Шымкентте дәрігерден таяқ жедім деген емделуші көкбауырынан айырылып тынды

4.jpg

Шымкентте дәрігерден таяқ жедім деген пациент көкбауырынан айырылып тынды. Ауыр халде ауруханаға түскен емделушіге  шұғыл ота жасалған. Сөйтіп, бір ажалдан аман алып қалыпты. Қазір, науқастың туыстары ақ халаттының үстінен полицияға шағым түсірген. Ал, тәртіп сақшылары болса, тексеру амалдарын бастап кетті. Оқиға қалай болған? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Есірткіге тәуелді болған Игорь Радушевті полицейлер 10-шы қыркүйекте наркологиялық орталыққа әкеп жатқызыпты. 35 жастағы жігіт осында екі күн тұрақты ем қабылдаған. Оқыс оқииға болған күні орталықтың бөлім басшысы міндетін атқарып жүрген дәрігер маған керуетте емес, жерге төсек салып жатуымды әмір етіті дейді ол. Ал, оның орнына басқа науқасты орналастырмақшы болғанға ұқсайды. Айтқанына көнбеген соң, соққыға жығыпты. 

«Ең алдымен, басымнан соққы алдым. Арқамнан ұрды. Көкірек тұсымнан төпеледі. Шыдай алмай, еңкейіп, отырып қалдым. Содан, екі сағаттай жедел жәрдем шақырта алмай  жаттым» - дейді шағымданушы Игорь Радушев.

Орталықтағы жағдайды естіген анасы алып ұшып, ұлының жанына келіпті. Мұнда оның тағы екінші баласы да ем қабылдайды екен. Оқыс оқиғаны содан естіген. Келісімен, жедел жәрдем шақырта алмай әуреге түстік. Тек, полицейлердің араласуымен әрең келтірдік дейді ол. Ауруханаға апарғаны сол екен бірден ота жасапты. Сөйтіп, көкбауырын алып тастаған. 

«Ұлымның дәрігерден таяқ жегенін оның жанында жатқандар айтып берді. Кейін, әлгі дәрігер мен ұрғаным жоқ, санитарлар күш көрсетті деді. Әрине, дәрігерден олар аяқ тартады. Сондықтан мен, баламның денесіне зиян келтірген адамды жауапқа тартқым келеді» - дейді шағымданушының анасы Любовь Тюрина.

Осы күні наркологиялық орталықта тексеру жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары шағымданушының арызы негізінде куәгерлерден бастап, әлгі дәрігерге дейін түсінік алып жатыр. Оның қорытындысы бойынша, заңды шешім қабылданады. Бірақ, орталық жетекшілері болса, қарамағындағы қызметкерді судан ақ, сүттен таза деп отыр. Игорь Радушевті дәрігер емес, жанында жатқан науқастар жабылып ұрғанын айтуда. Алайда, сол көріністің барлығы нене екені белгісіз айнала толы бейнекамераға түспей қалған. 

«Қызметтік тексеру кезінде дәрігерлер мен медбикелерден, науқастардан және бөлім меңгерушісінің өзінен мәлімет жинадық. Бөлім меңгерушісі бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін айтып  отыр. Одан арғы жағын енді полицейлер анықтайды» - дейді облыстық наркологиялық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Болат Медетов.

Қазір, жәбірленуші жігіт қалалық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап отыр. Денсаулығы бірқалыпты. Біртіндеп сауығып келеді. Ал, анасы болса, әзірдің өзінде Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Ішкі істер органына шағым түсіріп үлгеріпті.  Кінәлілер тиісті жазасын алсын дейді.



Ұқсас тақырыптар