Шеген бидің шапаны (жәдігер)

5.JPG

Жуықта Астанада орналас­қан Қолжазбалар және сирек кітап­тар ұлттық орталығында Қостанай облыстық Алтынсарин атын­дағы мемориалдық музей қоры­нан жәдігерлер әкеліп, көрме ұйымдастырды.Аталмыш көрме төріне қойылған жәдігерлер арасынан шақшақ Жәнібектің немересі Ырғыз-Торғай өңірінің атақты биі Шеген Мұсаұлының  шапанын көріп көзайым болдық. Бұл мұраны музейге екі жылдың алдында бидің бір баласы Бектемістен тараған тұқым-жұрағаты һәм байырғы журналист Сағи Әбілхасенұлы тапсырған екен. Шапан сұр түсті, жолақты кенеп матадан тігіліп, киімінің сыртынан желбегей жамылуға арналған сияқты. Өйткені шапан астарланбаған әрі қаусырма жиегі алтын түстес сары жіппен көмкеріліпті.

 Ағартушы Алтынсаринның өмір-тарихын зерттеушілер жақсы біледі – Ыбырай атамыз осы Шеген бидің  үлкен қызы Айғаныстан туады. Яғни туған жиені. Ыбырайды Торғайға шақырып, мектеп ашып, бала оқытуына көмек берген де осы кісі. Алтынсарин атамыз өз естеліктерінде нағашы атасының  мектеп ашуға қалай көмектескені жайлы аса бір мақтанышпен әңгімелейді. Тіпті «Нағашы ата» дейтін жазбасында Шеген би айтты деген керемет, ұлағатты ойлар тізбегін келтіреді.

Шеген би заманында озық ойлы адам болған. Зерттеуші Ертай Қарабаланың жазуынша,  бұл кісі қайтпас ер мінезімен, батыр­лығымен, ел билеудегі әділдігімен, шешендігімен де танылған тұлға десе,  алаш рухты ақын Хамитбек Мұсабаевтың: «Көкірегін күйдірсе де шер-шемен, Кісілікті адалдықпен өлшеген, Айыр тілді абыз бидің біреуі, Жәнібек тархан шөбересі ер Шеген» деген жыры бар.

 Ыбырай алғаш мектеп ашқанда оқуға барған 11 шәкірттің төртеуі осы Шеген бидің тікелей ұрпақтары. Яки бидің үлкен ұлы Бірімжанның балалары Қорғанбек пен Әбдібек, тағы бір ұлы Өтетілеуден туған немересі  Хайролла мен Бектеміс дейтін ұлының баласы Омарлар екен.

Осылардың ішінде Бірімжановтар әулеті өз алдына жеке династия. Айталық Орынбор гимназиясын, Қазан университетінің заң факультетін Ленинмен бірге оқып, алтын медальмен бітірген алаш қайраткері Ахмет Бірімжанов, Алашор­даның белсенді мүшесі Ғазымбек Бірімжанов, Ыбырайдың ісін жалғастырушы ұстаз-ағартушылар – Әбдібек, Қорғанбек, Дәуренбек Бірімжановтар.  Бұлардың соңғысы химия ғылымдарының докторы Батырбек Бірімжановпен тұйықталып тұр.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»



Ұқсас тақырыптар