Бензин қай елде қымбат, қай мемлекетте арзан?

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәлихатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин мен дизель отынының қай елде қымбат, қай мемлекетте арзан екенін  айтып өтті.

бензин.jpg

Жанар-жағар май бағасына назар аударсақ, нарықтағы мына бір деректерді айқын аңғаруға болады. Global Petroleum Prices халықаралық агенттігінің рейтингі бойынша Қазақстан 167 елдің ішінде бензин бағасы бойынша 12-орынды, ал дизель отын бойынша – 15-орынды иеленеді.

Қымбат бензин Сауд Арабиясы,  Біріккен Араб  Әмірлігі, АҚШ, Ресей, Әзірбайжан сияқты елдерде. Арзан бензин 11 елде (Венесуэла, Иран, Сауд Арабиясы, Әзірбайжан, Түркіменстан) және арзан дизельдік отын 14 елде (Венесуэла, Иран, Кувейт, Түркіменстан). Бұған қатысты рейтинг ай сайын жасалынып отыр.

–Елді газдандыру деңгейі шамамен 47,4 пайызды құрайды. 1300-ден астам елдімекен газға қол жеткізді. Республикалық бюджеттен газдандыруға жыл сайын шамамен 13 млрд теңге бөлінуде. Мемлекет басшысының  бес әлеуметтік бастамасының арқасында Астана, Қарағанды және Ақмола облыстарын газдандыру мәселесі шешілуде. «Сарыарқа» магистральдік газ құбырының салтанатты ашылуын шілде айының басында өткізу жоспарланып отыр. «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша бірінші кезең 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. Бірінші кезеңнің болжамды құны 267 млрд теңгеден асады. 1-кезеңде газ құбыры бойынша 171 елдімекенге тартылады, 2,7 миллион адам газбен қамтамасыз етіледі, – деді Энергетика министрі.

Министрдің айтуынша, үстіміздегі жылы үш мұнай өңдеу зауытына енгізілетін, жөндеуді басқаруды автоматтандыру жүйесі (ТОРО) МӨЗ-дерді жөндеудің жылдық кезеңін 45-тен 20 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 45 күнге тоқтату жұмыстары үш жылда бір рет жүзеге асырылатын болады. Әр мұнай өңдеу зауытындағы мұнай өңдеу көлемі орта есеппен жылына 300 мың тоннаға артпақ. 5 айда нарықтың отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етілуі бензин бойынша – 84,8%, дизельдік отын – 95%, әуе керосині – шамамен 36%-ға жетті.

Тапшылықты болдырмау мақсатында Энергетика министрлігімен тәулік бойы мұнай базаларындағы өнімдер көлемі және ЖЖМ импорты бақыланып отырады.  2018 жылы Шымкент зауытындағы жаңғырту жұмыстары аяқталады. 2018 жылы мұнай өңдеудің жалпы көлемі 1 млн тоннаға өсіп, 16 млн тоннаны құрайтын көрінеді.

Министр сонымен қатар, жылдан жылға битум өндірісінің көлемі артып, ішкі сұранысты толықтай қамтамасыз етіп отырғанын мәлім етті. 2017 жылы 731 мың тонна битум өндірілді, бұл 2016 жылмен (480 мың тонна) салыстырғанда екі есе көп. 2018 жылға 750 мың тонна битум шығару жоспарланып отырған көрінеді.


Еркін ҚАЛДАН

aikyn.kz


Ұқсас тақырыптар