Балаға ат қоя білесіз бе?

«Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып калғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, «Бұлар – жоғары идеялы есімдер». Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең қолдан келсе табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің». «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожабергеннің осы монологы көпшіліктің есінде болар? Қожа сияқты өз атына көңілі толмаса да, амалсыздан бір есімді «мойынына іліп» жүргендер де баршылық. 

есим.jpg

Дәстүрлі дінімізде балаға ат қойғанда әдемі есімдерді таңдау дұрыс саналады. Бұл туралы Ержан қажы Малғажыұлының пікірі мынадай:

«Баланың атын таңдап қоюға ең бірінші оның әкесі лайықты. Дей тұрған­мен, әке-шешесі баланың атын қоюға басқаларға рұқсат бере алады. Мысалы, атасына, әжесіне немесе әулеттегі құрметті ақсақалға, яки болмаса танымал тұлғаға, т.б. Әрдайым үлкендерді құрметтеп тұратын қазақы салт-дәстүр бойынша баланың атын көбіне ата-әжелер қойып жатады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – дұрыс дәстүр. Сондай-ақ жоғарыда айтып өткеніміздей, баланың атын аса қадірлі, тақуа, ізгі жандарға, ғалымдарға қойдырған жөн».

Бұл пікірмен Бауыржан ­Момыш­ұлы­­ның келіні, қазақ дәстүр­лерін насихат­таушы, жазушы Зейнеп Ахметова да келіседі:

«Қазақ балаға ат қойған кезде кез кел­ген адамға емес, ырым етіп көпті көрген ел ағаларына, айналасына сыйлы, аузы дуалы ақсақалдарға сәбиі­нің есімін қойғызып, батасын алуды мәртебе санаған. Халқымызда азан ша­қы­рып ат қою – парыз. Баланың атын қоярда үш қайтара «Аллаһуакбар!» деп азан шақырылып, содан кейін баланың құлағына таңдалған есімді «Сенің атың…!» деп, үш рет қайта­лайды. Бала­ның құлағына осы ат сіңеді, зердесіне тарайды деген наным» дейді.

Халық арасында адамның есімі оның тағдырына әсер етеді деген сенім бар. Сол себепті есім қоюда түрлі ырымдарға сүйенеді. Мәселен, ұлы адамдарға ұқсасын деп әйгілі тұлғалардың есімін береді. Солардың бірі – белгілі сазгер, Қалдыбек Құрманәлі. Ол өзінің балаларына Шәмшіқалдаяқ, Бекзатсаттархан, Мұхтаршахан, Иманғалитасмағамбет деген есімдерді қойған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы мамыр айында туған қыздарға көбінесе Раяна (495), Айзере (348), Медина (311), Айару (267), Айша (262), Аяла (246), Амина (225), Айлин (222), Кәусар (190) және тағы да басқа есімдер берілсе, ұл балаларға Рамазан (760), Айсұлтан (287), Алихан (233), Нұрислам (190), Амир (155), Ислам (148) Ерасыл (141), Алинұр (138), Арсен (85) деген аттар қойылған.

Ал жаратқан тек қыз бере берген ата-ана ұл туғанын қаласа, қыздарына Ұлбике, Ұлмекен сынды есімдер береді. Бала тоқтамай шетіней берсе, Тұрар, Тоқтаған сынды ат қойылады. Бұрындары бала көз бен сөздің сұғынан аман болсын деген ниетпен оған ­Жаманбала, Қиқым сынды есімдер қоятын болған. Бірақ бұл ырым қазір қалыс қалып бара жатқан сынды. Соңғы уақытта қойылып жүрген есімдерге мән берсеңіз, ата-анасының көз бен сөзден қорықпағанын көресіз. Қазір, керісінше, балаға естіген құлаққа жағымды ат қоюға талпынады. Жоғарыда келтірілген Раяна, Айлин, Рамазандар – соның дәлелі.

Әлия Болтанова, психолог:

– Ғалымдар адам атының оның тағдырына, болашағы мен тұлғалық болмысына әсері туралы антропонимикалық зерттеулерді өткен ғасырдан бері жүргізіп келеді. Сол зерттеулер негізінде адам есімінің тағдырына айтарлықтай әсерін анықталған. Сәбиді әдемі, мағыналық өрісі жағымды, айтылуы мен жазылуы көркем есімдермен атағанда, оның тұлғасы да соған сәйкестене түсетіні дәлелденген. Бұл – әр адамның онто­генездік даму жолындағы тұлға ретінде қалыптасуының жағымды алғышартын құрайтын маңызды факторлардың бірі. Себебі кез келген адам үшін есімі – ең қасиетті ұғым және оның дұрыс айтылуы психикасына тікелей әсер етеді, – дейді.

Соңғы уақытта балаға өзге ұлттардың кірме аттары жиі қойы­латын болып жүр. Арабтектес есімдер дінімзге байланысты кіріккен. Ал Аяна, Даяна, Рианна, Дамир, Аргентина… деген аттар – бізге жаһанданудың жасаған сыйы. Халқымыздың ырымына салсақ, Рианна ертең өскенде америкалық әнші сынды бола ма? Ал Даяна мен Эльвиралар ше? Бұдан қалды қазақтың қарапайым Әсел, Анар, Айша деген аттарын «Аселя», «Анара», «Аиша» деп бұрмалау тағы бар. Бүгінде есімдердің мәнінен мақамы маңыздырақ болып тұр.

Қыздархан Құрмашқызы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің басшысы:

– Қазақ тілінде, мәдениетінде кісі есімдері ерекше орын алады. Оның ішінде адамның қазақ екенін бірден танытатын иісі қазақ есімдер бізде көп. Мысалы, Айсұлу, Нұрсұлтан, Мақпал, Нұржамал, Айзере, Абылайхан десе, бірден қазақ екенін білесіз. Ал Рианна деген есім ағылшынша өзгеріске ұшыраған. Түпнұсқасы – Раяна. Ол «Жұмаққа кірер қақпа» деген мағынаны береді. Даяна – татарлар мен ұйғырларда көбірек кездесетін есім. Дамир – түркітілдес халықтарға ортақ ат. Әрине, өзге тілдің есімін қой деп айта алмаймыз. Түркияда ұлттық есімдердің қоры бар екен. Содан ғана таңдауға құқығың бар. Олар өзге елдің есімін қойдырмайды. Бізде бұл жүйе құқық бұзушылық болады. Сонымен бірге өзге елдердің есімдер қоры шектеулі келеді. Мысалы, грек-рим есімдерінің қорындағы адам аттары 2 мыңнан аспайды. Ал қазақтардың есімдер қорында кісі аттары 40-50 мыңға дейін жетеді деген деректер бар. Онда Ислам дініне қатысты арабтектес есімдер көп, өзіміздің дәстүрлі есімдер, ұлы тұлғалардың есімдері, кірме есімдер бар. Саммит, Саммитхат, Азиада деген жасанды есімдермен де көбейіп отыр, – деді.

2010 жылы елімізде Азиада өткен кезде біраз ата-ана баласына осы есімді бермек болғаны туралы БАҚ жарыса жазған. Рас-өтірігін тексеру үшін Статистика комитетінің ресми сайтына кіріп, тексеріп көрдік. Жеті жасар Азиада деген қыз бар екен. Ол 2011 жылы туған. Саммитхан деген де бір бала бар. Ол – әрине, 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ саммитінің құрметіне қойылған есім. Халықаралық ­ЭКСПО көрмесі кезінде астаналық бір тұрғын баласына Бәйдiбэкспо деген есім берген. Ол туралы ­елорда әкімдігінің ресми сайты жазған ­болатын.

Ұлтымызда балаға айтулы бір мереке­нің құрметіне немесе ауыл-аймақ­тың құр­метіне ат қою болғанын білеміз. Мәселен, ­Рамазан, ­Оразай, Жайлау, Жайық, т.б. ­Дегенмен, «­бояушы бояушы де­­генге сақалын бояп», халықаралық ша­ра­ларды балаға телудің қажеті жоқтай көрінеді.

Егер адамның азан шақырып қойған есімі өзіне ұнамаса, оны өзгертуге болады. Ол үшін тіркелген аймағындағы АХАЖ бөліміне бару керек. Ол жерде сұратқан құжаттарды жинақтап, тапсырған соң, есімді өзгерту туралы өтініш жазу керек. Жаңа құжат 15 күннің ішінде дайын болады. Егер тіркеуде тұрмайтын аймақтан рәсімделсе, процесс 1,5 айға созылуы мүмкін. Бұл жерде ескеретін бір жайт бар: адам есімін бірнеше рет өзгерте алмайды.

Әсел САРҚЫТ

anatili.kazgazeta.kz


Ұқсас тақырыптар