Ауылдағы ағайын агросаясатты неге түсінбей жүр?

ауыл.jpg

Фото: Turkystan.kz

Күні кеше еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қытайдың бас кеден төрағасының басқармасымен Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қатысты келісім жүргізді.  Келісім бойынша 2019-2020 жылдар аралығында Қазақстаннан Қытайға экспортталатын 20 жаңа  агроөнімдердің түрлері анықталып, арнайы Жол картасына қол қойылды. Сөйтіп, алдағы жылы Қазақстаннан Қытайға құс еті, жылқы, шошқа еті, қой еті, рапс, сафлор, бұршақ, союға арналған ірі қара мал, көкөністер экспортталатын болды.

Жалпы, агроөнімдердің экспортын ұлғайтуға қатысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында «Агросаясат өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарыққа сапалы өнімдер шығаруды қолға алу керек» деген болатын. 

Агросаясаттың кемшін тұстары көп

Рас, осы уақытқа дейін агросаясатымызда экспорттың көлемін ұлғайтып, одан пайда көру мақсатында   бірқатар шараларды атқардық. Агроөндірісті қолдау үшін бірнеше бағдарлама қабылдадық, жобаларды жасадық, «ауылдың экономикалық әлеуетін арттырамыз» деп «Ауыл жылын» жарияладық. Ауыл шаруаларына субсидия, дотация бөлу  жағын халықаралық талапқа сай еттік. Не керек, үкімет агроөнімдерімізді бәсекеге қабілетті етудің барлық шараларды қарастырып-ақ жатыр. Бірақ сала мамандарының байыптауынша, біздің осы бағытта ұстанған  агросаясатымызда кемшін тұстар жетіп-артылады.  Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменовтың айтуынша, біз ең негізгісі ауыл тұрғындары түсінетін агро-саясатты ұстанып отырған жоқпыз.  

«Бізде әр министр келген сайын бір реформа ұсынып ауылдың халқын дүбара етті. Мысалы, Асылжан Мамытбековтың кезінде «Агро-бизнес-2020» бағдарламасы қолға алынды. Қазір ол бағдарламаның өзі қайда, нәтижесі қайда?! Бұдан соң жайылымдық жер мәселесі көтерілді. Мал шаруашылығын оның ішінде мал суғаруды жетілдіру үшін 4 мыңға жуық құдық қазу қолға алынды. Нәтижесінде құдықтар құрдымға кетті. Жұрт құдықтар қазғызып, ақыры мемлекеттен оның қайтарымды ақшасын ала алмай зар болды. Бұдан соң министр Асқар Мырзахметов келгенде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басын біріктіру саясатын ұстанды. Жақсы ұстаным болатын. Республика бойынша 467 кооперативтер құрылып, олар 220 сүт қабылдау  және  103 мал сою пунктерінің, оған қоса 12 мың отбасылық мал бордақылау алаңдарының басын қоспақшы болған. Оның қортындысы бойынша 135 мың жеке үй шаруашылықтары мен шаруа қожалықтары жұмыспен қамтылатын болған. Бірақ бұл да аяқсыз қалды. Ал қазір Өмірзақ Шөкеев мырза бес жыл ішінде еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдер экспортын 2,5 есе ұлғайту керек деген саясатты ұстанып отыр. Әрине, саясат жақсы. Нәтижесі оң болса тіптен дұрыс. Бірақ осындай реформалардың ауыса беретіндігі ауылдың халқын әрі-сәрі етті. Шындап келгенде ауылдағы жұртшылық біздің агросаясатты ұқпай жүр», - деді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов. 

Экономист-ғалымның пайымдауынша, бізге алдымен осы мәселені реттеп алу керек. Алдымен ауыл халқына ұғынықты саясатты ұстанып алып, ол реформа нәтижесін бергенде ғана келесі жаңашылдыққа ауысқан жөн. «Олай етпесек, біз ауылға арналған реформалар легінен шатасып кеттік» дейді ғалым. 

Қазақтың қаймағы Ресейдің айранына өкпелі

Мамандар алға тартып отырғандай, бұдан кейінгі агросаясаттағы басты ұстаным ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеу болуы тиіс. Ол үшін біз экспортқа ұн, ет, құс етін, көкөністерді ғана шығарып қоймауымыз керек. Бұл арада бұқтырылған ет, кепкен шұжық, қазы-қарта, консервіленген сиыр еті, қаймақ, айран, құр, ірімшік тәрізді өнімдерді экспорттауды үйренетін кезең жетті. Бұл ретте «Аналитик» талдау орталығының сарапшы маманы Ажар Күмісханова, ең соңғы дайын өнім өндіруді үйренген сәтте қазақтың пайдасы еселенетінін алға тартты. 

«Біздің дүкендерімізде Ресей мен Беларустің сүт және сүт өнімдері самсап тұр. Қазір қазақтың қаймағы Ресейдің айранына өкпелеп жүр. Себебі Ресейдің ашып кеткен қою айраны дүкендерімізде қаймақ деп сатылады. Қазақтың кілегейі мен Ресейдің қаймағын салыстыруға да келмейді. Майлылығы аз, сапасы төмен өнімдер қаптап кетті. Өзгелер осындай сапасыз өнімдерін бізге өткізу арқылы  мол табыс табады.  Ал біз экспортқа агроөнім түрлерінен ұн, ет, союға жарамды мал басын ғана шығарамыз. Қатық, құрт, қазы, қарта, қымыз, айран, шұбат деген өнімдерді молынан экспортқа шығара алмай жүрміз. Бұған себеп – мемлекеттік қолдау кем. Шағын кластерлер құрылып, жан-жақты өнім өндіруге бет бұрылса бұл аса қиындық туғызбас еді. Мысалы, жылқы өнімдерін өндіретін мемлекеттік шағын кластерлер құрылса, ол жерде жылқының еті мен қымызынан бастап, қазы-қарта, жал-жаясына дейін соңына дейін өңделіп, содан кейін ол өнімдер экспортқа жол тартса жақсы емес пе?! Сол тәрізді сүт және сүт өнімдері кластері құрылуы керек. Ол арада қаймақ, құрт, ірімшік өндірілсе. Әрине менің бұл ұсынысыма «ауылдың халқында мал басы аз. Олар қалай өнім өндіреді» дейтіндер табылады.  Бірақ бұл арада асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар бар, ірі ет экспортымен  айналысатын отандық өндіріс орындары бар. Бұларға мемлекет арнайы қолдау білдіруі керек. Субсидиямен қамтып, дотация беруден бөлек, агроөнім өндірушілерге қаржыны өсімпұлсыз «каникулға» беріп,  бөліп-бөліп қайтарасың десе, бұл істен нәтиже шығаруға болар еді»,- деді сарапшы маман Ажар Күмісханова. 

Сарапшы-маман алға тартып отырғандай, мұндай бастамалар іргеміздегі Қырғыз елінде, Өзбекстанда нәтижесін беріп келеді. «Қырғызстан қазірде сүт өндірушілерін қолдап, ет және сүт өнімдері соңғы өнімге дейін өңделіп экспортқа шыға бастады» дейді маман. 

  Ұн мен етті экспорты төмендеп кеткен

Сарапшы-маман Ажар Күмісханова алға тартып отырғандай, болашақта бізге ұн мен еттің экспортына сүйене беру пайданы еселемейді. Себебі деректер растап отырғандай, 2018 жылы ұн экспортының көлемі азайып кеткен. Біз бұған қатысты маман ұсынған деректерді арнайы сызбамен көрсеттік. Сызбада Қазақстаннан ай сайын экспортқа шығатын ұн мөлшерінің динамикасы көрсетілген. Деректерге қарап расымен де 2017 жылғы қарағанда 2018 жылы ай сайын экспортталатын ұн көлемінің азайғанын байқаймыз. Экспорт азайды деген сөз, мемлекет қазынасына түсетін түсімнің де кемігенін білдіреді.

1 графика.jpg

Міне, осы деректерді алға тартып отырған сарапшы-маман  «болашақта өзіміздің ішкі нарықты қамту үшін де, ұн қажет болады. Нан және нан өнімдерімен халықты қамту үшін экспортқа шектеу қоюға тура келеді. Сондықтан бізге ұнды өңдемей сыртқа шығара бергеннен, одан өнім өндіріп кептірілген кеспелер, макарон өнімдерін, салма, жаймаларды сыртқа шығарып үйренген абзал» дейді. 

Сол тәрізді ет экспортына қатысты да сала мамандары шикі етті экспорттай бергеннен дайын өнімді өндіріп шығарғанның пайдасы барын алға тартып отыр. Ет экспортына қатысты деректерге жүгінсек те, өткен жылы ет экспортының көлемі де төмендеген. Бұған қатысты деректерді де біз арнайы сызбамен көрсеттік.

2 графика ет.png

Халық тамақтан үнемдей бастады

Аталмыш деректерге қатысты экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов «Біз сыртқа ет өткіземіз. Ал өзімізде ет және ет өнімдерінің бағасы қымбат. Ұн экспорттаймыз өзімізде ұннан шығарылатын өнімдер қымбат. Біз шетелден ет және ет өнімдерін тасымалдаймыз. Ресей, Беларус, Польша, Мексика, Канада елдерінен Қазақстанға енетін ет және ет өнімдерінің бағасы бізде аса қымбат. Біз отандық өнімдерімізбен ішкі нарықтың 80 пайызын қамтығанда  қазіргідей «отандық өнім импорттың татасында қалды» деп отырмайтын едік. Өкінішке қарай, қазір бізді импорт басып алды. Осыдан барып қымбатшылық та желкелеп тұр. Отандық өндірісті қолдау үшін біз жылу мен суға төлейтін тарифтерден бастап, өнім тасымалына дейін жеңілдік жасауға тура келеді. Бірақ монополистерге «тарифіңді қымбаттатпа, себебі отандық өндіріс орындары қиналып қалады» деп айта алмаймыз. Өйткені олар да жекеменшік компаниялар. Жылу, жарық, жанармай қымбаттаса, біздегі отандық өнім де қоса қымбаттайды. Себебі олардың басым бөлігі өнімдерін экспортқа шығарып көлемді пайда таба алмайды. Ондай мүмкіндіктер жоқ болғаннан кейін ішкі нарыққа өткізетін өнімдеріне үстеме бағаны еріксіз қояды. Себебі шыққан шығынды сатқан өніміне үстеме қосып ақтап алғысы келеді. Міне, біз ұстанып отырған осы саясат дұрыс емес. Бізде «Доллар өсті деп отандық өнім бағасын  шарықтататындар бар». Мұның соңы қарапайым халыққа қатты тиіп отыр. Егер деректерге сүйенсек, қазір ауыл халқы да, хала халқы да агроөнімдерді өте аз тұтына бастаған. Бұл халықтың тамақтан үнемдей бастағанын көрсетеді.  Сондықтан бізге болашақта осы мәселеге қатысты сауатты шешімдер қабылдайтын кезең жетті» дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.  

Біз маман ұсынып отырған ауыл және хала халқының агроөнімдерді тұтыну көрсеткішін арнайы сызбамен көрсеттік. Сызбадан аңғарғанымыздай, расымен де халықтың өнімдерді тұтыну көрсеткіші төмендеген. 

3 графика.jpg 

Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов мәселені шешу үшін  расымен де халыққа түсінікті саясатты ұстану керектігін, бұдан соң «шикізат+өнім» формуласы жетілуі тиіс екенін алға тартты.  

«Агросаясатты жетілдіруді ауылдан бастау керек. Кеңседе отырып алып агросаясат ұсынып, реформа жасаймын деу қисынсыз. Министр малдың жайын түсінбесе, мал шаруашылығы қалай дамиды? Одан өнім қалай алынады? Сондықтан жылы кеңседен шығып, ауылға қарай барып, бәрін көзбен көрмей реформа жасау қисынсыз. Егер агросаясатта жетістікке жетеміз десек, шикізаттан өнім өндіру формуласы дамуы керек. Ең соңғы өнім өндіріп, қазақы бренд қалыптасқанда ғана пайда еселеніп, түсім көбейетін болады» деді Жаңабай Алдабергенов. 

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

mezgil.kz




Ұқсас тақырыптар