Ақтөбе облысында 9 жастағы бала токқа түсіп, екі қолынан айырылды

1.jpg

Дәрігерлерге ота кезінде Дамир Фаткулиннің екі қолын иығынан төмен қарай кесуге тура келген. Қазір оқушының жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Балаға тағы да пышаққа түсуге тура келеді. Өйткені, денесін де күйік шалған. Ойнап жүріп от басқан баланың ата-анасы болған жағдайға кімді кінәлайды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 

9 жастағы Дамир сол күні мектептің ауласындағы трансформаторға кіріп ойнаған. Анасы қауіпті аймақты ашық-шашық тастап кеткен мекемені кінәлап отыр. 

Адам кіретін тесік болған. Ашық болған, соны енді кеше бітеп жатыр 

Ал мына суреттерді Дамирдің ата-анасы болған жағдайдан соң лезде түсіріп алыпты. Бұл -  Шалқар қаласындағы №2 мектептің ауласындағы трансформатор екен. Ата-анасы  сырты қоршаулы болғанымен,  қауіпсіздік шаралары ескерілмегендігін айтып отыр. Ойын баласы ашық-тесік саңылаудан емін-еркін кіре алатындығын жеткізді. Дамир- отбасындағы жеті баланың төртіншісі екен. Сол күні мұғалімдер мерекесіне байланысты сабақ ерте аяқталыпты. 

«Мұғалімдер күні ғой, сабақты 35 минуттан қылған да, балам 9-30-да үйге келген.  Мектептің де кінәсы бар, неге сторождар уақытылы қарамайды.  Электросеть біліп тұрып,  әр садикке кетед, үйлерге кетеді дейді осы ток, 10 мың Вт дейді, ол дейтін адамды пісіріп жіберетін  нәрсе ғой,  қуырып, жоқ қылып жіберетін нәрсе.  Қайтейейін, 2 қолы жоқ болса да.  Өзі бар. Орны сипалап қалғанда  папасы екеуміз не істейміз ол кезде?» - дейді оқушының анасы Гүлмира Фаткулина.

Токқа түскен Дамирді әуелі Шалқар аудандық ауруханасына орналастырған.  Ауданның ақ халаттылары екі күн бойы бала шоктан шыққанша ем-дом жасап, кейін санитарлық авиациямен облыс орталығына жеткізіпті. Баланың күйігін 4-ші дәрежелі деп отыр. Қазір Дамир аппараттың көмегімен демалып жатыр.  Беті бері қарағаннан кейін тағы да ота жасалуы тиіс. 

«Қолын кеспеске болмайды, төртінші дәрежелі  күйік деген бар. Күйгенде орны көмірге айналып кетеді адамның қолы, қап-қара болады.  Ота жасап, апмутация жасамаса, болмайды әрі қарай» - дейді облыстық балалар ауруханасының травматолог-дәрігері Талғат Артықбаев.

Кеше ғана шауып жүрген баланы екі қолынан айыру дәрігерлерге де оңай соқпапты. Дәттері бармағанын айтады. Бірақ, Дамирді аман сақтап қалу үшін профессорлар ақылдаса келіп, осындай шешімге келген. Жанары жасқа толып, жансақтау бөлімінің есігін күзетумен жүрген анасы Гүлмира болса, баласының болашағы үшін алаңдаулы.

«Өз-өзіне қол сала ма ертең деп алаңдап отырмын. Көмек қажет маған. Алып-салатын қол болса,  бала болып алаңдап жүреді ғой» - дейді оқушының анасы Гүлмира Фаткулина.

Шалқардағы болған жағдайға байланысты  тергеу, тексеру жұмыстары басталып кеткен. Полицейлер осы дерекке қатысты қылмыстық кодекстің  «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиянын келтіріп соғуға әкелген іс-әрекет» бабы бойынша іс қозғалғанын айтты. 



Ұқсас тақырыптар