"Бәрі өз еркіммен болды". Ақтөбелік әйел өзін жабылып зорлағандарды ақтап отыр

2.jpg

Ақтөбе тұрғыны үкім шыққаннан кейін, өзін жаппай зорлады деген бұрынғы шағымынан бас тартты. Жала жапқаны үшін әйел адам он жылға дейін сотталуы мүмкін.

Оқиға былтыр тамыз айында болған. Бастапқы шағымына сәйкес, әйел адам танысы және оның достарымен бірге табиғат аясына демалуға барып, бәрі ішімдік ішеді. Біраздан соң достарының бірі әйелге жыныстық қатынасқа түсуге ұсыныс айтады, ол бастартқан соң ұрып-соғып зорлаған, артынша екінші танысы да жабылады. Ал әйелдің өзінің досы оқиғаның бәрін видеоға түсіріпті.

Біраз уақыттан соң әйел адам азаптаушылардан құтылып, полицияға арыз берген.

Бір айдан кейін екінші сыныпта оқитын баласы бар, 28 жастағы әйел алдыңғы айтқан сөздерін қайтып алып, ескі танысының зорлау ісіне қатысы жоқ екенін алға тартып, ал екі еркекпен жыныстық қатынасқа түсуге өзі келіскенін мәлімдеді. Оқиғаның жаңа нұсқасын сотта айтып берсе де, екінші қалалық сот оның түсініктемесіне сын көзбен қарап, айғақтарға сәйкес келмейтінін анықтады.

"Сот оның тергеу кезінде берген бірінші арызын шындыққа жанасады деп таныды", — деп хабарлайды aktobetimes.kz.

Соттың шешімімен үш ер адам алты жылдан сегіз жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Үкім заңды күшіне еніп, Жоғары сот та оны өзгеріссіз қалдырды.

Ал жас әйел прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті және ішкі істер департаментіне хат жазып, құқық қорғау органдарын жыныстық қатынасқа өз еркімен түскендігіне сендіруге тырысты, өзін соққыға жыққан жігітке ғана шағымы бар екен.

28 қыркүйекте әйел адам осы іске қатысты Жақып Асановқа видеоүндеу жолдап, тілшілердің алдында сөз сөйледі.

"Олардың түрмеде отырғанын қаламаймын. Бәрі өз еркіммен болды. Мас болғандықтан, жаңа сезімді бастан кешкіміз келді. Бұл жайында ешкім ешқашан білмес еді", — дейді ақтөбелік әйел сотталғандардың өзіне қысым көрсеткенін жоққа шығарып.

Оның үстіне әйел адамның айтуынша, полиция ана құқығынан айырамыз деп қорқытан соң, мас күйінде арыз жазып беріпті.

"Полиция терминдерімен шағым жазып беру өз ойыма келмес еді. Қылмыстық жауапкершілік туралы маған ешкім ескерту жасаған жоқ. Беттестірген де жоқ. Полиция бөлімінде принтердің картриджінен бояу алып, көгерген жерлерді өтірік бояп берді", — дейді әйел.

Оның сөзіне сүйенсек, жазда болған жайттың видеосы да бар. Жазбада әйел адамның өз қалауымен бірге болғаны көрінеді.

Былтыр қыркүйекте әйел адамға қатысты жала жауып, бастапқы түсініктемесінен бас тартқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар жұмыссыз ана бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер сот оны ақтап шықса, үш сотталған азаматтың ісі де қайта қаралуы ықтимал.


Ұқсас тақырыптар