52 адам өлімі: Автобустың иесіне халықаралық іздеу жарияланды

3.jpg

Осы жылдың қаңтар айында Ақтөбе облысы аумағындағы тас жолдың бойында өртенген автобусқа қатысты қылмыстық іс Ырғыз аудандық сотына жіберілген болатын. Енді сол автобустың иесіне іздеу жарияланып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласынан Ресейге бет алған қоғамдық көлікте аяқ астынан өрт тұтанып, 52 Өзбекстан азаматы қаза тапқан болатын. Қазір 5 адамға айып тағылып отыр. Олардың үшеуі автобус жүргізушілері. Сонымен бірге «Азия транзит сервис» серіктестігінің құрылтайшысы мен механигі де сот алдында жауап беретін болды.

Құрылтайшыға Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша, яғни екі және одан да көп адамның өліміне себеп болған автобусты техникалық ақаулығына қарамастан қолданысқа шығарды деген айып тағылды. Одан бөлек жалған құжат рәсімдегені анықталған.

Көлік жүргізушілері соттың санкциясымен қамауға алынса, кәсіпорын басшысы мен механик кепілдік арқылы босатылды. Ал автобустың иесіне халықаралық іздеу жарияланды.

"Айыптау актісіне сәйкес, Пернебеков, Қырғызбаев және Таңатов көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны, сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін айыпталуда. Тілепбаев өз міндетіне адал қарамаған, көлік құралдарын сапасыз жөндеу және жалған құжат дайындағаны үшін, Пердебаев жалған құжат дайындағаны үшін айыпталуда" - дейді облыстық соттың баспасөз қызметінің басшысы Анар Айтжанова.



Ұқсас тақырыптар