БӨЛЕК БАТЫР

Бабамыздың негізгі атқарған халықтық қызметі би болса да, Бөлекті біз көбінесе Бөлек батыр деп мақтан тұтамыз. Бірақ қай кезде қандай батырлық жасағанын дәл куәлендіріп ешбіріміз айта алмаймыз. Алайда «солай болған екен», «сөйткен екен» дегенді әркім-әркімнен естіп жатамыз. Мен аңыз бен дақпыртқа арқа сүйемей, қолда бар жазба дерекке ғана жүгінбекпін.

батыр.jpg

Бөлек бабамыз жайында нақты, өз көргенін ғана жазған бірден-бір адам – Қазыбек бек Тауасарұлы. Ол өзінің 1776 жылы жазылған «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты кітәбінде Абылай мен Бөгенбай, Қабанбайлар арасында болған өкпе-іренішті баяндай келіп:

«Осы кезде билікке жаңа араласа бастаған Суан Бөлек би де қызынып кетті. Оныкін мен кешіре салдым. Өйткені ол менің Қасқарымның Молдабайы қатарлы еді. Әлі қызу, жаңа би, жас би. Ол ұрыстың бетін көру үшін сұранып келген. Біз оны ұрысқа жібермегенбіз», – дейді (370 бет).

Ал келесі 371 бетте: «Ал Бөлек, Наурызбай, Қасқарылардікі бір жөн. Олардың тайталасып жүруіне болады, өздерінің қатары. Бірде араздасар, бірде табысар», – деп қана атап кетеді. 

Меніңше осы айтылғандар да біраз сырдың ұшығын аңғартады. 

Абылай мен Қабанбай, Бөгенбайлардың араздасып қалатын жылы – 1757. Оқиғаның болған жері – Шимойын. Демек, 1757 жылы Бөлек жаңа сайланған «жаңа би, жас би». 

«Менің бәйбішем Қасқарыдан туған үлкен немересі Молдабайды сапқа қоспақ болып ақсарбас айтып, құдайы берді. Енді әкелі, балалы, немерелі болып ұрысқа кірмекпіз», – деп жазады Қазыбек бек (311 бет). Бұл қай жыл?

«Хангелді қалың Албанға соғыс саябырсыған соң барған», – дейді Қазыбек бек кітәптің 312 бетінде. Ал 315 бетте: «1123 жылдың көктемінде Наурызбай қолы Сапы-Саты көлі арқылы жартысы Доңызтауға, жартысы Мұзартқа қарай бет қойды», – дейді. Демек бұл соғыс 1123, яғни 1745 жылы болған. 

Сол 312 бетте: «Соғысқа аттанар алдында Сөгетіден еліне кеткен Албан Хангелді батыр келді», – дейді тағы да. Яғни соғыс болып жатқан кезде, сол 1745 жылы, қайтадан соғысқа аттанар алдында еліне барған. Сонда Қасқары батырдың баласы Молдабай соғысқа 1745 жылы тұңғыш кірген. Сол жылы ол қанша жаста болмақ?

Оның әкесі Қасқары батыр, менің дәлдеуімше, 1708 жылы туған. Ол туралы Қазыбек бек: «Содан 1088 барыс жылы суық күзде менің тұңғышым Қасқары туды», – дейді. Хижраның 1088 деп отырғаны 1710 жыл. Меніңше, Қазыбек бектің айтып отырғаны – қате. Өйткені осы кітәбінің 231 бетінде 1724 жылдың жағдайын айта келіп: «Менің үлкен ұлым Қасқары сол жылы он алтыға толған, ол да бір мыңның иесі еді», – дегені бар. Осы айтқаны, сірә, дұрыс. Өйткені егер Қасқары 1710 жылы туған болса, онда ол «Ақтабан шұбырындының» 1724 жылы бар-жоғы 14 жаста ғана болмас па? Он төрттегі баланың бір мың қолға басшылық жасай қоюы екіталай емес пе? Ал 1708 жылы туса, онда ол 1724 жылы 16-да болатыны рас. 

1708 жылы Қазыбек 16-да, 16-сында тұңғышын көру – ол кез үшін әдеттегі жағдай. 

Осы ыңғаймен Қасқары 16-сында үйленіп, тұңғышы шамамен 17 жасында туған шығар деп жорамалдасақ, онда Молдабай 1725 жылы туған боп шығады. Сонда ол тұңғыш соғысқа 1745 жылы 20 жасында кірген. Меніңше, бұл да ол кез үшін нанымды жағдай. 16-сында да соғысқа кіріп аты шығып жатқандар ол кезде аз болмаған. 

Бөлек те Молдабай туған 1725 жылы туған десек, онда ол Шимойында жиын өткен 1757 жылы 32 жаста болады екен. Меніңше, бұл жас – би сайлануға болатындай нанымды жас. 

Сондықтан Бөлекті 1725-1730 жылдардың шамасында дүниеге келген болар-ау деп шамалауға болатын да секілді. Алайда одан да гөрі иланымды тағы бір жорамал бар. Қазақ баласын атақты, әйгілі адамдардай болсын деп ырыммен де қояды. Жалпы қазақ баласы 1729 жылы әйгілі Аңырақай соғысы болғанын, сол соғыста қазақ батырлары 10 мың қалмақты қырып салғанын, сол соғыстың бүкіл «Ақтабан шұбырындының» бел омыртқасын үзіп, содан былай қазақ жауынгерлерінің айбыны арта бастағанын, ал сол соғыстың басты жекпе-жегінде Шапырашты Бөлек батыр қалмақ батыры Аңғырақты жеңіп, содан барып бүкіл соғыстың Аңырақай соғысы атанғанын білеміз. Біздің Бөлек бабамыз 1729 жылдың не күзінде, не қысында туып, Сатайдың баласы Бөлектей болсын деген жақсы ниетпен сол кезде атын ырым етіп Бөлек деп қойған болу керек деп ойлаймын. 

Бұл жорамал, әрине, оның қай кезде туғаны жөнінде түк білмегеннен гөрі тәуір. Қазыбек бек те кесіп айтпай, «Қасқарымның Молдабайы қатарлы еді» деуі «бәлкім, одан да бірер жас кіші ме екен?» деген ойға жетелейді. Өйткені қазақ «қатарлы» деген сөзді жетеқабыл дегенге жақын мағынада қолданады ғой. Бірақ келесі бір сөзінде Қазыбек бек Бөлекті Наурызбай, Қасқарылармен де қатарлас деп қалады. Сірә, соған қарағанда, Бөлек бабамыз ірі денелі, өзінен үлкендермен тең көрінетін адам болса керек. 

Қазыбек бектің «жаңа би» деуі оның жаңадан, бәлкім, сол жылы ғана би сайланғанын аңғартса керек.

1757 жыл – қазақ-қалмақ соғысының аяқталып қалған кезі. Қазыбек бектің сөз ыңғайына қарағанда, Бөлек бұған дейін үлкен соғысқа қатыспаған, тек «ұрыстың бетін көру үшін» келген. 

Ал ұрысты кімнің көргісі келеді? Сөз жоқ, кеудесінде намысы бар өжет адамның ғана. Қазыбек бектің: «Біз оны ұрысқа жібермегенбіз», – деуі оның соғысқа қатыспақ боп сұранғанын дәлелдейді. Оған қарағанда, ол – бұған дейін де қолына қару ұстаған, қалмақтармен азды-көпті қақтығысқан, соғысқан адам. Қару ұстауды, оны жауға жұмсауды білмеген адам соғысқа сұрана қоймаса керек-ті.

Қызына, Абылайға қарсы көтеріле сөйлеуіне қарағанда, Бөлек бабамыз қызба, батыр мінезді кісі болса керек. Ондай мінез ұрпақтарында күні бүгінге дейін бар. 

Бұдан біздің анық білетіндігіміз: XVIII-ғасырдың бірінші жартысында туып, екінші жартысында Бөлек бабамыздың ел билігін, сөзін ұстаған жас би болғаны. Елдің мүддесін қорғап әділ билік жасамаса, қызметін халқы үшін адал атқармаса, оның жақсы аты бізге жетпес еді деп ойлаймын. Демек ол би болғанда да әділ би болған. 

Ал енді Бөлектің батыр атанып жүргені қай кез?

Жоғарыда айттық, оның қызба мінез көрсетіп отырған жиыны 1757 жылы өткен. Қазақ-қалмақ соғысы негізінен 1755-1758 жылдары қытайлардың қалмақты жаппай қыруымен аяқталған-ды. Сонда Бөлек бабабмыз соғыс біткен соң ғана батыр болған ба? – деген сұрау тумай ма?

Бұл сұрақ Албан Райымбек батырдың ерлік жасаған уақытын айқындаушыларды да алаң етіп, соның салдарынан кейбіреулердің келеңсіз жалғандыққа да барып жүргенін білеміз. Сондықтан өзің білмеген, анық құжат немесе нанымды әңгіме арқылы жетпеген әсіре сөздерден аулақ болған жөн. Белгілі жәйттерді саралай отырып, соның қисынымен ғана жорамал жасау қажет. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қырғыны 1723 жылдың көктемінде басталғанда, албан, суан елдері қашып үлгере алмай, өз қоныстарында қалып қояды. Қазіргі Райымбек, Панфилов, Ұйғыр аудандарының біраз территориясын сол кезде басып қалған қалмақтар соғыс аяқталар сәтте де ол арадан өз ырқымен кете қоймаған. Міне, дәл осы кезеңде Райымбек бабамызбен қатар біздің Бөлек, Сатай аталарымыз да ауыл-ауыл, қотан-қотан болып отырған қалмақтарды туған жерімізден біржола аластау үшін алысып-шабысқан деп ойлаймын. Бұл тұжырым – тарихқа қиянат емес, тарихқа үндес, қисынды болжам. Өйткені олардың жас мөлшері осы болжамымызды жоққа шығармайды. 1723 жылы басталған «Ақтабан шұбырынды» мен қалмақтарды қазақ жерінен біржола аластау 35 жылға созылғанын ұмытпауымыз керек. 1729 жылғы Аңырақай соғысында бас жекпе-жекте қалмақ Аңғырағын 30 жасында жеңген Шапырашты Бөлек соғыстың аяғында 59-60-қа келген қарт еді. Оның бәрін ескермеген адам бүкіл қазақ батырын «Ақтабан шұбырындының» басталу кезеңіне әкеп тықпалайды да, тарихты күштеп бұрмалайды. Біз сондай әбестікке бармауымыз керек. 

Шимойындағы жиынға дейін де қазақ, қалмақ аралас отырған өңірде қазақ биі болып сайланған Бөлек, сөз жоқ, қазақ ауылдарының қалмақтардан қорлық көрмеуі үшін сан рет айқасқа түсіп атақты, беделді болғаны үшін де би сайланған болуы керек. Осындай болжамға ден қойсақ, онда оның жас мөлшері Райымбек бабамыздан үлкен. Алайда батырлығы, ерлігі, білгірлігі өзгелерден оқшау байқалған Райымбек бабаларымыз Бөлек, Сатайды өзінің қарулы қолына қосып, оларға басшы болған секілді. Аңыз әңгімелердің ыңғайы соған келеді. Тіпті, Райымбек мен Бөлек қатар құрбы болулары да мүмкін. 

Егер Бөлек бабамыз жиырма жасынан атқа отырып ел қорғады дегеннің өзінде ол 1745 жылдары-ақ өр мінезімен өз аймағында беделді бола бастаған болу керек. Сонда ол қалмақтардан жеріміз біржола тазарған 1758 жылдарға дейін соғысса, 13 жыл бойы аттан түспеген болып шығады. Батыр атын шығаруға 13 жыл да аз жыл емес. «Ақтабан шұбырынды» заманында өз өңірінде батыр атанып аты шыққан Бөлек, Сатай, Аралбай, Бағай батырлардың қай-қайсысы да біз үшін әрі құрметті, әрі қасиетті. 

Қазыбек бектің кітәбінде жазылған аз ғана сөздің өзінен біз осындай-осындай шындықтардың сәулесін аңғарамыз. Яғни аңыз түбінде ақиқат бар. Бабамыз Бөлектің би болғаны да, батыр болғаны да рас. Ата-бабасының елін, жерін, өзінің ұрпағын жаудан қорғаған бабамызға ескерткіш қойып есте сақтауымыз – біздің перзенттік борышымыз. 

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ


Ұқсас тақырыптар