Көліктің салығын кім төлейді?

автобус.jpg

Қазіргі қоғамда қарапайым халықтың шымбайына бататын мәселенің бірі – көлік салығы. Салықтың бұл түрін төлеудің жыл сайынғы мерзімі 31 желтоқсанға дейін белгіленгенімен, келесі жылдың табалдырығын амалсыз қордаланған қарызымен аттайтындар жетіп-артылады. Неге дейсіз ғой? Кейіпкерімізді сөйлетейік. 

– Мен 2006 жылы Нұрлан атты жігітке «ПАЗ» маркалы көлігімді сенімхатпен сатқанмын, – дейді Жадыра атты келіншек. – Шыны керек, ол жылдары қай салада болмасын тәртіп керемет болмағаны белгілі. Менің нотариусқа барып сенімхат рәсімдегенім де есімде жоқ. Автобус атымда болғанымен, негізі ағамдікі еді. Жүргізушіге уақытша сенімхат МАИ-де де рәсімделе беруші еді ғой. Ағам өзі барып менің атымнан қол қоя салса керек. Сонымен, автобус сатылып кете барды, мен де ол туралы ұмытып кетіппін. Және салық мекемесінен «қарызыңызды төлеңіз» деген түбіртек-хабарлама да алған емеспін. Алсам, осы уақытқа дейін сағыздай созып нем бар?! 2012 жылы әлдебір шаруамен салық мекемесіне жолым түсіп, мәліметтер базасынан өз атыма көп қарыз жиналып қалғанын көріп шалқамнан түсе жаздадым! Сөйтсем, Нұрлан автобусты не өз атына аудармаған, не осы уақыт ішінде менің салық тіркеу нөмірімді көрсетіп салық төлемеген. Бұл былық туралы хабарласып, ескерткен де емес. Ал өйтіп-бүйтіп мекенжайын тауып алып, үй телефонына хабарласқанымда, «Аталған автобус сатылып кетті ме, болмаса металға тапсырылды ма – ұмытып қалдым. Техникалық төлқұжатының да қайда қалғаны белгісіз. Салығыңызды өзіңіз төлеуіңізге тура келеді. Менен заң жолымен де ештеңе өндіріп жарытпайсыз», - деп қарап тұр! Өкінішке қарай, сенімхаттың көшірмесі менде сақталмаған. 

Сонымен, кейіпкеріміздің салық әлеміндегі сергелдеңі басталды да кетті. Ол алдымен жол полициясына барып, мән-жайды нақтылауға кірісті. 

Ішкі істер министрлігінің базасында көлікті сенімхатпен алған адамның аты-жөні сақталыпты. Осыны анықтаған соң Жадыра заңгерлік кеңсеге барды. Адвокат жігіт: «Мен 5 мың теңгеге талап-арыз жазып берейін, заң сіз жақта. Сенімхатты кезінде үш жылға емес, қысқа мерзімге берген болсаңыз да, оның түпнұсқасы сақталмаса да, ештеңе етпейді. Сіз бәрібір жеңіп шығасыз. Ал сотта заңды өкіліңіз болуымды қаласаңыз, қызметім 50 мың теңге тұрады», - деп кеңес берді.  

Әу баста автобустың сенімхатпен сатылғанын ұмытып кетіп бір қателік жасаған Жадыра адвокатқа талап-арыз ақысын төлеп тұрып екінші жаңсақтық жіберді: 5 мың теңге төлегені үшін чек-түбіртек талап етпеді. Қош, сонымен ол Екібастұздың қалалық сотына талап-арызын беріп те қойды.  

Көп ұзамай талап-арыз қайтып келді. Өйткені адвокат Жадыраға талап-арыз талапкердің емес, жауапкердің тұрғылықты мекенжайы бойынша берілуі керектігін ескертпеген екен. Ал Жадыра әлдекімдер арқылы Нұрланның Павлодар қаласында тұрып жатқанын анықтап қойған еді. Адвокатқа наразылық білдірейін десе, оның қызметіне ақша төлегенін дәлелдейтін түбіртегі жоқ...

Шын мәнінде салық сергелдеңінен құтылу адвокат айтқандай оңай болмай шықты. Және бұл уақытта еліміздің заңнамаларында біраз өзгерістер болып, мүлікті бағалау қажеттілігі туындады. Өйткені сот қызметі үшін төленетін баж салығы мүліктің нарықтағы құнының бір пайызынан құралады. Ал техникалық құжаты жоқ көлікті бағалауға кез келген бағалаушы бара бермейді.

– Павлодарда техникалық төлқұжаты жоқ көлікті бағалаумен жалғыз ғана мекеме айналысады екен. Бірақ анықтамалары орыс тілінде. Қазақшасын беруден бас тартты. Осы себептен МАИ-ға анықтаманы орыс тілінде қайта беруін сұрап хат жазып, сотқа беретін барлық құжаттарымды ресми тілге аударуға мәжбүр болдым, – дейді Жадыра. 

Біздің кейіпкер Нұрлан сонда тұрып жатыр деген оймен келесі арызды Павлодар қаласының сотына жолдағанымен, Нұрлан ресми түрде Астана қаласында тіркеуде екен. Оның үстіне, жауапкер тараптың қорғаушысы: «Автобусты Нұрланға бергеніңізді дәлелдейтін сенімхатыңыздың түпнұсқасы сақталмаған. Полиция берген анықтама дегеніңіз – түкке тұрмайтын қағаз, министрліктің ресми анықтамасы болса бірсәрі. Бәрінен бұрын іздену мерзімі өтіп кеткен! Сіздің дау қуғаныңыздан ештеңе шықпайды!» - деген уәжін тосып, дес бермеді. Ақыры Павлодардағы тартыс судьяның істі жауапкер ресми тіркеуде тұрған Астана қаласының сотына жолдауымен аяқталды.  

Қазіргі уақытта Жадыра шарасыз күйде. Астанаға жолданған істі тоқтатуына тура келді, себебі істің оның пайдасына шешілеріне кепілдік жоқ. Керісінше, жеңіліп қалған жағдайда қарсы тараптың сот шығындарын арқалап кете баруы әбден ықтимал. Оның үстіне, бірнеше заңгер оған: «Сенімхатыңыз қысқа мерзімге берілген әрі түпнұсқасы жоқ. Автобусты сатып алған адамнан қолхат та алмапсыз», - деп, мәселені тығырыққа тіреді. Екібастұз қалалық сотына тура Жадыраның басындағыдай себеппен арыз берген бір жігітпен тілдесіп көрдік. Оның жағдайында сәл өзгешелік бар: берген сенімхаты әу баста үш жылға рәсімделген, нотариустың мұрағатынан телнұсқасы табылған әрі көлікті сатып алған адамнан алған қолхаты да бар көрінеді. Құжаттары толық болғандықтан, сот соның пайдасынан шешіліпті. 

...Соңғы жылдары ғана салық саласының жұмысы біраз реттеліп, салық төлеушілерге салық төлемдері туралы хабарламалар уақытылы таратылатын болып жүр. Жадыраның аталған көлік үшін негізгі қарызы былтыр 163 мың теңгеден асса, өсімақысы 79 мың теңгені құраған болатын. Биылғы жылдың басында негізгі қарыз бұрынғыша болғанымен, өсімақы сомасы 93 мың теңгеге жеткені оған салық органынан хат арқылы хабарланды; яғни, берешектің жалпы сомасы шамамен 256 мың теңге. 

Қазір кез келген адам ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтынан өз жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы салыққа борышының бар-жоғын біле алады. Бір қызығы, аталмыш сайт Жадыраның қарызын бүгінгі таңға 308 мың теңге етіп көрсетуде. Ол жыл басында 163 мың теңгені құраған негізгі қарызының неліктен 195 мың теңгеге өсіп кеткенін түсінбей дал. Сатылып кеткен көлік үшін бұрынғы иесіне үсті-үстіне борыш еселеген мемлекет бірақ салық органдарының борышкерді неліктен дер кезінде іздеп дабыл қақпағанына бас қатырған жоқ; Ішкі істер министрлігі тіркеуінде көліктің сенімхатпен сатылғаны туралы айқын мәліметтер тұрса да, ешкім көлікті сатып алып тиісінше рәсімдемеген, салығын уақытылы төлемеген жауапсыз сатып алушыны жауапқа тартуды ойламайды да. 

Салық органдарына жоғарыдағы оқиғаға қатысты сауал жолдасаңыз: «Көліктің сенімхатпен сатылуы ешкімді салық төлемінен босатпайды. Салық кодексінің 490-бабына сәйкес, салық төлеуге жататын нысаны бар тұлғалар көлік құралдары үшін салық төлеуші болып табылады» деген жаттанды жауап аласыз. 

Бүгінгі таңда Екібастұз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының деректер базасындағы жеке тұлғалардың салыққа берешегі 195 миллион теңгеден асса, соның 152 миллион теңгеден астамы көлік салығы борышы. Ал бұл миллиондардың қомақты бөлігі – Жадыра сияқты адамдарға тиесілі.  

Жанаргүл ҚАДЫРОВА,

Екібастұз қаласы.

Mezgil.kz




Ұқсас тақырыптар