Мысыр пирамидалары: қаланған ба, әлде құйылған ба?

1-1.jpg 

 

Бұл хикаяны баян етпес бұрын осының бәріне себеп болған, осы мақаланы жазып отырған автордың дүниетанымына елеулі дәрежеде әсер еткен адамды үстіртін болса да таныстырып өткен дұрыс шығар.

... Мен онымен 1977 жылы таныстым. Әскерден келіп ҚазПИ-дің филология факультетіне түсіп, бірінші курсты тәмәмдап, екінші курсқа өткен кезім. Ол да әскерден келіп, осы институттың тарих факультетіне түсіпті. Күз еді. Институт факультеттерінің арасында көркемөнерпаздар жарысы басталған. Өз факультетімнің атынан бәйгеге түсіп, домбырамен бірнеше күй шертіп, сахнаның сыртына шыққанымда бір жігіт келіп қолымды қысып құттықтады. Аты Ерік екен. Ерік Көкеев. Ортадан биіктеу бойы бар. Сымбатты. Қоңырсары шашын сол жаққа қайырып қойған. Қылаң өңді. Көзі... көзі алғашында көк сияқты көрінді (кейін уақыт өте оңып, шағырға айналды). Шылымды асықпай, баппен шегіп, түтінді жез мұртының арасынан қалқытып шығарады.

Бірақ, мені алғаш танысқанымызда, оның еуропалықтарға ұқсайтын бет-әлпеті емес, білімі таңқалдырған еді. Бірінші курс студентінің сөз саптасынан оның ерек бітімі, айбынды сойы - айна-қатесіз көрініп тұр еді. Кейін таныса келе шыққан тегіне де қанықтым. Әкесінің аты Әнуар екен. Кезінде Қытайда «Мәдени революция» заманында репрессияға ұшыраған бір топ қазақ интеллигенциясы осы Әнуар ағамыздың шәкірттері болып шықты. Бергі бетке өткеннен кейін де ұстаздық қызметен қол үзбеген Әнуар Көкеев ақсақалды Аягөз өңірі әлі ұмытқан жоқ.

Бұл біздің бағыт-бағдарымыздың, ұстанатын мұрат-мүддеміздің анықталған кезі. Гуманитарлық саланы таңдап алып, енді алаңсыз білім жолына түскен, бір күнімізді, бір сағат уақытымызды бос жібермей, кітап оқуға кіріскен кезіміз.

Ғылым академиясының кітапханасы, Пушкин атындағы ұлттық кітапхана - қазақтың екі ұлы білім ордас біздің пайдалануымызда. Кітапхана таңертең 8-де ашылады, 8-де кіреміз. Кешкі 8-де жабылады, 8-де шығамыз. Көп ұзамай студенттік өмірді Алматының көшесін таптап жүру, уақытты сыраханада сауық-сайранмен өткізу деп түсінетін курстас достарымызбен арамыз ашылып болды. Арақты бірге ішіп, айықтырғышқа бірге түспегеніміз үшін, яғни бірге болып, бірге өлмегеніміз үшін сол курстастар өкпелеп, қастасып кетті. Кейін бірнешеуімен кездейсоқ кездесіп қалып, сөйлестім. «Сатқындығымызды» кешпепті.

Досым Ерік бір курс барысында өзінің кім екенін дәлелдеп  болған. Сабаққа бірде барып, бірде бармайды. Емтиханға елдің алды болып кіреді, көзді жұмып тұрып қолына ілінген билетті алады, сол тұрған жерінде жауап береді, «бестік» бағаны алып, шығып жүре береді. Аспирантураны жаңа ғана бітіріп, жаңа ғана қорғап келген, күші бойына сыймай тұрған бір жас кандидат, студенттің осынша білімді болғанын көтере алмай, досымды жұрт көзінше масқаралап, екі қойып шығарып жіберген. Бірақ, көп ұзамай өзі масқара болды. Конфликт комиссиясының алдында қайыра емтихан тапсырған Ерік аталмыш кандидатты қирата жеңіп, «бес» алып шықты. Осыдан кейін «қатерлі студентке» ешкім де қараптан-қарап соқтыққан емес. Шағым оның тәртібіне ғана айтылар еді. Жоғарғы курсқа барғаннан кейін Ерік досым сабақ дегенді мүлдем қойды. Бірақ, қандай шытырман емтихандардан оп-оңай, жан қинамай өтеді. Оның сабаққа келмей үздік оқуы үйреншікті нәрсеге айналып, ақыры жұрт оның бар-жоғына назар аудармайтын болды.

1979 жылдың көктемі болатын. Ерік Көкеев бір сұмдық тақырыпқа баяндама оқығалы жатыр екен деген қауесет тарады. Айтылған күн, айтылған сағатта ҚазПИ-дің жаңа ғимаратындағы акт залына жиналдық. Аздан соң тарих факультетінің мұғалімдері келді. Зал лық толғаннан кейін есіктен шырттай киінген Ерік кірді. Мінберге көтерілген ол баяндамасын, анда-санда қазақша түсініктеме беріп тұрып, орысша оқыды. Әңгіме Спартак жайында еді. Иә, иә, жүрегі дауалап Римге қарсы қару көтерген Спартак жайында және оның ... көшпенді тайпадан шыққандығы жайында еді. Көлемі жердің алтыдан бірін жайлаған алып империяның кезі, өмірдің бар саласы, мәдениет пен ғылым-білім, бір пікірлі тоталитаризмге толықтай бағындырылған заман. Шынын айту керек, Еріктің бұл баяндамасы нағыз күпірлік еді. Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сының дауы жаңа ғана басылған. Көп жұрт үрейлі. Бірнеше адам орындарынан тұрып, залдан ақырын ғана шығып кеткен. Жүрегіміз қалтырап, әңгіменің аяғын күттік. Істің насырға шапқанын кеш сезген мұғалімдердің біреуі орнынан айқайлай көтерілген.

- Айналайын-ау, сен не айтып кеттің? Тоқтат, қане! Осы былықтырғаның да жетер!

Әлбетте, орысша айтты. Себебі, мәжіліске бірнеше орыс мұғалім қатысып отырған. Сол-ақ екен, кафедра мүшелері жапатармағай айқайлап, Еріктің үнін өшіруге тырысқан. Бірақ, пәлекет пен лаң ұшқындаған сайын балшабектің жаны кіреді емес пе. Орыс мұғалімінің біреуі, өктем қимылына қарағанда үш әріптің адамы (қазақша айтқанда, «органның адамы») қолын көтеріп жұртты тыйып тастады.

- Шуламаңыздар! Жас оқымысты ойындағысын толықтай айтсын.

У қорғасындай заһар шашқан көздерін Еріктің жүзіне қадаған.

- Продолжайте, молодой человек.

Ерік, балшабек мұғалімнің дөңайбатынан айылын да жиған жоқ. Тағы да жарым сағаттай көсіле сөйлеп, үнді-еуропалық теорияның да, саясиланған тарих ғылымының да быт-шытын шығарып, талқандаған. Залда сілтідей тыныштық орнады. Жасы 50-лерді алқымдаған, студенттердің еркін ойына үнемі жол беруге тырысатын, демократтау бір профессор ағамыз бар еді. Барлығымыз сол кісіні жақсы көретінбіз.

-    Ал, не болса да, болары болды, - деген еді сол профессор ағамыз шарқ етіп күліп, - Енді, артын қайырлы қылсын.

Сол күлкі әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Онда бәрі де бар еді. Қызыл тілді әлі күнге дейін бұғаулап ұстап отыруға тырысқан тоталитаризмге деген наза, ашу-ыза және студенттің  көзсіз ерлігіне деген сүйсініс... Бәрі, бәрі бар еді сол күлкіде. Енді ағамыздың атын-жөінін айтайын. Ол, профессор - Асхат Әбілқаев еді. Мүмкін мен қателесіп отырған шығармын. Асхат ағамыз ол кезде профессор да болмаған шығар. Бірақ, тарихи грамматика пәнін жете меңгерген білімді ұстазды біз академиктен кем көрмейтінбіз.

-    Шытырманға кірдің, Ерік, - деді Асекең, - Бірақ, мен - сен жағыңдамын.

Енді, балшабек орыс мұғалім сөз алды. Сұрақты қардай боратқан.

- Спартакты көшпенді Скиф әулетінен дейсіз. Оған қандай дәлелдеріңіз бар? - деген көгеріп-сазарып.

- Тацитты тарихшы деп мойындайсыз ба? - деді Ерік сауалға сауалмен жауап беріп.

- Әрине, мойындаймын, - деді орыс мұғалімі, - Ол антика, қадым заманындағы ең беделді тарихшы.

- Ендеше, сіз байқамаған болуыңыз керек? Тацит өзінің кітабында Спартак хақында «Номадикус генус» дегенді айтады, - деді Ерік жайбарақат, - «Номад» - әлемдік этимологияда «көшпенді Скиф» дегенді білдіреді, ал «Генус», яғни «Ген» - тұқым, шыққан тек дегенді білдіреді.

- Спартак Скифтің даласында емес, Фракияда тұтқынға түсті емес пе? - деді орыс мұғалім кекете жымиып. - Ал, Фракия - қазіргі Болгарияның жері.

- Бұл бар болғаны орыс этимологиясынан, фонетикалық транскрипциядан кеткен қате, - деді Ерік тағы да  жайбарақат дауыстап, - Мысалы, гректер өз астанасын Атина дейді, ал орыстар Афина дейді. Сұлулық пен махабаттың құдайын гректер Атродита деп атайды, ал орыстар оны Афродита дейді. Сондықтан, сіз қазіргі Болгария деген елдің ескі аты Фракия емес - Тракия. Болгарияның бір уәлаяты қазір де осылай деп аталады. Ал түріктің, оның арғы атасы скифтің жазуында, әліпбиінде дауысты дыбыстар жазылмайды. 

- Яғни? - деді орыс мұғалім күйіп кетіп.

- Яғни, Спартак сіз айтқандай, қазіргі Болгарияның жерінде емес, Рим әскерінің кезекті бір жорығында «Түркия» деп аталатын Қара теңіз маңайындағы бір далалықта тұтқынға түскен. Оның жалғыз өзі емес, қатын-баласымен, үй-орманымен қолға түсуі осыған меңзейді.

Содан соң Ерік, сөзін үстеп, тағы бірқатар көне Рим тарихшыларын куәлікке тартқан.

- Жарайды, - деді орыс мұғалім қолын сілтеп, - В конце-концов, қолайыңа жаққан деректерді теріп алып, бір-бірімен қиыстырып концепция жасауға болады. Бұны компиляция дейді. Сіздің айтып тұрғаныңыз компиляцияның үлгісі. Енді сіз маған мынаны айтыңызшы. Осы келтірген деректеріңіздің сыртында, Спартактың көшпенді скиф екенін куәландыратын темірдей берік уәжіңіз бар ма? Уәжіңіз, аргументіңіз бүгінгі өскелең ғылымға сай болуы керек.

Ерік ойланып, төмен қарап, сәл үнсіз қалды. Орыс мұғалім масаттанып орнына отырды. Залда шыбынның ызыңы естілердей өлі тыныштық орнаған. Кенет Ерік басын жерден алып, мұң ұялаған көздерін орыс мұғалімнің жүзіне қадады.

- Сіз, «Спартак» фильмін көрдіңіз бе? - деген даусы сәл қарлығып.

- Әрине, бір емес, бірнеше рет көрдім, - деді орыс мұғалім. - Бірақ, ол фильм әлемдік тарихтың фундаментальдік мызғымас деректері мен қағидаларына сүйеніп жасалған. К вашему сведению.

Ерік сабырмен сөз аяғын тосқан.

- Ол фильмнің мына бүгінгі сіздің «сенсациялық» баяндамаңызға нендей қатысы бар екенін түсінбей тұрмын, - деді орыс мұғалім алдыңғы сөзін кекете үстеп.

Ерік суық жымиып, жөткірінді. Оппонентті жермен-жексен қылардағы әдеті. Ар жағы не болар екен деп алабұртып күтіп тұрмыз.

- Қалай ойлайсыз, Римге қарсы қанша көтеріліс болды? - деді Ерік.

- Бірнеше, - деді орыс мұғалім, - Тарихта белгілі бірнеше көтеріліс болған.

Ерік жөткірініп алып, келесі сауалын қойды.

- Атап айтқанда?

- Мысалы, Ганнибалдың көтерілісі, Бар-Кохбаның көтерілісі, өзіміз әңгіме етіп отырған Спартак, - орыс мұғалім саусақтарын бүгіп, Ерікке таңдана қараған.

- Ганнибал көтерілісші емес, - деді Ерік, - Карфаген кейіннен, Ганнибал өлгеннен соң барып Римнің қоластына кірді. Оған дейін ол егеменді ел, жеке мемлекет болған. Яғни, Римді күйретем деп соғысқан Ганнибал көтерілісші болып есептелмейді. Ал, Бар-Кохбаны да көтерілісші деуге келмейді.

- Неге? - деді орыс мұғалім әдетінше кекетіп, - Бар-Кохбаның көтерілісі Римнің әскері Иудеяны бағындырып болғаннан кейін басталды. Сіз өзіңізге өзіңіз қайшы келіп отырсыз.

-    Ешқандай да қайшылық жоқ, - деді Ерік. - Бар-Кохбаның күресі Римнің басқыншылығынан кейін көп ұзамай басталды. Яғни, еврейдің көңілінде еркіндіктің сәулесі әлі өшпеген кез, ол аз десеңіз, алаулап жанып тұрған кезі. Сондықтан, біз, Бар-Кохбаны көтерілісші деп айта алмаймыз. Жалпы, көтеріліс деген терминнің өзі дұрыс емес. Қолданыстан алып тастау керек сияқты. Адам тайпаларының еркіндік жолындағы күресі ғана, сол күрестің түрлі тағдыры ғана бар. Мысалы, 1930 жылдары поляктар мен финдердің Сталиндік системаға қарсы күресін мен сол Бар-Кохбаның Римге қарсы күресі сияқты ұлт-азаттық күрес деп есептеймін.

Орыс мұғалімнің тізесі қалтырап, бүгіліп бара жатқаны сезілді.

- Ал енді Спартакқа қайтып келейік, - деді ол баяу дауыстап.

1-2.jpg


- Жақсы, - деді Ерік, - «Рим империясының үстінде ешқашан күн батпайды» деген мақал қалыпты сол заманнан. Шындыққа жақын, себебі бүгінгі күн Британия аралынан ары асып, батып бара жатқанда,  Кіші Азия жақтан ертеңгі күн шығып келе жатады екен. Міне, осының бәрі Римнің колониялары. Осы жарты дүниені алып жатқан ұланғайыр империяда еркіндіктің, теңдіктің, жалпы рухтың үні толықтай өшірілді. Рим тоталитарлық империя болатын. Империяның территориясында өлі мен тіріден не бар - барлығы Римнің мүддесіне бағындырылған еді. Есіңізде болар, «Спартак» фильмінде, Спартактың жанында жүрген бір ақын жігіт Рим әскерінің тұтқынына түсіп қалады. Бір түні император тұтқын ақынды қолтықтап балконға алып шығады да, қару-жарағы ай сәулесімен шағылысып, Спартакқа қарсы аттанып бара жатқан сансыз шеріктерді қолымен меңзеп, «Қарашы, құл-құтаннан әскер жинаған Спартак бізге қарсы не істей алады? Римді жеккөру, онымен өш болу, онымен күресу мүмкін бе? Жоқ! Римді тек қана сүю керек. Римге тек қана қызмет ету керек!» дейді. Императордың бұл сөзі Рим идеясын айна-қатесіз жеткізіп тұр. Яғни, Римнің дәргейіндегі халықтарда неше ғасырлық тепкінің салдарынан күрес идеясы біржола өлген. Римді соғысып жеңу былай тұрсын, онымен күресу, оған қарсы шығу деген ешкімнің ойына да келмейді. Міне, осындай кезде, ғайыптан келген бір адам Римге қарсы күрес бастайды. Және Красс пен Помпей сияқты атағы жер жарған Римнің қолбасшыларын бірнеше рет ойсырата жеңеді. Бұның сыры неде?

- Өзіңіз қалай деп ойлайсыз? - деді орыс мұғалім.

- Менің ойымша, және бұл мен осылай ойлағандықтан болған нәрсе емес, ақиқаты сол - бұл Спартактың құлдық жайлаған Рим империясында емес, адам бостандықта туып, еркіндікте жетілетін, басқа, ерікті қоғамның перзенті екенін дәлелдейтін үлкен дерек, айнымас дерек. Яғни, скиф қоғамы Рим үстемдігін мойындамаған. Немесе қарапайымдап айтатын болсақ, сахара, көшпенділер әлеуметі Римнің құдыретіне, Римнің егемендігіне түкірмейді де. Жалғыз Спартак Римнің әскерін осынша әуреге салды. Ал көшпенділер, скифтер, ғұндар дегеннің не екенін Рим кейін, Атилланың кезінде көрді. Римнің әміршілері, бүкіл Римнің сенаты «Қаланы қирата көрмеңіз, халықты қыра көрмеңіз» деп Атилланың алдында тізерлеп тұрып, тарту-таралғыға сұлу қыздарын, керуен-керуен алтындарын алып келген. Сенбесеңіз, Момзен мен Гумилевті оқыңыз. Бұл ғұндардың Қытайдан жеңіліп, Хуанхэ - Сарыөзенді тастап шығып, Еуропаға ауған кезі. Әскерінің оннан тоғызы қырылып, әлсіреген кезі. Соның өзінде Римді тізерлетіп тұрғызып қойған. Ал күші толық болса, ғұн әлеуметі қандай істер тындырар еді? Міне, осы скиф, ғұн деп отырғанымыз Спартактың артында тұрған қасиетті жұрты. Бүгінгі баяндамада айтайын дегенім осы. Көңіл қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет.

- Тұра тұрыңыз, - деді орыс мұғалім, - Соңғы сауал.  «Спартак» сөзінің этимологиясы туралы ойланып көрдіңіз бе?

- Мен сіздің нені меңзеп тұрғаныңызды түсіндім. Спартактың есімін көне Грекиядағы Спарта қаласына апарып тіремексіз. Айтайын сізге, бұл жасанды, қате этимология, - деді Ерік.

- Сізше қалай болар еді? - деді орыс мұғалімі.

Ерік қалтасындағы шылым қораптан бір темекі суырып тісіне тістеді. Артынша өзінің қайда тұрғаны есіне түскен болуы керек, темекіні жұлып алып, қайтадан қалтасына салып қойды. Отырған жұрт ду күлген.

- Меніңше былай, - деді Ерік. - Бұлғардың ханы Құбраттың үш ұлы болған ғой. Баян, Аспарух және Ботбай. Хазарлардың жорығы кезінде Құбрат елді үшке бөліп үш ұлына табыстайды, үшеуін үш тарапқа аттандырады. Баян мен Ботбай бастаған елді хазарлар қуып жетіп қырған. Ал Аспарух бастаған ел Балкан түбегіне аман-есен жетіп, қазіргі Болгария мемлекетінің негізін қалаған. Аспарух осы болгар хандарының түп атасы болып саналады. Қазіргі Жамбыл облысында Аспара деген тау бар. Міне, Аспарух, Аспара және Спартак барлығы бір түбірден тараған сөздер. Яғни скифтің, одан кейін ғұнның жалқы есімдері.

Бұдан кейінгі залда орнаған тыныштықты мен Гогольдің «Ревизорындағы» «мылқау көрініске» теңер едім. Мінберде советтік тарих ғылымының алпыс жылдық өтірігін ойран-ботқа қылып, астын-үстіне келтірген қаршадай бала залда кафедра мұғалімдері және қызық көріп келген басқа факультеттің студенттері... Өлі үнсіздік...

Кенет бағанадан бері баяндамашымен тоқтаусыз салғыласқан орыс мұғалім орнынан тұрып.. қол соқты. Содан кейін ғана басқа мұғалімдер соған еріп шапалақ ұрған. Бірақ, көп адам бұл баяндаманың ізсіз кетпейтінін сезген едік. Солай болды да. Бірнеше күннен кейін Ерік оқудан шығарылды.

Бірақ күзде академияның кітапханасынан Ерікті ұшырастырып, сәл таңданып жөн сұраған едім.

-    Мен қайтадан оқуға қабылдандым, - деген еді Ерік, әдетінше шылымын баппен сорып тұрып, - Профессор Шойынбаев кірісіп, оған Асхат ағамыз қосылып, алып қалды. Енді оқу бітіргенше тыныш жүр деді.

 

Қатты қуандым. Өзім де оған, күшіңді қолыңа диплом алып алғаннан соң көрсетесің, әзірге тыныш жүр деп ақыл қостым. Алайда, Ерік Көкеевтің «қара тізімге» ілінгені анық еді. ҚазПИ-ді бітіргеннен кейін Мәскеу университетінің Тарих факультетіне түспек болды. Әрекетінен ештеңе шықпады. Ол кезде істің жөні қазіргіден басқашалау болатын. Кеңес Одағының астанасына абитуриент қаптап кетпес үшін Мәскеудің жоғары оқу орындарынан арнайы комиссиялар келіп емтиханды ұлттық республикалардың астаналарында өткізетін. Оқуға осы қатал сыннан өткен азғантай адам ғана аттанатын. Ал өз бетімен Мәскеуге барған адам әдетте емтиханнан құлап қайтатын. ВГИК, ГИТИС, МГУ, Горький атындағы әлем әдебиеті институты, т.б. оқу орындарының мұғалімдері жазда Алматыда жүретін. Ерік осы Алматыдағы емтиханға жіберілмеген. Енді Мәскеуге барса да ештеңе шықпайтынын бірден сезді.

- Қара тізімдегі жоғарғы топ - элитаға кірген болуым керек, - деген тағы бір жолыққанда, - Барлық жерде жол жабық. Ештеңені түсіндірмейді. Бірақ өткізбейді.

Кейіннен аспирантураға барды. Бірақ, тақырыпты алдынала жасалған тізімнен таңдап алу керек екенін көргенде, бұрылып жүре берген.

- Социалистік системаны жырлайтын адамдар менсіз де жеткілікті, жыртылып-айрылады, - депті ғылыми хатшының бөлмесінен шығып бара жатып.

Бірақ, Ерік білімге қанығудан айныған жоқ. Туған ауылы Аягөзде екі-үш жыл ұстаздық қызметте болып, содан соң үй ішімен Алматыға, қаланың түбіндегі Райымбек ауылына көшіп келді. Енді ұшан-теңіз мол білімді публицистикалық жолмен жарыққа шығармақ болды. Бірақ бұл тарапта да жолы болмады. Әлбетте, бұл жердегі ең үлкен кедергі - идеология. Еріктің тақырыбы - қалай жасырып амалдасаң да, қалай майласаң да өтпейтін тақырып. Себебі оның ілімі, мұраты, үндіеуропалық теорияға, дәлірек айтқанда, қара халықтарды кіріптар күйде ұстауды көздеген, ғылымға қатысы шамалы саяси теорияға қарсы еді. Қазір көп адам ұмытып кетті. Ал Кеңес заманында солай болған. Барлық кітапта сенің қор болғаның, кем болғаның айтылады. Сен сондайсың дейді. Және бүгін ғана емес, баяғыдан солай болған, әлмисақтан бері табанымыздың астында жатқансың, сені адам қылған біз дейді. Енді қияметке дейін осылай болады, тіпті, қияметтен кейін де осылай болады дейді. Мыңжылдықтар бұрын біздің басымыздан өткен, әлемдік тарих сөзсіз мойындаған ерлік дәуреннің өзін теріске шығарады, айтқызбайды, жазғызбайды.

Екінші кедергі - баспасөз, бұқаралық-ақпарат құралдарының басында отырған өз қазағыңның бірде ашық, бірде жасырын қиястығы. Қандай болмасын газеттің өнер, мәдениет немесе ғылым бөлімін меңгеріп отырған әлдебір шаласауат журналистің, алдына келген талантты автормен бақас, бақталас болуы - қазақ мәдениетін тұралатқан ең ауыр індеттің бірі осы еді. Инемен құдық қазып жүріп тапқан дүниені көзмайыңды тауысып, ойланып-толғанып жазасың. Мұратың - қайткенде қазақтың өресін, абыройын өсіру, тарихта кеткен есесін қайтару. Редакцияға, ғылым, мәдениет бөліміне алып келесің. Ол жерде ҚазМУ-дің журналистика факультетін жаңа ғана бітірген немесе бітірмей жатып жұмысқа алынған бір «кісі» отырады. Бір ғажабы (талай байқаған нәрсем) әдетте ол «кісі» айнаға қарап тотыдайын таранған, ерні қаймақтай жұқа сұлуша, талдырмаш жігіт болып шығады. Сен автор емессің, ғалым емессің, оның тырнағын алып сәнденуіне кедергі келтіріп тұрған шыбын сияқтысың. Мақалаңды алады. Аллахуакбар. Өзінің түсінуге өресі жетпесе, бас редактормен ақылдасу деген болмайды. Оның үстіне қолжазба авторға қайтарылмайтыны бар емес пе. Сонымен, мақалаңыз ізім-қайым жоғалады. Күндердің күнінде аталмыш сұлу ол мақаланы өз атынан жариялап жіберсе, қайран қалмайсыз. Әрине өзінің сұлулық деңгейіне сай етіп өзгертілген, дәлірек айтқанда, дым түсінбей интерпретация жасалған. Мысалы, зілдің (мамонт) сүйегінен жасалып, терісімен қапталған лашықтың жетіле келе қалайша қазақтың киіз үйіне айналғандығы жайында жазылған Ерік досымның тамаша мақаласы кейіннен ғылыми журналда отырған әлдебір редактордың атынан жарияланғандығын өз көзіммен көрген едім.

Сонымен барлық тарапта жолы кесілген Ерік Көкеев қатардағы ауыл мұғалімі болып қалды. Бір рет қана философия институтының аспирантурасына барып жөн сұрады да, ауылына қайтты. Кейіннен бір топ жас оқымыстылардың Ерікті үйірсектеп жүргенін байқадым. Бір ғалым әйел ай бойы Еріктің ақыл-кеңесін алды. Көшпенді өркениет тудырған ұлы мәдениеттің ең асқақ көрінісі -  аспан тарихының барлық кілтипандары, бүкіл шежіресі, жер сілкінуден бастап, жұтқа дейінгі аралықтағы табиғаттың барлық құбылыстары мен апаттары ескеріліп, орын алған қазақтың алпыс жылдық күнтізбесінің бүкіл қыр-сырын Ерік бірнеше күннің ішінде сол адамға айтып бергенін де мына пендеңіз көріп еді. Кейіннен ол ғалымның докторлық диссертациясы монография болып шықты. Оқыдым. Авторлар мен мәлімет берген адамдардың тізімінен Ерік досымның есімін таба алмадым.

Кейіннен жанындағы ішіп кетер, жеп кетерлерден әбден жеріген, өзіне лайықты орта таба алмаған Ерік ақырындап ішкілікке салынды. Салына-салына нағыз маскүнемдік жолға түсті.

...Ол 2004 жылы 48 жасында дүниеден қайтты. Сүйегі сол Райымбек ауылының маңайындағы қабырстанға жерленді. Кейін мен досым жайлы көп ойландым. Әрине, өмір бойы құрметтеп өтем. Бірақ, неге осылай болды деген ой маза бермейді. Атадан асып туған, құдай осындай биік сана, осыншама өнер берген адам неге осындай абыройсыз өлімге барды? Серікбол Қондыбайдан зағип емес еді ғой. Серікбол омыртқасы мертігіп,  тоғыз жыл арбада отырып-ақ бір ғылыми институттың істейтін жұмысын жалғыз өзі тындырып кетті. Әрқайсысы сайдың тасындай 16 кітап жазды. Ал Еріктің артында өресі тым биік бірнеше мақала мен дастархан басында «пәлен жерде, түглен жерде былай айтқан екен» деген ауызекі әңгімелер ғана қалыпты.

Ойымша ол күйрек адам болған. Бір-екі адам емес, бүкіл система ғылымның өркендеуіне қарсы екенін көргеннен кейін күрт омырылған. Сол күйрегеннен оңалмаған. Бұндай бойкүйездік пен апатияны осылай ғана түсіндіруге болатын сияқты.

О дүниеге барып-қайтқандай куәландыра алатын кейбір адамдардың айтысына қарағанда, Алла тағала адамнан жауап алғанда «Мен саған осындай да осындай өнер бердім, қабілет бердім, сен соны не істедің? Қандай жолға жұмсадың?» деп сұрайды екен. Осы рас болса, онда менің абзал досым  қазір Жаратушының алдында қатал тергеүде отыр. Тек Жаппар Ием оның адамдық, пенделік әлсіздіктеріне кешіріммен қараса екен деп тілеймін.

***

Бүгінгі әлемдік ғылым Мысыр пирамидаларының шыққан тегін түсіндіріп бере алмайды. Бар қабілеті бұл алып құбылыстардың өлшемдері мен пропорцияларының қазіргі математиканың деңгейінен еш кем емес, ал кейініректе одан артық екенін мойындап, бас шайқауға ғана жетеді.

Бірде мен Еріктен осы жайында сұрадым.

- Сенің ойыңша бұл пирамидаларды кім салған және қалай салған? - дедім мен, - Сенің гениальный миың бұл жөнінде не ойлайды?

 

Ерік әдетінше шылымын тұтатып, ойлана отырып баяу әңгімелеп кеткен.

- Мен бұл жайында тәуір-ақ ойландым. Әлемдік ғылымда теория көп. Бір ғалымдар бұл пирамидаларды атланттар, яғни, бұдан 100-120 мың жыл бұрын өмір сүрген алыптар салған дейді. Гректің мифологиясындағы атланттар бар емес пе. Солар. Бірақ өзің ойла, пирамидаларды құрап тұрған блоктың ең жеңілі 60 тонна екен. Айуанның ең үлкені кит те бұндай салмақты тарта алмайды. Ал піл орнынан да қозғалта алмайды. Осындай блокты көтеріп, тасып, қалап шыққан ондай алып адамдардың тым құрмаса біреуінің қаңқасы осы уақытқа дейін табылуы керек еді ғой. Мен әлемдік археологияға қатысты журналдарды қарап, ең соңғы мәліметтерді қалт жібермей қадағалап отырамын. Әзірге атланттардың қаңқасы, скелеті табылды деген дерек жоқ. Екінші бір топ ғалымдар бұл жерде алып гранит таулар мен төбелер болған, көне адамдар сол тау мен төбелерді қашап, шауып осы пирамидалардың формасына келтірген дейді. Әрине, бұл балаң теория. Себебі, жынысына қарағанда ол жерде тау болмау керек. Шөл дала. Керіш құм. Жарайды, тауларды қашап болды дейік, бірақ блоктардың арасындағы жік қалай жасалған? Ол мүмкін нәрсе емес. Бұл теория да түкке жарамайды. Енді бір топ ғалымдар бұл блоктарды еңіс жолымен жоғары сүйреп шығарып, қалаған дейді. Ертедегі адамдар осылай істеген дейді.

- Піл мен мамонт тарта алмаған блокты адам қалай сүйрейді? - дедім мен.

Ерік жымиып күлді.

- Солай дейді. Қайдан білейін. Блоктың жүретін еңіс жолын үйкелісті азайтатын маймен майлап, блоктың өзін ұзын трос байлап, шығыршықпен тартқан дейді.

- Ал енді Ерік Көкеев бұл турасында не айтады екен, соны тыңдайық, - дедім мен қалжыңі-шыны аралас.

Дәл осы кезде бөлмеге Еріктің шешесі кіріп, үстел үстіне бір ескі шәугімді қойды.

- Ерік, мына шәугімді не көршілерге бере сал, не күресінге лақтыр. Қағы қалыңдап, түкке жарамай қалды, - деді де, бұрылып шыға берді.

Аздан соң шәй үстінде Ерік, қарындасын шақырып алған да, қолына ақша ұстатып, сыбырлап бір тапсырма берген. Шәйден кейін Еріктің бөлмесіне кіргенімізде, үстел үстінде күйесінен тазартылып айнадай жарқыраған шәугім мен бақандай алты  бөтелке сірке қышқылы тұр еді.

- Міне, қара, - деді Ерік орындыққа отырып жатып, - Мынау шәугімнің қағы үш елі болып кетіпті. Мана сызғышпен өлшедім, 6 см. Қағы қалыңдаған сайын бұл шәугімнен шәй ішу қиындай береді. Әсіресе асыққанда қайнамай ит қылады. Кем дегенде бір сағат тосу керек. Біздің қазақ ат қойғыш халық қой. Мынадай шәугімді не деп айтады білесің бе? «Таскөт» шәугім дейді. Енді қара. Уксус эссенциясын осының ішіне құямын. Алты  бөтелкенің барлығын тоғытқан Ерік шәугімнің қақпағын шүберекпен нығыздап жапты, шүмегін қағаз тығынмен тығындады. Содан соң әлденеше қабат целлофанмен орап, орамалдармен қымтап, шкафтың ішіне қойып, есігін құлыптап тастады.

-    Бір аптадан кейін кел, - деді маған, - Қызық көресің.

Қолым тимей, бір апта емес,  араға он күн салып келдім. Ерік сабақтан кейін демалып жатыр екен. Амандасқаннан кейін, шкафты ашып, орамал-целлофандарды шешіп, шәугімді алды, ішіндегі исі аңқыған қышқылды басқа бір ыдысқа құйды.

- Ал, енді қара, - деді шәугімді үстел үстіне қойып.

 

1-3.jpg

Қолына үлкен қасықты алды да шәугімнің ішіндегі баттасқан қақты жұмсақ балмұздақ құсатып, қырып алып тастады. Үлкен тегешпен орта тегеш қоймалжың сұрғылт балшық болып шықты.  Ерік сол қақты қалыпқа құйып, кесе жасады (кейіннен, кепкеннен соң, бүйіріне стронций бояуымен әдемі сурет салып, отқа күйдіріп шыңдап алды да, ұзақ жылдар бойы сол кесемен шәй ішіп жүрді.

- Пирамида туралы сұрап едің ғой, - деді күліп, шылымын тұтатып жатып, - Міне, менің жауабым осы.

- Сонда қалай болғаны? - дедім мен өз көзіме өзім сенбей.

- Солай болған, - деді Ерік түтінді бір бұрқ еткізіп, - Пирамиданы осылай жасаған. Көне өркениет тасты ерітетін технологияны меңгерген. Мыңдаған тонна гранитті осылай ерітіп, ағаш қалыпқа бетон құсатып құйып, пирамиданы осылайша жасап шыққан.

-    Көңілімде осыған қатысты күмән қашан пайда болды  дейсің ғой? - деді Ерік алдыңғы сөзін үстеп, - 1930 жылдары болса керек, ұмытпасам, ең үлкен пирамиданың бірі - Хефреннің пирамидасының ішінде, қазына тұрған бөлмеге апаратын дәлізден  адамның шашы табылған. Үлкен ғалымдардың жанында еріп жүрген екінші қатардағы археологтардың бірі қабырғадан елеусіз ғана шығып тұрған шашты байқап қалады. Содан соң, кейіннен өзінің естелігінде осы жайында жазады. Осы мәліметті оқығандағы таңқалғанымды көрсең.

Көп ұзамай пирамидалардың құпиясын түсіндім. Бірнеше тал шаш, ол құрылысшылардан кездейсоқ қалып қойған нәрсе. Немесе, көне өркениет осылайша, бұл жұмбақтың шешімін өзі айтып та кетуі мүмкін. Осыдан келіп тастағы жазулардың сыры ашылды. Бұл жерде үш технология бар. Біріншісі, бұл эпитафияларды жоғарыдағыдай құйып жасаған. Тас қата бастағанда барып жазу жазылған. Екінші, бұл бұрыннан белгілі амал, тасты қып-қызыл қылып қыздырады да, сірке сумен жазу жазады. Тас суығаннан кейін ысқылағанда, уксустың тиген жері езіліп, суға жуылып кетеді. Үшінші амал, көне адамдарда қазіргі құлпытасқа жазу жазатын бұрғыға ұқсас үлкен айналыста тасты жеп шығатын асыл бұрғы болған. Ал тасты қашап жазды дегенге мен сенбеймін. Бір әріпті қашауға 1-2 апта уақыт кетуі мүмкін. Ал мыңдаған әріптен тұратын үлкен текстерді қашап шығару үшін қанша уақыт керек? Тағы бір технология бар. Қыш кітапшаға жазу жазады, кептіреді, күйдіреді, содан соң суға салып тастайды. Қыш кітап суда жатып ақыры берішке айналады. Бірақ бәрібір оның қыш екені көрініп тұрады.

Естігенімді ақылға сыйғызу қиын еді.

- Сонда тұтас бір тауды қалай құйып шығады? - дедім әлі де күмәнім сейілмей.

- Оның несі таң? - деді Ерік өз кезегінде таңқалып, - Қытайлар алты мың шақырымдық алып қабырғаны қалай тұрғызды, сол сияқты. Мысалға жүз мыңдаған адам шелекпен құя береді, құя береді. Әйтеуір бір күні бітіреді. Міне, сондай да сондай көп болған көне дүниеде.

- Ал сенің ойыңша, осы пирамидалар не үшін салынған? - дедім мен.

- Кім біліпті, - деді Ерік қолын жайып.

- Жоқ, менің білгім келетіні, сенің ойыңша қалай? - дедім қайталап.

Ерік шылымын сорғыштап ұзақ үнсіз отырып қалды.

 

- Кім біледі, - деді содан кейін қайтадан қолын жайып, - Жанартаулардан, жер сілкінетін тектоникалық жіктерден аулақ жатқан таулардың қараптан-қарап балқып қатып қалғанына қарағанда, жер бетінде, ықылым замандарда ядролық соғыс болған сияқты. Содан кейін Үндістанның «Рамаяна» мен «Махабхарата» сияқты ұлы эпостарында жер дүниені өртеп, тауларды балқытқан әлдебір от қару жайында көп айтылды. Тіпті, қазіргі ұшақтарға ұқсас әуенмен ұшатын аппараттардың болғандығы айтылады. Ол аппарат «виман» деп аталған екен. Ойымша, жер өркениеті бір емес, бірнеше рет жойылған.  Пайда болған. Дамиды. Шыңға шығады. Жойылады. Осылайша бірнеше рет қайталанған. Сол себепті, мемлекет дегеннің, ғылым-білім, өнер дегеннің, жалпы фәни дүниенің баянсыз, тұрлаусыз екеніне көзі жеткен адамзат, дәлірек айтқанда, құдыретті перғауындар келер ұрпаққа өсиет ретінде адамзат тарихын осылайша таңбалап кеткен болуы керек. Пирамидалар толық зерттеліп болған жоқ. Егерде кейін ол жерден бұрын ешкім байқамаған құпия бөлмелер, ол бөлмелерден адамзаттың шежіресі табылып жатса, таңқалмас едім. Келер ұрпаққа арналған шежіре мен өсиет. Ол ұрпақ жердің адамы бола ма, әлде ғарыштан келетін басқа адамзат тайпасы бола ма - айырмасы жоқ. Әйтеуір саналы тіршілік иесіне жолданған хат.

- Ғарышта тіршілік бар деп ойлайсың ба? - дедім мен.

- Мен ғалымдарға таңқалам, - деді Ерік тағы бір шылым тұтатып, - Жердің орбитасына шығарылған телескоптардың есептеуінше, аспанда миллиондаған галактика, триллиондаған жұлдыздар мен планеталар бар көрінеді. Осынша шетсіз-шексіз дүниеде тіршілік жоқ деп қалай айта аласың? Сол сансыз планеталарды аралап келіп барып, көз жеткізіп барып айтқан абзал болар. Ал аспанға қарап тұрып, «Жерден басқа планетада, бүкіл ғарышта тіршілік жоқ» деп айта салу, надандық болып саналады. Әрине, Чарльз Дарвин тіршіліктің шығу тегін дәлелдемек болған, тіршілік күрделене келе маймылдан адам пайда болды дегенді айтады. Бірақ, дарвинизм - көп теорияның бірі ғана. Ал біз, жерді мекендеп жатқан адамзат, ғарыштың қай түкпірінен келгенімізді білмейміз. Қайсымыздың қай жақтан келгенімізді білмейміз.

Мен қайран қалдым.

- Оны қалай түсінуге болады?

- Менің ойымша, жердің халқы әр ғарыштан келген түрлі тайпалардан құралған, - деді Ерік, - Болды, енді осымен бұл тақырыпты доғарайық.

...Шамамен осы кезде мен өнертапқыш Сейілбек Қышқашевпен танысқан едім. «Заман - Қазақстан» қазақ-түрік газетінде орыс бетінің редакторы қызметіндемін. Бұл Қазақстан егемендік алып, орыстілді баспасөз мемлекеттік тілге қарсы күрес бастаған кез. Әрине, қазақ баспасөзі, қазақ журналистері бұндай «құбылыстарға» жақсылап жауап береді. Бірақ, орыс пен қазақ мәдениеті, екеуі екі тілде өрістегеннен кейін, бір-бірімен жанасауы қиын. Қазақ баспасөзі не жауап жазса да орыс оқырманына жетпейді. Ал олар ойындағысын айтып отыра береді. Міне, осы кезде орысқа орысша жауап берген екі адам болды. Біріншісі - Алдан Айымбетов, ал екіншісі - осы Сейілбек ағамыз еді. Орыс газеттеріндегі материалдарға ертесіне-ақ жақсылап жауабын беріп, артынша жауапқа тартылып, қисапсыз соттарда шыңдалған Сейілбек ағамен 1997 жылы танысып, араласа бастадым. Араласа келе, оның қазақ қоғамының қорғаушысы ғана емес, тамаша өнертапқыш екеніне де көзім жетті. Бірде, кезекті сотта итжығыс түсіп, редакцияға қайтып келіп, түстен кейінгі шай үстінде отырғанбыз. Журналист қыз-жігіттер әңгімелесіп отырып, ақыры пирамида тақырыбына ойысқан. Әңгімеге мен де араласып, Ерік досымнан естігендерімді айттым. Сейілбек аға елең ете қалды.

- Ойпыр-ай, мынауың бір данышпан адам болды ғой.

Содан соң қулана жымиып алды да, - Ертең жұмыста бол, бір нәрсе көрсетем, - деді.

Ертеңіне түске қарай келген ол сөмкесінен бір жарым литрлік пластик шишаға құйылған қанқызыл сұйықты суырып алды.

- Бұл не? - дедім мен.

- Кейін айтам, - деді Сейілбек аға, - Оймақтай ғана ыдыс керек.

Сол жерде басқа шишаның қақпағын алды да, күрең сұйықты меймілдете құйған. Редакцияның ішін әлдебір қышқыл иіс алып кетті. Қақпақты менің үстелімнің үстіңгі бос тартпасының түкпіріне қойып, еппен жапты.

- Құлыпта, - деді содан соң, - Үш күнге дейін ашпа. Өзім келем. Бәрін түсіндіріп көрсетем.

Үш күннен кейін келіп ашқанда, о керемет қақпақтың ішінде тас қатып тұр екен. Сейілбек аға бәкісін алып қақпақты кесіп тастады да үлкен таблетка сияқты дөңгелек қызыл тасты қолыма ұстатты.

- Бұл не ғажап? - деп сұрадым.

- Бұл гранит, - деді Сейілбек аға, - Сенің әнеукүнгі досың айтқан ерітілген тас осы. Мен бұны осыдан төрт жыл бұрын таптым.

- Енді былай, - деді кеудесін кере демалып, - Мен қайткенде сенің сол досыңмен танысуым керек. Міндетті түрде. Мені ертіп апар. Жолықтыр. Ағалық өтінішім.

- Өй, жарайды, - дедім мен, - одан оңай нәрсе жоқ. Ол өте қарапайым адам. Сіздей адаммен танысқанына ол қайта қуанады.

Жайнаған көктемнің кезі еді. Сейілбек аға екеуміз «Қырғауылдыдан» түсіп, Райымбек ауылына жаяу тарттық. Ерік әдетінше жұмыстан келіп, демалып жатыр екен. Екеуі танысып, аздан соң, бірін-бірі бұрыннан білетін адамдай шүйіркелесіп кетті. Мен тыңдаушы ғана болып отырдым.     

- Ерікжан, - деді Сейілбек аға, - Пирамиданың ішінен адамның шашы табылғаны жайында мен де оқыған едім. Содан соң түрлі тәжірибе жасай бастадым. Уксуспен, басқа заттармен. Кейіннен жер бетінде бірде-бір өсімдік синтездей алмайтын уксустың бір түрі бар екені жайында оқыдым. Ол уксусты жылқының сүт бездері ғана синтездей алады екен. Осыдан кейін мен қымызбен тәжірибе жасай бастадым. Биенің сүті, қымыз, жалпы, сүт атаулы қасиетті нәрсе ғой, жасаған тәжірибелерімді құдай кешірсін.

- Тәжірибелер кезінде қанша қымызды құртқанымды құдай біледі, - деді Сейілбек аға, - Ал мынау ең соңғы нәтиже. Әрқайсысына он екі литрден, 24 литр қымыз кетті.

Ерік екі шишаны да айналдырып көрді.

- Керемет, - деді ойлана, - Міне, тасты осылай еріткен ғой. Пирамидалардың жанынан балшық айдайтын қырманға ұқсас өте үлкен бассейндер табылған. Оның не үшін екенін ешкім де айтып бере алмады. Ойымша бұл, сол тас ерітетін бассейндер.

Содан соң досым өнертапқыш ағаға сауал тастаған.

- Ал, Сейілбек аға, бұл ашқан жаңалықты не істедіңіз? Патент алдыңыз ба?

- Қайдағы патент, - деді Сейілбек аға қолын сілтеп, - Бардық, патент тіркейтін жерде бір «кісі» отыр. Сөзімді тыңдап болып, өзімді тәлкек қылды. Бұның не керегі бар, қазір гранитіңнің әкесіндей небір бетонның түрлері бар. Ол бетонды, тіпті, теңіздің суы тоздыра алмайды дейді. Жаңалығыңды қолтығыңа қыс та, қайқай деді. Міне, біздің патенттің сиқы.

- Адамды мезгілсіз ажалдан құтқарып, оның өмірін ұзарта алатын ұлы шипа тапқаныңызды ол бейбақ қайдан білсін, - деді Ерік шылымын сораптап отырып.

Сейілбек аға көзі жарқ етіп Ерікке қараған.

 

Сөз соңы: Алдияр аруағыңа ет пен қымыз!

 

- Қазақтар ертеде неге ұзақ жасаған? - деді Ерік, - Өйткені, қымыз ішкен. Әрине, байырғы тарихтағы қазақ азаматы әдетте майданда өлетін болған. Бірақ өлмей, әлдеқалай аман қалған адам өте ұзақ жасайтын болған.  Үш жүзге келіп өлген Майқы,  жүз тоқсанға келіп өлген Сыпыра жырау... жүзден асып,  жүз он, жүз жиырмаға келу - қазақ үшін әдепкі нәрсе еді. Жүзден асып өлген аталарымызды көзімізбен көрдік. Міне, осының бәрі - қымыздың құдыреті.

- Дұрыс айтасың, - деді Сейілбек аға, - Әрине, қазақ бұрын ауырмаған. Өйткені, бала жасынан қымыз ішкен, ет жеген, ағзасы, бүкіл организмі тап-таза. Әжелеріміз айтушы еді, пәлен атамыз, түглен бабамыз жасы жетіп өлгенде, мәйіті сәбидей буланып, нұрланып жатушы еді деп. Қымыздың құдыреті.

- Себебі, гранитті еріте алған қымыз, адамның бүйрегіндегі құм мен бауырына байланған тасты, атеросклерозға ұшыраған адамның қан тамырларын бітеп баттасып тұрған холестерин, бәрін күл-талқан қылып ерітіп, су қылып ағызып жібереді. Сондай-ақ, сыртқа айдап шығуға адамның өз ағзасының күші жетпей отырған небір зиянды өңез, ішек құрттарын да қымыз оп-оңай қырып салады, ағызып жібереді. Зияндыны жояды, пайдалыны күшейтеді. Қымыздың құдыреті осында, - деді Ерік, - Ал ағзасы осындай тап-таза, тамырларын кернеп нұрлы, шипалы қан аққан адам ұзақ жасамағанда қайтеді.

- Қазақ бұрынғыдай саба-саба қымыз іше алмайды, - деді Сейілбек аға, - Бірақ, мен тапқан дәріні нашарлау қымызға, айранға қосып, тіпті жай суға тамызып ішсе де әсері тамаша. Осыны айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне де бардым. Онда отырған «кісі» тыңдап болып, ыржиып, қолымды қысып құттықтады да, шығарып салды.

- Себебі, медицина қазір фармацевтиканың қолжаулығына айналды, - деді Ерік, - Бұрын дәрі өндіру саласы медицинаға бағынатын. Енді, керісінше, медицина дәрі өндіруге бағынады. Сіздің тапқан дәріңізді қабылдаса, онда шет елдің бауыр тазалап өт айдайтын, бүйрек тазалайтын дәрілерінің керегі болмай қалады. Өнертапқыштың, әсіресе, қазақ сияқты елдің өнертапқыштарының тағдыры осы.

Екеуі түні бойы отырып сөйлесті. Ертеңіне қалаға қайттық. Сейілбек аға жүзі нұрланып жол бойы автобустың терезесінен сыртқа қарады да отырды.

- Өзіңмен пікірлес адамды кездестірген қандай жақсы, - деген еді ол қоштасып тұрып, - Жақсымен өткізген бір күнің - жылға тең. Бірақ, ол күнде бола бермейді ғой.

Содан бері пәленбай жыл өтті. Сейілбек аға да, Ерік досым да баяғыда көз жұмған. Кей-кейде әртүрлі істің бабында жүріп сол бір ғажайып кешті, екі тірі гений, тірі данышпанның бірін-бірі қалай құрметтеп, сыйласқанын есіме түсірем. Көңілім біртүрлі босап қалады. Иә, екеуі де өмірде жолы болмаған, тауы шағылған адам еді. Бірақ, екеуі де туған елін жанындай жақсы көрген, қазаққа қашан да болсын деген адал перзент еді. Жатқан жерлері жайлы болсын дегеннен басқа не келеді біздің қолдан. Тәмәм.

Таласбек Әсемқұлов

«Алматы ақшам» газеті



Ұқсас тақырыптар