ЖАҚЫБАЙ БИ

Даналықты пiр тұтқан қазақ халқы үшін халықтық дәстүрлер елдің тұтастығын ұйытатын, тұрақтылығын сақтайтын және берік тәртiптi қамтитын тетік ретiнде қалыптасқан. Қазақтың әдет-ғұрып дәстүрінің басты қағидасы әдiлеттiлiк болды. Қазақ халқында, әдетте: «әдiлдiгiмен қара қылды қақ жарған» дейдi. Осы сөз бабаларымыздың әдiлеттiлiкке бас иiп, оны ерекше қастерлегенiн айғақтап тұр. Қазақ халқында әділеттілікті ту етіп ұстап, ел ішіндегі және ағайын арасындағы дау-дамайға, жанжалға бітім айтатын, түсініспеушілікке, кикілжіңге төрелік шешімді шығаратын билер болған. Билер институты дәстүр сабақтастығын жалғастырып, қазақтың рухани болмысын сомдауға мұрындық болғаны тарихтан белгілі.

Жақыбай би.JPG

Қазақ халқы, ең алдымен, адамның рухани болмысын жоғары бағалады. «Батыр – бiр оқтық, бай – бiр жұттық» деген қағидамен байлық пен дәулетті рухани құндылықтар қатарына жатқызбады. Осы орайда, дала заңын сақтаушы, жетілдіруші және оны жүзеге асырушы билер институты болды. Ұлы дала төсінде қалыптасқан заңдар «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Жеті жарғы» ең алдымен, адамгершiлiк құндылықтарды қорғауға бағышталды.

Қазақ халқының іргетасы рулар мен тайпалардан құралғаны белгілі. Демографиялық дамуға байланысты ұсақ рулардың кірігуі, кейде iрi тайпалардың аракiдiк шағын руларға бөлiнiп отыруы, жердi ұжымдасып пайдалану үдесіне сай ортақ аумақтың тұтастығын сақтауға, шаруашылық байланыстар мен туысқандық қарым-қатынастардың беки түсуіне мүдделі еді. Ру, тайпалық құрылымға негізделген дәстүрлі қазақ қоғамындағы ру мен ру,тайпамен тайпа арасындағы шаруашылық қарым-қатынастарды реттеп отырушы пәрменді күш - билер институты болды.

Би мәртебесi қазақ жұртында жоғары бағаланды. Халықтың әдет-ғұрпына, салт-санасына қанық, барынша әдiл төрелiк беретiн алғыр, әрі сөзге тапқыр адамдарды ел арасында «би» деп атаған. Әділеттің ақ туын желбіреткен билерге қойылатын талаптарда қатаң болды. Бидiң айтқан сөзi, әрбiрiс-қимылы жұрттың назарында болды. Жекелеген адамның, рудың тағдырына шешiм айтып, кейде өлiм мен өмiрдi таразылайтын халықтың қалаулысы болу үлкен жауапкершiлiктi талап еттi. Елдің, рудың шаруашылық, тұрмыстық салт рәсімін, әдеп-ғұрыптық дәстүрлері мен ережелерін, дүниетанымдық көзқарастарын жетік білуі, бұрынғы даналардың, билердің сөздерін жадында сақтауы тек билерге тән қабілет болатын. Әрине, дала заңдарының басты қағидаларын жатқа білу міндеттілік болып саналды. Сонымен бірге, елдің биі - ақыл-парасаты, таным-пайымы, шешендік қарымы,тапқырлығы жағынан ешкімге дес бермейтін алғыр болуы шарт. Бидің негізгі қаруы сөз болғандықтан, халқының мұң-мұқтажын жырмен жырлап, елдік пен бірлікті және даналықты уағыздады. Кез келген түйіннің шешімін қысқа да нұсқа айта алатын қарымды, өрелі болуы өмір талабы болса, ол қарапайым халықтан ерекше қабылеттілік қасиетімен де дараланды.

Шешен сөйлей алмайтын адам би бола алмайтын, өз кезегінде бисіз «көркем сөз де» туындамаған. Би сайлану үшін бай-дәулетті болуы міндетті болмады, ақыл-парасаты мол, иманжүректі, рухы зор, көрегенділік танытқан алғыр жандар таңдалды. Әдiлеттiлiгiмен аты шығып, турашылдығымен жұрт көңiлiнен шыққан билер ру, тайпа, жүз аралық қарым-қатынастарды реттеп, жүйеге түсiрiп отырушы ретінде қоғамдағы әлеуметтiк-идеологиялық қызметті атқарып отырған. Билер – жақсы қасиеттерді бойына жинаған, әлеуметтік мәртебесі биік тұлға ретінде танылды. Би ұғымы, негізінде, елге иелік етуші, төрелік жасап, бітім-шешімін айтушы, батагөй шешен, ел бірлігін сақтаған мәмлегер ретінде қалыптасты. Содан би ұғымының ауқымы «басқару», «билеу», «билік ету» әрекеттерін де қамтыды. Халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жетік меңгерген, ойы ұшқыр, тілге ұста, алғыр адамдар билікке сайланып, елдің тірегі де, жүрегі де бола білді. Билер қазақ даласындағы ықпалы зор топтардан іріктеліп, жұрт алдында ашық таңдалып сайланды.

Билердің бірлікке үндеген шешімдерінің астарында ортақ іске, қауымдасып тірлік етуге деген талпыныс жатыр. Бұл ел басқарудың алғышарты десек те болады. Қазақ қауымында «Қайырлы болса, бай ортақ, жақсы болса, би ортақ» деген қағидасын ескерсек, қазақтың ұлыс болып ұлғаюына, елдігін арттырып орнығуына би-шешендердің ықпалының зор болғандығын байқаймыз. Билер институты әдет-ғұрыпты жетілдіріп, өмірден түйгендерін даналық сөздерге айналдырып қазақтың рухани құндылықтарын ұдайы толтырып отырды. Би шешімі біреудің талабымен емес, жүректің қалауымен жүзеге асты. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қатаң қағида бүгінгі заманда да пәрменділігін жоғалтпады.

Қазақстанда соңғы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихты түгендеу әрі жаңаша пайымдау бағытында игі істер жүзеге асырылуда. Дегенмен қолға алынбаған бағыттар мен зерделенбеген дүниелер әлі жеткілікті.Т. Карлгей іліміне сүйеніп«тарих дегеніміз ұлы тұлғалардың өмірбаяны» десек, қазақтың сүт бетіне шыққан қаймақтары - батырлар мен би-шешендерімізді түгендеп болмай, тарихымыз толық жазылды деудің өзі артық. Сондықтан, кеңестік саясаттың шырмауында қалған, әрі мамандары тапшы арнайы ғылыми ұйымдарға қарап,қол қусырып отырмай, аталған жүкті көзі қарақты азаматтар өздері жұмыла көтерсе тарихқа көрсетілген құрмет болар еді. Мен жазушы немесе қаламгер болмасам да, тарихи таным және өлкетану мәселелеріне байланысты жинақталған тәжірибе негізінде Жаркент өңірінде өмір сүрген бабаларым туралы өз пайымдарымды ортаға салмақпын.

Менің пайымдауымша, жазушылар, қаламгерлер және басқа да ұлтжанды қалам иелерінің би-батырларымыз, жақсы-жайсаңдарымыз туралы жазған еңбектері ұлтымыздың тарихи танымына қосылар үлкен үлес. Әлбетте, ғылыми тұрғыдан барынша сараланып, екшелгендері ұлттық тарихымызды толықтырары анық. Жалпы, жаңа тарихи деректерді ғылыми айналымға ендіруге селқостық басым екені де шындық. Дегенмен, алдыңғы буын ағалардың жадында сақталған Жаркент өңірінен шыққан Жақыбай би атам туралы жиналған деректерді саралап, бағалап көпшілік назарына ұсынғанды жөн санап отырмын.

Қоғамдық қажеттіліктен туындайтын талаптарға сәйкес, ежелден қазақ қауымындағы билер халықтың қалауымен сайланғаны ата тарихтан белгілі. Тектілікті қастерлеген қазақ қоғамы, би болатын адамның текті атаның тұқымынан болғанына зор мән берді. Әлбетте, ата тегі жақсылар тұқымынан берілген өнегелі істері мен ізгі қасиеттерін рухани құндылық деңгейінде бойына жинақтауы және осы даналықтарын ел-жұртының мұң-мұқтажына бағыттауы заңдылық болатын. Ілгеріде билер институты мұрагерлiк заңына да негiзделгені туралы мәліметтер де кездеседі. Ш.Уәлихановтың зерттеулерінде «Би» атану үшін ру, тайпалардың үздік өкілдері халық алдында шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң жораны білетін алғырлығымен, тапқырлығымен танылуы шарт болғанын және «би» атағы ру арасынан шыққан түрлі қоғамдық істерді шешудің тәжірибесі арқылы тапқан жеке басының беделіне байланысты екеніне мән береді. Билiк жүргізудің хандық институтына қарағанда, халықтың өзi тарихи қалыптастырған демократиялық басқару тұтқасы ретінде бағалы екенін жазады.

Осы зерттеу пайымдарды бағдарға алып, Жақыбай атамыз туралы ұрпақтарының жадында сақталған, ел аузында айтылып жүрген әңгімелерді жүйелеп, сол алмағайып дәуірде халқына қызмет еткен, еліне билік жүргізген атамыздың тағылымды өмірін зерделеуді өзімнің перзенттік парызым санадым. Ал, енді біз жазып отырған - Жақыбай би туралы танымдық әңгіменің негізі өзінің тұңғышы Нұрғали ақалақшы, кенже ұлы Мырзахан атам, Суан елінің беделді ақсақалдары - Ибрагимов Зейнел, Мыржықбаев Қалмақбай және басқада қариялар, әкем ӘдепханТөреханұлының «Жапырақ жайған бәйтерек» атты жазба еңбектерін басшылыққа ала өрбиді.

Жақыбай атамыз 1866 жылы Жаркент өңірінде Суан тайпасының «Бес Мұратына» би болған Салпық бидің отбасында өмірге келіпті.Әкесінің толысқан кезі «ел ағасы» жасында өмірге келуі Жақыбай атамыздың азамат болып қалыптасуына оң ықпал тигізгені анық. Атамыз ес білгеннен бастап Суанның жақсы-жайсаңдарын көріп, олардың салиқалы, ғибратты әңгімелеріне жастайынан қанық болып өсті. Бес Мұратқа би болған, кезінде керуенбасшы болған, мәмлегерлік қызмет атқарған, арғы бетте Үкірдай лауазымын алған Салпық бидің ұйымдастырушылық қарымына орай араласатын ортасы көп болғаны өмір заңдылығы еді.

Жақыбай атамыз «қырықтың бірі қыдыр» дегендей сол жақсылармен араласып, олардың жақсы қасиеттерін жанына азық етіп,жасынан шешендік өнерге бейім болыпты. Сондықтан болар, Жақыбай атамыз әкесінің билік жолын абыроймен жалғастырған екен. Ақсақалдардың суыртпақтап айтқан сырларынан ұққаным, әке әрқашан балаға сыншы емес пе?!... Салпық бабамыз балаларының қабілетіне орай - «алдында айбар қылар ағасы бар, артында сүйенер інісі бар, билік ортаншы ұлыма лайық» деген ұстанымды өз кіндгінен тараған ұрпақтарының санасына мықтап сіңдіргенге ұқсайды.

Салпық бабамыз өз тіршілігінде Әтікей батырдың әпкесі Үния анамыздан - Тәшман, Жақыбай, Кенжебек деген үш ұл сүйгені белгілі. Әулеттің үлкені ретінде мал-жанға Тәшман атамыз бас-көз болыпты. Кенжебек атамыз жылқыға жақын болыпты да, әкесінің жүйрік аттарын бәйгеге баптап қосады екен. Талдықорған өңірі, Ақсу ауданына қарасты Қаракемердегі Тұрысбек болыстың үш жүздің басын қосқан үлкен тойында аламан бәйгенің бас жүлдесін алған Салпық атамның «Аққоян» деген атына мініп шапқан бала осы Кенжебек атамыз. Жақыбай атамыз болса жасынан сөзге шешен, ойға жүйрік, жан-жақты өнерлі болыпты. Абыз қариялардың айтуынша, домбыраның құлағында ойнаған күйшілік өнерімен де көпке танылған. Ауыл арасында ән айтып, айтысқа түсіп, жорға мініп, жосылтып жүргенді ұнататын жігіттің серісі болған көрінеді.

Әдетте, қазақ қауымында адамның бітім-болмысымен қатар, бойындағы жақсы қасиеттерін бағалап «сегіз қырлы» деп сүйсінеді. Суанның ел – жұртқа беделді қариялары Жақыбай атамызды «сегіз қырлы» жігіт болған дейді. Суан тайпасының Мырзакелді руы Салпық бабамызды «Апахан» деп атаса, баласы Жақыбай атамызды «Би» деп атап кетіпті. Ауыл адамдары Жақыбайды «Би аға» десе, келіндері «бидің ауылы» деп, ізеттілік танытатын. Ауылдың данагөй ақсақалдары әңгіме барысында Би атаң өз дәуірінде жігіттің сұлтаны еді деп мақтайтын. Көбіне, «сегіз қырлы» деп жігіттің әншілігін, шешендігін, өнерпаздығын және басқа да жақсы қасиеттерін айтып жатады. Менің түсінігімде, «сегіз қырлы» деген сөз көп мағыналы ұғым. Ел аузына іліккен жігіттің бойында ерекше ақыл-ой мен зерек зерде тән болса, оған келісті келбеті мен өнерпаздығы сән берсе, сонда ғана, «сегіз қырлы» деген ұғымның болмысы айқындала түседі. Жігіттің әр қыры айналасына әр алуан сырын жарқыратып, болмысын әспеттеп тұрады емес пе..?!. Келбеті көз тойдыратын келісті, жүрісі әсем, отырысы ерекше, өнері жан-жақты, сөйлесе елді ұйытатын, тапқыр әзілдерімен халықтың көңілін сергітетін, рухани жандүниесі бай адам ғана көпшілікке танымал болатыны белгілі жәйт. Жақыбай атам туралы айтқанда, менің көз алдыма өзіндік қасиетімен ерекше әсерге бөлейтін осынау суреттер елестейді.

Бойына сөз қуаты дарыған Жақыбай атамыз шаруаға да өте мығым болған екен. Әкесі Салпық бидің дәулетін үдетпесе, бәсеңдетпепті. Қимылы ширақ, шаруаға да епті болған. Әсіресе, жер ыңғайын жақсы білген, әр малдың ыңғайына орай жайылым-өрістерін белгілеп, жыл мезгіліне сай қоныс жаңалап, ауылының мал өсіруін өзі қадағалап отырған. Әр қазаққа тән, атқа деген ынтығы ерекше болған дейді. Атадан балаға берілген дарын болар, бойында атбегілік қасиеті болыпты. Жақсы ат болатын жылқыны құлын кезінен қалт жібермей танитын сұңғылалығы және бар. Сондай-ақ, атты баптап мінетін кінәмшіл болған дейді. Ауыл арасына мінетін жүріскер аты, көкпарға салатын ұшқыр аты мен тақымға басатын белді аты үнемі кермеде байлаулы тұрады екен. Тойға және билікке барғанда мінетін жорға мен жүйрік аттарын әрдайым мініске дайын ұстап және де бәйге аттарын құр аттармен бірге таудың басына соны жайылымға бірге жайған. Бұл ұстанымды ешкім бұзбай, «Биекең айтты, орындаңдар!» дейді екен.

Жақыбай атамның атбегілік өнеріне тоқталғаным, қазақ қауымында жылқы байлық белгісі, әсемдік символы, қазақ өнерінің (көкпар, қыз қуу, бәйге, жорға жарыс, жамбы ату, күміс ілу және т.с.с.) кіндігі саналған. Сонымен қатар, жылқы қазақ қоғамындағы билікті бекітуші құралы және қозғаушы күші ретінде қарастырылған. Мысалы, ертеректе қазақ билігінде, иен далада ұсталған ұрының атын алып, өзін жаяу қалдырып кеткен. Бұл ұрыға қатысты ауыр жаза болып саналған.

Қазақ ежелден «жылқы – малдың патшасы» деп құрметтеген, әсіресе, жан серігі ретінде «аттың жолдысы жігіттің жолын теңейді» деп ерекше сеніммен қастерлеген. Қазақта құрметті қонақтарды қарсы алғанда алдынан салтанат құрып атпен шығу, сауын айтылған үлкен тойларда жорға атпен ас мәзірін ұйымдастыру әдет-ғұрыптары болған, осы ғұрыптарда символдық нышан бар. Мысалы, Ұлы Отан соғысының жеңісіне арналған салтанатты шеруді генерал Г. К. Жуков ақбоз аттың үстінде қабылдаған. Жалпы, қазақ ұғымында жылқы азаматтың мерейін асыратын, сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар болып есептелген. Жақыбай атам әкесінің жақсы ат мініп, жүйрік ұстап, билік құрғанын көзімен көріп, қазақтың осындай тамаша әдет-ғұрыптарын бойына сіңірген дегдар жан болыпты.

Дегенмен, атбоз және атбегілік қасиет қанмен берілген болар. Салпық бидің «Аққояны» үш жүзге аты шыққан ат болса, «Сарбауыр» аты Суанға әйгілі болғаны әлі ел аузында. Жақыбай атамның Жирені мен Желдіқарасы Мұқа болыстың Бөртесі, Кебебайдың Қарасы, Жанғазы болыстың Құрбақаны сияқты Суанға белгілі аттармен қатар аталады. Жасынан ерке өскен, серілігі басым Жақыбай атамыз өмілдірік пен құйысқанын төгілдіріп, күміспен апталған ер ерттеп жорғасын жосылтып, жүйрік атын көсілтіп мінгенді ұнатқан екен. Атамның: «Ат та адам сияқты есті жануар, арығында қамшы салдырмаса, семізінде үрікпесе, аттың жақсысы сол» деген сөзі «Көктал» совхозында зоотехник болып қызмет атқарған жылдары кәдеге жарады. Өмір тәжірибесінен алынған осы түйінді сөзді атадан қалған асыл мұра десем де болар.

Жаркент өңірінің абыз ақсақалдарынан естіген әңгіме ауанында Жақыбай би ойы өрелі, сөзі дуалы, оралымды ойын төгілген жырмен жеткізетін шешен болған дейді. Жақыбай бидің ерекше болмысы - болжамы айқын көсемдігі /көрегенділігі/ мен ойға ұшқыр зерделік қасиеті екен. Жасынан әкесі Салпық бидің қасына еріп жүрген Жақыбай атамыз елдің тарихына терең бойлап, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы меңгеріпті. Сондықтанда, адамның болмысын, мінез-құлқын бір көргеннен танитын кәнігі қасиеті болыпты, өзіне тән байқағыш, шапшаң мінезіне орай істің шешімін дер уақытында тез шешеді екен.

Қадым заманнан ағайын арасындағы, ру ішіндегі, ру аралық келіспеушілікке шешім айтатын «қос ағасы», «ауыл ағасы», «ел ағасы» аталған төрешілер болған. Осылардың ішінен заңды күші бар, кесіп шешім айтатындарды халық «би» санады. Осы дәстүр рулық деңгейде жеке адамның қадір-қасиетін, оның рухани күш-қуатын анықтауға мүмкіндік берді. Тайпа ішінде танымал, кең тараған рулардың ықпалы зор болғаны мәлім. Билер, ең алдымен танымал рулардың арасынан шыққан. Өз кезегінде, рулардың ықпалы жекелеген билердiң қарым-қабілетіне, беделiне тәуелдi болғаны да тарихи шындық. Осы тұрғыдан, Суан тайпасындағы «Бес Мұратқа» билік айтқан Салпық бидің баласы Жақыбай би Мырзамкелдінің Туматай тармағына билік жүргізген дейді көнекөз ақсақалдар. Салпық бабам да, Жақыбай атам да Мырзамкелді руының беделін асқақтатпаса, сөз келтірмеген. «Би ауылы» деген атаққа ілінуі де елге сыйлы болғанына куә.

Әлеуметтік мәртебесі биік болғандықтан Жақыбай атамыз Жаркент өңіріндегі көреген әрі данагөй адамдармен жақын араласты, солардың жақсы қасиеттерін бойларына жинап, жаңалықтарын қабылдап, талабын шыңдап, таным-пайымын ұштап отырды. Көппен араласып, жақсы-жайсаңдармен сырлас болып, ел ішіндегі тәжірибелерді жинақтады. Өйткені, әділдікпен шындыққа жету, адамдардың ар-намысын қорғау барысында бидің білімді, әрі білікті болуы басты шарт екенін жасынан біліп өсті. «Халқына дана, еліне пана болған» әкесі Салпық би «Елге бай құт емес, би құт» деген ұстанымды көкірегіне ұялатқаны анық. Әкесінің қасына еріп жүріп, өзін-өзі ұстаудың, елді тыңдай білудің қыр-сырын меңгерді. Тапқыр шешімдер мен алғыр амал-әрекеттерді көкейіне тоқып өсті. Биге деген сенімнің ел басқарған басшының әділеттілігіне деген елдің ілтипаты екенін көріп-біліп ер жетті. Бидің салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа жетік, әрі адал болуы және адамгершілік талаптарға да ұқыпты болуы ғана оның би мәртебесін дәріптейтінін көзімен көріп өсті.   Қазақ ұғымында «әке өсиетіне адалдық» деген жақсы ғұрып бар. Салпық бидің «Жігіт бақыты» деген шешендік сөзінде /Ә. Төреханұлы «Еңкеймеген еменнің бұтақтары, 2007/:

Елім деп еңіреген,

Жерім деп еңіреген,

Намысын айға білеген,

Екі сөйлеп еңіремеген,

Шатастырып алмайтын,

Алтынды темірменен.

Дәстүрін салмақтаған,

Өнерін өрге тартқан,

Осындай жігіт өмірден бақыт тапқан, - деген жыр жолдарын Жақыбай атамыз өмірлік қағида ретінде ұстанған.

Жақыбай атам көнекөз дана ақсақалдардың көзін де, өзін де көрген, солардан тәлім алуға мүмкіндігі болған бақытты адам. Суанның бас биі атанған Қожбанбет би, «жаңылғаным бар, ал биліктен жаңылғам жоқ» дейтін Суанға әйгілі Шәнті би, нағашысы Әтікей батыр, Суанның жақсы-жайсаңдары Стамшал /Исламшал/ болыс, Мұқа, Жанғазы болыстар Жақыбайдың әкесі Салпық бабамызбен етене араласқан жандар. «Ұлылардың ұлылығы дарымаса да, жылылығы дариды» деген қазақы нанымға сүйенсек, Жақыбай атам осы Суан тайпасының мәртебесін асқақтатқан, елінің ерекше құрметіне бөленген ақылман ақсақалдардың өнеге-тәліміне сусындап өскені шүбә келтірмейді.

Ш. Уәлиханов өз зерттеулерінде қазақ қоғамындағы билердің орны, олардың жеке басындағы қасиеттеріне байланысты болғандығына мән берген. Жақыбай атамызды көрген көнекөз шежіре ақсақалдардан естіген әңгіме сарыны, Жақыбай бидің көбіне, ағайын арасындағы салт-дәстүрлерге қатысты келіспеушілікке, дәулеті жүріп, малы көбейген ауылдың жайылым аясын кеңейту және құн төлеу сияқты мәселелеріне қатысты айтқан бітім-шешімдерінің есте сақталғаны.

Ел аузында айтылатын бір әңгіме, ағайын арасындағы келіспеушілікке байланысты өрбиді. Суанның үлкен-кіші, жақсы-жайсаңдары Стамшал болысқа аттанады, сол топқа жасы кіші Жақыбай би де ілескен екен. Олар Стамшал болыстың есік алдына келгенде: «Қожбанбеттен соң, үйге кім кіреді?» деген сауал туындайды. «Менің жасым үлкен», «мен бимін», «менің жолым үлкен» деп әркім өз уәжін айтады. Сонда Жақыбай атамыз: «Әдетте, жол жүріп келген жолаушының аты мамағашқа байланып, өзі үйге кірмеуші ме еді?» деген сөзбен тығырықтан жол тауыпты деседі.

Мыржықбаев Қалмақбай ақсақалдан естіген әңгіме бойынша Мырзамкелді руының іргесі кеңіп, мал-жаны көбейіп, иемденген жайлауы ұрпақтарына тарлық жасапты. Сонда Жақыбай атамыз билік айтып, Белжайлаудың орта шенінде солтүстіктен оңтүстікке созылған ұзын жота «Бел» кезеңінің солтүстік қапталында орналасқан «Майлытөбе» шоқысын Мырзамкелді руының үлкені Үмбет тармағына белгілеп беріпті.

Осы биік шоқыға, жаңбыр кезінде көлікпен көтерілу қиын болғандықтан, малшылар кеңес дәуірінде «Итшоқы» деп атап кеткен. Жақыбай бидің сондағы айтқаны: «Жер нәсібі – ел нәсібі. Жер мен малдың кіндігі бір. Құдайға шүкір, Белжайлау кең, жер Суанның бар ұрпағына жетеді» деген екен. «Ел байлығы жерінен табылар, малы, жаны өскен Үмбет ұрпағына қойнауы кең «Майлытөбе» жотасын жайлауға берейік, «малы бөлінгеннің берекесі кетер» деген, осы кең қойнауды бөлмей-жармай осылар алсын», - деген кесім айтыпты.

Осындай әділ шешімімен елдікті сақтап, туыстардың қауымдасуына ұйытқы болыпты. Ағайын-туыстың ынтымағын алыстан ойлаған би атамыз, ертеректе қабылданған шешімнің көне шебін осылай даусыз бітістіріпті. Осы шешімнен жер ауқымына орай ел қамын барлаған би атамыз өзінің ой ауқымының кеңдігін байқатады.Сонымен, Мырзамкелді бабамыздың үлкені, әрі өсімі мол ұрпағы Үмбеттер /Кебенек/ Белжайлаудың жері құйқалы, өрісі кең малға жайлы қонысы «Майлытөбені» иеленіпті.

Майлытөбе жотасына байланысты шешімнен, менің пайымдауымша, аталарымыз жерді – өндіріс шарты ғана емес, өндіріс құрал-жабдығы ретінде бағалағанына куә боламыз. Жайылымды иелену, негізінен, малға иелік ету емес, жерді меншік етіп алуды көздеп отыр. Осы шешімде жерді ұтымды пайдалану, ағайындардың бірлігін біріктіруші күш ретінде қарастырылған. Мал қамымен өрісін күйттеген елдің санасын бірлікке қазық етіп, мал өсімін жандарына азық етіп, рудың ұйысуына ұйытқы болды. Әрине, рудың ұйытқысы – ағайын арасындағы бауырмалдық, ел бірлігі және бабаларға тағзым ету әдебі екені хақ. Осындай ынтымақтың арқасында қазақ қауымы бабалар жайлаған өріс пен қоныстың ізінен адаспай туған жер төсінде мекендеген. Бір-бірінен көз жазбай, көңіл суытпай тірліктерін түзеген. Міне, ынтымаққа ұйыған қазақы болмыс.

Тарихқа зер салсақ, Жақыбай атамыздың билік дәуірі Жаркент өңірінде ауқатты, озық ойлы адамдар егіншілікке бет бұрған, малын күйттеген қазақы тірліктің қалалық мәдениетпен түйісу тенденциясы орын алған кезеңге дәл келеді. Жақыбай атамыз әкесі Салпық би бабамыз бастап кеткен егіншілік кәсібін дамытып, сауда көрігін қыздырып, «Жібек жолы» белдеуінің барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, өркениет көшінен қалмауға барлық күш-жігері мен ақыл-парасатын бағыттағаны анық. Дегенмен, мал өсіруге көңілі көбірек ауған екен.

Жақыбай бидің кенжесі Мырзахан атамның айтуынша, атасының ұстанымы: «Мал өсіру ата кәсіп, әрі бабадан жеткен асыл мұра атамекен жерімізді иелену» дейді екен. Егін еккенде дер уақытында жер жыртып, дән егіп, суын беріп, мерзімінде жинап аларсың. Егіншіні жалдайсың, ақысын бересің, бұйырған өнім сенікі. Ал, мал кеудесінде жаны бар төрт түлік, одан өнім алу үшін қас-қабағына қарау керек. Малды жанын беріп, бар ынтасымен бақпаса, малшы ғана жұтамайды, бай да кедейленеді. Байдың берекесі кетсе, елдің ерніне тиетін ырызғы да азайады. Өйткені, мал байдың меншігінде болса да, өнімі тұтас рудың немесе ауылдың игілігі болып табылады» дейді екен.

Жақыбай атамның осы тұжырымы, шындығында, қазаққа тән ойлау жүйесінің сарынын айғақтап тұр. Тағы бір сөзінде: «Бай малының қасында болады, диқан егінінің басында болады» деген, диқан өскен егінін көреді, ал бай малының ыңғайымен жыл бойына төрт мезгіл қоныс жаңартып, табиғат аясында тыныстап, жер шарлайды, ел аралайды, көретіні мен ойға түйетіні мол болады. Сондықтанда, мал өсірген адамның ой-өрісі де бай болады дейді екен.     «Малды байлық деме, ырзығы сенде емес, жерде болады. Тексізді туыс деме, келтірер қырсығы елге болады» деген нақыл сөзімен жердің негізгі өндіріс күш екенін меңзейді. Елдің, ердің қасиетін бағаламаған адамның тексіз болатын белгілі, осындайда жақсының парқын ажырата алмаған жанның елге қырсығы тиетіні, ондай жанға сенім артуға болмайтынын қысқа да нұсқа ұйқаспен ұтымды жеткізген. Жақыбай атамның осындай ойын баптап, сөзін саптап айтқан шешендік сөздерінің кейбірі ғана есте сақталды. Бозбала кезімізде ақылман, шежірешіл ақсақалдардың айтуымен есте қалғанын қағазға түсірдік, қаншасы еске түспеді. Бойын баптап, ойын өсіруге ұмтылған қазақпыз. Адам адал еңбегімен, маңдай терімен ғана адам өмірдегі өз орнын табады. Жақыбай атам өмір сүру үшін шешуші күш еңбек екенін: «Малды баға алмасаң, жерге өкпелеме, еңбек етпесең, елге өкпелеме» деп тұжырымдаған екен.

Көнекөз қариялардан естіген әңгімелер, көбіне, ағайын арасындағы татулықтың аясында өрбиді. Әрине, ел арасының тыныштығы, туысқандар татулығы, ағайын арасындағы жарастық тынымсыз тірліктің өзегі. Ру, руға тармақталып тіршілік еткен бабаларымыз, ел бірлігін қамдастыруға ұмтылғанымен, ағайын арасында түсініспеушілік жиі болған. Осындай кезекті бір кикілжің де, Белжайлау төрінде /Ай мен Үркердің тоғысатын мезгілі екен/ Жақыбай би екі рудың арасындағы /ру аттарын атауды жөн санамадым/ араздыққа мынандай билік айтқан екен: «Уа, ағайын! Біреуің түнде жарқыраған айдай Суанға белгілі болсаңдар, бірің Үркердей ұйысып тынымды тірліктеріңді жасап жүрсіңдер. Жер біздікі емес, Алланікі. Бізге өмір сыйлаған Алла, бізді алып кетем десе де өз құдіретінде. Тәңірге табынған халықпыз ғой. Көк күмбез кеңістігінде тұрған Ай мен Үркер де қауышып қойындасады /тоғыс ұғымы/, Алла берген жерді басып жүріп, біздің осылай араздасқанымыз ұят болар. «Ертең - тоғыс, болмасын соғыс, Араздасу - бұрыс, болмасын тұрыс» көкте Ай мен Үркер қойындасқанда, жерде тәңір жаратқан бір атаның екі баласы сендер де қауышыңдар» деп дуалы сөз айтқан екен.

Ағайын арасындағы алауыздықты жойып, бірлікке ұйыстыру, бабалардан мирас болып қалған жерлерімізді, әсіресе, жайлауымызды берекесін кетірмей ұтымды пайдалану үшін сөз өнерін, яғни шешендікті қару ете білу – үлкен адамгершіліктен туғанын осы әңгімелерден анық байқалады.Алмағайып кезеңде ауылды ыдыратпай, әр адамды икеміне орай ауыл мақсатына сай, әрі орынды қолдана білгені де көрегенділік еді. Дер кезінде шешімі табылмаса, ауыл берекесінің кететінін жақсы түсінген Жақыбай биден қалған «Ауылдың іргесі кеңісе – құт, еліңнің іргесі сөгілсе –жұт», «Бермесең алыспайсың, бармасаң алыстайсың» деген аталы сөздері өмір тәжірибесінен туындағаны хақ. Даналық сөздері дәстүрге сүйеніп, әдет-ғұрыппен біте қайнасқан көркем үйлесімділікпен өрілген. Мақалдап айтса да, өлеңмен жеткізсе де сөздерінің астарында терең мағына, өмір пәлсапасы жатыр.

«Өткеннің бәрі – өмір сабағы» дегендей өмірден көргені мол Жақыбай атамыз тектілік сабақтастығын таза ұстауға ұмтылған. Елінің асылы мен жасығы, жаманы мен жақсысы арасындағы парықты айқындауға ерекше мән берген. Жақыбай атамыздан Тұтқабек, Нұрғали, Ерғали, Төрехан, Мырзахан, Зәуре, Күлжәмила деген ұл-қыздар туады. Үлкен қызы Зәурені Дуан руынан шыққан Кенжебек болысқа беріпті. Екінші қызы Күлжәмиләні Албан руының Алжан тармағынан тарайтын Қайранбай болыстың баласы Әзікенге ұзатыпты. Өзінің ұлдары Нұрғалиға қоңыр бөрік Қастекбай қажының баласы Кожахметтің қызы Бибіажарды, Ерғалиға Ақша руының мықтысы, әулие атанған Балпық бидің күйеу баласы Башықтың баласы Болатай қажының қызы Мариямкүлді алып берген. Башықтың үлкен баласы Әуелбектен тарайтын Метербай атамыз үш рет қатарынан болыс сайланған адам болған.

Жақыбай атамыз Салпық бидің «Бес Мұратқа» би атанып, ел билігін уысында ұстаған кезінде әкесіне еріп, Суанның жақсы-жайсаңдарымен ерте араласқаны өмір заңдылығы. Кейіннен өзі би болып, Суанның жампоздарымен /би-болыстарымен/ тығыз байланыста болыпты. Мырзахан атамның әңгімесінде: Жақыбай би болып тұрған кезде, Суанда ең мықты болыс Стамшал болыпты. Дәуірі жүріп, дәулеті дүрілдеп тұрған кезі екен, малы да жетерлік. Стамшал болыс Жалайырға барған бір сапарында жалайыр ішінде Андас Қараке болыстың інісі Бұқашбайдың қызы Биқайшаға көзі түсіп, соның қалыңмалын төлеп, тоқалдыққа алуға Қараке болыспен келісіп кетіпті.

Ауылға келісімен інісі Үмбетәліні шақырып алып, болған жәйді баяндап, көп кешікпей қызды алып келу керек екенін жеткізеді. Үмбетәлі мен Жақыбай жұптары жарасқан дос, ым-жымдары бір болыпты. Үмбетәліні біздің ауыл «Бәт аға» деп атайды екен. Қыз алуға баратын адамдар сөзге шешен, әрі өнерлі болғаны абзал, осындай оймен Үмбетәлі Жақыбай атамызды қасына қосып беруді қалайды. Бұл ұсынысты естіген Жақыбай би Стамшал болыстың өзіне: «Сіз бармасаңыз бізге қызды қалай береді, басындыңдар деп өзімізді жазаға тартар» деп базыналық жасайды. Стамшал Қараке болыспен уәдені әбден пісіріп келіскенін тәптіштеп айтып, Жақыбай мен Үмбетәлінің қасына өнерлі, епті, пысық жігіттерді қосып, болыстың ауылына жібереді. Жақыбай күйеу, Үмбетәлі күйеу қосшы боп барып, болыстың ауылында той жасатып Биқайшаны (Қайша сұлу) Стамшал болысқа ұзатып әкелген екен. Осы әңгіме сарыны Әдепхан Төреханұлының «Жапырақ жайған бәйтерек» деген кітәбінде кеңінен қамтылған.

Әуелхан Төреханұлы /бұл әңгімені Нұрғали Жақыбайұлынан естіген/ жазған әңгімеде Стамшал болыс жасы келгенде өзінің болыстығын інісі Үмбетәліге өткізеді, бірақ Үмбетәлі болыстықты алып жүре алмаған соң, Стамшалдың өз баласы Жүсіпжан болыс болыпты. 1916 жыл болыс сайлауы болып Жүсіпжанның орнына болыс болып Жақыбай бидің баласы Нұрғали сайланыпты. Әрине, осы сайлаудың нәтижесіне Үмбетәлі мен Жақыбайдың сыйлас-қимас достық қарым-қатынасының ықпалы болғаны анық. Болыс сайлауына Жаркент уездік ұлт бөлімінің меңгерушісі Уәли Ықсанбаев қатысқан екен. Осы сайлаудан кейін Нұрғалидың үстінен Жақыбай өзінің баласын /Нұрғалиды/ ұлықтарға пәре беріп сайлады, әйтпесе оның жасы болыс болуға толған жоқ деп бірнеше арыздар түскен екен. Осы кезеңдерде кеңес үкіметі орнап, бай мен кедейді теңестіру, ұжымға біріктіру, бар малды ортаға салу, ауылдың ықпалды адамдарына «бай», «қулак» деген атақ тағу етек алып, халықтың жаппай күйзеліске ұшырауы басталыпты.

«Адамның басы, Алланың добы» деген орашолақтау сөз бар. Кеңес үкіметі орнағанда алдымен ауқатты адамдарға шүйліккені белгілі. Байыбына бармай, би-болыстарды ішқысастықпен «кедейлердің қас жауы, кеңес үкіметіне теріс пиғылдағы адам» деп даурыққан жандайшаптар көбейіпті. Ол аздай тұмсығының астындағыны көрмейтін, ойы таяз, әпербақан шолақ белсенділер де осы дүрмекке қосылыпты. Осындай нәубет Жақыбай атамыздың басына да келіпті. «Өмірдің көбі кетіп, азы қалды» деп ақын жырлағандай Жақыбай атам осы кезеңде пайғамбар жасына келіп қалған екен. Итжығыс, аласапыран кезеңде басына түскен ауыртпашылықты ерлікпен қарсы алып, ауылының бірлігін ойлап, ағайындарға ақыл айтып отырады екен, дегенмен, ел билігі уысында болыпты. Әрине, ел арасында жүріп жатқан ұсақ-түйек, күңкіл әңгіме жүйкесіне тиген де болар, дегенмен сыр бермейді екен. Кезекті бір әңгіме кезінде, сол ағайындарға қаратып айтқан өлеңін Мырзахан атам жатқа айтып отыратын. Есімде сақталған өлең жолдары:

Ұлы менен қызы сай,

Жайсаңдармен жарысар.

Аты менен тоны сай,

Дәулетімен толысар,

Жомарт болса пейілі,

Ағайынға болысар.

Болашақты ойлаған,

Жан-жағымен танысар.

Оған қолы жетпесе,

Отбасында қабысар», - деп келеді.

«Қабысар» деген сөздің мағнасын сұрағанымда Мырзахан атам: «балам-ау, аш иттің іші қабысады» деп күрсінді де, жалпы Жақыбай әкем, шынымен, қырықтан асқан соң өмірдің шыжығын бастан көп кешті» деп әңгімесін жалғады.

Осы тұста Жақыбай атам «қырық жыл байлық болса, қырық жыл жарлық болар» деген сөз айтқан екен. Оның мәнісін: «адам жас кезінде, яғни қырыққа келгенше күш-қуаты бойында, сауық-сайран құрып, қызық өмір сүреді.Қырықтың қырқасынан асқан соңадам шау тартады, жас кездегі қызуы басылып, енжарлыққа бой ұрады, денсаулығы сыр бере бастайды. Сонымен, жас кездегі қызығы мол өмір байлық болса, егде жастағы әуресі көп өмір, жарлылық емес пе» дептүсіндірген екен. Мысалы, патшалық Ресейдің солдат алғаны, салықты көбейтуіелге ауыр тиді, кеңес заманы келгенде «етектегі бит өрмелеп басқа шықты», осының бәрі атамның жүйесіне әсер еткен болар. Аллаға шүкір, Салпық би бабамның басына түскен ауыртпалықтан, атамның басынан кешкені әлдеқайда жеңіл. Уақытта тұрлау жоқ, ең бастысы, кәзіргі таңда, Салпық атамнан тараған ұрпақ 200-ден астам түтін /отбасы/ болды» деп отыратын Мырзахан атам /бұл 1995 жылдары/.

«Сөзіне қарап адамның өзін, ісіне қарап кісілігін танимын» деген Жақыбай атамның көрегенділігі сол, барлық балаларын жастайынан оқуға беріп, еңбекке баулып, барлығының қызметке тұруына үлкен ықпал етіпті.Кеңес дәуірінде орысша оқып, білім алған Нұрғали Жақыбайұлы Жаркент уезі аңшаруашылығының /Охотсоюз/ бастығы болса, Ерғали Жақыбайұлы аудандық жастар ұйымының (аудандық комсомол комитетінің хатшысы) басшысы болған екен. Ел аузында Шікімі аталып кеткен жер, біздің атақоныс «Жылбастаудың» өргі тұсында қоныс тепкен. Шікімі деген «школа крестьянской молодежи» деген атаудың қысқаша айтылуы, осы шаруа-кедей мектебіне /ШКМ/ Ахмет Байтұрсыновтың есімін беруді ұйымдастырғандардың бірі Жақыбай атам екен /Ә.Төреханұлы «Жапырақ жайған бәйтерек»/.

Жақыбай атамның ел аузында кең айтылып жүрген ізгі істерінің бірі әкесін соңғы сапарға аттандыру рәсімі. Мырзахан атамның айтуынша, Жақыбай атам Салпық бидің жаназа намазына келген жұрттың аяғының астына жібектен жайнамаз төсеген екен. Келесі жаз мал жайлауға шыққанша әкесінің қонысы «Салпық сазында» бие байлатып, Құлжадан ұсталар /шеберлер/ алдыртып, әкесіне қыш кірпіштен күмбез көтерген екен.

Ел жайлауға қоныстанып, сары жұрт болғанда Жалайыр, Төре, Қаңлы, Албан және Суанның жақсы-жайсаңдарына сауын айттырып, әкесі Салпық биге ас беріпті. Бұл ас ұлан-асыр той дәрежесінде өтіпті. Аламан бәйге, жорға жарыс және басқа да ұлттық ойындар тамашаланыпты. Астың өткен жері атақоныс «Басатқарағай» жұртына қарама-қарсы жатқан бетегелі жазық беткей «Ақтасты» екен. Ақтастыда ас етін қайнатқан тай қазандарға қазылған ошақтардың сілемі әлі сақталған. Кеңес кезінде осы жазықта жылда жазда малшылардың жылдық бас қосу жиыны /слёт/ өтіп жүрді. Көнекөз ақсақалдардың айтуынша, осы ас Белжайлау төрінде берілген ең үлкен, әрі соңғы ас екен. Шындығында, қазақ қауымы үшін қиын кезеңдер алда еді. Патшалық Ресейдің қазақтардан әскерге солдат жинауы, салықтың мөлшерін көбейту, онан соң кеңес үкіметінің орнауы осы қиыншылықтар елге төнген нәубет еді. Осы тұста қазақтың ауқатты адамдары көзге ілініп, кейбірі қудалауға түскен кезі басталған.

Жақыбай атам, әкесі Салпық би өмірден озған соң ұғым-түсініктер қайшылыққа ұшы­раған алмағайып заманда өмір сүрді. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлер жүйесінің сабақтастығы әлсіреді. Мәдени жаңару деген желеумен салт-ғұрыптар, қазаққа тән әдеп-әдет қағидалары ескіліктің көзі ретінде қарастырылып, ұлттық болмысымыз өзгеріске ұшырады. Осы кезеңдерде, бұл арпалыс кезеңі еді, халық шын жол көрсететін адамдардың кім екенін, кімнің сөзіне құлақ асу керек екенін ажырата алмай әлек болды. Ел ішінен суырылып шыққан, дара тұлғаға тән оқшау қасиеті бар адамдар қоғамда еленбей, оқшауланды. Адамдардың бәрі бірдей деген ұғым аясында жалпылама сипат белең алды. Қоғам жаман мен жақ­сыны айырудан қалды.

Осындай қиын кезеңдерде, Жақыбай атам ата-анаға, бауырларға, ағайынға, ел-жұртына, ұрпақтарына деген сүйіспеншілігін, адалдығын әсте естен шығармады. Басты мақсаты елін бірлікке үндеп, бабалар аманатын сақтау болды. Ел амандығы, жер аманаты, ата салтын сақтау, әдет-ғұрыпты жоғалтпау, ұлтын сүю бабалар аманатының бір парасы ғана. Ұлтын сүю, әрине, ата-анасын сүюден басталады. Өз отбасыңды, өз әулетіңді сүйе алмасаң, өз жұртыңды сүйе алмасаң, өзге жұртты қайтіп сүйесің? Өз балаңды тәрк етіп, өзгенің баласын қайтіп құшағыңа аласың? Осыны түсінген Жақыбай атам, жеті атасын білу, туған жерін, атамекенін құрметтеу, ел-жұртының тарихын білуді ерекше назарда ұстаған. Ол кісінің ұстанымы: «өз ел-жұртын жақсы білген, оны етжүрегімен сүйе білген адам ғана, басқа елге құрмет көрсете алады» дейді екен.

Әжем Мәриәмкүл Болатайқажы қызының әңгімесінде, біздің бабаларымыз, мысалы, Салпық бидің Албанмен, Жалайырмен құда болуы, нағашымыз Башық бабамыздың әулие атанған Жалайыр Балпық бидің қызын алуы, бабаларымыздың Найман Қаракерейден қыз алуы тектіліктің сабақтастығын үзбеу деп отыратын. Себебі, «күйеу жүз жылдық, құда – мың жылдық» деген сөз бар. Күйеу жүз жылда өмірден өтер, бірақ құдамен туыстық қатынас жалғаса береді. Ұрпақтар «біздің нағашымыз» деп мақтан тұтады немесе «ол біздің жиен» деп сүйіспеншілікпен қарайды. Қалай қарасаңда, туысқадеген ілтипат бар, туыс екені көңілге демеу. Мысалы, біздің ауыл Жалайыр елін нағашыларымыз деп мақтаныш тұтады, Қаракерекей Қабанбайдың жиеніміз деп кеуде кереді. Бұл қазаққа тән болмыс. Жақыбай атамның ұрпақ жүрегіне салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты сіңіріп, балаларына жақсы жерден келін алуы да текті ұрпақ өсіп, әулеттің өркендеуін ойлаған мақсаттан туындаған болар. Жалпы, қазақтың салт-дәстүрі ғылыми негізделген көзқарастардың жиынтығы іспетті. «Жақсылармен бірге жүрсең, жақсының ізімен жүрсең бойыңа ізгіліктің нұры ұялайды» дейді екен Жақыбай атам. Қазақ­тың «басқан ізінен садақа кет» дей­тіні де содан шығар деп пайымдаймын.       

«Адам бойында үш қасиет ерекше жаралған, олар – дене құрылысы, жан құмарлығы мен ой-парасаты» деп ой түйіндеген әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың тәмсілі Жақыбай бидің бүкіл болмыс-бітімінен ақпар беріп тұрғандай. Жақыбай атамның егін салып, малын өсіріп, дәулетін асырғаны, би болып ел-жұртына адал қызмет атқарғаны, өз балаларын оқытуы, ел-жұртын ағартушылыққа бұруы ел жадында «құс жолындай» жарқырап, сайрап жатыр десе де болады. Жақыбай атамның даралығы да, даналығы да қазақы әдет-ғұрыптың сабақтастығын жалғап, жаңашылдыққа бой ұрып, ой дамытып, елінің амандығын сақтауға қосқан қайраткерлігі дер едім. «Өзінен кейін жақсының сөзі қалар» дегендей Жақыбай атам айтқан қанатты сөздер ел ішінде кең таралған.

Жақыбай би тағдыры арқылы Жаркент өңіріне қатысты еліміздің тарихындағы бір сәтін, санада саралаудың орайы келіп, есте жүрген тарихи деректерді қағазға түсірдім. Мақала басында атап өткендей ұлы тұлғалардың өмірі, елдің тарихын құрайтынын ескерсек, мені қынжылтатын нәрсе, әлі де зерделенбей жатқан Жаркенттің жақсы-жайсаңдары. Мысалы, Алаш арыстарына қаржылай да, адам күшімен де көмек көрсеткен, менің нағашым Метербай болыстың атқарған игі істері қаншама? Осындай асылдарымыз зерттеліп, олардың өмірі на­сихатталса, тағлым-тәлімі қағазға түссе қандай мәртебе! Сонда ғана Жаркент өңірінің мәртебесі арта бермек.

         Айбын ТӨРЕХАНОВ,

Жақыбай бидің шөбересі.


Ұқсас тақырыптар