Заңсыз миграцияның жолын кесу керек

Осы аптада Солтүстік Қазақстан облысында «Заңсыз келуші – 2018» жедел-профилактикалық іс-шараның екінші туры өтті. Арнайы рейд кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 400-ге жуық факт тіркелген. Облыстық ІІД көші-қон комитетінің хабарлауынша, заңсыз жүрген мигранттарға 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, қазынаға 1 400 мың теңге өндірілген.

4-6.jpg

Бейресми мәліметтерге қарағанда, елімізге ТМД еледерінен жылына миллионға жуық арзан еңбек күші заңсыз жұмыс істейді. Олар негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан бастаған Орталық Азия елдерінен және Ресей, Әзірбайжан секілді мемлекеттерден келеді.

Роза ЖҮКЕНОВА, облыстық ІІД көші-қон полициясы қызметінің аға инспекторы:

– Бір апталық арнайы тексеру кезінде біз заңсыз жұмыс істеп жүрген,уақтылы тіркелмеген, заңсыз жұмыс күшін пайдаланған 400-ге жуық фактіні анықтадық. 17 шетел азаматына 5 жыл бойы Қазақстанға кіруіне тиым салып, шекарадан шығаруды ұйғарсақ, 20 қазақстандық азаматқа заңсыз жұмыс күшін пайдаланғаны үшін айыппұл салынды.

Облыстық ІІД көші-қон комитетінің бұған дейінгі мәліметтеріне сүйенсек, Петропавл арқылы жыл сайын 50 мың заңсыз мигрант шекара асады екен. Олардың кейбірі тіпті құжатсыз Ресейге өтуді көздесе, кейбірі Ресейден Қазақстанға жұмыс іздеп келуді мақсат тұтады.

1-6.jpg

Мамандар еліміздегі заңсыз мигранттардың жолын кесу ел тұрғындарының экономикалық қуаттануына оң әсерін тигізеді деген пікірде. Жыл сайын елімізге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан миллионнан артық заңсыз мигрант келеді. Олар негізінен құрылыс, ауылшаруашылық саласы, жол жөндеу, шағын зауыттарда түрлі жұмыс істейді. Ал елімізде жұмыссыздық азаймай тұр.

Әлеуметтанушы  Т.Ғабиттің пікірі бойынша, заңсыз мигранттардың көптеп келуінің түпкі себебі көші-қон полициясының тиімді жұмыс істемеуінде әрі шекара қызметі жүйесінің жалпыға ортақ базасын құрудағы сылбырлықта жатыр.

– Көші-қон қызметі тек рейдтер де ғана емес, нақты заң аясында тұрақты жұмыс істеуі керек. Жыл сайын мыңдаған шетел азаматы ұсталып, оларға айыппұл саламыз, кейбірін келген елдеріне қайтарамыз. Бірақ бұдан шыққан нәтиже жоқ. Еліміз еңбек күшін тартудың бірегей үлгісін енгізген. Егер шетелден жұмыс күшін әкелсеңіз, оларды тіркетіңіз, азын-аулақ салық төлеңіз. Қашып-пысып жүргеннен бұл әлдеқайда тиімді. Бірақ бұл саланы жемқорлық жайлаған. Заңсыз еңбек күші арқылы миллиондаға ақша тауып отырған шенеуніктер бар. Олар рейд кезінде ұстайды, айыппұл салады, қайтадан жұмыс істей беруіне өздері нұсқау береді, – дейді Т.Ғабит.

Біз заңсыз мигранттардан қоғамға тигізернақты қандай зияны бар деп сұрағанымызда, маман былай жауап берді:

– Олардың еліміз экономикасына тигізер залалы көп. Біріншіден, мемлекетке салық төлемейді. Екіншіден, елімізде жұмыс істегісі келетін азаматтардың орнын толтырады. Кесірінен, мыңдаған азаматымыз жұмыссыз қалады. Үшіншіден, осы заңсыз мигранттардың араласуымен қылмыстық оқиғалар көбейіп кетті. Олар тіркелмей, әр жерде жүргендіктен, бірі айлығын уақтылы ала алмай, енді бірі тұрмыстық қиындыққа ашынып, қылмысқа жиі баруы мүмкін. Бұл өте қауіпті тенденция.

Маман заңсыз жұмыс күші еліміз үшін ғана емес, әлем үшін бас ауру болып тұрғанын жасырмайды. АҚШ билігіне Дональд Трамп келгеннен бері заңсыз мигранттармен күресті күшейткен. Осының арқасында елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, жергілікті халықтың әл-ауқаты артқан.

mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар