсов болатын.

Кейін әскерилер өз көсемдерінен: «Батальонның командирлігіне неліктен әскери атағы жоқ қазақ жауынгерін қойдыңыз?», – дегенде, Броз Тито оларға: «Мен қазақтардың қандай халық екенін білемін. Қазақ – нағыз ержүрек, нағыз батыл халық. Колчактың кезінде қуғындажүрген кезімде мен үш жыл бойы қазақ арасында жасырынып жүрдім. Сол кезде бұл халықтың әрбір ер-азаматының ер болатынын, өр болатынын өз көзіммен көрдім», – деп жауап беріпті. Әрине, мыңға жуық жауынгерлер құрамына басшылық еткен Бейсен Райсов өзінің тәжірибелі ержүрек батыр, әскери іске шыңдалған командир екенін Броз Тито алдында дәлелдеп беріпті.

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ халқының ар мен намысты биік ұстайтын, ерлігімен ұрпаққа ұран болған ата-бабаларының өсиеттеріне адал, қайтпас, мұқалмас ер халық екенін әлемге әйгілі етті.

Қазақ жауынгерлерінің ерлігі соғыс басталған күннен бастап тарихи шежіреге айналды. Ұрыс даласында қазақ жауынгерлері қасық қаны қалғанша шайқаса білді. Олар туралы сол тұстағы көрнекті әскербасыларының барлық мемуарларынан табуға да болады.

Кезінде қазақ жауынгерлері туралы шетелдік мерзімдік баспасөздерде кеңінен жазылды. Ағылшынның белгілі публицисі, соғыс жылдары «Санди таймс» газетінің КСРО-дағы тілшісі Александр Верт «Ресей 1939–1945 жылдардағы соғыста» кітабында Сталинград шайқасындағы қазақтардың ерлігі туралы ерекше жазды.

Сол жылдары КСРО-ның бас газеті «Правда» қазақтардың майдандағы және тылдағы ерліктерін тамсана жазғаны бар.

 

Сталин сырымды білген екен

 

Қазақ жауынгерлерінің ұрыс даласында ештеңеден тайсалмайтын, қай істе де оларға сенім артуға болатынын маршал Георгий Жуков бірнеше рет Жоғарғы Бас қолбасшы Сталинге де мәлімдепті.

Ол туралы кезінде бас штаб бастығы Жуковтың кезекшісі болған Жазықбай Ақанов ақсақал өз естелігінде былай дейді: «…Висла-Одер операциясы сәтті аяқталған кез болатын. Бас қолбасшы Сталин телефон арқылы маршал Жуковпен сөйлесіп, операцияның сәтті өткенін білді. Мен сол кезде штабта кезекші болатынмын. Жуков Сталинмен сөйлесіп болған соң, кезекшілікте тұрған мені өзіне шақырды. Әскери тәртіппен кіріп барғаным сол еді, маршал маған қарап: «Мен сіздердің республикаларыңыз туралы жақсы білемін. Бірақ сен маған мынаны айтшы, қандай ұлттық батырларыңыз бар?», – деп сұрады. Сонда мен: «Исатай, Махамбет», – деп айта бастап едім, маршал менің сөзімді бөліп, «жо-жоқ, жолдас Сталин білетін батырларыңыз бар екен ғой, үнемі Ресей патшасына қарсы шыққан. Өзі Волга өзенінің маңында көтеріліс жасаған», – деді. Сонда менің есіме бірден Сырым батыр түсіп, «Сырым Датов» дегенім сол еді, маршал сөзімді іліп әкетіп: «иә, иә, дәл сол, – деді масаттанып. – Қазіргі соғыста да қазақтардан шыққан батырлар көп. Оларды мақтан тұтуыңа болады, тіпті, қыздардың арасынан екі бірдей батыр шығып отыр. Мұның өзі сендердің қайсар халық екендеріңізді көрсетеді», – деді. Атақты маршал айтқандай, қазақстандық 500-ден астам Кеңес Одағы Батырларының 104-інің қазақ ұлтынан шыққанын қалай айтсақ та мақтаныш етуге болады.

Жалпы, маршал Жуков Сталинге қазақтардың ауа райына, қиыншылыққа төзімділігін, қайтпас ержүректілігін айтып бергені туралы ел арасында әңгіменің бары бұрын да белгілі болатын. Балкан көсемі ол туралы білсе керек.

 

Орыс және қазақ тілдерін үйренген

 

Броз Титоның қазақ даласында қуғында жүріп, қазақ тілін үйренуінің өзі қызық. Ол туралы өзінің естелігінде: «Киргиз (қазақ деп  оқыңыз)  халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін зерттедім. Тілін үйрендім», – деуі бекер емес. Балкан түбегі көсемінің  Жилас атты қандыкөйлек досы «Тито досым» деген естелігінде досының өз қолымен партиялық анкета толтырғанда: «Қандай шет тілдерін білесіз?» деген сұраққа: «Орыс және қазақ тілдерін білемін» деп жауап беруі жергілікті халықты сыйлауынан туындаған құрметі еді.

Хорват ұлының табаны қазақ даласына қалай тиді? Енді, соған келейік. Иосиф Броз Тито – үлкен отбасындағы он бесінші бала. Словениядағы атасының қолында тәрбиеленген ол жастайынан ат пен сиыр бағып жетіледі. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталысымен әскерге алынып, кіші офицерлер мектебінде оқиды. 1917 жылы Ресейдегі төңкеріс кезінде ол әскери тұтқындарды бақылайтын қызметке алынып, Транссібір темір жолын салушылар арасында надзиратель болып істейді. Осы жылдары ол екі рет түрмеге түседі. Алғашқы рет Петропавл қамалында отырады, екінші рет 1927 жылы революциялық астыртын ұйым құрып, газеттерде саяси мақалалар жазғаны үшін қамалады. Қазақтар туралы оның түсінігі  түрмеде алғаш рет қамалғанда  қалыптасты.

Уақыт өткен  күндердің  емшісі. Жақында біздің  қолымызға  Омбы  қаласында 2015 жылы шыққан  «Казахи  Омского прииртышья» энциклопедиясы түсті. Осы  кітапта Броз  Титоға қатысты қызықты материалдар беріліпті. Оның  ұзын-ырғасы мынаған саяды.

Омбының Шарбақкөл  ауданының Қойшыбай ауылында  жеті атасынан бері кәсіпкер  Иса Жақсыбаев деген бай тұрыпты. ХХ ғасырдың басында  осы ауылдағы  жалғыз бай  Иса болған көрінеді. 1858 жылы дүниеге келген  Иса көршілес қоңсы жатқан Көкшетаудан  Омбыға  табын-табын мал айдайды екен.  Сол ен жайлаған байлықтың есебінен  ауылға дермен салып, құдық қаздырып, мешіт салдырып беріпті.  Бірінші дүниежүзілік  соғыс тұсында  диірменде  соғыс тұтқыны, әлі ешкімге белгісіз Броз Тито жұмыс істепті. Маршал кейін 1957 жылы сол бір сұрапыл жылдар туралы былай деп жазады: «…мен Омбыдан 60 шақырым шалғайда тұратын  қырғыз селосынан  тағы да қашып шықтым. Диірменде мен механик болып жұмыс істедім. Бұл жерде жұмыс істей жүріп, жұмысшылармен қарым-қатынасымды үзген емеспін. Маған жағармай мен жұмысшылар қажет болды. Жағармайды ол кезде тығып сататын….». Броз Тито өз естелігінде диірменнің қожайынын да атап өтіпті. Оның аты-жөні Исай Жақсыбаев екенін де ұмытпапты. Мен оған: «Исай, Колчакқа астық берме! Бәрібір билікке большевиктер келеді!», – дедім депті.

Өткен күндер ескерусіз қалған ба?! 1961 жылы бүкіл ауыл Югославия президентінің келуіне қатты дайындалыпты. Бұл кезде Балкан түбегінің көсемімен бірге қапаста болған бірде-бір адам ауылда қалмапты. Содан да болар, Броз Титоның бұл ауылға жолы түспепті.

 

Ұлт абыройын ұлықтаған көсем

 

Жалпы, Балкан көсемі сол тұстағы халықтар көсемі Сталинмен жұлдызы қарсы болған. Үнемі саяси қыспаққа алып, айтқанына көндіруді көздеген Сталиннің: «Сен алдымен коммунистсің, сондықтан мәселені осы тұрғыдан қарау керек», – деген бопсасына Броз Тито: «Мен алдымен хорватпын, содан кейін,  ғана  коммунистпін!», – деп жауап беріп, ұлтының абыройын жоғары қоюы кім-кімді де ойлантса керек.

Балкан көсемінің сталиндік жүйенің қатыгездігінен арылу – демократиялық қоғам құрудың басты шарттарының бірі екендігін күнілгері түсінуі қай істе де сақ болуды үйретеді.

Оның соғыс тұтқындарына жанашырлықпен қарап, оларды Югославия жауынгерлерімен тең ұстап, жағдай жасауыда тегін емес еді. Мәселен, кеңес билігінің неміс лагерінде тұтқында болған татар ақыны Мұса Жәлилді ұлттық батырға айналдырып, «Түркістан Ұлттық комитеті» ұйымында болған қазақтарды «сатқынға» жатқызғанын ол түсіне алмады. Осылайша шешімі жоқ тағдыр тәлкегіне түскен қазақ азаматтарын өз қанатының астына жинады.

Кеңес өкіметінің оларды елге қайтаруы жөніндегі талабына да құлақ аспады. Себебі, кеңестік соғыс тұтқындарының құқықтық жағынан қорғалмауы Броз Титоны қатты алаңдатқан еді. Кеңестік тұтқын-дарға көмек ұйымдастыру туралы халықаралық қауымдастық ұсынысына кеңес билігі «Біздің үкімет соғыс тұтқындарының жағдайына назар аударуға тиісті емес, өйткені олар – сатқындар» деген жауап берілгенін Балкан көсемі білетін-ді. Шындығында 47 мемлекет мақұлдаған Женева келісіміне КСРО қосылған емес еді.

Броз Тито – Югославия Социалистік Федеративтік Республикасын 35 жыл басқарды. Сол тұстағы социалистік лагерьдегі мемлекеттер билігінде болған өз әріптестерінен ол тақта ұзақ отырды. Кез-келген келіссөздер алаңынан құрғақ шығуда алдына жан салмайтын саясаткердің «темір ханым» атанып кеткен Маргарет Тэтчермен болған әңгімесі саяси ортада «қанатты сөзге» айналып кетті. Мао Цзэдунның жесіріне байланысты болған әңгіме барысында қанаттанып отырған оппозициялық көзқарастағы Тэтчерге қаратып, Тито: «…мен саясатқа араласқан әйелдерге сенім білдірмеймін», – дейді.

Ал Маргарет Тэтчер оған сол жерде-ақ: «Мен саясатқа араласпаймын, менің тұрысымның өзі саясат», – деп жауап беруі кейін саясаткерлер арасында полемикаға айналып кетеді.

Броз Титоның өлімінен кейін, Балкан түбегіндегі қырғиқабақ соғыс әлемдік қауымдастықтың белсенді араласуымен әрең дегенде бықсып барып басылды. Өрт пен жалын құшқан далада оның қоламта исі ұзаққа сақталатыны сияқты, сәл тыныштықтан соң, Балкан түбегінің дәл нүктесінде халықтың наразылығынан туған бейбіт қозғалыс үлкен қақтығыстарға әкеліп соқты.

Балкан түбіндегі болған соңғы соғыс бұрын бүкіл тұтас халықты бір идеология туының астына біріктірген Титоның «саяси ниет – мақсат, ал соғыс – тек құрал, сондықтан, құралды ешқашан мақсаттан бөліп қарауға болмайды», – деген формуласының ту-талақайын шығарды.

 Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Алматы ақшамы

 


Ұқсас тақырыптар