«Автокөлік және 800 доллар айлық»: Сирияға кеткен ағасын іздеген қарындасы бар шындықты айтты

4.jpg

Үш жыл бұрын Сирияға жиһадқа кеткен ақтөбелік Қазақстанға орала алмай жүр. Бұл жайында «Аktobetimes.kz» редакциясына оның қарындасы айтып берді.

«2015 жылы 40 жастағы өгей ағам Руслан Ермағамбетов (діни аты –  Абдуллах) Сирияға кетіп, сол күйі оралмады. Бізге жұмысқа барамын деп айтқан. Үш жыл байланысқа шықпады. Оны іздедік, бірақ таба алмадық. Осыдан 4 ай бұрын ол елге қайта оралғысы келетінін және ақтөбелік жігіттермен жолға шыққаны туралы WhatsApp арқылы жазған болатын. Алайда, сол күйі келмеді. Ағам өзінің жиһадтан көңілі қалғанын айтты. Басында оларды алдап шақырған екен. Автокөлік және 800 доллар айлық беріпті. Одан кейін ақша көрмепті. Тіпті қайту жолына ақшасы болмаған», – дейді қарындасы.

Руслан сол жерде төрт баласы бар қырғызстандық әйелге үйленгенін айтыпты. Аты – Қайыргүл екен. Ол бесінші баласын босанған. Сириядағы Кишма ауылында тұратын көрінеді. Ағасынан хабар келмеген соң, қарындасы әйеліне хабарласқан.

«Қайыргүлдің айтуынша, Руслан ақтөбелік жігіттермен Қазақстанға қашпақшы болған. Бірақ жолда оларды жиһадшылар ұстап алып, түрмеге қамаған. Ағалы-інілі Абу Усман және Абу Саид, тағы үшіншісі Абу Хузайфа Қазақстанға қашу жоспарын Руслан құрды деп өтірік айтыпты. Сөйтіп өздері құтылып, ағамды түрмеде тастап кетіпті. Олар қазір Сирияда дүкен ашып, тайраңдап жүр екен. Ал Руслан тірі ме, өлі ме белгісіз. Сирияға барғысы келіп жүрген қазақстандықтарға ол жақта ешкімді жақсы өмір күтіп тұрған жоқ. Қаржылай да көмек жоқ. Мұсылман бауырлар бір-бірін сата бастаған. Менің ағам алдаудың құрбаны болды. Енді ол жақта қалған әйелі мен баласына ешкім қарап жатқан да жоқ. Тіпті ағам қазір тірі ме, өлі ме белгісіз», – дейді Нұргүл.


Ұқсас тақырыптар