Бірі Қазақстанды, бірі Моңғолияны мекен еткен ерлі-зайыптылар баланы бөлісе алмай жатыр

7.jpg

Атажұртқа қоныс теуіп, қазақ атануды ойлаған бүлдіршін қайтадан Моңғолияға оралуы мүмкін. Алматы облысына үш жыл бұрын көшіп келген Тәберек әулеті, 7 жастағы немересін қорғай алмай отыр. Алғашында, ұлының әкесімен қалуына рұқсат берген анасы моңғол сотының үкімімен баласын қайтарып алуға келген екен. Істі қараған аймақтың кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соты да  ұл шешесімен болуы керек деген үкім шығарған. Бүлдіршіннің өзі болса, әкесінен бір елі де алыстағым келмейді екен. Сот баланың  мұндай өтінішін неге ескермей отыр? Бала тағдырына алаңдап отырған әкесі не дейді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.   

«Ана орнына ана, әке орнына әке боп жүрміз. Баланы еш нәрседен кем қалдырғам жоқ» - дейді Қаратал ауданының тұрғыны Ерболат Хозауұлы.

7 жастағы ұлын өзі тәрбиелеп отырған Ерболат Хозауұлы 2015 жылы жұбайымен бірге атажұртқа оралу туралы ортақ шешімге келгендерін айтады. Дегенмен, соңғы сәтте келіншегі уәдеден тайып, Қазақстанға бара алмайтынын жеткізген екен. Ауызша жасалған келісім бойынша, ұлын әкесіне табыстап, өзі біраз уақыттан соң келуге уәде беріпті. Алайда, араға 3 жыл салып бірге тұру үшін емес, ұлын алып кету үшін бір-ақ келген екен. Қолында моңғол сотының отбасыға қатысты сырттай шығарған шешімдері де болған көрінеді.   

«Ондай соттың шешімі ажырастырған, алимент төлеткен, баланы анасына берген деген секілді шешім шығаруды сот қарастырмайды. Дауласып отырған адамдардың келесі бір жағы, семьясы жоқ болса сот оған үкім шығаратын бізде Моңғолияда заң жоқ» - дейді әкесі Хозау Тәберек.

Осылайша, ұзақ уақыт жалғыз ұлын іздемеген ана 3 жылдан соң Алматы облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сотына шағымданады. Шілдеде өткен алғашқы сот отырысы 7 жастағы ұлды анасымен бірге қалдыру туралы шешім шығарған екен. Қазақстандағы "Неке және отбасы" туралы заңына сәйкес, 10 жасқа толмағандар анасымен болуы тиіс. Сот шешіміне әсер еткен басты себеп те осы болған көрінеді. Мәселе жабық сот отырысында қарастырылғандықтан шешім шығарған судья да, ұлды қорғауына алған адвокат та тілшілерге сұқбат беруден бас тартып отыр. 

«ҚР "Неке және отбасы" кодексінің 68-бабы бойынша баланың әке және анасының оған қатысты құқықтары бірдей және міндеттері бірдей. Сондықтан, 10 жасқа дейін бала шешесіне қалдырылу керек деген қағида жоқ. Немесе, сонымен қоса, тараптардың өтініші бойынша, психологпен сұхбат тағайындауға болады. Сот сол психологтің қорытындысын ескеріп, соған сүйеніп шешім шығара алады» - дейді Талдықорған қалалық қорғаншылық және қамқоршылық органыныі өкілі Әмір Тұяқбаев.

Мамандардың сөзінше,  психологиялық зерттеу бойынша дәл осындай даулы мәселеде бала кімді таңдайтынын анықтауға болады екен. Мұны ескерген адвокат соттан отбасы мүшелеріне психологиялық сұхбат жүргізуді сұраған екен. Алайда, бүлдіршіннің анасы бұған қатысудан бас тартқан көрінеді. Себебі, мұндай жағдайда  Хасен Ерболтұлы жан жылуын беріп отырған әкесін таңдауы мүмкін.

«Сабақтан келгенде ол мені құшақтайды, сүйеді, еркелетеді» - дейді Хасен Ерболатұлы.

Аталған проблеманың кесірінен туған топыраққа тамыр жайуды ойлаған отбасы Қазақстан азаматтығын да ала алмай отыр. Алайда, дәл қазір оған бас қатырып отырған жоқпыз, дейді. Бар ойы - ұлды елде қалдыру. Қазір облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірген екен. Егер шешім өзгермесе, Жоғарғы сот пен Сыртқы Істер министрлігінің көмегіне жүгінбек. 

«Азамат болсын деген мақсатпен келдік қой осында. Енді, қайтарып жібереді деген ойымда жоқ. Осында қалады деген үміттемін, Алла қаласа!» - дейді Қаратал ауданының тұрғыны Ерболат Хозауұлы.

7 жастағы Хасен Ерболатыұлы Моңғолиядағы анасына бара ма, әлде, Қазақстан азаматтығын алып, әкесімен қала ма?. Бұл мәселе "Еуразия бірінші" арнасының эфирінде әлі де талқыланатын болады. Бүлдіршіннің алдағы тағдыры туралы материалды келесі аптада "Пендеміз ғой" ток-шоуынан көре аласыздар.



Ұқсас тақырыптар