Бүгін - Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні

1.jpg


Бүгін ел болашағы үшін еңбек етіп, репрессия құрбаны болған Әлихан Бөкейханның туғанына 152 жыл толып отыр, деп хабарлады «ҚазАқпарат».

Қазақтың жоғын жоқтаған, «тірі кезінде қазаққа қызмет қылмай қоймаған» Әлихан Бөкейхан 1870 жылы бұрынғы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) өмір есігін ашқан. Әкесі Нұрмұхамед Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға беріп, зерек өрен кейін мектепте білім алады. Бұдан соң Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. Осылайша, 16 жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне түседі. Жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының шәкіртақысына ие болған ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен. Сабақпен қатар, саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге атсалысып, студенттік шерулерге қатысқан.

Әлихан жас кезінен-ақ қазақ қауымының өзекті мәселелерін жан-тәнімен түйсініп өседі. Халқына білім мен мәдениеттің ауадай қажеттігін жасынан ұғынған. Оқуды бітіре салысымен Омбыға келіп, қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. «Народная свобода» партиясына өтіп, қазақ зиялылары арасында партияның шағын тобын құрады. Әлихан сол кезден бастап өзін саяси тұлға ретінде қалыптастыра бастаған.

Ұлт көсемі Ресей секілді үлкен империяны қарулы көтеріліспен жеңу мүмкін емес екенін жақсы білді. «Бұл жолды халықтың жаппай қолдауы да неғайбыл, Кенесары көтерілісінің жеңіліске ұшырауы - соның бір көрінісі» деуі де сондықтан. Алаштың көшбасшысы халықты езгіге салған империяны саяси тұрғыда реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыруды көздеді. Осылайша, қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп есептеді.

«Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр», - дейді белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай.

Ол идеялар мыналар: Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын. Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді. Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек. Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Ал бұл идеялардың ұйтқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят Сені мен Махатма Гандиі - Әлихан Бөкейханов болатын.

Әлихан Бөкейхан мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскері жасақталды. Әлихан Бөкейхан миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді.

1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі.



Ұқсас тақырыптар