«Қазақфильмнің» жерін неге тартып алып жатыр?

2.jpg

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының 5 гектар жерін Алматы қаласы әкімдігі мәжбүрлі түрде алып қоймақ. «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз орталығы таратқан мәліметке сүйенсек, сол жерге әкімшілік келешекте Ethnoland  ұлттық-мәдени кешенін салуды жоспарлап отыр.

«Алматы қалалық жер қатынастары басқармасы» МКМ мен Алматы қаласы әкімдігі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі 5,5482 гектар жерін Ethnoland  ұлттық-мәдени кешенін салу үшін мәжбүрлі түрде алып қоймақ. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұжымы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің «Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарудың жалпы ережелері мен принциптері» атты 84-бабының 2-тармақшасындағы «Автомобиль және темір жолдардың құрылысы (реконструкциясы), әуежайлар, әуеайлақтар, аэронавигация объектілерінің және авиатехникалық орталықтардың, теміржол көлігі объектілерінің, көпірлердің, метрополитендердің, тоннельдердің, энергетика жүйелері мен электр тарату желілері, байланыс желілері объектілерінің, ғарыш қызметін қамтамасыз ететін объектілердің, магистральдық құбырлардың, инженерлік-коммуникациялық желілердің, стратегиялық объектілерге жататын мұнай өңдеу өндірісі объектілерінің, концессиялық жобаларды іске асыру, елді мекендердің ортақ пайдалануындағы объектілердің құрылысы (реконструкциясы)» үшін жерді мәжбүрлеп алу бабымен келіспейді.

Себебі, «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі 5,5482 гектар аумақ киностудияға 2010 жылы 50 жылға жалға берілген. Яғни, бөліп, жеке сатуға болмайды. Сондықтан Жер кодексінің талаптары қатаң бұзылып отыр. Бұл аумақтағы «Қазақ хандығы» телехикаясының декорациясын Қазақстан мен қатар шетелдік киностудиялар үнемі пайдаланып келеді. Сондай-ақ, «Томирис» («Қазақфильм» мен «Сатайфильмнің» біріккен кинокартинасының бас директоры – Әлия Назарбаева, режиссері –  Ақан Сатаев) тарихи фильмінің түсіру алаңы орналасқан. Сонымен қатар  «Елбасы» жолы» («Путь лидера») және тағы басқа кинокартиналардың декорациясы орналасқан. Бес гектар аумақта Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен фильмдер түсіріледі» деді баспасөз қызметіндегілер.

 Майра БАҚЫТ

Айқын газеті



Ұқсас тақырыптар