Алматыда университет ұстаздары жұмыстан қуылып, жатақханадан шығарылғандарын айтып шағымданды

2.jpg

Алматыдағы екі бірдей жоғары оқу орнының бұрынғы ұстаздарының басшыларына өкпелері қара қазандай. Ішінде аға оқытушысы, профессоры бар оларды осыдан біраз бұрын  жиырма жылдан бері тұрып келген жатақханаларынан шығару туралы шешім шығыпты. Соған шамданып сотқа арызданған едік, "қара тізімге" енгізіп, жұмыстан да босатып тастады деп ашулы олар. Ал университет өкілдері болса арыз-шағымдарын арқалап жүргендердің бәрі жұмыстан заңды шығарылды деп отыр. Әрі оған жеткілікті негіз де бар екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Таң сәріден өздері он-жиырма жылдап тұрған жатақхана алдына ұстаздар тағы жиналды. Себебі, ұядай бөлмелерін босатсын деген басшылары басқа амал таппағандай енді жұмыстан қудалауды шығарды дейді. 

«Жатақханада тұрсаң ректордың алдына списогы барады. Содан мына адамнан каким-то способом мына адамды жатақханадан шығару керек. Барлық мәселе осы жатақхананың керектігі. Ал біздің бұдан басқа барар жеріміз жоқ. бермейміз де. Шықпаймыз. Өлтірсе өлтірсін» - дейді Қ. Сәтбаев ат. Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің бұрынғы оқытушысының жұбайы Бақытгүл Әбдібай.

Қудалауға екі бірдей белді университеттің ұстаздары түсіп отыр. Бәріміздің айыбымыз осы жатақхананы паналауымызда болып тұр дейді. Ішінде көпбалалы оқытушылар да, мүгедек баланың аналары да, тіпті профессорлар да бар. Кезінде мемлекеттің түрлі бағдарламасына қатысып кезекте болған. Бірақ, оқу орындары жекешеленіп, одан да қағылғандарын айтады.   

«Мемлекеттік бағдарламаға қатысқанбыз. Енді очередім жақындаған кезде НАО болып кетті. Сендер частниксіңдер деп шығарып тастады» - дейді  Қ. Сәтбаев ат. Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің бұрынғы оқытушысы Әлібек Жұмагелдіұлы.

Техникалық университетінен 17 ұстаз, ал, Қазақ ұлттық аграрлық университетінен жеті мұғалім. Бұлар да, жатақхананы бермейміз деп сотқа арыз жазған. Содан кейін ғана қара тізімге өттік дейді. Ең өкініштісі, хабарды тек 28-ші тамызда естірткен. Бұл қасақана жасалған қастандық деп ашулы.  «Қасақана істеп отыр әдейі алдап, маған қиянат жасап, 28-і екінші рет қол қойдырып, бұл әкімшіліктің қызметкерлері оқытушыға деген құрметі қалмауы біздің қоғамдағы билік осыған назар аударуы міндетті. Өйткені біз ұстаздармыз» - дейді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бұрынғы оқытушысы Толқын Бекбаева. 

Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар мұғалімдер баяғыда-ақ оңай жолмен үй алар едік, тек баспаналы болу үшін тұрақты тіркеуде тұруымыз керек дейді. Ал, жатақханадағы тіркеуді жыл сайын ұзартқандықтан ол уақытша болып саналады екен. Сондықтан, шаршы метріне 2050 теңгеден төлеп келген үйлерінен шыққысы жоқ. 

«Жылағым келеді менің. Сонша жыл жұмыс істеп, еңбегімді беріп, жұмыстан айырып отыр, тұратын жерімнен айырып отыр. Ертең балам 11 бітіреді. Ол қайда барады?» - дейді Қ. Сәтбаев ат. Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің бұрынғы оқытушысы Гүлнара Керімбекова. 

Ал, екі Университеттің басшылары арызданып жүрген ұстаздарды заңды түрде жұмыстан шығарғандарын  алға тартуда. Тіпті, жатақхананы бәрібір сот арқылы босатқызамыз деп ашық айтты. 

«Ол ұстаздар ғана емес, басқа ұстаздармен де келісім-шарт бұзылған. Олар жатақхана бізге беруге міндетті, тіпті жекешелендіріп беріңдер деген. Қайталап айтамын біз студенттерге ғана жатақхана береміз. Болды» - дейді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің баспасөз хатшысы Алмат Исәділ.

«Мұғалім конкурстан өте алмаса, өз дәрежесін көрсете алмаса, жыл бойы дәрежесі болмаса, жұмыстан шығарылады. Жұмыстан шығарылған соң жатақханада өмір сүре алмайды. Ол университеттің жеке меншігі.Біздің өзімізге жатақхана жетіспей жатыр. Сондықтан біз оны жекешелендіре алмаймыз» - дейді  Қ. Сәтбаев ат. Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті қызметкерлерді басқару департаментінің директоры Айнұр Исаева.

Ал, мұғалімдер заңсыз қудалағандарын дәлелдейміз деп отыр. Тіпті, қала басшысынан митингке шығуды сұрауда. Өйткені, екі университет емес, тағы Нархоздағы ұстаздар да тура осындай жағдайда екенін айтады. Мектептегі мұғалімдердің еден жуып, есік сүрткені аздай, енді жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың мәртебесі түсуде дейді.


Ұқсас тақырыптар