52 өзбек азаматының тірідей жанып кеткеніне туыстары сенбейді

5.jpg

Ақтөбеде 52 өзбек азаматы жанып кеткен автобус оқиғасына қатысты бүгін сот отырысы басталды. Өзбекстаннан марқұмдардың туыстары келген. Олар балаларының тірі екеніне сенімді. Мемлекеттік айыптаушы Осман Орынбасарұлы айыптау актісін оқыды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына автобус жүргізушілері Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов пен Нұржан Қырғызбаев күзетпен жеткізілді. Оған қоса, жанып кеткен автобус тиесілі «АзияТранзитСервис» ЖШС құрылтайшысы Нұрлыбек Тілепбаев пен механик Бахадүр Пердебаев та қатысты. Мемлекеттік айыптаушы Осман Орынбасарұлы Өзбекстан азаматтарының автобус ішінде түтінге уланғанын, карбоксигемоглобиннен көз жұмғанын мәлімдеді. Сот-биологиялық сараптама қорытындысы жарияланды. Қылмыстық істі тергеу барысында автобустың техникалық байқаудан өтпегені, сондай-ақ, қозғалтқышының ауыстырылғаны анықталды. Ал, механик Бахадүр Пердебаев көліктің жолға шығуына рұқсат берген. Прокурор айыпталуышлардың айыпталу баптарын оқыды. Алайда, олар кінәларын мойындамады.

«Ресейдің Казан қаласына бет алған автобустың техникалық паспорты талапқа сай келмесе де механик Бахадүр Пердебаев оған назар аудармаған. Ал автобус жүргізушілері Мақсат Пернебеков және Барат Таңатов халықаралық сапарға шығуға рұқсат алып, Нұржан Қырғызбаевты ертіп алады. Ол 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылған. «АзияТранзитСервис» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұрлыбек Тілепбаевқа Қылмыстық кодекстің «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу», «Мiндеттерiне адал қарамау», «Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару» баптары бойынша айып тағылды. Ал механик Бахадүр Пердебаев «Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару» бабы бойынша айыпталады. Ал, көлік жүргізушілері Барат Таңатов, Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу», «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» баптары бойынша қылмыс жасаған», - деді мемлекеттік айыптаушы Осман Орынбасарұлы.

Сот отырысына үш жүргізушінің де туыстары келген. Сондай-ақ, Өзбекстаннан марқұм болғандардың жақындары да жетті. 11 адамның барлығы Ферғана облысының Ташлак ауданынан. Ташкенттен Ақтөбеге автобуспен жеткен. Араларында екі баласынан айырылғандар да бар. Олар ұлдарының тірі екендеріне сенімді. Сот отырысы мемлекеттік тілде жүргізілгендіктен өзбек азаматтары судья Серік Махамбетовтен аудармашы сұрады.

4.jpg

«Алыстан өте көп қиындықпен жеттік. Сондықтан, сізді толық түсінсек дейміз. Біз сізді мүлдем түсініп отырған жоқпыз. Аудармашы керек. Біз үлкен үмітпен келдік. Балаларымыз тірі секілді. Олар өлген жоқ. Біз қорғаушы жалдамадық. Қорғаушымыз - Аллаһ. Себебі, оқиғаға тек Аллаһ пен мына жүргізушілер ғана куә. 11 адам болып келдік. Барлығы баласынан айырылғандар. Бір әйел екі ұлынан айырылды. Ал, менің ұлым мен немерем кетті. Сізге өтінішім бар. Немеремнің телефоны әлі жұмыс жасап тұр. Бүгінге дейін сөнген емес. Жауап бермейді. Соны тыңдасаңыздар»,-деді Юлдузхон Ғаниева.

Қамаудағы жүргізушілердің үшеуі де Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының тумасы. Бұрын сотталмаған. Алдының 8 баласы бар. Ал Нұрлыбек Тілепбаев пен Бахадүр Пердебаев Шымкент қаласындағы "Оңтүстік Тұлпар" ЖШС-інде жұмыс істейді. Бұрын істі болмаған. Жүргізушілердің туыстары Оңтүстік Қазақстаннан келген. Олар жақындарын кінәсіз деп есептейді. Мақсат Пернебековтің анасы мен әкесі келген. Ал Барат Таңатовтың әйелі жолдасына қорғаушы болғысы келетінін айтып, оның қорғаушысы судьядан рұқсат сұрады.

«Ол жақтан да кешірім сұраймын. Мен ауырып жүрсем де алыстан келдім. Ұлымның 3 баласы бар. Судья әділ шешім шығарады деп ойлаймын»,-деді Мақсат Пернебековтің анасы Қатира Жолболдиева.

«Інімді көргенде жылады. Алланың да, адамның да алдында ақпын дейді. Ұйықтап жатқандықтан ештеңе көрмеген. Автобус өртенген кезде соңынан шыққан екен інім. Қолдары күйген. 3 секундта шығып үлгердім деп отыр»,-деді М. Пернебековтың әпкесі Нұршат Пернебекова.

Қос тарап та соттың әділ өтетініне сенімді. Өзбекстаннан келгендер сот отырысы толық аяқталғанша қалада боламыз деп отыр. Өз қалталарынан қаржы шығарып келіпті. Әзірге пәтер жалдаған. Олар марқұмдарды елдеріне жеткізгенде мәйіттерін де көрсетпегенін айтады.

«Мәйіттерден ДНК сынамасын алынған әрбіреуінен, бірақ, нәтижесін көрсетпеді. Тіпті, жерлеу алдында мәйіттерді де көрсетпеді. Сондықтан, оларды өлді дегенге сенбейміз»,- дейді марқұмның туыстары.

Естеріңізге салайық, автобус апатына қатысты сот отырысы Ырғыз ауданынан облыс орталығына ауыстырылған болатын. Жантүршікгерлік өрт 18-қаңтарда Ырғыз ауданының Қалыбай ауылына жақын жерде "Самара-Шымкент" тас жолының бойында болды. Сарыағаштан Қазан қаласына бет алған 52 Өзбекстан азаматы көліктен шыға алмай жанып кетті. Бес адам тірі қалды. Үшеуі жүргізуші. Екеуі өзбекстандық.



Ұқсас тақырыптар