5 мыңға жуық адам кенеден зардап шекті

8.jpg


Кене қаптады! Елімізде күн жылынғалы бері кене шаққандардың саны 5 мыңға жуықтады. Биыл әсіресе, қауіпті дерт кене боррелиозы өршіп тұр. Оның салдары да жаман. Эпидемиологтар биыл жәндіктер әдеттегідей орман-тоғайларда емес, қалада қаптағанын айтып дабыл қағуда. 

Күн жыли бастағанда тиісті орындар қаулап өскен шөптерді орып, дәрілеген еді. Соған қарамастан кене шағып, ауруханаға түскен  адамдардың легі толастар емес. Наурыз айынан бері елімізде 4831 адам улы жәндіктен зардап шеккен. Оның алтауында қатерлі кене боррелиозы дерті анықталып отыр. Бұл кесел жабысқан уақытта науқас дер кезінде дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Себебі, дендеген дертке ем табу қиын. 

ЖАННА ШАПИЕВА САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ САРАПТАМА ЖӘНЕ МОНИТОРИНГ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

- Уақытынан кеш келетін адамдарды емдеу қиынға соғады. Бұл дерттің салдары өте күрделі. Қазақстанда 2012 жылдан бастап кене боррелиозын анықтай бастадық. Инфекция денеге таралып кетсе, жүрек-қан тамырларының жұмысы нашарлайды. Адам сал болып қалуы мүмкін. Тіпті, өлім қаупі де бар. Дерттің алғашқы белгісі  кене шағып алған жер сақина пішіндес қызарып-бөртеді.

Биыл бұл қауіпті кесел әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы мен Алматыда өршіп тұр. Ең сорақысы  кене боррелиозына қарсы екпе жоқ. Сол себепті, мамандар «Кенеге қарсы» бағдарламасы бойынша алдын ала сақтануды ұсынды. Оның құны бар болғаны 200 теңге.

БАЛЖАН СҮЙЕУОВА САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

-Егер кене шаққан кезде кене энцефалиті, кене борриллиозы және т.б ауруға шалдыққаныңыз анықталса, сондай-ақ, адам өлімі анықталса 500 мың теңге төлемақы төлейміз. Сақтандыру уақыты маусым айынан бастап қыркүйек айына дейін жарамды.

Қансорғыш жәндіктер соңғы уақытта орманды, далалы жерді қойып, қала ішінде де қаптаған. Эпидемиологтар тұрғындарды зиянкестерден сақ болуға шақырды.

Дереккөз: КТК телеарнасы



Ұқсас тақырыптар