Ақтөбедегі автобус өртіне нүкте қойылды

1.jpg

Ақтөбеде 10 ай бұрын ішіндегі 52 өзбек азаматымен бірге күлге айналған автобус оқиғасына қатысты қылмыстық іс аяқталды. Бүгін автобус жүргізушілері Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатовқа үкім шықты. Олардың әрқайсысы 5 жылға сотталды.

Жыл басында болған жантүршігерлік оқиғадан 52 өзбекстандық тірілей жанып кетті. Бүгін қылмыстық іске қатысты Ырғыз аудандық сотының судьясы Серік Махамбетов үкім шығарды. Ол жүргізушілердің үшеуін де кінәлі деп танып, әрқайсысын 5 жылға соттады. Жаза өтеу мерзімі олар қамау алынған күн 24қаңтардан бастап есептеледі. Сондай-ақ, үшеуі де жеті жылға жолаушы тасымалдау саласында жұмыс жасау, көлік жүргізу құқынан айрылды. Сот сотталушыларға жаза тағайындағанда, олардың бұрын сотталмағандарын, жасөспірім балаларының барын ескеріп, жазаларын жеңілдетті.

«Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов Қылмыстық кодекстің 292, 345- баптарымен айыпты деп танылды. Әрқайсысына түпкілікті өтеуге жаза ретінде жолаушыларды тасымалдау саласында қызметпен айналысу және көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып 5жыл мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалды», - деді судья Серік Махамбетов.

Ал, автобусты тексеріп, жарамсыздығына қарамастан жолға шығуға рұқсат берді деп айыпталған механик Бахадир Пердебаев пен автобусты жалға алушы "Азия Транзит Сервис" компаниясының құрылтайшысы Нұрлыбек Телепбаев сот залында қамауға алынды. Екеуі де 3,5 жылға сотталды.

«Бахадир Пердебаев пен Нұрлыбек Тілепбаев ҚР ҚК 254, 348, 385-баптарымен кінәлі деп танылды. Олар автокөліктердің техникалық жағдайын тексеруге байланысты және жолаушыларды тасымалдау саласында жұмыс атқару қызметімен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді судья.

Жәбірленушілердің моральдық зиян өтеу туралы азаматтық талап арыздары ішінара қанағаттандырылды. Сотталушылардың барлығы зардап шегушілердің әрқайсысына 2 миллион теңгеден материалдық, моральдық шығын өндіреді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 52 өзбек азаматының өліміне қатысты сот Ырғыз аудандық сотында басталып, Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта жалғасқан болатын. Естеріңізге салайық, өрт оқиғасы 18 қаңтарда Ырғыз ауданының Қалыбай ауылы маңында болды. Ішінде 57 адамы бар көлік жол жиегінде тұрған күйінде өртеніп, 52 адам тірілей жанып кеткен еді. Марқұмдардың барлығы өзбекстандық. 5 адам құтылып шықты. Екеуі жолаушы. «Kaessbohrer-Setra» маркалы жолаушылар автобусы 17 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы Жібек Жолы ауылынан Ресей Федерациясының Қазан қаласына шыққан.

BAQ.KZ


Ұқсас тақырыптар