Алаш автономиясы қашан жарияланды?

2.jpg Қазіргі кезде Алаш қозғалысы туралы іргелі зерттеулер жарық көріп, оның фактологиялық қоры жаңа тың деректермен толығуда

Бұл өз кезегінде көптеген қарама-қайшы мәселелерді зерттеуге мүмкіндік беруде. Алайда, Алаш қозғалысының іргелі мәселесі - Алаш автономиясы жариялануы туралы мәселеге нақтылы жауап берілмей келеді. ХХ ғасырдың 90 жылдарының ортасында шыққан М. Қойгелдиевтің іргелі зерттеулерінде Алаш автономиясы кеңінен зерттеліп, жан-жақты қарастырылады.

Алаштанушы-ғалым М. Қойгелдиев «Алаш қозғалысы» еңбегінде ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезін арнайы түрде зерттеп, сиездің Алаш автономиясын жариялаған қаулысынан үзінді келтіре отырып, «Съезд делегаттары қазақ автономиясын құру қажеттігін бір ауыздан қолдағанымен, бірақ оны жария ету мерзіміне келгенде бөлініп кетті. Делегаттардың біразы қазақ автономиясының құрылғандығын бірден жария етелік деді. Ал екінші бөлігі автономияның құрылғанын ресми жария етуді Алашордаға тапсыралық, өзі қажет деп тапқан уақытта жарияласын деді, - деп сиездегі дискуссия барысына тоқтала келе, - сиездегі дискуссия барысында мұндай ұстанымда болған топтың іс жүзінде көпшілік дауыс берген шешімде қалғандығын уақыт көрсетіп берген еді. Ол жөнінде келесі бөлімде баяндалады. Бұл арада қазақ автономиясын жариялауды кейінге қалдыруды жақтаған Ә.Бөкейханов бастаған топ қандай пікірге сүйенген еді, соған қысқаша тоқталу қажет» [1], - деп автономияны жариялау мәселесі кейінге қалдырылды деген тұжырым жасайды. Бұдан ХХ ғасырдың 90 жылдары жарыққа шыққан еңбектерде Алаш автономиясының жариялануы туралы сұраққа нақтылы жауап берілмегенін көреміз.

Алаш автономиясының жариялануы мәселесін зерттеуде, Қазақстан тарихшыларына қарағанда, Ресей тарихшылары анағұрлым нақтырақ тоқтамға келеді.

2009 жылы жарыққа шыққан Ресей алаштанушы-ғалымы Д. Аманжолова «Қазақстанның этносаяси тарихында. Алаш бетбұрысы» еңбегінде: «Посткеңестік тарихшылар Алаш мәні туралы әртүрлі пікірлер ұстануда. Жоғарыда атап көрсетілгендей, кейінгі кездердегі дискуссияларда бұл мәселені шешу бағытында тың тұжырымдар жасалуда. Бәлкім, оның күрделілігі, артынан болса да, жарияланған, бірақ ешкімнің тарапынан мойындалмаған және 1917 жылы желтоқсан айында өткен ІІ жалпықазақ сиезінде автономияның мемлекеттік органы қызметін анықтаған партиялық-қозғалыстың перманентті динамикалық жағдайда орналасуына байланысты болуы да мүмкін[2], - деп посткеңестік елдердегі Алаш қозғалысына байланысты зерттеулердің сипатын дәл ашып көрсетеді. Көріп отырғанымыздай, автор алдымен Алаш автономиясы жарияланды деп тұжырым жасаған, бірақ одан кейін автор тура сол еңбегінде: «ІІ жалпықазақ сиезінде автономия туралы шешім қызу талқылаулардан кейін барып қабылданды. Оның барысында бір топ автономияны бірден жариялауды қолдаса, екіншілері алдын ала тұрғылықты емес тұрғындардың пікірін анықтап барып жариялауды қолдады. Саны аз болған радикалдар шешімдері қабылданбаса, Қоқан автономиясына қосылатындықтарын алға тартып, өз ұсыныстарына қол жеткізді.

Нәтижесінде сиез ымыралы шешімге тоқталды: Алашорда бір ай аралығында Түркістан қазақтарының Алаш автономиясына қосылу мүмкіндігін анықтап, содан кейін сиез шешімін ресми түрде жариялайды деген шешімге келді», - деп жазды [3, 191-192 бб.]. Ресей алаштанушы-ғалымы еңбегінің маңызы - Алаш қозғалысы тақырыбының фактологиялық қорын молайта түсуімен ерекшеленеді. Автор ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезінде автономияны жариялау туралы ұсыныс жеңіске жеткендігін, бірақ артынан сиез делегаттары ымыралы шешімге тоқтады деп көрсетіп, автономияны жариялау кейінге қалдырылғанын айтады, бірақ автономияның жарияланған мерзімін нақтыламайды. Автордың еңбегіндегі тұжырымдарды қарастырғанда, Кеңестік кезеңде қалыптасқан ұлттық аймақтар туралы дәстүрлі тарих мектебінің ықпалы көрініс тапқанын ескерген дұрыс көрінеді.

Ресей тарихшы-ғалымдары Алаш автономиясының жариялануы фактісіне баса назар аударса, ал ХХ ғасырдың 90 жылдары жарыққа шыққан Қазақстан ғалымдары өз еңбектерінде Алаш автономиясы туралы жан-жақты зерттегенмен, жариялау фактісін зерттеу нысанына алмағанын көреміз. Оның ең басты себебі Ресей ғалымдары Алаш қозғалысын автономиялық қозғалыс шеңберінде ғана қарастыруымен түсіндіріледі. Ал Қазақстан ғалымдары Алаш қозғалысының ұлттық мүддені қорғау сипатын ашуды зерттеу нысаны етіп алып, оның ұлт-азаттық сипатын зерттеп, түпкі мақсаты тәуелсіздік алу екенін ашып көрсетуге бағытталуымен түсіндіріледі.

3.jpg

ХХ ғасырдың 90 жылдардағы Алаш қозғалысы туралы зерттеулерге қарағанда, ХХІ ғасырдың басындағы зерттеулер әртүрлі салаларға бөлінуімен, былайша айтқанда, тармақтала түсіп, кәсібиленуімен ерекшеленеді.

2016 жылы шыққан С. Аққұлының «Әлихан Бөкейхан. Аманат. ІІ томында» Алаш автономиясының жариялау ХХ ғасырдың ІІ онжылдығының басында Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставының» негізінде жүзеге асырылып, Алаш автономиясы жариялануы ұзақ мерзімді бағдарламалы-прагматикалық негізде жүзеге асырылғанын айтады[3]. Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің Уставы» құжаты бүгінгі күнге дейін сақталып қалуы және оның патша үкіметі және кеңестік билік иелерінің қолына түспей бүгінгі күнге дейін жетуі еріксіз таң қалдырады. Сонымен қосе, бұл факт Алаш қозғалысы қайраткерлерінің саяси-айқындамалық бағытын ашатын көптеген құжаттардың жетпей қалғандығын да аңғартады. 

 1918 жылы 25 қаңтарда «Сарыарқа» газетінде басылған ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысында:

 «… бүкіл қазақ-қырғызды билейтін хүкімет керектігін ескеріп, сиез бірауыздан қаулы қылды:

І Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқант облыстарындағы һәм Амудария бөліміндегі қазақ үйездері, Закаспий облысындағы һәм Алтай гүбірнесіндегі іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық жерлі автономия құруға.

ІІ Қазақ-қырғыз автономиясы Алаш деп аталсын.

 ІІІ Алаш автономиясының жері - үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын;

IV Алаш автономиясының низамын бүкіл Россиялық учредительное собрание бекітеді.

V Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қоластында жерсіз халықтар болса, оларға ұлт һәм мәдени автономия беріледі.

VІ Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уакытша Ұлт Кеңесін құруға, мұның аты «Алашорда» болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-кырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылды. Алашорданың уакытша тұратын орны — Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қырғыз-қазақ халқының билігін өз қолына алады» [4], - деген тармақтарының мазмұны Алаш автономиясын жариялайтыны түсінікті.

ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысы баспасөз беттерінде басылуы, Алаш қозғалысы қайраткерлерінің Алаш автономиясын жариялап отырғандығын дәлелдейді. Оның үстіне қаулының VІ тармағында Алаш автономиясы атынан билік етететін атқарушы билік - Алашорда атты үкіметі бірден іске кірісуі қаулының заңдылық әрекеті жүзеге асып отырғанын растайды, себебі осы қаулы қабылданғанда, Алашорда үкіметі құрылып, оның бірінші отырысы өткізілгені белгілі.

ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезінің өкілдері Алаш автономиясын жариялап, оның басшысы етіп Әлихан Бөкейханды сайлады. Әлихан Бөкейхан Алаш автономиясы жарияланған сәттен бастап, автономияны Ресейдің дербес ішкі саяси субъектісі ретінде таныта бастады.

1917 жылы 15 желтоқсанда Торғай облысы комиссары қызметінен кетітіні жөнінде өтініш жазып мәлімдейді [1, 350 б.]. Осылайша, Әлихан Бөкейхан Ресейдің аймақтық басшысынан, Алаш автономиясы көсеміне айналды. Бұл ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулылары тек декларативтік сипаттағы ғана емес, нақтылы түрде жүзеге асырылған заңдық күшіне енген құжат екендігін айқындайды және Алаш автономиясы атынан билік жүргізген Алашорда үкіметі қызметін бірден бастағанын көрсетеді. Алашорда үкіметі төрағасының осы әрекеттері Алашорда үкіметінің толыққанды дербес субъек ретінде әрекет еткенін дәлелдейді және бұл өз кезегінде оның автономиялық қызметін аша түседі.

 Алаш автономиясы құрылғандығы туралы Алаш автономиясы аумағында тұрақты түрде шығып тұрған баспасөз беттерінде бір қарағанда қарама-қайшы сияқты болып көрінетін түрде болса да мәлімделді.

4.jpg

1918 жылы 22 қаңтарда «Сарыарқа» газетінде Алаш партиясы «Жасасын Алаш, Жасасын» атты пресс-релизін жариялайды. Онда: «Декабрьдің 12-сі күні түс ауа сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қазақ-қырғыз жұрты өз алдына ауыл болды; отансыз жұрт отанды болды[5], - деген мәлімдемесімен Алаш автономиясы құрылғандығын мәлімдеп, әрі қарай осы пресс-релизінде, - Біз бұл күнде автономия алмағанмен түбінде алдымызға жұрт болып жасаудан үмітіміз болса, Алашордасы бір заманда теңеледі деп сенсек, сонда да бас қосып, дүкен құрып отыруымызға жер керек», - деп Алаш автономиясын жарияламағандығын мәлімдейді[5, 74 б], ал оның соңында «Жасасын Алаш автономиясы» деген ұранымен аяқтап, жариялап отырғандығын бекітіп береді[5, 78 б]. Осы үзінділер ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезінде Алаш автономиясы құрылғандығын айқындайды.  

1918 жылы 2 наурызда Алаш партиясына қарсы бағыт ұстанған «Үш жүз» газетінде Н. Құлжанов «Алаш автономиясы» атты мақаласын жариялады. Онда жалпы қазақ-қырғыз сиезі Орынборда 12 желтоқсан күні дүниежүзіне «Алаш автономиясын» келтірген деп жазды[6]. Бұл Алаш автономиясы құрылғанын Алаш партиясына қарама-қарсы бағыттағы Үш жүз партиясы мойындап отырғанын көрсетеді.

 Алаш қозғалысы қайраткерлерінің Алаш қозғалысы туралы Кеңес үкіметінің баспасөз беттерінде жариялаған мақалаларында Алаш автономиясы құрылған фактісін ғана емес, Алаш автономиясы ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезінде жариялануы фактісін жазуымен ерекшеленеді.

1919 жылы 3 тамызда шыққан «Ұлттар өмірі» журналында Ахмет Байтұрсынұлы: «5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен жалпықырғыз сиезі Қырғыз өлкесін автономиялы деп жариялап, халық милициясын құрды. Онда 15 мүшеден тұратын, Бөкейханов (бүкіл қырғыз халқына танымал қоғам қайраткері) басшылығындағы Алашорда атты уақытша үкіметін сайлады. Уақытша үкіметтің уақытша орны ретінде Семей қаласы көрсетілді. Алашорда ағзалары Орынбор қаласындағы бірінші отырысында 1918 жылы 10 қаңтарда Семей қаласында жиналуды қаулы етті», - деп жазып[7], Алаш автономиясының ІІ жалпы қазақ-қырғыз сиезінде жарияланғанын ашық айтты. Тура осындай мәлімдемені 1920 жылы 7 қарашада шыққан «Кедей сөзі» газетінде: «1917 жылы декабрь басында жалпы қазақ съезі болды. Алашорда автономиясы жарияланды. Съезд Россияда жаңа тұтанып келе жатқан жаңа соғыстан қайткенде аман қалуды ойлап һәм бейбастықтан елді қорғау мақсатымен әскер жасауға қаулы қылды. Бірақ 1918 жылдың басына дейін әскер жасалынбады», - деп Алаш автономиясы жарияланғандығын кеңестік баспасөзде ашық жазды [8]. Міржақып Дулатұлы 1929 жылғы тергеушілер жүргізген сұрауларда бұл мәлімдемесінен бас тартпайды: «Совет үкіметіне қарсы күрес деп шуласып жүргендері - қазақ ұлтын өз бетінше өмір сүрсін деген мүддеден туған ниет қана. Өз отауымыз өзімізге бұйырсыншы дегеніміз. Желтоқсанның басында Бүкілқазақ съезінде «Алашорда» деген атпен автономия жарияладық, құрамы 15 адамнан басшылық сайланды, басқару үкіметіне өзім еңбей қалдым», - деп бұлтартпай шындығын ашық айтады [6, 8 б.].

Алаш қозғалысы қайраткерлері Кеңес үкіметі баспасөз беттерінде Алаш автономиясы жарияланғандығын нақтылы және ашық түрде мәлімдейді. Кеңес үкіметі шығарған баспасөздерде Алаш автономиясы құрылып қойғандығы ғана емес, сонымен қоса Алаш автономиясы жарияланғандығы мойындалады. Сондықтан Алаш партиясы мен оның қарсыласы Үз жүз партиясы да Алаш автономиясы 1917 жылы 12 желтоқсанда жарияланғаннын мойындағандықтан, бұл Алаш автономиясының құрылған және жарияланған күні болып табылады.

Әдебиеттер:

1. Қойгедиев М. Алаш қозғалысы. Бірінші том. Өңделіп, толықтырылған екінші басылымы. - Алматы: «Мектеп» баспасы, 2008. - 431 б.

2. Аманжолова Д. А. На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана. – Алматы: Издательский дом «Таймас» 2009. – 184 б.

3. С. Аққұлы Әлихан Бөкейхан. Аманат. ІІ том. – Шымкент: «АЗИАТ» баспасы. 2016. – 443 б.

4. Жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысы /«Сарыарқа» газеті, 1918, 25 қаңтар // Алаш көсемсөзі: 10 томдық. - Алматы: «Өнер», 2011. 10-кітап: Сарыарқа. - 99 б.; Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. - желтоқсан 1917 ж. Движение Алаш. Сборник документов и материалов. Апрель 1901 г. - декабрь 1917 г. - Алматы: «Алаш», 2004. - Т.1. - 477 б.

5. Әлімхан. Жасасын Алаш, Жасасын!  /«Сарыарқа» газеті, 1918, 22 қаңтар, №28. /Алаш көсемсөзі: 10 томдық. - Алматы: «Өнер», 2011. 10-шы кітап: Сарыарқа. - 74; 78 бб.

6. Құлжанов Н. Алаш автономиясы / «Үш жүз» газеті, 1918, 2 наурыз, №7 // Смағұлова С. О. Көлбай Төгісов және «Үш жүз» партиясы. – Алматы: «Арыс», 2009. – 218 б.

7. Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. В 3 Т. / Алматы: ОФ «Дегдар», 2016. Т.1.  - 2016. - 143 б.

8. Дулатов М. Бес томдық шығармалар жинағы. Үшінші том: Көсемсөз, әдеби-сын және зерттеу мақалалары, қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіштері. //Құраст: Дулатова Г., Иманбаева С. - Алматы: «Мектеп» баспасы ЖАҚ, 2003. - 12 б.

Ержан Өмірханұлы Шагимолдин

Тарихшы, алаштанушы

Қазақстан тарихы порталы

 



Ұқсас тақырыптар