Адамдарға өз органдарын сатуына заңмен рұқсат беру керек пе?

Ел арасында адам ағзасын науқастарға сату немесе ерікті түрде беру туралы әңгіме жиі көтеріліп келеді. Тіпті мұны дәрігер қауымының өзі бастамашы болып көтеріп жүр. «Жол апаттары немесе ауыр науқастан көз жұмған адамның дене мүшелері талай адамның өмірін сақтап қалар еді»,- дейді дәрігерлер. Алайда біздің «Трансплантация туралы» заңымыздың кейбір баптарында шикілік бар. Сондықтан да дәрігер мамандар бұл заңға ішінара өзгерістер енгізу қажеттілігін айтады. Сонымен адамдарға өз органдарын сатуына заңмен рұқсат беру керек пе? 

орган.jpg

– Қазір Қазақстанда төрт мыңнан астам адам ішкі ағзасын ауыстыруға ниетті. Олардың басым бөлігінің бауыры, бүйрегі, тіпті жүрегі ауырады. Бірақ, науқастардың дені донар таппай әлек. Мысалы, бұл мәселе шетелде заң шеңберінде реттелген. Егер онда бір адам оқыс оқиғадан немесе көлік апатынан қайтыс болса, туыстарының рұқсатымен әлгі адамның жарамды ағзаларын алып, қажет етіп отырған науқасқа салады. Тіпті АҚШ-та шопырлардың жүргізуші куәлігінде өзгеге мүшесін беру немесе бермеу туралы мәлімет көрсетіліп тұрады. Өз кезегінде дәрігерлер донорға трансплантациялық отаның қауіптілігін түсіндіреді. Міне, шетелде мұның барлығы заңды түрде шешілген. Ал бізде өкінішке орай, бұл заң жетілмеген. Біз «Трансплантация туралы» Заңды енді ғана жан-жақты талқылап отырмыз. Менімше, бұған үрке қараудың керегі жоқ секілді. Егер әр адамның өзінің келісімі болса немесе адам дүниеден өткеннен кейін туыстарының рұқсаты бойынша оның органын алып, ағзаға мәжбүр болып отырған науқасқа салсақ, онда тұрған не бар екен? Қайта бұл аса сауапты іс емес пе? Бұған ислам діні қарсылық білдірмейді. Егер адам оқыс оқиғадан өмірден кетіп, оның жұмыс істеуге қабілетті ағзасы келесі бір науқастың өмірін арашалап қалса, денсаулығы түзелген науқас қайтыс болған адамға көмегі үшін өмір бақи рахметін жаудырмай ма? Сол үшін құран оқып, Алладан медет сұрамай ма? Адамдардың бір-біріне деген көмегі, ілтипаттығы осындайда сезіледі. Сондықтан ағзаларды алмастыру туралы заңның қабылдануына мен қарсы емеспін. Тіпті Араб елдерінің өзінде қайтыс болған адамның туыстары келісіп жатса, оның ағзалары пайдаға жаратылады. Ағзаны о дүниеге алып кеткенше, өзгенің өмірін арашалап қалған әлқеқайда тиімді. Бұл жерде басты мәселе адамдардың түсініпеушілігінен болып отыр. Әйтпесе, Отанымызда отаның осы түрін жасайтын уақыт әлдеқашан жетті, – дейді медицина ғылымының докторы, профессор Тілеухан Әбілдаев.

орган2.jpg

Алайда ҚР Денсаулық саласының үздігі, медицина  ғылымының докторы, профессор Ерасыл Әбілқасымов бұл пікірмен келіспейді. 

– Мен бұл пікірге қосылмаймын. Ешқандай да адамдардың өз органдарын сатуына рұқсат бермеуіміз керек. Керек десеңіз, бұл заңға қайшы болады. Себебі, біз демократиялық, зайырлы мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Ішкі ағзаларды сатуға заңмен рұқсат бергенше, қайта тыйым салуымыз қажет. Қазір интернетті ақтарып қалсаңыз, неше түрлі адамдар өзінің бүйрегін, бауырын, ұйқы безін, тіпті жүрегіне дейін сатамын деп жарнамалап қойған. Бірақ сол адамдарды көрсеңіз, басым көбі әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар. Олар қарызға кіріп кетіп немесе банкке кредитін төлей алмай, мәжбүрліктен осыған барып отыр. Психологиялық ауытқушылықтан, шарасыздықтан «Ең болмаса, өліп бара жатып, артымдағы қарызымды жауып кетейін» дейтіндері бар. Сонда біз қиналып жүрген адамдардың ішкі ағзаларын сатуына рұқсат беріп, қарыз үстіне қайғы жамап бермекпіз бе? Бұл масқара емес пе? Сондықтан орган сатуға мүлдем қарсы болуымыз керек. Мұның артында адам тағдыры тұрғандықтан, бұған бей-жай қарауға болмайды. Әрине егер адам жол апатынан немесе оқыс оқиғадан қайтыс болса, оның ішкі ағзаларын алып, қажет етіп отырған адамға салуға болатын шығар. Өйткені, бізде орган қажет етіп отырған адамдар шаш етектен. Алайда, мен Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет істеп жүрген кезімде мәйітханада істейтін кейбір дәрігерлердің қайтыс болған адамның ішкі ағзаларын шетелге сатып, бизнес жасаған сәттерін байқағанмын. Ол туралы ақпарат құралдарында жазылды да. Қазір ондай келеңсіздіктер бар ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Бірақ мәйітханада жұмыс істейтін дәрігерлер өз қызметіне адал деп айта алмаймын. Сондықтан мұны тоқтатып, бақылауды күшейтуіміз қажет. Мәйітханадағы дәрігерлер қайтыс болған адамның ішін жарып, жарамды ағзалардың барлығын алып, қайтадан тігіп туыстарына бере салады. Бұл адамгершілікке жата ма? Әрі-беріден соң, Жаратушы берген мүшені кескілеп, мүрдені қорлауға дініміздің өзі қарсы. Сол үшін «Трансплантация туралы» заңды қатаңдатып, өлген адамның о дүниедегі рухына тыныштық беруіміз қажет. Ал қайтыс болған адамның мүшесі біреуге аса қажет болып жатса, онда арнайы комиссияның шешімімен, өлген адамның туыстарының рұқсатымен ғана беруіміз керек. Бұл мәселені кезінде академик Мұхтар Әлиев қатты көтерген болатын. Алайда ол кісінің айтқандары осы уақытқа дейін ескерілмей отыр. Біз адамдардың құқы мен денсаулығының тапталуына жол бермеуіміз керек. Қазақстан өз халқының денсаулығын қорғай алмайтын әлсіз мемлекет емес. Қазір мұны заңдастыратын болсақ, онда кейбіреулер болмашы қаржы беріп, көшедегі қаңғыбасты ұстап алады да, ағзасын саудаға айналдырады. Оның үстіне, осыдан біраз бұрын Алматының маңындағы ауылдардың бірінде бірінші сыныпта оқитын қызды біреулер ұрлап кетіп, бір бүйрегін алып, қызды қайтадан есігін алдына тастап кеткенін басылымдардан оқыдым. Мұндай жағдайда елімізде түрлі адам саудасы белең алып кетуі мүмкін. Сондықтан мен мұндай заңға қарсымын, – дейді экс-депутат. 

Серік АНАРБАЙҰЛЫ

mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар