Халық неге несиеге тәуелді болып қалды?

«Бүгінгі таңда елімізде жүйке ауруымен ауыратын адамдардың саны күн санап артып келеді. «Оның бір себебі – адамдардың несиелік қарыздарын өтей алмауынан» дейді мамандар. Өйткені қазірге кезде банктерге қарыз емес адам кемде-кем. Екінің бірі екінші деңгейлі банктерден несие алып, онысын дер уақытында төлей алмай жүр. Банктегілер де кезінде «арманыңды бізбен бірге жүзеге асыр», «бізден несие алу өте оңай» деген секілді жарнамаларды үйіп-төгіп, тіпті аялдамалардағы шағын дүңгіршектерге дейін бөлімшелерін ашып қойды. Осылайша, елдің барлығы мойнына қарыз жүктеді.

кредит.jpg

Фото: Vzglyad.az

Психолог-дәрігерлердің айтуынша, мойнында несиесі барлардың басым көбі жүйке ауруына шалдығады екен. Иығын басқан зіл батпан несие жұртшылықтың еңсесін көтертпей, жүйкесіне қатты әсер еткен көрінеді. Осы ретте таяуда ғана 20 жастағы Нұржан есімді жігіт банктегі несиенің салдарынан өзіне-өзі қол жұмса­ды. Банк қызметкерлері қайтыс болған анасының мойнындағы несиені ұлы Нұржаннан өндіріп алмақ болған. Алайда банк қызметкерлерінің қысымына шыдай алмай, студент жігіт өмірімен қош айтыс­ты.

Санамалайтын болсақ, банкке қарыз­дарын қайтара алмай, олардың күндіз-түні телефон шалып, қорқытып-үркіту­ле­ріне шыдай алмай, өмірімен қош айтысып жатқандар елімізде жетерлік. Осыдан біраз бұрын ғана Тараздағы сот отырысын­да «мен банкке қарыз емеспін, менің орныма басқа біреу несие алған, мен оны білмеймін» деп соттың шешіміне ашынып, алдымен судьяны, артынан өзінің қақ маң­дайынан оқ атқан жігіт ағасының жантүр­ші­герлік оқиғасын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ.

Әбдуәлі МӘМЕДІЛ, психолог:

– Банктер кезінде несиені оңай берді. Адамдардың құжаттарын толық зерттеп, оның төлей алатын мүмкін­ші­лік­терін қараған жоқ. Барлығына үлес­тіріп бере берді. Көп банк қарапа­йым адамдарды осылайша өздерінің қақ­панына оңай түсіріп алды. Психоло­гиялық тұрғыдан қарағанда, несие алған адамның бойында «шаршау син­д­ромы» болады. Демек, жүйкеге күш түседі. Өзіне-өзінің көңілі толмау, несие алып, көп жылғы арманым орын­дала­ды деудiң бекершiлiк екенiн түсiну, «бұрынғы қоңыр тiрлiгiм жақсы екен бұдан да» деген ой адамды тығырыққа тiрей бередi. Жалпы, материалдық жағынан біреуге тәуелді болу деген өте қиын. Міне, осы жерде адамның жүй­ке­сі жұқарады да, тұңғиыққа батып, «бүйтіп жүргенше, тыныш жатқаным артық» дегенді ойына сіңіре бастайды. Осылайша, арты қайғылы оқиғаларға душар етеді. Сондықтан банктердің қарапайым халыққа психологиялық тұр­ғыдан қысым жасауына тоқтау са­луы­мыз керек.

Біраз жыл бұрын қарағандылық Елена Шамаеваның жарты миллион теңге қарыз­ды өтей алмағаны үшін өмірден түңіліп, алдымен төрт жасар қызына, артынан өз-өзіне қол жұмсағанын жұртшылық әлі ұмы­та қойған жоқ. Бұдан қарыздың адам­ды қаншалықты психологиялық ауытқуға әкеліп соқтыратынын аңғаруға болатын­дай.

Заңгерлердің айтуынша, егер борыш­кер қайтыс болса, оның қарыздары бала­ла­ры­на берілмеуі керек екен. Бұл ретте заң­гер Денис Әлімбеков: «Азаматтық ко­декстің 376-бабында, банк пен тұтынушы арасын­да­ғы келісімшартта «егер адам қайтыс болса, несие алушының міндеттері түгел­дей жойылады» делінген. Сондықтан банк қызметкерлерінің борышкердің мойнын­дағы қарызды мұрагерден өндіріп алмақ болғандығы дұрыс емес», – дейді. Алайда еліміздегі банктер халықтың қаржылық сауатсыздығы мен қаржыға деген мұқтаждығын өз мүдделеріне тиімді пайдаланып отыр. Әйтпесе қандай да болсын несие алар кезде міндетті түрде адамның өмірі сақтандырылады. Яғни борышкер қайтыс болса, оның қарызын сақтандыру компаниясы өтеуі тиіс. Бұл – дүниежүзілік тәжірибеде бар нәрсе. Бірақ біздің банктер өз мүддесін асыра пайдала­нып, несие беретін кездегі келісімшартқа «егер борышкер қайтыс болса, оның қары­зын мұрагері өтеуі тиіс» деген пункт  енгізіп қойған. Біріншіден, оны несие алушының көбі оқымайды, екіншіден, қаржыға мұқтаж болғаннан кейін оқыса да, еріксіз келісім береді. Бірақ бұл жерде борышкер келісім бергенімен, оның мұра­гері «егер ол қайтыс болса, оның орнына қарызды мен төлеймін» деп қол қоймайды ғой. Ал ол қол қоймағаннан кейін неге қарызды төлеуге міндеттенуі керек? Осының өзі заңға қайшы әрекет емес пе?! Ал банктер оны ескермей отыр. Сонда олар Қазақстан­ның заңына бағын­бай ма?

Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:

– Негізі, дүниежүзілік тәжірибеде қайтыс болған борышкердің қарызын сақтандыру компаниялары төлеуі тиіс. Бірақ, өкінішке орай, елімізде сақтан­дыру орындары өз деңгейінде жұмыс істей алып отырған жоқ. Бұл жерде мұрагердің еш қатысы болмауы керек. Біздің заңымызда жеке жауапкершілік деген бар. Яғни біреу үшін біреу жауап бермеуі керек. Алдағы уақытта біз банктердің мұндай әрекеттерін Үкіметке ұсыныс ретінде жолдайтын боламыз.

Қалай десек те, елімізде банкке бере­шегі бар борышкерлер жетіп-артылады. Психолог-дәрігер мамандар банкке қарыз болғандардың көбі жүйке ауруына шал­дығатынын айтады. Демек, адамдардың жүйкесі жұқарып келе жатыр деген сөз. Ал банк оны түсінбейді. Қазір олар қалай болса да жұртшылықтың ара­сын­дағы қарыз­дарын жинауға барынша кірісіп отыр. Ал мұндай мәселе тағы да қайталан­басына кім кепіл?!

Серік АНАРБАЙҰЛЫ

 



Ұқсас тақырыптар