Астаналық алаяқтар жұртты 60 миллион теңгеге тақырға отырғызған

6.jpg

60 миллион теңге. Астана қаласының қос тұрғыны осынша соманы арзан бағада үй алып беремін деген желеумен адамдардан жиып алып, әлі күнге дейін қайтармай отыр. Еліміздің әр аймағынан алаяқтың арбауына түсіп, соңғы тиынына дейін санап берген тұрғындар табылуда. Жұртты тақырға отырғызған пысықайларға қатысты сот отырысы да өтіпті, бірақ әділ шешім шықпады дейді ашынғандар. Арманындағы пәтерге қол жеткіземін деп, жер сипап қалған тұрғындар туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қала тұрғыны Меруерт Османова арманындағы пәтер аламын деп жинап жүрген барлық қаржысын алаяқ әйелге бере салған. Ол кісі әбден сеніміне кіріп, жеңілдетілген бағада үй алып беремін деп, тақырға отырғызып кетіпті. Міне, арада 1 жылдан астам уақыт өтсе де, маңдай термен тапқан қаржысын өндіре алмай жүр.    

«69 мектептен пәтер алып жатқанын айтқан. Содан, біз октябрь айында қуанып, договорларымен келдік, құжаттарымен. Содан соң қанша беретінімді сұраған кезде, первоначальный 1,5 миллион. Ал, февральда ол кісінің изоляторда отырғанын естідік. Арыз жаздық. Арыз жазғанда 25 адамды алдағанын білдік» - дейді зардап шегуші МеруертОсманова.

Бүгінде, пысықайдың арбауына түсіп, барын беріп, аузы күйген жұрттың саны-  26-ға жеткен. Олар, тек Астана қаласында емес, еліміздің түкпір-түкпірінен табылуда. Кезекті жабық есік жағдайында өткен сот отырысына зардап шеккендердің көбісі қатыса алмады. Солардың бірі аты-жөнін атағысы келмеген қарағандылық тұрғын. Бұл кісі де алаяқтың арбауына сеніп, жалғыз үйін сатып, қаржысын қолына ұстатып, қазір пәтерден пәтерге көшіп жүргенін айтады.

«Осы Қарағандыдағы үйіңді сат деді. 11 миллион 600 мың қолыма бер мен саған 47 миллион тұратын үйді алып беремін деді. Ол үй маған ұнап қалды. «Зеленый квартал» деген жерде 3 бөлмелі үй. Үйімді саттым» - дейді зардап шегуші.   

Алаяқтардың дегеніне көніп, қолындағы барын ұстатқан тұрғынның енді бірі, Астана қаласында тұрады. Ол да бет жүзін көрсеткісі келмеді. Оның айтуынша, 4 баланың анасы, 1 бөлмелі пәтерін сатып 4 миллион 700 мың теңгесін санап берген. Қазір пәтерден пәтерге көшіп, қонып жүр екен. Медиативтік келісімге келдік, бірақ ай сайын төленетін соманың бірін де алған жоқпыз, - дейді.      

«Менің өзім, пәтерді алу үшін 6 миллион 700 мың теңге бердім. Сол бойынша әлі ешқандай ақша қайтарылған жоқ. Соттың шешімі бойынша 1 айдың ішінде қайтарылуы керек делінген бірақ әлі жоқ. Телефондарына хабарлассам ешқандай жауап бермейді” – дейді зардап шегуші.   

Мұндай алаяқтық фактісі заңгерлердің тәжірибесінде көптеп кездеседі екен. Бұл іспен етене таныс Айсана Сманның айтуынша, алданғандардың іші бауырына кіріп ақшасын жымқырған пысықайлардан қаржысын өндіріп алу қиын. Бірақ, ол үшін, барлық теперіш көрген адамдар басы жиылып, ортадан білікті адвокат жалдау қажет. Оның да құны арзан болмайды деген пікірде.

«Егер де, медиативтік келісім орындалмаса жәбірленушілер бір өкілді таңдап оның ішінде 26 аймақтан жиналғанын біреуін өкіл қылып, болмаса өкіл ретінде адвокатты алып, міндетті түрде сот сол бойынша өзінің жаңа шешімін қабылдайды» - дейді заңгер Айсана Сман.

Енді, қарызданып қауғаланып жинаған қаржысын алаяқтардың қолына ұстата салған тұрғындар соманы қалайда өндіріп алудан үмітті. Сот шешімімен келіспеген олар, жоғары сатылы органдарға дейін шағымданып, әділдікке қол жеткізуді көздеп отыр.



Ұқсас тақырыптар