Жаркент өңірінде 105 жыл бұрынғы құранды ер табылды

4.jpg

Алматы облысы Панфилов ауданының Басқұншы ауылында осыдан 105 жыл бұрын жасалған құранды ер сақтаулы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқұншы - еліміздің ең оңтүстік-шығысындағы шекаралық шепке, әйгілі Қорғас өзенінің батыс жағалауын бойлай қоныс тепкен елді мекен. Аталмыш ауылдың орналасқан жері - ежелгі бір  қаланың орны болуы мүмкін екендігі  туралы көп айтылады.

«Көне Үйсін мемлекетінің шаһары болу керек» деп болжайтындар да бар. «Тұрғындары егіншілікпен шұғылданған тәрізді» дейді кейбірі. Онысы  орынды да. Өйткені, олар  осы өңірдегі өздеріне тиесілі жер телімдерін өңдеп жүріп алуан  түрлі  жәдігерлер  тауып алған. Көбі - диқаншылыққа қажетті тас құралдар. Арасында ұзындығы 45-46, ені 8-9 сантимерлік дән үгіткіш, сондай-ақ,  келсап та,  балға да бар. Қыштан, қайрақ тастан жасалған шылапшынға ұқсайтын  бұйым да (кейде «ежіре» деп те атайды екен) кездеседі. Кен үгітетін астаудың тұғыры тектес мүлік те табылған. Ұзындығы 60-70 сантиметрдей садақ жебелері де  жолыққан. Жүздеген жылдар бойы топырақ астында шірімей жатқандығына қарағанда қоладан жасалған болуы керек дейді мамандар. Өйткені күңгірттенген ұшын ысқылап тазалап жібергенде жарқырап шыға келген.

Ал ауылдың қарт тұрғындарының бірі -Үйсінтаев Тоқтасын ақсақал бұдан біраз уақыт  бұрын өз бақшасын қазып жатқанда құранды ер тауып алыпты. Шағын ғана ердің екі қапталы, алдыңғы қасы, арқы қасы (көттігі)  бөлек шабылып, жасалған. Қаттылығына қарағанда осы өңірде көп өсетін жиде ағашы пайдаланылған. Алдыңғы қасына түгелдей  қалақша темірден қапсырма жүргізілген. Оны екі қапталымен жалғастыра отырып құйысқандыққа дейін шегендеген.  Ал, құйысқанды бекітетін жерге айналсоқ жасап, айылбас орнатқан. Оны темірден соққан.

Осы жаңалықты естіген  «Жаркент айнасы» газетінің бас редакторы  Молот  Солтанаев оқиға орнына жедел жетіп, тосыннан табылған көне мүлікті  ыждаһаттылықпен қарап шыққан.

«Негізі, бұл ер қыз балаға арнап жасалған болуы керек.  Өйткені  қас беті мен екі жақтауына жылтырақ тастан көз салған. Ең қызығы, ердің алдыңғы қасының  басынан арабша жазуды байқап қалдық. Әбден  сүртіп-тазалап қарасақ: «1913 жылы жасалған» деген жазу болып шықты», - дейді ол.


Ұқсас тақырыптар