Шымкенттік мұғалімдер сабақтан қалған оқушыларға көлігін жуғызған

8.jpg


Шымкентте оқушылар басқа мектептің директорының орынбасарынан таяқ жегенін айтып шағымданды. Тіпті, жеткіншектерге аузына келгенін айтып, ұстаздардың көлігін де күштеп жуғызған деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ порталы.

Өткен жұмада Шымкент шетіндегі Қайнарбұлақ ауылы, 125-ші мектептің 7-ші сынып оқитын 7 оқушысы сабақ арасында тоғанға барып, суға түспек болған. Шешіне берген кезде өзге №83 мектеп директорының орынбасары мен тағы бір мұғалімі келіп, балаларды тырқырата қуыпты. Тіпті, ұстап алып оқушыларға астындағы көлігін жудырып, балағаттағанымен қоймай, соққыға жыққан көрінеді.

"Мен тыныш тұрғанмын, бірден ішімнен ұрып есеңгіретіп тастады. Ал, Яша деген сыныптасымызды бірнеше рет басынан, денесінен аямай соққылады. Сонан соң келген көліктерін жууды бұйырды. Қорыққанымыздан айтқанын екі етпей істедік", - дейді оқушы Максим Петухов.

Оқушылардың айтуынша, көрші мектептің мұғалімі жеткіншектерді жарты сағат бойы тізесін бүктіріп, қолын создырып тұрғызып қойған. Одан соң педагогтар өздері көлікке отырып, оқушыларды артынан ілестірген күйі мектепке дейін жүгірткен көрінеді. Балалар үйіне келген соң бастан кешкенін ата-анасына айтып, ересектер жанжал шығарған.

"Естіген соң бірден полицияға арыздандық. Сосын әлгі соққыға жыққан директордың орынбасары мен оның өкілдері келіп, кешірім сұрады. Моральдық шығындарыңыздың өтеуі деп 500 мың теңге ұсынды. Бірақ біз әділдікті талап етеміз", - дейді оқушының анасы Валентина Егорова.

Оқушыларды соққыға жықты делінген директордың орынбасары болса тоғанға өз мектебінің оқушыларын іздеп барғанын жасырмайды. Жанұзақ Жандаров тыйым салынған тоғанға түспеңдер деп ұрысқаным болмаса, ешкімге қол көтерген жоқпын дейді. Көлік жудырып, машинамен қуғанын да жоққа шығарып отыр. Ал, зәбір көрді деген оқушылардың ата-анасы кешірім беруі үшін ұстаздан қыруар қаржы сұраған екен.

"Шоқпармен ұрыпсың дейді. Тізерлеп отырғызыпсың дейді. Сондай әңгімелер бар. 2 млн талап етіп жатыр. Мүлдем бере алмаймын", - дейді №83 мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Жанұзақ Жандаров.

Енті аталмыш жәйт бойынша полицейлер тергеп тексеру амалдарын бастап кетті.



Ұқсас тақырыптар