Сәуір айының басында жоғарғы қызметтегі шендінің қатысуымен болған жантүршігерлік жол апатына қатысты тың деректер пайда болды. 19 жастағы жігіттің өліміне сот Риддер қаласы әкімінің орынбасарын кінәлі деп тапқан болатын. Ол бір жылға бас бостандығынан айырылды. Ал апат кезінде сол көлікте отырған Өскемен әкімі қылмыстық іске тек куәгер ретінде қатысқан еді. Біздің арнаға апаттың мән-жайын бұл жолы жол-патрульдық полицияның бұрынғы қызметкері ашық айтып беруге келісім берді. Оқиғаның жай-жапсары келесі бейнематериалда.
Сымбат Қарақұлов 15 сәуірде болған қайғылы жайтты еш бүкпесіз айтуға дайын. Ол үшін басшылықтан қорықпайды. Өйткені, жұмысынан қуылған... Жоғарғы қызметтегі шендінің кесірінен болған жол апатын ол былай деп түсіндіреді.
«Апат болған жерге жақындағанымда, маған қарама-қарсы бағытта кезекші бөлім қызметкерлерінен келіп түскен деректерге сәйкес, BMW X5 көлігі келе жатты» - дейді Риддер қалалық жол-патрульдік полициясының бұрынғы инспекторы Сымбат Қарақұлов.
Мен оларды тоқтатпақ болып, артынан жүріп отырдым. Өйткені, бірнеше рет берілген белгіні ол елемеген еді».
Бірнеше минут өткен соң, жүргізуші ақыры көлігін тоқтатуға бекінген. Полиция қызметкерлері бастапқыда алдында тұрған Өскемен әкімі екенін бірден аңғара қоймаған. Айтуынша, мас жүргізуші қойылған сұраққа жауап бермек түгілі, құжатын да көрсетпепті. Ал жүргізушіге қатысты шара қолдануға келгенде, оқиға орнына шұғыл жеткен жергілікті ішкі істер бөлімінің басшысы кедергі келтірген.
«Тұмабаев осында болып, Риддер қалалық ішкі істер органдарының жетекшісі, полиция подполковнигі Бахтияров Абай Шнарұлымен сөйлесті. Мен оны бұл жерден алып кете алмаймын ғой» - дейді Риддер қалалық жол-патрульдік полициясының бұрынғы инспекторы Сымбат Қарақұлов.
Алайда, апаттан кейінгі келесі күні өткізілген брифингте Қуат Тұмабаев туралы бір де бір сөз айтылмаған.
Полицейдің атуынша, Тұмабаевтың көлікте болғанын жоққа шығару туралы жоғарыдан тапсырма түскен. Ал кеудесіндегі бейнетіркегішке жазылған жазбаны есепке алмай, өзгеше айғақ беруін атап көрсеткен.
«Құрманбаевтың жалғыз болғанына куәгерлік етуім керектігі туралы тапсырма түсті. Біз тек айтқанды ғана орындаймыз. Ал ол жоғары шенді болғандықтан, Риддер қалалық Ішкі істер органының жетекшісі аталған материал бойынша оның атын атамауды шешкен» - дейді Риддер қалалық жол-патрульдік полициясының бұрынғы инспекторы Сымбат Қарақұлов.
Дегенмен, сот материалдары Тұмабаевтың жол апаты кезінде көлікте болғанын айғақтап отыр. Ал оқиға орнынан ізін суытқанын сол маңда кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігін қуып жетуімен байланыстырған. Алайда, экс полицей ол маңда жедел жәрдем көлігінің өткенін жоққа шығарады.
Алайда, полицейлер нұсқасы тек хаттама күйінде қалған. Ал ресми түрде керісінше өздеріне кінә тағылған. Яғни, аталған жол-көлік оқиғасын тіркеу кезінде қателік жіберген-міс.
«Осы апаттың алдын алмағаным үшін мені жазалады. Ал 2018 жылдың сегізінші маусымындағы тәртіптік комиссияның шешімімен бір апта өткенде мені Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарды. Бұған Тұмабаевтың жауапкершіліктен қашуы түрткі болған деп көрсетілген. Бірақ, оның рас-өтірігін ешкім анықтаған жоқ» - дейді Риддер қалалық жол-патрульдік полициясының бұрынғы инспекторы Сымбат Қарақұлов.
Сымбат Қарақұлов Ішкі істер саласына 23 жылын арнаған. Айтуынша, зейнетке шығуына алты ай ғана уақыт қалыпты. Бірақ, полиция бөлімшесіне енді кіре алмайды. Әріптестері мән-жайды білгенімен, шындықты айтуға жасқанатын көрінеді. Сондықтан жалғыз өзі әділдік іздеп, тиісті мекемелерге шағымдана бермек.