Мүсінші: 23 млн теңгеге қоладан кем дегенде 2 жақсы ескерткіш жасауға болар еді

Жақында Алматы қаласынада алып тиіннің мүсіні бой көтеріп, жұртшылық тарапынан үлкен дау тудырғаны белгілі. Әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік қала басшылығын сынға алған болатын. Осы тақырып төңірегінде кәсіби мүсіншілердің пікірін білу үшін Суретшілер одағының мүшесі әрі «Тәуелсіздікті толғау» монументалдық мүсін байқауының лауреаты Бауыржан Жуасбаевпен сұхбаттасқан едік.

мусин 1.jpg

- Бауыржан Алмасбекұлы, өткен аптада Алматыда бой көтерген алып тиін қоғам тарапынан дау тудырып, қызу талқыланды. Кәсіби мүсінші ретінде осы жағдайға байланысты қандай пікір білдіресіз?

- Иә, соңғы кезде әлеуметтік желіде бұл тақырып көп талқыланды. Елдің пікірі әр алуан, бірі мақтап, бірі жамандап жатыр. «Қарға, қарғаның көзін шұқымайды» дейді ғой, сол сияқты жаман деп сын артқым келмейді. Өйткені ол өнер, біреудің еңбегі. Тек, бір әттеген-ай дейтіні, өз мүсіншілерімізді көзге ілмей, өзектен теуіп, сырттан адам әкелгендігі болды. Мұндай мүсінді өзіміздің мүсіншілер де жасайтын еді ғой.

Жылдың басында қала әкімдігіне мүсіншілерді жинап, Алматыдағы саябақтарға мүсін қою жөнінде тапсырма беріп, байқау жариялаған еді. Оның бұл жобаға еш қатысы жоқ. Бәріміз сол жиыннан расымен де билік бізге бет бұра бастады ма деген жақсы әсерде шыққан едік. Сол жиын жақсы бір шығармашылық шабыт берген еді. Қаламызды көркейтуге үлесімізді қоссақ деп, еркін тақырыпта жасалған дүниелерімізді жинадық. Қаланы көркейту, мәдениетін көрсету деген керемет қой, ертең ол келешек ұрпаққа қалады. Сөйтіп бәріміз жақсы деген дүниелерімізді альбом етіп тапсырдық.

Кейін ол жауапсыз қалды. Содан жақында Алматыда тиіннің мүсіні пайда болды, оны шетелдіктер салыпты дегенді естіп намыстан өртеніп кете жаздадық. Шыны керек қатты таң қалдық. Оның үстіне «Рухани жаңғыру» деп жатырмыз, сонда бізді шетелдіктер келіп жаңғырта ма? Халқымыздың мәдениеті, дәстүрі мен өнерін өзіміз көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Еуропа немесе басқаға еліктеудің қажеті жоқ. Өзіміздің түпкі тамырымыздан, ата-бабамыздан келе жатқан мәдениетіміз жоқ емес, бар. Шетелден келетін туристерге де сол қызық. Сондықтан тарихымыздан, мәдениетімізден сыр шертетін дүниелердің көптеп бой көтергені дұрыс. Халық өз мүсіншілеріміздің дүниесін көрсе дейсің. Жоқ емес, арамызда таланттылар өте көп. Әркім өз бетінше жұмыс істеп жатыр, бастысы олардың қолтаңбасы өз менталитетімізге сай келеді.

- Сонда бұл байқау жайлы естімедіңіз бе?

- Жоқ. Қазір көптеген жобаларға байқау болып жатыр, алайда оны бізге емес шетелдіктерге береді. Ал шетелде біздің мүсіншілерді ондай жобаларға жолатпайды. Шетелдіктер көбінде өз елінде өткізе алмаған нашар заттарын бізге әкеп тықпалайды. Аяғы осындай дауға ұласады. Сондықтан жергілікті өнер адамдарына бет бұратын кез келді деп ойлаймын. Мәселен қазір «Қыз Жібек» жобасын жариялады. Ол мүсін Абай атындағы опера театрының алдына қойылады деді. Өткенде осыған қатысуға қала әкімдігіне өтініш беруге барып, кіре алмадық. Ондағылардың еш қайсысы оған кім жауапты екенін білмейді. Алайда хабарландыру беріп қойған. Олар негізі осы жоба бойынша суретшілер одағына өтінім беру керек болатын. Міне, біз сол жерге өз эскиздарымызды өткізіп, байқауға қатысуымыз керек еді.

Кейде бір апта қалғанда байқауды жариялап кеп жібереді, ол кезде жан-жағыңа қарап та үлгермейсің. Одан кейін көбі алдын ала келісілген болып шығады, сондай былықтар көбейіп кетті. Бұлайша біздің өнеріміз ешқашан өрлемейді. Қайда бара жатқанымызды өзіміз түсінбейміз.

- Сабаннан жасаған тиінге 23 млн теңге кетті деп жатыр ғой, бұл қаражатқа қанша мүсін жасауға болар еді?

- Ол қаражатқа сол сабаннан онын жасап берер едім. Ал қоладан жақсы 2 жұмыс қоюға болады әрі ол мәңгілікке қалар еді. Ол неткен сырапшылдық мен түсінбедім. Егер біз ұсыныспен шықсақ «ол неге қымбат» деп керісінше бізге төмен баға айтады. Ал шетелдіктерге айтқан бағасына келіседі. Жақында Астанада пленэр жасады, оған шетелдік суретшілермен қатар өзіміздікілер де қатысты. Сонда осы жағдай тағы қайталанды. Біздің суретшілерге аздаған тиын беріп алдап қойды, ал шетелдіктерге 2 мың доллардан ұстатты. Олардың суреттерінің алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бұл өзіміздің өнерді сыйламағандық, өзімізді төмендету. Мұндай шараны ұйымдастырған соң бәріне бірдей қарау керек. «Рухани жаңғыру» деген өзіміздікін көрсету, жоғымызды түгендеу ғой, бұл жерде неге сырттан адам шақырады, соны түсіне алмадым. Шетелдіктердің жұмысын әкеп қояды да соларды жарнамалайды келіп. Халық бізге қарағанда соларды жақсы таниды.

мусин 3.jpg

Жоғары жақтағылардың бүйрегі қашанда сыртқа бұрып тұрады. Қазір «қолда бар алтынның қадірі болмай тұр». Кейде жоғарыда намысты, патриоттық сезімі бар адамдар бар ма өзі дегендей көңілде күдік пайда болады. Өткенде интернетте қарап отырсам көпшілік «сонда өзіміздің суретші, мүсіншілер жоқ па» деп жатыр. Біздің жоқтығымыз, бұл біз үшін үлкен минус. Олар қайдан білсін бізді мұндай істерге араластырмай отырғанын. Неге сол жерге өзіміздің аққу, қаздарымызды қоймасқа, сол жердің көркін аша түсер еді ғой.

- Жергілікті мүсіншілерді халық жөнді танымайды дейсіз, расымен де суретшілерді көбінде көрмелерде ғана көреміз. Мүмкін дүниелеріңізді халыққа жеткізудің басқа әдістерін қолданып көру керек шығар?

- Шыны керек халық қазір көрмеге де келмейді, онда тек суретшілер ғана жүреді. Біздің елде халықтың сурет өнеріне деген көзқарасы басқаша. Кім біледі, мүмкін өзіміз де кінәлі шығармыз. Біз шоу жасап, өзімізді жарнамалауға жоқпыз. Қазір өз еңбегін көрсете алатындардың заманы болып тұр, егер жақсылап шоу жасасаң танымал боласың да шығасың. Біздің қолдан ондай келмейді, шеберханамызда жұмыс істеп, көрмелерге дайындалып жүре береміз. Артымнан із қалдырып, еліме жақсы бір дүние қалдырып кетсем деген түсінікпен жүреміз. Бұл біздің үлкен арманымыз.

- Кейде отандық мүсіншілердің де жұмысына қатысты дау туындап жатады. Жалпы елде бой көтеріп жатқан ескерткіштер жайлы не айтар едіңіз?

- Қазіргі мүсіндердің көбін кәсіби мамандар жасап жатқан жоқ. Бәрін қазір тендрге байлап қойды. Оны бір құрылыс компаниясы ұтып алады да мүсінді өздігінен жасап үйренген біреуді тауып, соған жасата салады. Кейде тамыр-таныс, келісім арқылы да жасалып жатады. Оған халықтың көңілі толмайды, аяғында бүкіл сөз бізге келеді.

Ондай болмас үшін бәрін ақылдасып жасау керек. Суретшілер одағы не үшін тұр, егер мүсін салынатын болса сол жерге хат жіберіліп, алдын ала айтылуы керек. Қай жерге қандай мүсін салынғалы жатыр сонымен таныстырып, бір-бірімен байланыса жұмыс істеу керек. Бізде бәрі керісінше, біз мүлдем жоқ адам сияқтымыз.

Жақсы мүсін жасау үшін бірнеше жылдар кетуі мүмкін. Оның композициясы, шынайылығы білініп тұруы керек. Қазір 1-2 айда мүсінді әзірлеп әкеп қоя салады. Қарасаң көптеген қарама-қайшылықтарға толы. Мүсін жасауда сақтайтын өз заңдылықтары көп, күннің шығысынан, батысына дейін бәрі есептеледі. Яғни, табиғатпен, тұрған орнымен байланысып тұру керек. Сондықтан ол көптеген ізденісті қажет етеді. Қазір оны көбі елей бермейді. Әйтеуір белгіленген уақытында әкеп қойса болғаны. Осылайша біздің мүсіндердің сапасы нашарлап кетті. Осыдан келіп мүсіншілерге деген сенімсіздік пайда болды ма деп ойлаймын. Өйткені жоғары жақтағылар шетелге қарай жүгіретін болды. Кеше әнші В.Цойға мүсін қойды, оны да Санк-Петербургтан жасатып әкелді.

Бұрын көрекемдік кеңес деген болатын. Ол жерде бәрі жан-жақты қаралатын. Дұрыс болмаса ескертулер жасалып, жетілдіруге жіберетін. Бірнеше ескертуден кейін де жетілмесе мүлдем алдырып тастайтын. Қазір эскизге ешкім қарамайды, өйткені көркемдік кеңес жоқ. Ол болмаған соң адамдар білгенін апарып қояды. Қателерінің бәрі айқайлап тұрады. Сондықтан мұндайға немқұрайлы қарамай, нағыз кәсіби мамандарға жүгінген жөн болар еді.

- Қазір қандай мүсін жасаудасыз, шығармашылығыңыз жайлы айта отырсаңыз?

- Қазір «Өмір ағашы» деген туындыны жасау үстіндемін. Елімізде жүрген шетелдіктер керісінше жергілікті мүсіншілерге көңіл бөліп, солардың арасында байқау жариялап жатыр. Шымкентте Santo фармацевтикалық компаниясы бар екен, солар өнер мен ғылымның байланысына қатысты байқау жариялаған. Соған осы жұмысты әзірлеу үстіндемін. Онда бәйтерек, Самұрық құсы, үлкен жүрек, даланың құйыны және бала көтеріп тұрған ана бар, мұның барлығы табиғаттың көрінісі.

Бұл компания хабарландыру беріп, байқауды ашық жариялады. 50-60 мүсінші қатысып жатқан бұл байқаудың бірінші туры Алматыда болады, одан өткендер Астанадағы кезеңге жолдама алады.

мусин 2.jpg

- Мынау тұрған Абай мен Михаэлистің мүсінінің Өскеменде шуға айналған ескерткішке қатысы бар ма?

- Иә, біраз жыл бұрын ол жақта осындай мүсін жасалып, халықтың ашу-ызасын келтірген болатын. Кейіннен қайта байқау жарияланып, облыс әкімі Даниял Ахметовтің өзі сол жобаға жетекшілік еткен еді. Сол кезде менің осы жұмысым байқауды ұтқан. Алайда соның маңайындағы сәулетшілер бар тағы басқасы бар, солармен тіл табыса алмай қалдым. Алматыдағы соған жауапты адам «мен кәсіпкермін, шеберханаңа баратын уақытым жоқ, жұмысыңды офисіме алып кел», деді. Бұл қолға іле салатын шағын зат емес, үлкен мүсін әрі оны орнынан қозғауға болмайды. Соны түсіндіріп едім, ол келіспеді. «Саған керек болмаса мен басқа мүсінші тауып аламын», деп өзінің өркөкіректігін танытты. Қайткенімен намысы бар адамбыз ғой, содан менде «егер сізге керек болмаса, өзімде тұрсын» дедім. Содан бері шеберханамда тұр. Келешекте толық аяқтаған соң мүмкін музейге өткізермін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әділет МҰСАХАЕВ

Baq.kz



Ұқсас тақырыптар