Жамбылдан келген қарбыздан зиянкестер шықты

3.jpg

Астаналық инспекторлар Жамбыл облысынан келген қарбыздан қауын шыбынын тапты. Бүгін аталған өнімді арнайы әдіспен жою шаралары атқарылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Сымбат Қалиасқаровтың айтуынша, бір партияда 10 тонна болды. Соның ішінде 150 келіге жуық қарбыздан «қауын шыбыны» деген зиянкестер шықты.

«Біз оның бәрін тәркілеп алдық. Аталған факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылық актісі рәсімделді. Енді, қарбыздың иесі 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 48 100 теңге көлемінде айыппұл төлейді», - дейді С.Қалиасқаров.

Маманның сөзіне қарағанда, қауын шыбыны асқабақ тұқымдас өнімдер - қарбыз, қауын мен қиярға жиі түседі. Ондайда сары шыбындар піспей тұрған қарбызға құрт салып кетеді. «Қарбыздың сыртында қызыл-қоңыр іздер пайда болады. Содан құрттың түскенін білуге болады. Ондайды көрсеңіз бірден өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік инспекторларға арыздану қажет. Олар сол жерде жүреді, немесе шағым түсіруге болады. Негізі, оның адам денсаулығына зияны жоқ. Дегенмен, басқа асқабақ тұқымдас өнімдерге тарап кетсе, бәрін құртып жібереді», - деп атап көрсетті С.Қалиасқаров.

Айта кетейік, биыл қауын шыбыны Астанада алғаш рет анықталып отыр. Инспекторлар қарбыздың бәрін арнайы әдіспен көміп тастады. «Жақында тағы анықталды. Соттың шешімі шыққаннан кейін оны да дәл осылай көміп тастаймыз», - дейді С.Қалиасқаров.



Ұқсас тақырыптар