Иләл болыс Жүсіпқажыұлы

Иләл болыс Жүсіпқажыұлы (1887-1959)

илал.png

Арғын атамыздан тарайтын Бәсентиін ішіндегі алты ауылнай Ақтілестен тамыр тартатын белді өкілдердің бірі, өмірін елдің қажетіне жаратамын деп от пен суға түскен Иләл болыс Жүсіп қажыұлының  есімі еліне құрметті. Әрине бұл күні болыстың көзін көрген адамдардың қатары сиреп қалды,  сұхбаттас, қатарлас болғандар келместің кемесіне мініп оралмас сапарға аттанып кетті. Көзі көргендер де болыстың ғұмыры жайлы мардымды деректерге ие емес. Жергілікті мұражайларда да тек болыстың 1920 жылы 20 наурыздан 04 сәуір аралығында  Павлодар қаласында өткен уездік тұңғыш ақпараттық съезд шақырылғанда соған қатысып, өзі көтерген ел ішіндегі өзекті мәселе туралы 1958 жылы 8 қарашада 71 жасында егжей-тегжейлі жазып қалдырған естелігі ғана бар (1 құжат). Мұрағаттардан мардымды дүние табылмады. 

Иләл болыстың ғұмырбаяны мен қоғамдық қызметі жайлы ақын Қимадиден Нығыманов көзі тірісінде біраз деректер жинаған екен. Бұл кісі туралы қандай да бір туынды жазбаққа бекінген болар, ол жағы бізге белгісіз. Себебі бала күнінен болыстың аузынан елдің шежіресі мен тарихы туралы сыр-сұхбат құрған, тіпті соғыстан оралғаннан кейін ол кісінің нұсқауымен және оқытуымен есепші болып жұмысқа да орналасқан.    Ақынның жеке мұрағатында сақталған Иләл болыстың жеке құжаттарының түпнұсқаларын негіз етіп, ел ішіндегі ақсақалдардың әңгімелері мен баспа бетін көрген мақалалардың басын қосып, болыс атамыздың өмір жолын сатылап жазуды мақсат еттік.

Ғұмырбаян

Иләл Жүсіп қажыұлы 1887 жылы Павлодар уезіне қарасты 15 ауылда, яғни қазіргі  Ақтоғай ауданы, Жаңабет ауылында дүниеге келген. Руы Орта жүздің Арғынынан тарайтын Бәсентиін-Ақтілес ішінде Тапай. Әкесі Жүсіп Нұржанұлы дүние-мал қорымаған, қолында барға тәубе етіп қоңыр тірлік кешкен адам болған. Тіпті бір ат пен бір сиырдан басқа мал жинамаған көрінеді. Арнайы қыстайтын қыстауы да болмаған екен. Көзі тірісінде қажылық парызын өтеген. Қолының қасиеті бар ол ел кезіп  адам емдегендіктен жұрты есіміне диуана деген ат қосақтап атаған. Диуана Жүсіп Иләл оң-солын таныған 16 жастағы бозбала кезінде, яғни 1903 жылы қайтыс болған. Иләл осы кезден бастап 1920 жылға дейін ел ішіндегі шаруаға араласа бастаған, қолөнершілікке ден қойған. Етікші, пешші болып ішер ас, киер киімін айырған. Он бес ай бастауыш класс деңгейінде  қазақша (қадымша) хат таныған, төте жазуды меңгерген. Бұған жаяулап-жалпылап қажылыққа барған әкесі Жүсіп ықпал еткен тәрізді. 1908 жылы Қараобадағы болыстық орыс-қазақ бастауыш мектебінде 75 күн білім алған. Оқуға алғыр оның білімін әрі қарай жалғастыруға сол кездегі тұрмыстық жағдай мұрша бермеген тәрізді. Дегенмен өз бетінше білімін шыңдай берген. Оған өз қолжазбасындағы маржандай жазуы, сөз саптауы мен орыс тілінде сауатты ресми стильді сақтауы дәлел. 

Қимадиден Нығымановтың жеке мұрағатында сақталған қолжазбасында Иләл Жүсіпұлының осы аз білімі бір ауылды орыс басқыншыларынан сақтап қалуға мүмкіндік берген делінген. Яғни, «1920 жылға дейін өзінің пысық адам екенін көрсете білген. Аз оқуын жаратып революциядан бұрынғы кезде-ақ орыс чиновниктерінің осы ауылды басынбауына себеп болған. Сөйтіп ол ауыл совет составына алғаш 1920 жылдың басында кіреді» деп тасқа таңба салғандай жазып қалдырған. 

1920 жылы наурыз айының 20-нан сәуір айының 4-не дейінгі аралықта Павлодарда өткен Павлодар уездік бірінші ақпараттық съезіне Алқакөл болысынан 1000 адамның атынан делегат болып қатысады. Ол туралы 2014 жылы Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде ардагер журналист Төлеубек Қоңырдың Иләл атамыздың 1920 жылы өткен уездік ақпараттық съезге қатысқандығы, өмірі туралы мақаласы жарияланды. Аталмыш естелікте съезді уездік ревалюциялық комитеттің төрағасы Батурин жолдастың ашқандығы, бес адамнан тұратын жұмысшы Президиумын сайлағандығы және оның төрағасы мен мүшелері, жұмысшы секретариатына сол уақыттағы беделді, оқыған адамдардың енгендігі жөнінде жазылған. Ал мандат комиссиясының ақпараттық хабары бойынша кедей-шаруалардың атынан төрт адам, яғни Алтыбай болысынан Абдуллин Байқат, Песчан станциясынан коммунист Санька Падашков, Ақсу болысынан Әміров,  Алқакөл болысынан Иләл Жүсіпов сөйлеген. Бұл атамыздың  елдің мұңын айтқан өткірлік, халықтың  хал-ахуалына алаңдаған елжандылық, соңынан халықты ерте білетін көреген көшбасшылық қасиеттерін ашып беретіні ақиқат. Келелі жиында сөз берілгені де беделінің зор болғандығының белгісі. Бұл анықтауыштарды да тегіннен тегін қосып отырған жоқпыз. Себебі естелігінде жиналған белді де бекем жуандардың алдында Кеңес Одағын құруға қарсы большевиктер тобы ауылдарда теріс үгіт жүргізіп, ондай үгіттің 1919 жылы қыркүйек айында Төлек қонысында (Ақтілес руының жайлауы) ұйымдастырылғандығының және олар қарсы шыққан адамдардың барлығын билеп-төстеп, тіпті даланы аяусыздықпен қанға бояп келе жатқандығын тура айтады. Бұл нақақтан нақақ жазаланып жатқан өз қазағына, ағайынына деген жанашырлығы демеске лаж жоқ. Сонымен қатар аталмыш естелікте съезге дейін, яғни 1920 жылғы 22 қаңтарға дейінгі мерзімде ауылдық ревалюциялық комитеттің төрағасы болғандығын да тілге тиек еткен.  

Иләл Жүсіпұлы 1921 жылы наурызда алғашқы совет болыстығы сайланғанда Алқакөл болысы болып бекітілген. Бұған 1922 жылы Ертіс ауданының уәкілі, Уездік атқару комитетінің мүшесінен келген жедел хат дәлел. Хатта «Предволисполкому Алкагульской волости тов. Иляму Жудзпову. Предлагаю немедленно явиться в распоряжение Райпродтройки в г. Иртышск ибо вы считаетесь мобилизованным на продработу» (2 құжат) деп жазылып, қол қойылған. Бұл бұлтартпас дерек. Ал 1923 жылы Алқакөл болысында іс жүргізуші болып еңбек етеді. Оған Алқакөл болысынан алынған куәлік айғақ. Бұл құжатта «Предявитель сего ест делопроизводитель военного стола Алкагульского ВИКа Павлодарского уезда тов. Джусупов Иляль что и удостоверяется подписью и приложением печати» (3 құжат) деп жазылған. Сонымен қатар  1924 жылғы  20 қазандағы Павлодар уездік атқару комитеті кеңестер президиумы берген екі анықтамада оның іс жүргізуші болып еңбек еткені көрсетілген. Сөзіміз дәйекті болуы үшін анықтаманың мәтінін ұсыну жөн шығар. «Удостоверение. Предявитель сего Жусупов Иляль действительно есть делопроизводитель  Алкагульской ВолИсполкома». Аталмыш құжатқа төраға Құлбаев пен хатшы Қадыков қол қойып, мөр басылған (4 құжат).  Осы 1924 жылы Иләл Жүсіпұлы уездік комитет құрамына кандидат болып және Алқакөл болысына болыстық төраға болып сайланған. Қимадиден Нығымановтың Павлодар облыстық мемлекеттік архивіне жазған хатына  1977 жылы 29 қыркүйек айында жауап келген. Онда «1924-1926 гг Жусупов Илял являлся председателем Алкагульского ВИК(а), окончил среднюю школу, член РКП (б) с 25.02.1924г. 1924 г. был рекомендован в состав Уездного Исполнительного Комитета. Других сведений о трудовой деятельности Жусупова Иляла в документах госархива не обноружено» (5 құжат) деп жазылған. Бұл аз десеңіз болыстығын дәлелдейтін тағы да бір құжат бар. Ол 1924 жылы 8 мамырда төте жазумен жазылған Алқакөл болысынан алынған сенім-құжат. Бұл құжатта төте жазумен «Сенім. Осыны ұсынушы біздің елдің Жүсіп баласы Иләл. Тағайын. 4 ауыл. Осы болыс Кереку уезі Семей губерниясына қараған. 37 жаста. Сот көрмеген. Жиырмасыншы жылдан осы уақытқа шейін Алқакөлде болыстық (атком, ревком, исполком) бастығы болып Кереку уезі 5 аудан халық тергеушісінің хатшысы және Алқакөл болыстық хатшысы болған уақыттарында жауыздық, парақорлық, жуан жұдырық, қолшоқпарлық және басқа сол сияқты ұнамсыз пейілмен ұстанбаған. Халыққа, әсіресе нашарға нағыз қормал ұстамды болған. Анық сенімді кісі. Сондықтан қол қойып, мөр басып куәланам» (6 құжат) деп жазылған, мөр басылған. Ол уақытта қарапайым шаруаның баласын болыс етіп қою жұрттың қиялындағы арман ғана болатын. Ал Иләл Жүсіпұлының бір емес екі рет сайланғандығын ескерсек, қаншалықты ықпалды және халықтың көңілінен шыққан тұлға болғандығын байқау  қиынға тимес.  

1925 жылы болыстықта жауапты хатшы міндетін атқарады (7 құжат) және Ресей коммунистік партиясының (РКП (б) құрамына өтеді. Куйбышев аудандық тұтынушылар одағынан алынған анықтамада кәсіподақ ұйымына 1925 жылдан бері мүше екендігі көрсетілген (8 құжат). 1926 жылы болыс болып жүрген уақытында (9 құжат) Павлодар уездік атқару комитетінің алтыншы шақырылымына кандидат болып тіркелген (10 құжат). 1927 жылы болыстықтан түскеннен кейін болыстық атқару комитетінің мүшесі болған. Оған қолдағы осы комитеттен 1927 жылы 10 наурызда алынған, араб қарпімен жазылған сенім-құжат айғақ. Онда «Сенім. Осымен көрсетуші жолдас Иләл Жүсіпұлы Алқакөлдің болыстық атқару комитетінің мүшесі болып сайланғандығына қол қойып, мөр басып куәланамын. 15 ақпан 1927 жыл. Алқакөлдің болыстық тобының қаулысы. Болатком төрағасы Жайықбайұлы  (Дайыр). Хатшысы Иләл» деп көрсетілген (11 құжат). Сонымен қатар жауапты хатшы міндетін де атқарған (12 құжат).  

Тарихтан 1928 жылы болыстық басқару жүйесі жойылғаны белгілі. Талай жылғы еңбегімен тәжірибе жинақтаған Иләл Жүсіпұлы 1929 жылдан бастап  Павлодардағы Халық сотына хатшы және тергеушілер участогінің бесінші учаскесінде іс жүргізуші болып еңбектенеді (13 құжат). Бұл жылдары елде жаппай коллективтендіру жүргізіліп, ауыл адамдары колхоз құрамына енгені белгілі. Алқакөл болысындағы ауылдар да осындай колхоздар болып бірігіп жатты. Ал сот жүйесінде үш жылдай құжаттама жүргізуге жауапты болған бұрынғы болыс Иләл 1931 жылы  Павлодар аудандық тұтынушылар одағында арнайы есепшілер дайындайтын курстан өткен. Өз орнына туысқан бауыры Жәлелиден Нығыманұлын ұсынған. Ол туралы Қимадиден Нығыманов өзінің «Өмір жаңалықтары» деген биографиялық шығармасында былай дейді. «Әлсірегеннен соң жалғыз сиырды да сойып алдық. Жолға азық дайындап біз де үйді тастап ішке қарай кете бастадық. Күзге қарсы Иләл Кереку ауданының сотының хатшысы болып істеді. Жәлел Шорнайырға оқуға кеткен. Содан Иләл өз қолына алып үйретіп, өзінің орнына сотқа хатшы етіп қойған еді. Ал Нақыш Жәлелдің Шорнайырда оқу оқып жүріп тапқан бір қызметіне барып түсіп, екінші фермесінде «гуртуправ» болып істеп жүрді», - делінген.  

Иләл атамызға 1931 жылғы 21 сәуір айында берілген куәлікте «Ол Павлодар тұтынушылар одағы ұйымдастырған бір жарым айлық курстан өтті, тұтынушылар одағында жыл соңында міндетті екі айлық курстан өтумен ауылдық-селолық тұтынушылар ұйымдарында өз еркімен есепші болып жұмыс істеуге дайын» (14 құжат) деп жазылған. Осылайша Иләл Жүсіпұлы 1931 жылы «Путь к Социализму» ауылдық тұтынушылар ұйымына есепші болып жұмысқа жіберілген (15 құжат). 1932 жылы алған анықтамада оның 1931 жылғы 22 сәуірден бастап есепші болып тіркелгені және сақтандырылғаны туралы көрсетілген (16 құжат). 

Қалың қазақтың рухын өшіріп, зиялы қауымға запыран жұтқызған сталиндік қуғын-сүргін Иләл Жүсіпұлын да тырнағына бүрді. Ол туралы белгілі журналист Төлеубек Қоңыр Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жариялаған мақаласында былай дейді. «Кеңес өкіметіне жан–тәнімен қызмет еткен, ауылдық Кеңес төрағасы Иләл Жүсіпов сталиндік қуғын–сүргіннен де шет қалмайды. Ертеректе үлкен ақсақалдардың ауызынан естіген бір оқиғаға тоқталғым келеді. Халқымыздың басына күн туып, елді ашаршылық жайлаған тұста тұрмысы төмен отбасына қол ұшын беріп, көмектескені үшін бір күнде «халық жауы» – атанып, айдалып кете барады.  Қызы Оралша әкесі айдауға кеткенде анасының құрсағында қалған екен. Өте ырымшыл келетін халықпыз ғой. Сирек кездесетін есімді қою туралы да мынаны айтып өтпеске болмас. Қолына кісен салып әкетіп бара жатқанда туған-туыстарымен қоштасқан Илекең: «егер жолдасым ұл бала көрсе атын Оралбек қойыңдар, егер қыз бала туылса Оралша болсын» деген екен. Тілегі қабыл болып, дүниеге келген сәбиге әкесінің аманат еткен аты қойылады». 

Иләл атамызға КАРЛАГ жанындағы соттан 1937 жылы 25 қыркүйек күні берілген анықтама табылды. Құжатта: «Дана гр-ну Жусупову Иляля. 1988 года рождения. Урож. Заверетинского с/с Павлодарского р-на ВК области. Ранее не судим. В/С специальной коллеги казотделения верх. суда РСФСР. Осужден  16 апреля 1936 года, по статье 109 УК. К заключению в ИТЛ на 4 лет. На основании определения Лагерного Отделения Карагандинского областного Суда при КАРЛАГ НКВД. Из карагандинского Исправительно-Трудового Лагеря НКВД освобожден 25 сентября 1937 года с направлением Павлодарский рн. ВКО КССР» деп көрсетілген (17 құжат).   Т.Қоңырдың мақаласына сүйенсек және қызы Оралша апамыздың 1936 жылы өмірге келгендігін ескеретін болсақ, атамыздың басына зобалаң сол жылы орнауы бек мүмкін. Теперіш тартқандығына 1936 жылы 4 мамырда Мәскеуден жолданған Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті жұмысшылар, шаруалар мен қызыл әскер депуттары кеңесінен келген анықтама құжаттағы: «Құжаттарды қайтара отырып Сіз сайлаушы құқығынан айырылмағандықтан еңбекші деп есептелесіз» (18 құжат) деп көрсетілгені айғақ бола алады. Бұл Иләл Жүсіпұлының тағдырын тұтқынға алынғанға дейін майшаммен қарағандығының көрінісі болар. Бұл жайлы қолда нақты тергеу құжаттары болмағандықтан нақты айту қиын. Тек ҚАРЛАГ-тың үрей шашқан сыз қабырғасынан оралғаннан кейін Иләл Жүсіпұлы бұрынғысынша есепші болып еңбегін жалғастырғаны даусыз. Оған бірнеше ресми анықтамалар куә. Мәселен 1941 жылы 22 сәуірдегі анықтамада «1931 жылдан бастап қазіргі күнге дейін «Путь к Социализму» ауылдық тұтынушылар одағында бухгалтер ретінде жұмыс істейтіндігі» (19 құжат) жазылған. Ал осы жылы 8 сәуірде төлқұжат алуға берілген анықтамада (20 құжат) Павлодар облысы Куйбышев ауданының Қараоба ауылдық кеңесінің Бірлік ауылының азаматы, отбасында өзінен басқа бес адам (әйелі 1892 жылы туған Жүсіпова Шәйім,  1923 жылы туған ұлы Илялов Бөкей, 1929 жылы туған қызы Илялова Шакар, 1936 жылы туған қызы Илялова Оралша, 1939 жылы туған қызы Илялова Райхан) бар екені, ең бастысы бұрын сотталмағаны көрсетілген. Соған қарағанда Иләл Жүсіпов ақталып келіп, еңбекке араласқан. 1941 жылы 1 қарашада бухгалтерлік жұмысынан құрметті демалысқа шыққан. Тағы да бір айта кетерлігі, Иләл атамыз 1946 жылы  сырқатына байланысты екінші топ мүгедегі (21) деп мойындалған.  

Сайлау

Иләл болыстыққа бекітілмес бұрын ертеден тұрып ел ісіне араласқан адам болған. Бұлдағы оның өмірінің бір бөлігінен көрініс беретін тарихи дерек болса керек.  Иләлдың болыс сайлауына қалай түскендігі туралы әңгімені өрбітпес бұрын, жалпы болыстық туралы түсінік бере кетсек. Шежіреші, аймақтанушы Тілеке Жеңістің 1995 жылы жарыққа шыққан, осы күні көп үйдің әулеттік тарихи кітабына айналған «Шежіре: Ертіс-Баянаула өңірі» кітабында 1820 жылдардың басында Қазақстан аумағында алғашқы округтердің ашылуы туралы кеңінен сипатталып айтылады. Соған сүйенетін болсақ, Ақтілес-Күшік-Бәсентиін болысы Баянауыл сыртқы округінің құрамына 13 болыспен бірге енген. Аты айтып тұрғандай, Ақтілес-Күшік-Бәсентиін болысына аталмыш рудан тарайтын ауылдар енген. Баянауыл сыртқы округінің аумағына қазіргі Павлодар облысының Баянауыл, Екібастұз, Ақсу, Май және Қарағанды облысының біраз аудандарының жері кірген. 1851 жылғы дерекке көз жүгіртсек, 1842 жылы 31 қазанда Ақтілес-Күшік-Бәсентиін болысы басшылығына 1813 жылы туған Жұрын Жүсіпбекұлы сайланған. Одан кейін 1856 жылы 18 қарашада болыс басшылығына Дәуек Жақашұлы келген. Дәуек болыс 1804 жылы туған. Ақтілестің атын асырған, абыройын асқақтатқан тұлға, халық өз аузынан ел адамы деп мақтаған. Айтқанына тентек тоқтайтын, халық ақылына мақұлдық қылған Ақтілестің  ақсақалы атанған жан. Қазіргі күні Ақтоғай ауданы, Жаңатап ауылының сыртындағы үлкен зиратта жатыр. Кейіннен сыртқы округтердің ішінде түрлі аумақтық өзгерістер болып, Ақтілес-Күшік-Бәсентиін болысының да аумағы, ауылдар саны, атауы өзгерген. Мәселен 1878 жылғы реформа бойынша Алқакөл болысы болып өзгеріп, оның құрамына Найман руының бірнеше ауылы енген. 

Павлодар облыстық мұрағатында сақталған аға аграном Н.И.Ивановтың 1927 жылғы зерттеу еңбегіне сүйенетін болсақ («Материалы по обследованию естественно-исторических и хозяйственно-экономических условии земель Павлодарского уезда, Семипалатинской губернии при проведении сплошного государственного землеустройства в 1927 году»), болыстар бірнеше мәрте аумақтық өзгерістерді бастан өткерген. Ол Патшалық Ресейге қазақ даласын тиімді басқару және отарлау саясатын жүргізуді жалғастыру мақсатында қажет болған. Сондықтан да өз жер мамандарын түп-тұқиянына дейін қалдырмай зерттеуге арнайы жіберген.  Яғни осы жазба бойынша, 1923 жылдың желтоқсанынан 1924 жылдың мамыр айына дейінгі мерзімде болыстарды аудандарға бөлу және бекіту жүргізілген. Барлық болыс басқарушыларын «Алқакөл болысы» тарауында айттық. Ал Иләл Жүсіп қажыұлы 1921-1922 жылдары және 1924-1926 жылдар аралығында Алқакөл болысының болыстық басқарушысы болған.   

Иләл Жүсіпұлы түскен екінші сайлаудың қалай өткендігі, қайда өткендігі, кімдердің қатысқандығы туралы да ел ішінде әртүрлі сөз бар. Біреулер сайлау қазіргі Жаңабет ауылының Шақабай тоғайында өтті десе, екіншілері Дауылбай қонысында, жар басында өткен дейді. Бірақ тап басып мынауы дұрыс, мынауы қате  деп кесіп айту қиын. Бүгінгі күні Ақтоғай ауданы, Әбжан ауылының тумасы  Ақылбек немересі Қайыргелді Машырықұлы  2017 жылы 1 сәуірде Ақтоғай аудандық «Ауыл тынысы» газетінің  №13 (9195) санында жарық көрген «Тағылым» атты мақаласында әкесінен естіген әңгімесін жария еткен. Сол мақаланы айна-қатесіз назарға ұсынғанды жөн көрдік. 

«Совет үкіметі келгеннен кейін, 1926 жылдың қасынан бастап Алқакөл болыстығында болыс сайлау науқаны басталып кеткен болатын. Жүсіп қажы баласы Иләлдің болыс болып жүрген кезі. Ел аралап жүрмін деп, Түлкісу бойындағы Жамбас алқабымдағы қыстақта отырған, Алқакөл болысының биі Мақаштың Ахметінің үйіне сәлем бергелі келеді. Әңгімелесіп отырғанда, Ахмет:

- Осы елге кім ие бола алады, кім басқара алады, - деп сауап қояды.

- Аха, ел алақанға салып ұстап тұрған жұмыртқа тәрізді, бос ұстасаң жерге түсіп жарылады, қысып ұстасаң алақанында жарылады, сол себепті жұмыртқаның жарылмау амалын тапқан адам ғана елге басшы, ие болады, - деп Илал жауап қайтарады. Жауапқа риза болған Ахаң:

- Илал қарағым, биыл жазғы тұрым, көктемде болыс сайлауларың болады, уақыт болса тақап қалды, болыстыққа сайлануға нендей ойың бар? – деп, сұрақты төтесінен қояды.

- Аха, оны ел біледі, Сіз білесіз және пара беріп болыс болмаймын, ол менің арыма жат, сын, - деп, Иләл көп сөзден жалтарып тоқ етерін айтады. «Негізігі ойым болыс болып қалғым келеді, бірақ әділдік жолымен болып, халықтың алдында бетімнің ашық болуын ойладым, оның үстіне бай емеспін», - деп іштей ойын жалғастырады.

Бұл әңгімені Иләл, Шәйкен ағамыздың әкесі Нұрғалидың үйінде, әкеме, қонақта отырғанда айтады. Нұрғалимен құда болатын. 

-Е, сенің де көмейің белгілі болды, - деп, Ахмет болыс сайлауы жөніндегі әңгімені доғарады.

Көктем шығып, елдің бәрі мәз болып жайлауға көшіп, қыстан арып шыққан малдардың бәрі көк жайылымға кенергеннен кейін, қазіргі Естай ауылының орналасқан жерінің Мүткенов ауылы жағынан кіре беріс мүйісіндегі өгіз қора тазартылып, болыс сайлауын өткізуге дайындық басталады. Елдің бәрі абыр-сабыр, әр ауыл өзінің ауылының адамын болыстыққа сайлауға жанталасып шауып жүр. Оның ішінде біздің ауылдан Сүлеймен қажының баласы «Нұрғалиды болыс сайлаймыз», - деп, ауылдың ауылнайы Нұртазаның Темірбайы бас болып барын салып жанталасуда.

Болыс сайланатын күнде жетті. Өгіз қораға адам лық толды. Жиналған халық, сайлаудың төрағасы қылып, бір ауыздан Бөженді сайлайды. Бұл кісі сөзге шешен, өте ұстамды да, байсалды, сөзге тұрақты, тоқ етерін шегелеп айтатын адам еді. Елдің ортасында беделді де, белсенді болғандықтан ел құрметтеп сыйлайтын. Оның үстіне мені әр дайым қолпаштап қолдап отыратын, ел арасындағы отырыстарда. – Бұл кісінің төраға болып бекігеніне іштей қуандым, - дейді әңгімесін жалғастырған Илал Жүсіпұлы, - Бірақ сыр білдіруге шама жоқ. Ол кезде сайлауға түсетін адамдардың әр біреуіне жеке-жеке жәшік дайындалады. Ол жәшікке сайлаушылар өздерінің қалаған кандидаттарының жәшіктеріне бір тастан салады. Тасты салып болғаннан кейін бүкіл халықтың көзінше санайды. Қай кандидатқа көп тас салынса, сол адам болыс болады екен. Міне, біз шулап жүрген «әділ сайлау» осы болар, жобасы.

Сайлауды бастамас бұрын ең бірінші болыстыққа таласып жүрген кандидаттарды таныстыру рәсімі жасалады. Ол таныстыруды бастауға әркімнің құзыры да, батылы да жете бермейді, жетсе де Ахаң отырғанда, кимелеп, суырылып алдына шығуға бата алмайды. Өйткені Ахаң біреуді мақтаса, бүкіл халықтың алдында, оның жетпіс жеті атасын қопарып аталарының бүкіл жақсылығын түгеңдеп, айғақтап беретінді. Ал жамандаса жетпіс жеті атасын түгеңдеп, бүкіл аталарының жамандығын айғақтап, елдің алдында қара бет қылатын. Соны білгендіктен ешкім алға суырылып шықпайтын.

Бүкіл халықтың алдында, Бөжен: - Кім бастайды? – деп сауал тастады.

Елдің бәрі тым-тырыс, тыныштық. Біраз үнсіздіктен кейін: - Аха, өзіңіз бастамасаңыз болмайды, бүкіл ел Сіздің лебіңізді естиін деп, тосып тұр, - дейді, сайлау төрағасы. Ахаң ортаға шығып, жеткірініп алып, сөзді бастап кетті.

- Мынау Нұрғали бауырыма, Темірбай бас болып шауып жүр, болыстыққа сайлаймыз деп. Бұл өзі рахат тұқымның баласы, аталары дәулетті бай, оқыған, әкесі Сүлеймен ағамыз қажылыққа барып келген өте діндар адам. Нұрғалидың өзі де жаман жігіт емес, бірақ, бір жақтан жол жүріп келсе атын ат байлауышқа байлап таң асырып қояды, өзінің ұйқысы қанғанша. Ұйқысы қанғаннан кейін барып, атын отқа жібереді. Ел, ат байлауышқа байлап қоятын ат емес қой, сен болыстықтан дәметпе, - деп, қайырып тастайды.   

- Екінші мынау Шәрәпиден, бұл азамат керемет, елдің жағдайын біледі, кімді қалай сыйлап, қалай құрметтеуін біледі. Елі де жақсы көріп құрметтейді. Талай жыл болыс болып, халқыңа талай жақсылықтар жасадың ғой. Сенің денсаулығың сыр беріп жүр ғой, денсаулығыңды түзеп емделіп алсаңшы, сенен болыстық еш қайда қашпайды да, кетпейді, - де, мадақтады. Бұл кез шынында да Шәрәпиденнің қатты науқастанып аурып жүрген кезі еді.

- Мынау Әбдіқалық жаман азамат емес, жанына нөкерлерін ертіп сауық-сайран құрып қайда той, қайда шілдехана сонда Әбдіқалық, Ел, шілдехана емес қой, күнде той тойлайтын, сен де күдеріңді үзе тұр, - деп, түйіндейді.

- Одан, мынау Мәрден бауырым, қос пар атпен бұл да шауып жүр, тегін шауып жүрген жоқ. Бұл бауырым ерекше өсіп, қалыптасып келеді, елге сиымды, көп жақсылықтар жасап жүр, маңатындағыларға түсіністікпен қарайды. Бір сөзді, инабатты. Болыстық сенен ешқашан қашып кетпейді, келешегің алдында, әлі талай болыс боласың, сенің қолыңнан келетіндігіне күмәнім жоқ, сен жассың ғой. Осы жолы қоя тұр, - деп, сөзін тоқтанып ортада тұрып қалады.

Біраз кідірістен кейін Бөжен: - Аха, не дедіңіз, - дейді.

-Мен, дедім ғой, - дейді, сонда Ахаң.

Сол кезде Бөжен:

-Ал, Аха қолыңызды жайып, Иләл болысқа батаңызды беріңіз, - дейді.

«Бөжен де мені жақтайтын, осылай екі ақсақал мені сайлап кетті», - деп, ақырғы болыс болған Иләл, сөзін аяқтайды».

Бұл мақаладағы  Мақаштың Ахметі оқыған, ел ісін білетін адам болған. Белгілі өлкетанушылар Дәурен Аяшинов пен Санкт-Петербургтік Ю.Г. Поповтың бірлесіп жазған «Влиятельнейшие ордынцы Баян-аульского внешнего округа (1830-1868гг., по материалам Центрального Гос.архива Казахстана-ЦГА РК). Актилес-Кушик-Басентиинская волость» деп аталатын еңбегінде Алқакөл болысының болыстары мен билері туралы мұрағат деректері жарияланған. Аталмыш еңбекте 1912 жылы 12 наурыздағы болыс сайлауында екінші ауылда би болып кенжебай-күшік Ахмет Макишев (Мақаш) пен Әділбек Тастынбеков бекітілгені айтылады.  1912 жылы 21 наурыздағы сайлауда да Ахметпен бірге Тұрсынбай Берестенов би болып ел қалауына ие болған. Сондықтан да Мақаштың Ахметі сайлауға төрелік айтуы мүмкін.  

Жаңабет ауылындағы ақсақалдар арасында «Ахметұлы Сауыт ақсақал айтып отыратын» деген Иләлге қатысты үшбу сөз бар. Соған сайсақ, негізі болыстыққа Бөжен Беласарұлы түспек болған екен. Ал Иләл атамыз суфлер ретінде қатысыпты. Яғни Бөжен орысша хат танымағандықтан Иләл аудармашы қызметін атқарған. Ал сайлау төрағасы орыс әйелі болыпты. Бұл ел аузындағы дерексіз сөз болғандықтан нақты деп айту қиын. 

Ақтоғай ауданының тұрғыны, мәдениет саласына сүбелі еңбек еткен Қайыржан қажы Ғалымұлы да Иләлдің сайлауға түскендегі туралы сөзді былай өрбітеді.

- Негізінен сайлауға 4-5 адам түскен (жоғарыда аталған адамдар). Сайлау қазіргі Әбжан ауылында болған. Болыс таңдауына Жаңабеттен алғашында Иләл емес, алты дуан елді аузына қаратқан, өзі еркектің өңдісі атанған Бөжен Беласарұлы түскен. Олар  Ахмет бидің алдына барғанда би барлығына сипаттама беріпті. Бөженге келгенде ол: «Иләлге батаңызды беріңіз» деп қолын жайып, пәтуа сұраған екен. Осылайша болыстықтың алдында тұрып, өз жолын ауылдасына қиып, азаматтық танытқан көрінеді. Ахмет би Иләлге батасын беріп:

- Халық дегеніміз алақандағы құстың жұмыртқасы секілді. Оны қатты қысып ұстауға болмайды. Егер алақаныңды жұмсаң жарылып, саусақтарыңның арасынан ағып кетеді, бос ұстасаң жерге домалап барып түсіп жарылады. Сондықтан да тең ортасын тауып, аялап ұстау керек. Сонда ғана елді билеп, басшылық жасай аласың, - деген екен.  

Бұл сөз Иләлден: «Халықты қалай билеуге болады», - дегенде берген жауабы деп айтатындар да бар. Қалай десек те, мұрағаттан алынған нақты дерек жоқ. Сондықтан кесіп айту жөн болмас. 

Иләл болыс көзі тірісінде халықтың қамы үшін отқа да, суға да түскен. Ақын Қимадиден Нығыманов  өзінің балалық шағында көргендерін, ел ішіндегі жағдайды, ата-тегін таратып жазған ғұмырбаяндық «Өмір жаңалықтары» атты еңбегінде аштықтан қырылған ауылдың ахуалын күрсіне толғайды. Аталмыш биографиялық шығармасында бала күнінде Иләлдің баласы Бөкейханмен бірге ойнаған шақтарын, болыс Иләл қашанда ел адамдарымен мәжіліс құрып отыратынын жазады. 

Иләл Жүсіп қажыұлының 1934 жылы қазіргі Ақтоғай ауданы Әбжан ауылында алғаш мектеп ашқан Ғосман Смағұлға қолғабыс жасағандығын көпшілік біле бермейді. Жалпы Ғосман Смағұл орысша, арабша хат танитын зерек адам болған екен. Қайыргелді Машырықұлының айтуынша, Ғосман ұстаз 1920-1926 жылдарда діни оқуда болған. Бірақ ол туралы еш жерде жазылмаған. Тек ақсақалдардан қалған сөз бар. 

- Әкейдің айтуы бойынша, Ғосман Смағұл өте терең білімді адам болған. 1934 жылы осы ауылдан мектеп ашар алдында Жетінші ауылдан (қазіргі Павлодар қаласы, Ленин кенті) Қараобаның атқамінерлері Жаңабетке дейін лаумен әкелген екен. Еш жерге аялдамай, бірден Иләлдің үйіне түскені де зор құрметтің нышаны.  Ғосманның келе жатқанын естігенде Иләл қатты қуанып, тағатсыздана күткен екен. Алыстан арбалап шаршап келген мейманын ел адамдарымен бірге күтіп, екінші күні өзінің биесін жегіп, оқуға қажетті кітаптардың барлығын тиеп, Әбжан ауылына өзі жеткізіп салған. Жаңаша көзқарасқа, білімге құштар азаматтардың көрсеткен құрметіне разы болған Иләл «ел азаматтары деген осындай болуы керек, білім нәрін себуге келе жатқан ұстаз қашанда құрметке лайықты» деп  батасын беріпті. 

Сол Ғосман Смағұл Әбжан ауылында алғаш білім ордасын ашып, халықтың сауаттануына ықпал еткен тұлға. Ол Ертіс ауданында партиялық қызметкер, сонымен қатар аудандық газеттің редакторы қызметін де атқарған. 1934 жылы Ертіс ауданы бойынша жеті жылдық мектеп Қожамжар ауылында ашылғанда алғашқы директоры болған. 1937 жылы қанды шеңгел басталып, сталиндік репрессияның тырнағына ілініп, «Халық жауы» деген айдар тағылып, түрмеге қамалған. Қазіргі Қожамжар ауылынан сотталып кеткен. Бірақ 1942 жылы мемлекеттік қауіпсіздік бас комиссары болған, 1953 жылы «сталиндік» қуғын-сүргінді ұйымдастырушылардың бірі деген айыппен барлық мемлекеттік атақтарынан айырылған Лаврентий Берияның атына кінәсіздігін баяндап, өз өмірі туралы қысқаша хат жазып, ақталып шыққан деседі. Иләл болыстың осындай ел адамына көмек қолын созғаны жоғары адамгершілік қасиетінің белгісі. 

Жаңабет ауылының тұрғыны шебер Қайыр  Әлімжанов айтады:

- Мен 1950 жылдары осы ауылда ескі ауылдан әкеліп үй салдым. Бір күні Иләл ата келді, бір құшақ шілігі бар. «Қайыр, мына шілікті бір жеріне салып жіберші, менің қолғабысым сол болсын, қолдан келер басқа қайран жоқ», - деді. Бұлдағы болыс атаның жұртына деген жанашырлығының кезекті бір белгісі.

Иләл болыс 1959 жылы қайтыс болды. Қабірі  Жаңабет ауылының Қотантерек қонысының жел соғар жағындағы зиратта.  

№1 құжат

 1-2.png

  1-3.png

 1-4.png

1-5.png

1-6.png

1-7.png

№2 құжат

 1-8.png

№3 құжат. Анықтама 1923 жыл 10 наурыз

 1-9.png

№4 құжат

  1-10.png

1-11.png

Иләл атамыз ел ісінің білгірі ғана емес, сауықшыл да адам болған деседі. Көзі тірісінде қолына домбыра алып ән салған, шабыты шапқанда өлең жазған екен. Бірақ көп өлеңдері сақталмаған. Болыс туралы деректер жинастыру  барысында болыстың  немересі Құралай апайдың қолында атасының ойынан туған өлеңдері бар екенін біліп, сұхбаттастым. 

-  «Шешем мен Шакар апам әбдраны ашып, оның ішінен бір қалың «көк дәптерді» алып, парақтап оқып, бір-бірлеріне мұңдарын шағып, жылап отыратыны есімде. Не үшін жылайды, қандай күн туған бастарына деп ойлайтынмын. Бірақ кейіннен ол «көк дәптерге» іздеу салсам да таба алмадым. Ақыл тоқтатпаған шағымыз ғой, ол не қылған «көк дәптер» екеніне де көңіл аудармаппыз. Кейіннен білсем сол дәптерге атам Иләл барлық болған жайларды, ішкі тебіреністерін, елдегі жаңашылдықтар мен қуанышты жағдаяттарды өлеңмен өріп жазып отырған екен», - дейді Құралай апай. 

Болыс атаның өлеңдері

Иләл атадан қалған бір-екі өлең қолымызға тиді. Қазақтың қанында бар қоңыр өлең стилінде жазылған өрнекті сөз. Осының өзі ел үшін үлкен мұра. Сол мұраның сақталуына себепші болған Ақтоғай ауданы, Әбжан ауылының тұрғыны Ақылбек немересі Қайыргелді Машрықұлы. Өлеңдер жазылған ақ парақтың астында: «Иләл атамыздың жиені, Бесқамыс ауылында тұратын Жастілек Қаукенұлы аманат етіп Ақылбек немересі Қайыргелді Машрықұлына тапсырған. Бүгіндері Екібастұз қаласында тұрады. Анасы Күлімхан Кәрімбердіқызы, Иләл мен Кәрімберді ағалы-інілі. 2010 жыл.», - деген жазу бар. 

Сөз басы.

(Садыр (Садырағзам) баласына арнаған жыры)

Арғынның Бәсентиін бір баласы,

Ішінде Ақтілестің ол Биғазы. 

Соғыста қаза тапқан баласына,

Иләлдің жазған жырын ал тыңдашы.

Баласын жоқтап қария сөз жазады,

Мағыналы ұзақ емес аз жазады.

Елімнің бостандығы, бақыты үшін,

Шахитім құрбан болған деп жазады. 

Алады жыр соңында қайғырып та,

Сөгуші еді күйінішті қай ғұрыпта.

Илекеңнің күңіренген сөзі мынау,

Садыры аталсын деп әрбір топта. 

1946 жыл

Садырды сипаттаған жыры

Садырым десем сөзге жол ұшады,

Істеген қызметтерің оңушы еді. 

Міндетін партияның фарыз санап,

Жолында аманаттың болушы еді. 

Жайдары санатшыл бұл-бұл еді,

Үгітші, өрге сүйрер дүл-дүл еді. 

Партия тапсырмасын орындаса,

Масайрап бәйшешектей гүлдер еді. 

Сайраған екі тілге ақын едің,

Ел қорғау міндетінде батыл едің.

Айырмай ұлтына туысым деп,

Кім білсе сол адамға жақын едің.

Балапан сай құрағы балбыр едің,

Ұғымтал білім құмар алғыр едің.

Білімін басқаларға үйретуге,

Секілді міндет алған мәжбүр едің.

Лениншіл жастарыңды бастаушы едің,

Алдына жарыс міндет тастаушы едің.

Ерлерін озат шыққан көп мәпелеп,

Алдында ілгері ұйым қостаушы едің.

Жастарды тәрбиелеп көп өсірдің,

Шынында саясатын көп пісірдің.

Қолғанат партияға дайындауда,

Тағалап төрт аяғын дөп түсірдің.

Ақжарқын, ашық мінез, терең ойлы,

Сымбатты, жылы жүзді, орта бойлы.

Кейде бір жайбарақат әзілдесең,

Ұтылмай құрбысынан шығар дейді. 

Үлкенге сәлем беріп иілуші ең,

Құрбыңды бауырым деп шын сүюші ең.

Кішіні туысыңдай еркелетіп,

Жастарына, білгеніне сүйінуші ең.

Деп едің ел қорғауға рұқсат берші,

Ағылып кетіп жатыр үлкен-кіші.

«Ер болсаң елді қорға» деген қайда,

Әкежан көп бөгемей «жарайт» деші.

Жасытпай ата-анаң да жұптап еді,

Жігерлі талабына тоқтап еді. 

Лейтенант жауға шапқан жас командир,

Жауды шаншып ел үмітін де ақтап еді. 

Қаланың Сталинград көшесінде,

Дұшпанға жіберместен есесін де. 

Толық бір ай кескілесті фашистермен,

Қалғанша қасық қаны денемізде. 

Жоқтау жыры

Садырым сені сағынам, 

Қайтейін тағдыр, бағынам.

Көре алмадым қызығын,

Енді өмірді не қылам. 

Деймін-ақ шыдап, тозбайын,

Саясаттан озбайын.

Садырым еске түскенде,

Боталы нардай боздайын. 

Жүрек жүйем сөгіліп,

Көзден жасым төгіліп.

Қажимын сені көп ойлап,

Алпысқа жетпей бүгіліп.

Жиырма сегізге толғаның,

Жасап өмір болғаның.

Жұбанамын соны ойлап,

Ел үшін шаһит болғаның.

Өзің жоқ Садырым ізің бар,

Марат пен Тілеу қозың бар. 

Ата-әжеңді сыйла деп,

Ақырғы айтқан сөзің бар. 

Атадым Садыр атыңды,

Ақтілес, Тапай затыңды. 

Ұмытпасқа сөз жаздым,

Оқып жүр жастар хатымды. 

Таусылып қайғы дария,

Тоқтайық енді сөз жия.

Ботамдай зарын шығарған,

Иләл мен Шайым қария. 

Сөз басы 

Қол диірмен тартушы ед,

Білекке салмақ артушы ед.

Сірескен сарысу жауырын,

Онымен не жарытушы ед.

Қол диірмен ұршықтай,

Қондырмаушы ед тер шықпай. 

Әйелдерге арналған,

Сыбағалы қырсықтай. 

Диірмен қамыты арылмай,

Қоғамдық іске дарымай. 

Күні-түні изектеп,

Сонда да ұнға жарымай. 

Ескілік салт өнімсіз,

Жетпістей әйел тынымсыз.

Бейнеті көп, берері аз,

Кім құтқарар білімсіз.

Жаңашыл ер бар талпынған,

Қолынан темір балқыған.

Ойлап тапты жаңа өнім,

Құтқарды ескі салтынан.

Ойшыл ұста Жақаным,

Көмекшісі Тоқаным.

Тетікті диірмен орнатып,

Жайылды елге лақабың. 

Желмен жүред күдіксіз,

Екі аттық күш үздіксіз.

Жұдырықтай шестрна,

Күні 15 пұт бейнетсіз. 

Жаңашыл әдіс асқан жоқ па?

Ескілік мүлде қашқан жоқ па?

Қол босаған көп әйелдер,

Қоғамдық іске қосқан жоқ па? 

20 желтоқсан 1950 жыл.  

Бейбіт БӨЖЕН



Ұқсас тақырыптар