«Солтүстікті игеру» бағдарламасы керек

Ұлттық статистика агенттігі сайтының 2018 жылдың қыркүйек айына дейінгі есебі бойынша, еліміздегі халық саны 18 329800-ге (он сегіз миллион үш жүз жиырма тоғыз мың сегіз жүз) адамға жеткен. Алғашқы жарты жылдық ішкі көші-қон статистикасына сүйенсек, 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығымен салыстырғанда 24 пайызға азайған. Ішкі көші-қон төрт өңірге: Алматы мен Астана қаласына және Маңғыстау және Ақмола облыстарына тиесілі болып отыр. Әрине, бұл облыс орталықтарына яки ірі қалаларға қоныс аударушылардың нақты мәліметі деуге ертерек. Ауылдан қалаға көшу процесі әлі тоқтаған жоқ.

 c74d97b01eae257e44aa9d5bade97baf-1.jpg

Алматы мен Астана

Алматы және Астана қалаларының халық саны соңғы 20 жылда еселеп өсті деуге болады. Бұған бірнеше себеп бар. Ресми дерек көздері Алматының халық саны 2018 жылдың басында 1776 650  мың адамға жеткенін мәлімдеді, ал осы қалаға сырттан келіп жұмыс істейтін, қалаға тіркелмеген халық 1 миллионнан көп екені жиі айтылады. Еліміздің бұрынғы астанасы – Алматы қаласына қоныс аудару үдерісі 1990 жылдардың басынан бері тоқтаған емес. Алматы шағын және жеңіл өнекәсібі дамыған қала болғандықтан да, бұл қалаға әртүрлі себеппен көшіп келуге ынталы топ өкілдері мол.

Алматы – білім іздеушілердің қаласы. Еліміз студенттерінің 70 пайызы осы қалада тұрады. Университеттер мен колледждердің саны мол әрі білім сапасы жоғары бірігей оқу орталықтары орналасқандықтан, жастардың дені осы қалада оқиды әрі осында қалып қоюды көздейді.

Сарапшылардың айтуынша, Алматыны халық өмір сүруге қолайлы мүмкіндік орталығы деп санайды. Жұмыс іздеушілер, өзінің орнын тапқысы келетін жастар, жеңіл өнеркәсіптен нәпақа іздеген сала мамандары, елішілік және халықаралық сауда орталықтарында жұмыс істеп, бизнес саласында қызмет ететін өзге өңір тұрғындары – бәрі де осы Алматы қаласында тұрақтап қалуды көздейді. Осы және өзге де факторлар негізінде Алматы қаласының халық саны жыл санап өсіп келеді.

Астана қаласы елорда болғандықтан да халық санының артуы заңды құбылыс. 1997 жылы қала тұрғыны 275100 адам болса, 2018 жылдың тамызына дейін 1 миллион 40 мың адамнан асқан. 20 жылдың ішінде 5 есе көбейгені белгілі болып отыр.

Маңғыстау облысының жан саны шетелдегі этникалық қазақтардың есебінен молайса, Ақмола облысының халқы Астана маңындағы елдімекендерге көшіп барушылардың есебімен толықты деуге болады.

Егер осы есеппн қарасақ, өзге облыс орталықтарындағы халық санының артуын да байқаймыз. Шымкент қаласының тұрғын саны 1 миллионнан асқан соң, жеке статусты қалаға айналды.

Оңтүстік халқы өсу үстінде

Тәуелсіздік кезеңіндегі көрсеткіштерге көз салсақ, еліміздің Оңтүстік өңірлерінде халық саны көбейсе, керісінше Солтүстік аймақтарда халық саны едәуір азайған. Айталық, СҚО-да 2004-2014 жылдар аралығында 100 мың адамға азайғаны ресми деректерде көрсетілген.

Түркістан облысы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, Маңғыстау облыстарында бала туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда шамамен 24-26 баладан тура келсе, Солтүстік өңірлерде 13-15 бала мөлшерінде қалып отыр. Осы мысалдан-ақ Оңтүстік өңір халқының өсу барысы байқалса керек. Дегенмен, бұл облыстарда халық санының артуына мұнан басқа да факторлар түрткі болып отыр.

Философия ғылымдарының докторы, профессор, әлеуметтанушы Раушанбек Әбсаттаров Оңтүстік өңірлерде халық санының артуына ауарайының қолайлылығы және елдегі магистралды жолдардың, шағын және орта бизнестің дамуы себеп деп біледі. Ол Солтүстіктің халық санын арттыру - мемлекеттік аса маңызды саясат болу керек деп санайды.

– Солтүстік аймақтарда жыл санап халық саны азайып бара жатыр деп дабыл қағушылар көп. Мұның басты себебі неде деп ойлайсыз?

– Ең негізгі себебі, сол өңірлердегі славян текті және өзге де ұлыс өкілдерінің өзінің түп мекендеріне – Ресей, Белоруссия, Украина, Грмания, тағы басқа елдерге көшуінде болып отыр. Бұл үдеріс сонау 1990 жылдардан басталған. Тіпті, сол кезде СҚО, Павлодар, Қостанай облыстарындағы кейбір ауылдар түгелге жуық көшіп кеткен. Бұрын 100 немесе 200 отбасы бар ауылдарда, бүгіндері 20-30 отбасы ғана қалған. Мектептер жабылған яки жабылу алдында тұр. Жол, құрылыс нысандары жаңармаған. Негізгі себеп осы деп ойлаймын. Қазақстаннан алыс-жақын шетелдерге ағыла көшуді мына статистикадан анық аңғаруға болады. 1989 жылғы халық санағы бойынша еліміздің жан саны 16 миллион 199 мың 200 адам делінсе, 1999 жылғы санақта 12 миллион 461 мың адамға азайған. 10 жыл бойы өспеген, 4 миллионға жуық адамға кеміген. Бұл статистика жаға ұстатарлық жағдай еді. Шетелге көшу процесі әлі тоқтаған жоқ. Қазір 18 миллионға жеттік. Демек, біз жедел өсу үстіндегі елміз. Демографиялық жағдайымызға сүйсінуімізге болады. Соңғы 19 жылда 5 миллионнан артық адамға өскенбіз. Бұл демографиялық саясатымыздың оңды бағытта екенін көрсетеді. 

Бұдан сырт, Солтүстік аймақтарда ішкі көші-қон процесі едәуір жүрді деуге болады. Облыс орталықтарына, шағын қалаларға, алыс аймақтарға, Алматы мен Астанаға қоныстанушылар да бар. Көпшілігі жұмыс іздеп, жан бағу қамымен көшті.


 13867-6-ucheniki_gordyatsya_sv_ru.jpg

Раушанбек Әбсаттаров

Солтүстікте шағын қалаларды дамыту керек

– Соңғы кездері Оңтүстік халқын Солтүстікке көшіру бағдарламасы қолға алына бастады. Бұл бағдарламаның болашағы бар ма? Оны қарқынды жүзеге асырудың қандай механизмін ұсынар едіңіз?

– Бұл бағдарлама кеш болса да оңды оймен қолға алынған жақсы бастама. Солтүстікке көшіру бағдарламасын шолып шықтым. Өткен жылы 288 отбасын көшіру жоспарланғанымен, 248 отбасы қоныс аударыпты. Бұл, әрине, мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылғаны. Өз еркімен көшіп барғандары тағы бар болуы мүмкін. Меніңше, идея дұрыс болғанымен, іске асыру тетігі оңтайлы емес секілді. Көшіп барғандарға бір жолғы көмек қаражаты жан басына 80 мың теңге екен, үй жалдап тұруға бір жылдық көмек қаржысы тағы бар. Солтүстікте босап қалған ауылдар көп. Оларға егіндік және жайылымдық жерлер тегін беріледі. Игере алса көп жер алуға болады. Ауылда 20-30 түтін болса, онда мктеп, аурухана болуы екіталай. Ондай ауылға көшіп баруды құп көретін халық аз. Әр отбасынан кемі бір адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Егер ол отбасында кемі бір адамның қажетті мамандығы (дипломы) болса, ол жұмысқа орналасады. Осы жерде тағы бір шикілік бар. Оның айлығы қалай болады? Менің білуімше, ауылдық жерлерде жалақы 20-30 мыңнан аспайды. Ондай айлықты оңтүстіктен де табуға болады. «Екі қолға – бір күрек» демей ме?

Сондықтан, бұл жағдайды қайта қарастырған жөн. Жеке ұсынысым бар.

– Қандай?

– Солтүстік өлкелердің әр облысынан екі шағын қаланы таңдап алып, өндірістік аймақ құрып, соған көшіру керек. Бұл кешенді жоспармен жүзеге асқаны жөн. Мұндай ой айтылғанымен, нақты іске асып жатқанын, оның жүйелі бағдарламасын көрмедім. Президенттің тапсырмасымен шағын қалаларды дамыту бағдарламасы қолға алынып еді ғой. Сол бағдарлама бірер жылда аяқталды ма, әлде ұмыт қалды ма, білмедім. Соны Солтүстіктегі өңірлерге лайықтап, қайта жоспарын жасап, мемлекеттік деңгейде қолға алу керек. Солтүстікте түсті металл мен тау-кен өндірісі дамыған. Шикізаты мол. Көптеген зауыт-фабрикалар салуға болады.

Кеңес одағы «Тың игеру» жылдары миллиондаған халықты Қазақстанға ағылтқан жоқ па. Біз «Солтүстікті игеру» деген мемлекеттік ұзақ мерзімді бағдарлама ашып, ауыл-шаруашылық жерлерін толықтай игерудің, одан шыққан өнімді сол жерде өңдеудің нақты механизмін жасасақ құба-құп. Азық-түлік, астық өнімдеріне әлемде сұраныс артпаса, кемімейді. Қазақстанның Солтүстік аймақтары – дәнді дақылдардың орталығы. Бұл өлкелерде ауыл-шаруашылық және мал шаруашылық кластерін қазіргіден он есе арттыруға толық мүмкіндік бар. Қытай – азық-түлік және астық өнімдеріне қолайлы үлкен нарық. Біз неге көрші елдің осы мүмкіндігін орайлы пайдаланбаймыз? Мұны алып компаниялардың шексіз пайда табу, дайын астықты сату құралына емес, мыңдаған халықтың күнкөрісіне айналдыра алсақ, болашақта Солтүстіктегі өлкелердің жалпыхалықтық деңгейде ауқаты артады. Астық экспорты қазірдің өзінде мардымсыз жүріп жатыр. Қытай тарапы дәнді дақылдарымызға қаншалықты қызыққанымен, біздегі бьюрократия оған жол берер емес. Қытайға астығын қарапайым және орта шаруа қожалықтары сата алатын мықты механизм жасасақ жақсы болар еді.

Солтүстікті игеру – ұран емес, істің, нақты жұмыстың нәтижесі болуы керек.

Өңірлердің сұранысын зерттеу пайдалы

– Бұл ұсыныстарыңыз дәл қазіріг уақытта іске асуы қиын секілді. Бүгінгі күні көшіп барғандар мен көшіп барғысы келетіндерге қандай жағдай жасалғаны дұрыс?

– Ол өңірлерге негізінен жағдайы орташа, тұрақты жұмысы яки баспанасы жоқ отбасылар көшіп жатыр деуге негіз бар. Менің білуімше, көп бөлігі ауыл тұрғындары. Оларға қазіргі күні басты шешуге тиіс дүние баспана мәселесі. Солтүстікте ауылды жерлерде баспана арзан. Оларды инфрақұрылымы қираған, болашағы бұлыңғы ауылдарға емес, аудан орталықтарына жақын, мүмкін болса өз сұраныстарына сай елдімекендерге орналастыруды назардан шығармаған жөн. Жергілікті билік мұны біз айтпасақ та істеп жатқан шығар деп үміттенемін.

Солтүстік өңірлерінде көкөніске сұраныс жоғары. Көшіп барғандарды барамыз деді екен деп сүйрей жөнелмей, қайта оқыту бағдарламасымен оқытып, қандай мамандық қажет екенін түсіндіріп, дайындықпен көшуге үгіттеу керек. Айталық, Оңтүстікте, әсіресе Түркістан облысында жылыжай салу жағы жақсы дамыған. Сарыағаш жақта халық аулаларына жылыжай салып, сонымен отбасын асырап отыр. Осыны Солтүстікте жергілікті жердің климатына сай іске асыруға әбден болады. Көшіп барған отбасының кіріс көзі тұрақты болса, ол айналасына өзге туысқандарын, көршілерін шақырады. Бірте-бірте бұл механизм табиғи процеске айнала бастайды. Бұл бір ой. Жылыжайдан бөлек, тағы қандай механизм бар. Соның бәрін қарау керек.

Көшіп баратындардың дені ауыл халқы болғандықтан, олар егіншілікпен, мал бағумен міндетті түрде айналысады. Жер беріліп, егін егілді делік, ал еккен егіндерін сатып алуға белгілі бір жеңілдіктер қарастырылғаны дұрыс болар. Әрине, бара салып, жүздеген гектар жерге егін салмаса да, ішінде қаржылық жағдайы барлар болса, барынша қолдау лазым. Оңтүстікте 10-20 гектар жерге егін егіп жүрген фермерлерді зерттеп, соларды көшірер болса, оларға жер беріп, астығын уақытылы жинауға, сатып алуға лимит қарастырылса, бұл бағдарлама өзін өзі ақтар еді. Егер 10 гектарға егін егіп жүрген фермерге бізге барып 100 гектарға ек, субсидияңды аласың, техника жағынан көмектесеміз, барлық жағдай жасалады десе, меніңше, баруға кетары болмайды. Бұл екінші ұсыныс.

Үшіншісі, Солтүстікте халыққа қызмет көрсету жағында көптеген кемшілік бар. Басқасын айтпайық, қарапайым асханада сервис дамымаған. Түскі сағат 11-де барсаңыз, тамағы дайын болмайды. Аудан орталығын айтпаймын, облыс орталықтарында сондай. Оңтүстікте, әсіресе, Түркістан облысында бұл жағы ерекше бәсекеге қабілетті. Біз шағын асхана ашып, тәжірибе жинақтаған, бірақ мардымды кіріс көзін таппаған кәсіпкерлерді шақырып, облыс, аудан орталықтарынан бизнес бастауға қолжетімді, өте төмен пайызбен неси беріп, базар, автобекет, вокзал секілді орталықтардан орын табуына шарт-жағдай жасасақ, мұның өзі бағдарламаға қан құяр еді. Өзбек халқына таңданасың. Әлемнің қай еліне барсаң да өзбек палауын сататын асханаларды табуға болады. Біз өз еліміздің ішінде сондай сервисті неге қалыптастыра алмаймыз. Бұл қолымыздан келетін шаруа. Осы секілді, әрқандай әлеуметтік маңызы бар салаларды қамту арқылы көштің табиғи үрдісін қалыптастыруға болады.

– Ойыңыз құптарлық екен. Оңтүстік жастарып Солтүстікте оқыту бойынша «Серпін» бағдарламасы қолға алынғалы бірер жыл болды. Осы бағдарлама аясында мыңдаған жастар оқып жатыр. Бұл бағдарлама туралы естідіңіз бе?

– Әрине, естігем. Мұны ақылды адамдардың бастамасы деу керек. Солтүстіктегі ЖОО-лар жанданады. Студент – мемлекеттің даму потенциялын айқындайтын күш. Қай қалада студент көп болса, сол қаланың болашағы зор. «Серпіннен» бітірген жастардың кемі 50 пайызы сол өңірлерде қалса, үміттің ақталғаны. Оларды оқытқанда, болашақта жұмыссыз қалмайтын, сол өңірге аса қажетті мамандықтар бойынша оқытқан дұрыс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қ.ДАНАБЕК

mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар