Жылқы индустриясына жылы қабақ танытатын кез жеткен жоқ па?

жылкы.jpg

Фото: Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ

Қазақ – жылқы малын жеті қазынаның бірі санап, оны аса қастер тұтқан халық. Алайда сол Құлагеріміздің тұқымдары қайда? Одан әрідегі Алпамыс, Қобыланды секілді алыптарымыз мінген шабысы мықты жылқыларымыздың тұқымдары бар ма? Неге біз олардың тұқымын алып, текті қанды жылқыларды одан әрі асылдандырып, жетілдіріп отырмаймыз? Жалпы, елімізде жылқы индустриясына қаншалықты көңіл бөлініп отыр?

Өкініштісі сол, бүгінде түркіменнің ақалтекесіне ұқсаған таза қазақы қанды әрі әлемге әйгілі арғымақтарымыз жоқтың қасы. Есесіне, ауқатты атбегілеріміз ағылшынның не болмаса түркіменнің жылқыларына құмар болып барады. Қазіргі таңда Қазақстанда жылқы өсіретін 15-20 ферма бар болса, оның басым көбі араб және ағылшын жылқыларын ұстайды екен. Осы саланың мамандарының айтуынша, елімізде жылқы индустриясын дамытуда мемлекет тарапынан ешқандай көмек берілмей отырған көрінеді.

Нұрлан ТІЛЕУЛЕСОВ, «Ажар» ат спорттық клубының президенті:

– Өкінішке қарай, жеті қазынаның бірі саналатын жылқыларымызға мемлекет тарапынан оң көзқарас болмай тұр. Қазақстанда қазір, сенесіз бе, арғымақтарды жарыстыратын мемлекеттік деңгейдегі ипподром жоқ. Өзім кезінде басқарған Алматы ипподромы жабылып қалды. Өстіп отырып аттың құлағында ойнағанбыз деп қалай айтамыз? Ал жылқы жөнінен осы уақытқа дейін аты шықпаған Швецияда 29 ипподром бар. Францияда – 234, түрікмендердің Ашхабат қаласында әлемдік деңгейдегі үш ипподром салынған. Түрікменстанда ақалтеке жылқысына мемлекет тарапынан қолдау күшті. Онда жылда дәстүрлі түрде Жылқы мерекесі тойланады. Тіпті онда Жылқы министрлігіне дейін бар. Олар ақалтекені ұлттың мақтанышы ретінде санайды. Ал біздегі жағдайды алып қарайтын болсақ, тіптен жылағың келеді. Сондықтан қазақ жылқысын асылдандыру үшін мемлекет тарапынан көмек берілсе екен. Жылқы тұқы-мын асылдандырамын деген әр шаруашылыққа түрлі жеңілдіктер жасалынса, бұл мәселені шешуге болады. Егер біз ел болып бірігіп, осы салаға көңіл аудармасақ, қазақы жүйрік қайдан шығады?

Біле білген адамға ат спорты тек қалталылардың еріккенде жасайтын ермегі емес, бұл экономиканы дамытудың бір саласы болып табылады. Н.Тілеулесовтің айтуынша, АҚШ тек жылқы индустриясынан жылына 20 миллиард доллар пайда табады екен. Ешқандай жылқыға қатысы жоқ Польша да араб жылқысын асылдандыру арқылы өз қазынасына 30-35 миллион доллар пайда түсіріп отырған көрінеді. Оларда үкіметке қарасты зауыттан араб жылқысын сатып алу үшін міндетті түрде премьер-министрдің рұқсаты керек екен. Онсыз ала алмайсыз. Тіпті құлын сатып алсаңыз да, үкімет басшысының рұқсатын алуыңыз қажет. Ондағы асылтұ-қымды әрбір жылқының құны 100 мың мен 500 мың евроның айналасында тұрады. Бұл Польша экономикасының көтерілуіне айтарлықтай көмек болуда. Сонымен қатар Түркия елінің Жокей клубы жылына 400 миллион доллар пайда түсіреді екен. Аталмыш клуб кез келген жылқы ұстаймын деген түрікке көмектесетін көрінеді. Себебі онда клубтың жанында үлкен-үлкен жылқы зауыттары салынған. Егер жылқы ұстаймын десеңіз, оны сол жерден сатып аласыз, ал сырттан әкелсеңіз, сонда қосып қоясыз. Біздегі секілді қалада тұрып, «жылқыны қайда ұстаймын, қай туысымның үйіне қоямын, жемшөпті қайдан аламын, оған айғырды қалай қосамын?» деп басыңыз қатпайды. Онда тек ақшасын төлесеңіз болды, жылқыңызға барлық жағдайды өздері жасайды екен. Жылқы тұратын бөлменің іші заманауи қондырғылармен жабдықталған. Желдеткішінен бастап, ауа тазартқышына дейін жұмыс істеп тұрады. Биеңізді айғырға қосқыңыз келсе, онда арнайы каталог бар, қандай айғыр, оның ұрығының бағасы қанша екендігіне дейін жазылып қойылған. Қаржысын төлейсіз де, құлын аласыз. 

Біз неге осыны жасай алмаймыз? Әлде қазақтың қолынан жылқы өсіру келмей ме? Келеді-ау, бірақ соған құлық жоқ. Егер қазақ жылқысын дамытамын деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болса, онда қосымша жұмыс орындары ашылып, қазақы дәстүріміз қайта жаңғырар еді. Сондай-ақ жүген өру, ер-тоқым жасау, тіпті шабандоздардың киімдеріне дейін тігетін шағын цехтар ашылып, ел экономикасының көтерілуіне септігі тиер еді. Сондықтан еліміздің эконо-микасы дамып жатқан кезде жылқы индустриясына көңіл бөліп, ата-баба дәстүрін жаңғыртуға қолдау көрсетуіміз қажет.

Жарқын ІЛИЯС, атбегі:

– Шыны керек, қазақы жылқының қадір-қасиетіне әлі жете алмай отыр-мыз. Егер біз өзіміздің жылқыларымызды асылдандырып, жетілдіретін болсақ, онда арабтың да, ағылшынның да, түрікменнің де тұлпарлары біздің арғымақтарымыздың қасында шаң қауып қалар еді. Өйткені қазақтың жылқылары төзімді келеді. Ал түркімендердің, ағылшындардың жылқылары өте нәзік, әлсіз болады. Қазақы жылқылар алақанда ұстап, бағып-қағуды міндет етпейді, қыста тебіндеп, өз қорегін өзі тапқан. Ал араб, ағылшындардың жылқыларын бала секілді күтіп-баптамасаң, мұндайға шыдай алмайды. Себебі олар бір торда туып-өсіп, жасанды, қолдан ұрықтандырылғаннан кейін төзімділігі жоғалады. Ал қазақы жылқылардың төзімділігі берік әрі ұзаққа шабады. 

Серік АНАРБАЙҰЛЫ, 

mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар