Қыран құсқа қамқорлық қажет

кыран.jpg

Қазақтың құсбегілік өнері өз деңгейінде дамып отырған жоқ. Бұл туралы мәселелер ақпарат құралдарында жиі көтерілгенімен, әлі күнге дейін нәтиже шығар емес. Енді Кеңес үкіметі кезінде қыранымызға қырын қарайтындар көп болды. Кеңестік империя мұны баптауды «таза ислами қағида» деп күдіктенді. Одан кейінгі Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жиғанда да, бұған жаны ашитын азаматтарымыз табылмай тұр. Осының салдарынан қазіргі кезде қазақ халқының құсбегілік атамұрасы әр жерден спорт бөлімдері беретін азын-аулақ тиынға алдануда.

Ұлттық өнеріміздің бұл түрі шенділеріміздің назарынан тыс қалып барады. Елімізде құстарға қатысты арнайы заң болмағаннан кейін, аң-құстарымыздың басым көбі талапайға түсіп, шетелдіктердің қолында кетіп жатыр. Дәл қазіргі кезде елімізде сұңқар тұқымдас құстардың есебін жүргізіп отырған ешқандай мекеме жоқ. Зоология институтының өзі қаржының дұрыс бөлінбеуі салдарынан қирап қалудың сәл-ақ алдында тұр. Демек, бүгінгі таңда бағалы құстарымыздың елімізде қаншасы қалғандығын, оның нешесі шетел асқандығын дөп басып ешкім айта алмайды.

Бұл ретте құстарды заңсыз сатушы өзіміз болсақ, бірлі-жарым америкалықтарды қоспағанда, сатып алушылардың дені арабтар екендігі көпшілікке мәлім. Еліміздегі «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызының айтуынша, Арабияның Қызыл теңізінде керемет бір құс бар көрінеді. Ол су түбіндегі жақұт тастан да қымбат таспен қоректенеді екен.

— Әлгі құс теңіздің түбіндегі бағалы тасты алып шыққанда, арабтар ителгіні сол құсқа салады. Егер оны ұстап алса, ішін жарып, қымбат тасқа қол жеткізеді. Ол тастың бағалылығы сонша, тіпті одан түскен пайда артындағы немере-шөбересіне дейін жетеді. Мұны арабтардың өздерінің ителгісі ұстай алмайды. Себебі ондағы ителгілер генофондына қарай әлсіз. Ал біздің қазақтың ителгілері мұндай құстарды аулауда шебер келеді. Арабтардың біздің ителгілерге әуестігі, міне, осыдан, – дейді  Б.Мүптекеқызы.

Осылайша, бағалы құстарымыз жат жұрттықтардың жетегінде кетіп жатыр. Ал бұған тосқауыл қоятын тиісті органдар дәрменсіздік танытуда.

Тағы бір мәселе, қазір осы қазақтың қанына біткен төл өнеріне баз біреулер иелік ете бастағандай. Бүгінде ағылшындар құсбегілік өнерді жан-жақты зерттеп, құс салуға дағдыланып жүр. Тіпті олар құсбегіліктен халықаралық жарыстар өткізіп, мәре-сәре болуда. Міне, осының өзі ағылшындардың біздің ұлттық өнерімізге ауыз сала бастағанын көрсетпей ме? Күні ертең олар «қыран құс – біздің ата-бабамыздан келе жатқан төл өнер» деп бөспесіне кім кепіл?! Сондықтан бізге аң-құстың құқын қорғап, оны пайдаланудың әлемдік стандартқа сай нормаларын жасайтын уақыт әлдеқашан жетті…

Негізі, құсбегілікті дамыту Туризм және спорт министрлігіне жүктелген. Алайда олардың алдағы жоспарына үңілсеңіз, ұлттық спорттың бұл түрін насихаттау туралы бір ауыз сөз таппайсыз. Тек қысқы-жазғы және әлемдік олимпиадаларға дайындалу мен Алматы мен Астанада өтетін қысқы Азия ойындарына басымдық беріліп кеткен. Әрине, оның барлығы жақсы. Дегенмен сала министрлігі ұлттық спортымызды дамытуды да назардан тыс қалдырмаса екен. Ең болмаса, ескерусіз қалған құсбегілікті Мәдениет министрлігі ұлттық өнер деп қабылдап, «Мәдени мұра» бағдарламасына кіргізіп, жеке өз қамқорлығына алса… Министрліктің назарынан тыс қалып, жетімдік көріп отырған бұл өнерге облыстық спорт басқармалары не істей алады дейсіз? Дәл қазір бұған Алматы облыстық Спорт басқармасы ғана әйтеуір там-тұмдап көмектесіп, жыл сайын құсбегілердің жарыстарын ұйымдастырып беруде. Алайда оның өзі көңіл көншітерлік дейгейде емес. Ал қалған облыстар спорттың бұл түрін дамытуды мүлдем ұмытқан. Сонда бұл өнер кімге керек, қазаққа ма әлде ағылшындарға ма?..

Қалай десек те, қыран құстарымызға мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі тиіс. Өкініштісі сол, қыран құс біздің көк байрағымызда қалықтап тұр. Күн көтеріп тұрған қыран құсымызды осы үшін де құрметтеуге болады ғой. Мәселен, Шығыс Африкада шағын ғана Уганда деген мемлекет бар. Өздерінің халқы да асып-тасып отырған жоқ, кедей ел. Бірақ солай бола тұра, олар өздерінің байрағында тұрған тәжді тырнасын ерекше құрметтейді. Тіпті онда сол тырнаны атқан немесе аулаған адамға бірден өлім жазасы кесілетін арнайы заң бар. Ал бізде ше?.. Енді дәл осылай болмаса да, қазақтың ұлттық символына айналып, байрағымызға басылған киелі қыранымызды қорғап, қамқорлыққа алуға қатысты арнайы заң керек-ақ болып тұр. Ал бұған халық қалаулылары не дейді?..

Бағдат МҮПТЕКЕҚЫЗЫ, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:

– Біз құсбегілікке қатысты жыл сайын жарыс өткізер кезде ылғи да қиындықтарға тап боламыз. Мәселен, облыс-облыстардан құсбегілер өздерінің бүркіттерін алып келерде, оларды кейде құқық қорғаушылар ұстап: «Бұл – «Қызыл кітапқа» енген құс, оны тасымалдауға болмайды», – деп пойызға мінгізбей қояды. Осы құқайды көріп келе жатқанымызға 20 жыл болды. Тіпті құқық қорғаушылардың өзі қаршыға мен бүркітті ажырата алмайды. Сосын осы жерден әр облыстың Ішкі істер басқармаларына хабарласып, «жарыс болатын еді, енді өткізіңізші» деп жалынамыз. Мұны біреуі түсінеді, енді бірі түсінбейді. Осындай кедергілер көп. Сондықтан қыран құстарымызға қатысты арнайы заң керек. 

Сағидолла ЗИЯТБЕКОВ, құсбегі:

– Өткен ғасырымыздың басына дейiн Алатау бауырында құсбегiлiкпен айналысушы адамдар өте көп болса, қазiр Кеген, Нарынқол аудандарында бiрлi-жарым қариялар осы кәсiптi ермек етедi. Кейiнгi жастардан бұған құмарлық танытатындары өте сирек. Сондықтан да құс баптаудың қасиетi мен амал-тәсiлi де естен шығып барады. Оның үстіне бүркітке ет тауып беру де қиындап кетті. Қазір мемлекеттен ешқандай көмек жоқ, сондықтан ауылдағы қойшы-малшылар көмек көрсетіп тұрады. Олар қырандар көктемде түлекке отыратын кезде мал төлдетеді ғой, сонда өлген қозы-лақ, тоқты-торпақтарын әкеліп береді. Содан кейін тауға аң аулауға рұқсат алып, бүркіттің ең сүйікті тағамы – суыр деген аңды аулаймыз. Көп жағдайда ет жоқ болып қалады.

Серік АНАРБАЙҰЛЫ

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар