Ақтөбеде Мирзоянның ескерткішіне қатысты тағы дау шықты

1.jpg


Ақтөбеде Левон Мирзоянның көк тастан қашалған ескерткіші көшірілді. Енді ол бұрынғыдай көшенің қақ ортасында емес, орталық саябақтағы кеңес одағы кезіне арналған аумақта тұратын болды. Сол көк тасты жоқ қылу туралы әкімдіктегілерге соңғы бес жылда ондаған арыз түскен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Таңат Шегебаев, Ақтөбе қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы: 

-Тұңғыш президент саябағында тарихи аумақ бар. Тарихи аумақта Мирзоян тағы басқа социализм дәуірінен келе жатқан ескерткіштер сол жерде орын табады. 

Мирзоянға арналған белгі тас қазір алаңда жоқ. Оны шенеуніктердің бұйрығымен жұмысшылар түн жарымында тиеп кетіпті. Әкімдіктегілер көшенің аты өзгерген соң, «Қызыл террорды» ұйымдастыруға белсене атсалысқан адамның ескерткішін де қалдыруды жөн көрмегендерін айтады. Бұдан бұрын ақтөбелік қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Мирзоянның белгі тасын мүлдем жоқ қылуды талап еткен еді. Өйткені кезінде қазаққа жайлы саналып, «Мырзажан» аталып келген большевиктің көлеңкелі тұстары ашылып, соның кесірінен мыңдаған адамның жазықсыз атылғаны құжаттармен айғақталды. Мирзоян есімі көшеден де алынып, оған Әлихан Бөкейхановтың аты берілді. Дегенмен әкімдіктегілер белгі тасын қиратуға армян диаспорасынан ұялып, көрнекі жерге қоятын болып келісіпті. Бірақ бұған қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары көнбей отыр. Ескерткішті көшіруді де көзбояушылыққа балайды. 

Бақытжан Құрманов, Ақтөбе қаласының тұрғыны: 

-Бұл халыққа көзбояушылық жасау. Халықты алдау. Халық бала емес кәмпит беріп, ойнап кел дейтін. Мына жерден алып тастады. Оны ана қала ортасына апаруды мен өзім ұлықтау деп ойлаймын.



Ұқсас тақырыптар