Абақтыда жазылған хат (Ә.Бөкейханның түрмеде жазған хаттары туралы)

2.jpg

Қазақ тарихындағы үлкен саяси қайраткер, Алаш Орда үкіметінің төрағасы, ғалым, публицист Әлихан Бөкейхан ұлт бостандығы мен зайырлылығы жолында жасаған қоғамдық-саяси қызметі үшін әр жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, әлденеше рет түрмеге қамалған. Алаш ардақтысы түрмеге түскенде де, үйқамақта отырғанда да ел еркіндігі жөніндегі ойларын қағазға түсіріп, тіпті, әдеби аудармалар жасап, абақтыда да шығармалар жазған-ды. Міне, осылардың барлығы зерттеуді қажетсінеді.

 Бүгінде ұлттық әдебиеттану ғылымы жаңа заман талабына сай дамып, көркейіп келеді. Әдебиет тарихының соны жаңалығы – түрмеде жазылған шығармалардың кеңінен зерттеліп, ғылыми айналымға енуі. Алаш көсемі Ә.Н. Бөкейханның түрмеде жазған шығармаларына тоқталмастан бұрын, оның түрмеге қалай, қайтіп түскені жайында айтайық. Тарихи дерекке сүйсенсек, Алаш көсемі Патшалық Ресейдің түрмесіне де, «жұмыскерлер» сөзін сөйлеген большевиктердің түрмесіне де қамалған. Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік абақтыға қамалып, тас түрменің дәмін татқан-ды. Олар түрмеде отырғанда бір-біріне «рух» беретін «жігерлендіру» хаттарын жазып, хабар алмасып отырған. Мысалы, тас түрмеде А.Байтұрсынұлы өзінің шерлі өлеңдерін жазса, М.Дулатұлы өзімен бірге бір камерада отырған түркі халықтарының өкілдерінің әрбір сөзін жинастырып, «орысша-түрікше» сөздік құрастырған.

1905 жылдың 14 қарашасында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақбайұлы, М.Дулатұлы сынды қазақ зиялылары Ресей министрлер кеңесінің төрағасы С.Ю.Виттенің атына 12767 адамға қол қойдырып, «Қарқаралы құзырхатын» жолдаған. Бұл саяси құжат – тұтас Алаш қозғалысының бастауы болып саналады. Осы күннен кейін Ә.Бөкейхан бастаған қазақтың интеллигенция өкілдері ел тағдырына, жер тағдырына белсене араласа бастаған. Міне, осыдан кейін қазақ зиялылары «ұлтшылдық» пиғылы үшін қуғын-сүргінге ұшырап, айдалып, сотталған. Сөзіміз дәлелді болу үшін М.Дулатұлының «Қай жерде қалай?» атты мақаласынан үзінді келтірейік: «Жұртқа бірдей жақсылық таңы атқан 1905-нші жылдан бері біздің қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, солардың ісін еліктеп, ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрініп, іс қылып, жұртқа көсемдікпен жолжоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары сенімсіз болып қалды»(1, 282). Мақаладан байқағанымыздай, 1905 жылдан кейін бірыңғай қуғын-сүргін жылдары басталды деуімізге әбден болады. Алаш көсемі 1905 жылдың 10 қаңтарында тұтқынға алынып, Павлодар түрмесіне қамалады. Бірақ, Ә.Бөкейханның 1905-1908 жылдар аралығындағы түрмеге түскен мерзімі әлі күнге дейін нақтыланбаған. Алаш көсемінің алғаш рет қалай қуғын-сүргінге ұшырағаны жайлы айту үшін Ә.Бөкейханның мірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдардың пікіріне сүйенейік.

Алаштанушы М.Қойгелді: «1906 жылы қаңтарда Семей қаласында өтпек облыстық қазақ сьезіне қатынасуға Павлодардан жолға шыққан Ә.Бөкейхановты жандарм қызметіндегілер Ямышевскі поселкісінде 8 қаңтар күні тұтқынға алады. Сол ұсталғаннан ол ешқандай да тергеусіз 30 сәуірге дейін, яғни Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының елубасылары Мемлекеттік Думаға депутат сайлаушы (выборщик) етіп бекіткені мәлім болғанға дейін абақтыда отырады. Оның қолындағы барлық құжаттар мен түрлі қағаздары, кітаптары тәркіленеді. Прокурорлық бақылауға жазған арыздарынан ешқандай да нәтиже шықпайды. Тек екі жарым ай мезгіл ешқандай да тергеусіз абақтыда жатқан соң барып, «Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен» абақтыға жабылғандығы мәлім болады» (2, 163) десе, әлихантанушы-ғалым С.Аққұлы: «Патша режимінің І-ші Мемлекеттік Думаны күштеп таратуына орай «Выборг үндеуі» деген атауымен тарихқа мәлім. «Халыққа – халық өкілдерінен» үндеуіне қол қойғаны үшін Санкт-Петербор сотының өкімімен Семей түрмесіне жабылған 1907/08 ж. ол ғылыми ізденістерін қайта жалғастырды. Осы жерде ерекше назар аудара кететін маңызды бір жәйт: 2-3 жылдық үзілістен кейінгі алғашқы еңбектерін Әлихан Семей түрмесінде отырып жазып шықты. Ол жөнінде кейінірек Әлихан «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде кезек-кезегімен шыққан «Он төрт тоғыз бола ма?» атты мақаласында атап көрсетті: «...ме н абақтыда жатып қазақ жері туралы жазған мақалаларым «Сибирские вопросы» деге н орыс журналының мына нөмірл ерінде: 16-17, 18, 21-22, 27-28, 33-34, 35-36, 37-38, 45-46, 47-48, 1908 жылғы, «V» деп қол қойған» дейді (3,57).

Семей түрмесінен босағаннан кейін Ә.Бөкейхан Петербургте жарық көретін меньшевиктік «Товарищ», «Речь», «Слово» газеттерінің редакторы болып қызмет атқарып жүреді. Бірақ, Патшалық билік қазақтың асқан оқымыстынан қауіптеніп, оны Самара қаласына жер аударып жібереді. Бұл жөнінде ғалым М.Қойгелді: «1908 жылғы қаңтардан бастап Ә.Бөкейханов Выборг манифестіне қол қойғаны үшін заңдар жинағының 51-бабы және 129-бабының 3-тармағының 1-бөлімі бойынша жауапқа тартылып, Петербург окруктік сотының үкімімен Семей абақтысында бірнеше ай отырып шығуға міндеттенді. Осы жылдан бастап үкімет орындары қазақ ұлт-азаттық қозғалысын әлсірету және бастаушысыз қалдыруды көздеп оның белсенді қайраткерлерін қазақ облыстарынан тыс аудандарға жер аудару тәжірибесін қолданды. Ә.Бөкейханов Семей абақтысынан шыққаннан кейін Ресейдің Самара қаласында жандарм орындарының бақылауы астында тұруға тиіс болады» деген(1, 165). Ал, Алаш көсемінің Самараға жер аударылуы жөнінде әлихантанушы С.Аққұлы: «Самар кезеңі» – ХХ ғасыр басындағы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметінің аз зерттелген ақтаңдақ тұсы. Әлихан Бөкейхан ең алғаш жер аударылғанда Ресейдің Самар (Самара) қаласына жіберілді. 1907 жылдың аяғынан бастап 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін ол Самар қаласында тұрды», - деп Алаш көсемінің өмір жолын жеке-жеке кезең бойынша қарастыруды айтып өтеді (4,108]). Алдағы уақытта Ә.Бөкейханның Самара қаласына жер аударылғаны, оның ол қалада жазған шығармашылық жұмыстары жөнінде арнайы зерттеу жұмысын жүргізу керек деген өзекті мәселе туындап отыр.

Алаш қайраткерлерінің, әсіресе, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және М.Дулатұлы арасындағы қарым-қатынас, достық ниеттері бір-біріне тым жақын болған. Үш азаматтың басы таразыға тартылып тұрса да, «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін»( А.Байтұрсынұлы) деген ұстанымдарына берік болған.

Ә.Бөкейханкөп оқыған, энциклопендиялық білімі бар қазақтың бірегейі. Оның көп білетіндігі мен көп оқығандығын оның жазған мақалаларынан білеміз. Түрмеде жатқан бауырларын жасытпай, оларға рух беретін мақалаларының бірі – «Ұят-ай!». Аталмыш мақалада Ә.Бөкейханның көп оқығандығы, сонымен қатар, алыс-жақын шет елдердің мәдениеті мен әдебиетінен хабардар болғаны байқалады. Мысалы, «Бауырым, Ахмет Мирякуб! Сен екеуіңнің абақтың Радищев пен Новиков абақтысы» (5,105). Бұндағы айтпақ болғаны – 1913 жылы «Қазақ» газетіне жарыққа шығып, Патшалық биліктің әрекетін аяусыз сынап, өткір мақалалар жаза бастайды. Алдымен билік тарапынан газетке қысым жасалып, үлкен қаржылай көлемде айыппұл салынады, кейінірек газеттің шығарушылары А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы түрмеге қамалған. Газетке және оны шығарушыларға жасалған қысым жөнінде сөзімізге: «80 нөмер «Қазақта» жаңа закон жобасы туралы жазылған мақала үшін Оренбург губерниясының бас начальнигі шығарушыға мың жарым сом штраф салды, төлемесе үш ай абақты. Шығарушы Ахмет Байтұрсынов жаңа шыққан жас газетаға мың жарым сом төлеу ауыр болғандындығын ойлап, 3 ай отыруға риза болғаннан кейін, 20 октябрьде кешкі сағат 10-да полиция абақтыға отырғызған еді.былтырдан бері денсаулығы нашар болғандықтан абақтының ауасына 3 ай отыруға шыдамайтындығы білініп, 22 октябрьде мың жарым сомды төлеп абақтыдан шықты» (6, 115) деген хабарлама дәлел болады.

Көреген Ә.Бөкейхан жазықсыз түрмеге түскен екі бауырының рухын көтеру үшін жазған хатында: «... орысқа газета, журнал шығарып жол ашқан А.Н.Радищев (1749-1802) абақтыға жабылып, он жыл Сібірге айдалған. Осы Радищев замандасы, тағы орысқа газета, журнал шығарып Европа жолын ашқан Н.И.Новиков Шлиссельбург деген зор, қиын абақтыда 15 жыл отырған», - деп халқы үшін газет шығарып, түрмеге қамалған орыс жазушыларының өмірлерінен дерек келтірген. Ә.Бөкейханның әлем әдебиетін жетік білгеніне мына сөзінің өзі жарқын мысал бола алады: «ХVIII ғасырда «ақыл патшасы» атанған француз Вольтер еді. Осы Вольтер замандасы, Толстойға неше жыл көрсеткен француз Руссо, тағы осы екеуінің замандасы философ Дидро абақтыда жатқан. Осы Дидро қатын патша Екатерина екіншімен хат алысып, патша Дидродан көп ақыл алған. Біздің Россияда абақтыға жатпаған жақсы адам кем. Жазушы Достоевсий, Потанин, Короленко, Мельчин, Чернышевский, Морозов абақты жатқан. Бәрін жазып болмайды. Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеневтер айдалған». Мақаланың мына бір сөзінен: «Шырақтарым, сендерді мінегенде осылармен бір салып мінесе не армандарың бар!» деп оларды «рухтандырып», «жігерлендіргенін» байқаймыз.

1920 жылдың 5 наурызында Ә.Н.Бөкейхан басшылық еткен «Алаш Орда» ұлттық территориялықавтономиялық мемлекетінің билігі жойылып, Қазақстанда Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Алаш қайраткерлерінің саяси қызметтеріне тосқауыл қойылып, коммунистік билік өкілдері оларды қатаң бақылауға алып, назарларында ұстады. Мысалы, «Әлихан Нұрмұхамедұлы 1922 жылдан бастап Москвада, ОГПУ орындарының бақылауы астында тұруға тиіс болады. Үкімет орындарының, жеке адамдардың оны Қазақстанда тұрып, қызмет істеуіне лұқсат сұрап құдіретті орталыққа жасаған өтініштерінен нәтиже шықпайды» дегеніміз сөзімізді қуаттай түседі (7, 39). «Алаш Орданың» жолы кесілгеннен кейін В.И. Ленин Алаш қайраткерлеріне құжат жүзінде «кешірім» жария етті. Дегенмен де, Ә.Бөкейхан саяси қызметпен енді араласа алмасын түсініп, Алаш қайраткерлерімен бірігіп, Алаштың жолын жалғайтын «Алқа» бейресми әдеби-мәдени ұйым құрды. Бұл ұйымның қызметі негізінде қазақ ғылымының іргетасы қаланып, ғылыми оқу-әдістемелік құралдар жазылып, көптеген еңбектер қазақ тіліне аударыла бастады. Шынтуайтқа келсек, іргелі ғылымның бастауында Ә.Бөкейхан тұрған. Большевиктік диктатура толық орнағаннан кейін Алаш серкесі Әлихан Бөкейхан қазақ оқығандарына: «Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой» деп болашақ ұрпақтың кәдесіне жарар ғылымның іргетасын қалауды өзінің сенімді серіктеріне табыстаған. «Алқа» бейресми шығармашылық ұйымы құрылып, 1920-1924 жылдары ұйымның идеясы, мақсат-міндеті жоспарланып, 1925 жылы ұйым іске кіріседі. «Алқаның» арқасында Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш», «Мәдениет тарихы», «Әліпби» (1924), «Баяншы», Міржақып Дулатұлы «Есеп құралы», Халел Досмұхамедұлы «Жануартану», «табиғаттану», «Адамның тән тірлігі» Мағжан Жұмабай «Педагогика» , Жүсіпбек Аймауытұлы «Психология», Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихы», Қаныш Сәтпаев «Алгебра» сияқты оқулықтар жазды. Әлиханның тікелей бағыт-бағдарымен Әлімхан Ермек, Сұлтанбек Қожанов – математика, Елдес Омарұлы – геометрия, физика, Санжар Асфендиярұлы, Телжан Шонанұлы – тарих, тіл,Жұмағали Тілеуліұлы – медицина, Жұмахан Күдеріұлы – биология, Құдайберген Жұбанов, Қошке Кемеңгеров – лингвистика, тіл саласына арнап оқулықтар және жазды.

1926 жылы Ә.Бөкейханды Мәскеуден бақылаушы орындардың рұқсатынсыз шығып кеткені үшін ОГПУ қызметкерлері Ақтөбе қаласында тұтқынға алып, Мәскеу қаласының жанындағы Бутырка түрмесіне жабады. 1927 жылдың қазан айынан бастап Мәскеудегі ОГПУ орындарының бақылауында тұрып, Мәскеу қаласының аумағынан шығуына тыйым салынады.

Қазақтың үлкен саяси қайраткері Ә.Бөкейхан «Кәкітай» атты мақаласында: «Сөйтіп кейін бірінші Г.Дума депутаттары саясат әдісіне сайланған жерде абақтыға отыралық десті. Мен осы шартпен жазғытұры 1908-нші жылы Семей келдім. Мен Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы да біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанымда осылар тағы келіп амандасқан. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау» деймін» деген. Осы мақаласынан Ә.Бөкейханның 1908 жылдары түрмеге қалай түскенін аңғарамыз. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау» деген сөзін жете түсініп, «Он төрт тоғыз бола ма?» мақаласында айтылған деректермен салыстырсақ, біраз тарихи құпияның сыры ашылатыны хақ.

Қазақтың тұңғыш кәсіби публицисті Ә.Бөкейханның публицистикалық еңбектерінің басым көпшілігіжер мәселесіне арналған. «Жер» деген көзқарасы үшін Патшалық биліктің «қаһарына» ұшырап, түрмеге түскеен Алаш көшбасшысы абақтыда жазған мақалаларында: «Ә.Н. Бөкейхан дәл осы «V» бүркеніш есімін отаршыл Ресей үкіметінің басына реакцияшыл премьер-министр әрі ішкі істер министрі Петр Столыпин келіп, 5 миллион қазақтың кең байтақ өз даласында тынысы тарылып, ал ұлт көсемі туған жерінен Самарға жер аударылған 1908-1911 жылдары және өз ықтиярынсыз Мәскеуде тұруға тура келіп, қазақ газет-журналдарында өзіне мақала-материал жариялауға мұрша бермеген 1922 жылы және 1924 жылдың соңы мен 1927 жылға дейін дерлік жиі-жиі пайдаланды» (8). Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, қазақтың мүддесін қорғап, халықтың арман-тілегін демократиялық жолмен орындауды ниет етіп, Мэйдзи бағдарламасы арқылы Жапонияның тәжірибесін үлгі тұтып, қазақ елін дамытуды көздеген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның алдағы күндері 1905-1917, 1917-1920, 1920-1927, 1927-1937 жылдар аралығындағы өмір жолы, шығармашылығы жаңаша көзқараспен қарастырылып, оның түрмеде жазған шығармалары, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, айдауда жүріп жазған шығармаларының өз алдына бөлек зерттелуіне үлес қосуды ниет етіп отырмыз. Біз, осы мақаламызда Алаш көсемінің өмір жолының бір ғана қырын сөз етуге тырыстық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

«Қазақ» газеті. 1913 жыл / Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 480 бет. Қойгелдиев М.Алаш қозғалысы.Бірінші том. – Алматы: Мектеп, 2008. – 480 бет. Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы. Шығармаларының тоғыз томдық толық жинағы.Т.І. Астана: «Сарыарқа» БҮ, 2009-2013 жыл. Аққұлы С.Әлихан Бөкейхан. – Алматы: Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры, 2016. – 528 б. Қазақ» газеті. 1914 жыл / Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 504 бет «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет. Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 384 бет. Аққұлы С. Алаш Көсемі абақтыда жазған мақалаларына «V» деген лақап ат қойған// http://alauinform.com/1448

 Жарқын ӘЛІ



Ұқсас тақырыптар