Ақтөбеде «Алтын белгі» иегері қамауға алынды

2.jpg

Ақтөбеде мектеп бітіруші түлекті пышақтап өлтірді  деген күдікпен «Алтын белгі» иегері қамауға алынды. Облыстағы ең мақтаулы  мектеп-интернаттың үздігі, халықаралық білім байқауларының бірнеше дүркін  жеңімпазы болған шәкірттерінің мұндай қатыгездігіне ұстаздары да жағаларын ұстап отыр. Ал марқұмның ата-анасы болса, ол тиісті жазасын алуы тиіс дейді. Қапияда тұңғыштарынан көз жазып қалған Дүсіповтер отбасы әлі естерін жия алмай отыр. Арманшыл Азаттың  жоспары көп болыпты. Ұлының ең басты арманы жайлы анасы айтып берді. 

"21-і күні ЕНТ болады, 23-не қонақ шақырып, бата аламыз дегенде осы 23-інде  жетісін істеп отырмыз" – деп зар илейді марқұмның анасы. 

Азаты туралы айту анасы Эльвираға оңай  емес. Үнемі  екі інісі мен қарындасына қамқор болып жүретін дейді. Анасының жаман ауруға шалдыққанын естігенде, қатты уайымдап, үйдің шаруасын да  өзі атқарыпты. Бар арманы – дүниедегі ең асыл адамының құлан-таза айығып кетуі болған.  «Менің тілеуімді тілеп, биыл ауыз бекітіп еді» дейді жүрегі қан жылаған келіншек.

"Мен өзім онкологиядан емделіп  жүргесін бала көп ешқайда шықпады, қасымда болды. Ақша табамын, сені емдетем дейтін, балапаным-ау. Арманы тест тапсырып, грант алу, оқуға Алматыға  барам, железнодорожый оқуға түсем деп» - дейді марқұм Азат Дүсіповтің анасы Эльвира Дүсіпова.

Азат мектепте де үлгілі, мақтаулы оқушылардың бірі болыпты. Ұстаздарының сөзін ешқашан екі етпеген.  Ал көрші-қолаңы болса, кісі қолынан мерт болған жасөспірім өте тәртіпті, елгезек, кішіпейіл болған еді дейді.  

"Футболдан келе жатқан бір топ балалар сол жерде  пышақтап алған ба,  сондай әйтеуір. Жазықсыз, аяқ астынан солай қаза тапты. Өзі жуас бала, осы шарбақтың баласы,  ата-анасы да жақсы. Биыл 11-ді  бітірген, тәртіпті бала еді. Ешқандай артық несі жоқ" – дейді көршісі Байжан Жарылғапов.

Ал сол күні не болғаны жақындарына әлі жұмбақ. Футболға кеткен ұлының келіп болмағанына алаңдап, қайта-қайта Азатқа қоңырау шалыпты. 

 "Сіз Азаттың папасысыз ба  деді, иә деді.  Сіздің балаңыз қан-қан болып жатыр  деп, папасы шошып кетті.  Мен де сол жүгіріп барсам, балам скорыйдың ішінде жатыр.  Есі болды.  Мама үйге қайт, пожалуйста үйге қайтшы деп. Ештеңе болмайды, бәрі жақсы болады, мама деп" – дейді марқұм Азат Дүсіповтің анасы Эльвира Дүсіпова.

Кейбір деректер бойынша, Азат футболдан келе жатқанда алдынан бір топ өзі құралпы жасөспірімдер жолыққан. Араларында жанжал болып, арты төбелеске ұласыпты. Пышақ Азаттың жүрек тұсы мен мойнына, аяғына тиіпті. Жарақат алған ол түнгі 11 жарымдарда ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған. Алайда арада бірнеше сағат өткенде жан тапсырған. 

Ал күдікті көп ұзамай қамауға алынған. 

Күдікті туралы  белгілісі  ол да Азатпен түйдей құрдас. Биыл ғана физика-математика мектеп-интернатын бітірген.  Түрлі білім сайыстарының жеңімпазы екен. Ұстаздары  болған жайттан әлі естерін жия  алмай отыр. 

"15-і маусым күні аттестатын алып, «Алтын белгісін» қорғап, мектепті бітіріп кетті. Мінезіне келсек,  өте жақсы бала. Біреу үшін кешірім сұрай алатын бала. Мен қазір ештеңе айта алмаймын" – дейді облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының директоры Қарагөз Тілеубергенова.

Қазір  бұл дерек бойынша «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалған, тергеу жүріп жатыр.  Ал кәмелет жасына толмаған  күдіктіге  «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.


Ұқсас тақырыптар