«Орбұлақ шайқасы – тарихи жеңіс»

9.png

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында Панфилов ауданы әкімінің аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Орбұлақ шайқасы – тарихи жеңіс» атты әдеби-тарихи сағат болып өтті.  

Шараны өткізудегі мақсатымыз – өскелең ұрпақтың бойына рухани жаңғыруды, патриоттық сананы сіңіріп, өз елі мен  жерінің тарихын  жетік білуге, атамекенінің өткенін көзінің қарашығындай сақтап, құрметтеуге тәрбиелеу.

Кештің құрметті қонағы болып әдебиет әлемінде өзінің өрнегімен, толысқан талантымен танылған, көрнекті жазушы, талай-талай тамаша әңгіме, повесть, романдар жазған қаламы қарулы қаламгер,  қазіргі қарбалас, қысылтаяң, алмағайып, аласапыран уақыттың дүрмегіне ілесіп бекер босқа жалтақтамай, ұлтының ұпайын түгендеп, жоғалтқанын тауып, ұмытқанын есіне түсіріп, халқына қалтықсыз қызмет көрсетіп жүрген, қасиетті тарихи мекеніміз Орбұлақ мәселесін көтеріп жүрген  қазағының адал да абыройлы  біртуар ұлы, тарихшы, этнограф, ҚР-ның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, «Мұқағали Мақатаев» сыйлығының иегері, Алматы облысы мен Панфилов ауданының құрметті азаматы, жазушы, қоғам қайраткері Бексұлтан Нұржекеев ағамыз келіп, Орбұлақ шайқасының тарихи маңызына тоқталып, Орбұлақ жеңісі – қазақ халқының ерекше ауызбірлігі мен біртектілігі, көзсіз батырлығы мен қаһармандылығы, соғыс майданындағы біліктілігі мен ор қазу әдісіне машықтануы жайында ұзын-сонар деректі әңгімелер айтқаны нұр үстіне нұр болды. 

Келесі сөзді алған «Алматы облысының Құрметті азаматы», «Панфилов ауданының Құрметті азаматы», жоғарғы санатты ұстаз, Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин медалінің» иегері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған, ақын, этнограф, жазушы, тарихшы ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Жақыбаев Әдепхан Төреханұлы Бексұлтан ағамыздың келгеніне ризашылығын білдіріп, «Орбұлақ жеңісі – қазақ халқының ерекше тарихи  мақтанышы. Орбұлақ дегенде, ең әуелі есімізге түсетіні – осы жеңістің еш теңдесі жоқ тарихи оқиға екендігі» - деп атап өтті.. Осының дәлелі ретінде  ақын  ағамыздың  «Ордың бұлағы»  атты өлеңін Үлкеншыған орта мектебінің түлегі  Қабылбекова Ақпейіл нақышына келтіріп оқып берсе,  өзінің бала жүрегінен жарып шыққан «Қазағымның Орбұлағы» атты өлеңін Ақжазық ауылы, Жамбыл орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қалинұр Айғаным келген қонақтарға тарту етті.  А.В.Луначарский атындағы орта мектептің 8 сынып оқушылары Орбұлақ жайындағы әдеби монтажға қатысты.

Мәдениет саласының қызметкерлері Еркебұлан Қонашев, Жұлдыз Найзабекова, Ерқанат Закенов сынды азаматтарымыз шараның тартымды өтуіне өз үлестерін қосты.

Тарихи сағаттың екінші бөлімінде Бексұлтан Нұржекеұлы және Әдепхан Төреханұлының қолдауымен өзіміздің ауданымыздан шығатын, директоры талантты жас жазушы, жерлесіміз – Дархан Бейсенбекұлы, бас редакторы – Молот Солтанаев, бас редактордың орынбасары – Қали Ибрайымжанов ағаларымыздың «Жаркент айнасы» атты қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің тұсаукесері болды.

Осы орайда сөз кезегі ақын, ҚР-сы Білім беру ісінің озық қызметкері, ҚР-сы  тәуелсіздігіне 25 жыл, «Еңбек Ардагері» медальдарының иегері, ҚР журналистер одағының мүшесі Солтанаев Молот Мұсаұлына беріліп, ол: «Қасиетті атамекеніміздің көне тарихы мен жәдігерлерін, өткені мен бұрынғысын, өңірімізде өркениет жайып жойылып кеткен көне қалаларымыздың, онда өмір сүрген тайпалардың тұрмыс салты, мәдениеті және осы өңірден шыққан ақындар, батырлар, күйшілер, шешендер, айтыс ақындары, суретшілер, шежірелер, қолөнер шеберлері, зергерлері, ауыз әдебиетінің  небір сұңғылалары жайлы  баяндайтын бұл газеттің айтары да берері де таусылмақ емес» - деді. Сондай-ақ осы аталған шараға  қатысқан тарихшы Ибырайымжанов Қали, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Кушербаева Толқын Ерболқызы және кәсіпкер жерлесіміз Көдеков Амантай сынды азаматтарымыз жылы лебіздерін білдірді.

Қорытынды сөзді алған Панфилов ауданы әкімінің аудандық кітапханасының директоры Султанбекова Дария Бекжігітқызы  келген қонақтарға оның ішінде жерлесіміз,  дара тұлға жазушы Нұржекеев Бексұлтан ағамызға шексіз алғысын білдіре отырып, қазақтың үкілі домбырасын сыйға тартты.

 Кенже ИЛИМАХУНОВА






  

  



  






  



Ұқсас тақырыптар