Қазақстандықтардың есепшотындағы қаржысын ұрлаған РФ азаматы ұсталды

1.jpg

Өзі арнайы компьютерлік бағдарлама құрып, соның көмегімен Қазақстан тұрғындарының түрлі банктердері есепшоттарындағы қаржысын қолды қылған Ресей азаматы ұсталды. Алдан-ала есеп бойынша баукеспе монитор алдында отырып 5 миллион теңгені жымқырған, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Ресей Федерациясының азаматын Петропавл полицейлері қолға түсірді. Күдікті Солтүстік Қазақстанда тұратын ата-анасының үйіне қонаққа келген. Алаяқ арнайы компьютерлік бағдарлама ойлап тапқан. Оның көмегімен Интернет арқылы өзгелердің есепшотындағы қаржыны өзінің және туыстарының шотына аударып отырған.

«Бағдарламаны өзім жасап шығардым. Оның көмегімен кез-келген банктегі кез келген есепшотта жатқан ашқаны басқаруға болады. Банктердегі есепшоттардың осал тұстары көп. Мен бар болғаы соны пайдаландым», - дейді күдікті.

Күдіктінің ата-анасының үйін тінту кезінде ноутбук тәркіленген. Техника заттық айғақ ретінде арнайы сараптамаға жөнелтілді.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190 және 188 баптары «Алаяқтық» және «Ұрлық» фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазір оның Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында тіркелген осы сынды қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталып жатыр», - дейді Петропавл қалалық ІІБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асан Мейрамов.

Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.



Ұқсас тақырыптар