Күндіз жым-жырт, түнде жын-ойнақ: елордада тән саудасы өршіп тұр

8.jpg

Полицейлер қандай киім таңдаймыз деп әуре болып жатқанда, астаналық жезөкшелер жасырын кәсібін тоқтатар емес. Тіпті, күннен күнге үдеп бара жатыр. Себебі, осыған дейін бірнеше рет тексеріс жүргізілген теміржол вокзалының маңы әлі жын-ойнаққа толы. Тұрғындардың сөзінше, жар құлағы жастыққа тисе болды, түрлі дыбыстардан ұйықтай алмайтын көрінеді. Кейбіреулер мұндай тобыр құзырлы органдармен бірігіп табыс табады, деп отыр. Халық тәртіп сақшыларына сенбейді. Неге? Қоғамды аздыратын әрекеттерді тыю мүмкін бе? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Полицейлердің қысымына қарамастан, бұл ауданда тән саудасы өршіп тұр. Күндіз жым-жырт. Ал, түнде жын-ойнаққа айналады. Себебі, жеңіл жүрістілер бұрынғыдай көше кезбейді. Жеңгетайлар арқылы шаруасын бітіреді, дейді тұрғындар.

«Меніңше, олар жарқырап тұрған көшелерде емес, қараңғы жерлерде жүреді. Полицейлерден қашып жүріп, қызметтерін ұсынады. Көршілерім ылғи айтады. Бұларды қатаң бақылауға алмаса болмайды» - дейді қала тұрғыны Аэлита Бақытжанова.

«Постоянно жүресің, қыздар қыздар дейді. 4000 теңге дейді. 4000-5000 теңге дейді. Определенный киімдері жоқ та, такие нормальные как все» - дейді қала тұрғыны Шерубай Сағымбаев.

Тән саудасы құзырлы органдардың қуғынымен жойылмайды. Неге? Өйткені, ғаламтор беттерінде жалаңаш денесін көрсетіп, жарқыратқан жас қыздардың суреттері жетіп артылады. Тіпті, өзін VIP санайтын бикештер бір сағаттың бағасына дейін жазып қояды. Мұндай бейәдеп жарнамаларға тосқауыл қашан қойылады? Жастар істейтін басқа жұмыс жоқ па?

«Егер білімі жоқ болса, кісілерге біз қайта даярлау оқуға оқуды ұсынамыз. Олар әртүрлі мамандығы бойынша өзекті мамандық бойынша оқуды ұсынамыз. Ол адамдарға біз ақпаратты әр жүйелермен жеткіземіз» - дейді Астана қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.

Өкініштісі сол, жеңіл ақшаның жетегінде жүретіндердің дені – жастар. Әсіресе, шет аймақтан келген аңғал қыздар көп жағдайда мәжбүрлеп тартатын жеңгетайлардың шырмауынан шыға алмайды. Кейде өз еркімен тәнін саудалайтындар да бар. 

«Ол қыздар туралы жаңағы ақпараттар жинау керек. Сайттарға салу керек суреттерін немесе фотоларын. Ол немен тоқтамаса ата-анасынап немесе жақын туыстарына көрсету керек» - дейді кәсіпкер Әмірхан Бимаханов.

Бұрыс жолға түскен бұрымдылар жұмыстың жоқтығын сылтау етеді. Алайда, жұмыс беруші органдардың сөзінше, биыл 9 мың адам қызметке орныққан. Оның 4 жарым мыңы жастар. Еңбектеніп, нәпақасын адал жолмен табамын деушілерге жол ашық. Яғни, тағы да осынша жасты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.Тіпті, оларды оқытып, білім берудің де жолдарын қарастырдық  дейді. 

«Сайттарға, газеттерге қарасаңыз, қазір көбінесе ашық шығарылғанымен де көбісі жасырын қызмет көрсету, жұмыс ұсынамын немесе жұмысқа барамын деген секілді бір жасырын сөздермен жариялай бастайды» - дейді заңгер Жасұлан Нұрмұхамбетов.

Заңгерлер елордаға жеңіл нәпақа үшін ағылатын қыздарды толық тексеру қажет екенін айтады. Арнайы тіркеуден өткізіп, келу мақсатын түртіп алу жұмысты жеңілдетеді, түйткілдің бұдан өзге жолы жоқ деп отыр.



Ұқсас тақырыптар