Байқоңырдағы қазақ бизнесі Ресейдің шырмауынан шыға алмай жүр

12.jpg


Ресей рубльінің құнсыздануы, көрші елдің экономикасының тұрақсыздығы еліміздің Байқоңыр қаласына оңайға тиіп отырған жоқ. Қазір Байқоңырдағы қазақстандық кәсіпкерлер екі жақтың заңына жүгінуден шаршаған.  Мамандардың байыптауынша, болашақта Байқоңырдың қазақ кәсіпкерлері отандық тауардан бас тартып жатса таң қалуға болмайды. 

Бұл ретте «Аналитик» талдау орталығының сарапшысы Меруерт Молдабеваның айтуынша, Байқоңыр қаласында кәсібін жүргізетін отандық кәсіпкерлер Қазақстаннан енетін тауарларға  мемлекет бюджетіне 12 пайыздық қосымша құн салығын төлейді.  Ресейде қосымша құн салығын төлеу 18 пайыз. Ал енді екі елдің қосымша құн салығын қосатын болсақ, қазақстандық кәсіпкерлерге 30 пайыздық қосымша құн салығын төлеуге тура келіп жүр. Мамандар нақ осы мәселе Байқоңырдағы қазақ кәсіпкерлеріне  бизнесін дөңгелетуге қиындық тудыратынын  алға тартып отыр. «Әрине өзге елдермен салыстырғанда Қазақстандағы қосымша құн салығы төмен. Бірақ біздегі өндірістік база өзге елдермен салыстырғанда кемшін. Сондықтан осы қосымша құн салығы мәселесіне келгенде кәсіпкерлер қиналып қалады» деседі мамандар. 

Біз бірқатар елдердегі қосымша құн салығы қалай түзілетінін арнайы сызбамен көрсетуді жөн көрдік. 

1 _______.gif  

Ал сызбада көрсетілген мәліметтерге қатысты маман Меруерт Молдабаева былай деді: 

«Байқоңырда теңге мен рубль қатар жүреді. Қаланың Ресей жағы басқаратын әкімшілігінің ұстанған нормативтері мен талаптары Қазақстанның заңнамасына сәйкес келмейді. Екі елдің заңына бірдей жүгінеміз деп ондағы кәсіпкерлер әрі-сәрі күй кешіп отыр. Ресей президенті Путин мырза 2018 жылдың 4 тамызында қосымша құн салығын 20 пайызға көтеру жөнінде  заңға қол қойды. Бұл заң 2019 жылдан бастап күшіне енетін болса, онда қазақстандық кәсіпкерлер Ресейдің шырмауынан шыға алмай қалады. Байқоңырда Ресеймен біріккен қазақстандық кәсіпорындар өте көп.  Ресей тарапы қазір неғұрлым нарықты жаулап алуға тырысып бағуда. Сондықтан Ресейдің өнімі отандық өнімді нарықтан ысырып шығармасын десек, біз отандық кәсіпкерлер төелйтін қосымша құн салығын төмендетуіміз керек»,-дейді экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева. 

Сондай-ақ, маманның пайымдауынша,  Байқоңырда қазақ кәсіпкерлері ғана емес ресейлік кәсіпорындарда жұмыс істейтін отандастарымыз да қиналып жүр. 

«Рубль құнсызданып кеткеннен кейін жалақыны рубльмен алатындардың жалақысы да құнсызданы кетті. Мысалы, былтыр нақ осы уақытты бір рубль теңгеге шаққанда 5 теңге 84 тиын болды. Қазір бір рубль 5 теңге 58 тиын болып отыр. Былтыр 30 мың рубль 175 мың теңге болса, биыл бұл сома 167 мың теңге болып қалды. Сондықтан жалақылары арзандаған Байқоңыр халқына теңгемен сауда жасау да тиісіз болып тұр. Өйткені рубльді теңгеге айналдырса ұтылады. Оданша сол рубль күйінше қолданып, рубльмен сауда жасаған тиімді Ал мұның арты теңгемен сауда-саттық жүргізетін біздің кәсіпкерлерімізге қиындық туғызады. Отандық өнім өтпегеннен кейін кәсіпкерлер де сатылымға  Ресей өнімдерін көтерме бағамен сатып алып шығаруды жөн көріп отыр. Сөйтіп отандық өнім Байқоңырда бәскеге бәс тіге алмай отыр»,-дейді экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева. 

Біз Ресей рубльінің теңгеге шаққандағы бағамын арнайы сызбамен беруді жөн көрдік. Төмендегі сызбада 2017 жылдан бері Ресей рубльінің теңгеге шаққандағы бағамы қалай өзгергенін көруге болады. 

2 _______.PNG 

Жалпы, экономист-сарапшылардың байыптауынша, Байқоңырдағы тұрмыстық техника сататын отандық кәсіпкерлер де қиналып отыр. «Тұрмыстық техниканың дені Ресейден келеді. Отандық кәсіпкерлер Ресейден тұрмыстық техника сатып алғанмен, оны өткізе алмай қалу қаупі басым. Себебі тұрмысқа қажетті техниканың басым  бөлігі несиеге береді. Ал қазір Байқоңырдағы қарапайым қауымға несие алудың машақаты көбейген. Мәселен, Ресеймен біріккен кәсіпорындарда жұмыс істейтіндерге «жалақыны рубльмен аласың» деп қазақстандық банктер несие бермейді. Сөйтіп, тұрмыстық техника сататын кәсіпкерер де қазір жағдайдың қиын екенін айтып отыр»,-дейді Меруерт Модабаева. 

Маманның бұл сөзін экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов те жоққа шығармады. Экономист-ғалымның айтуынша, бізге Ресеймен жақын орналасқан және Ресейге жалға берілген Байқоңыр аймағында кедендік талаптарды қатайтатын  кезең жетті. 

«Білесіздер,  2014 жылдан бері Ресей Батыстың санкциялар құрсауында қалып жатыр. Міне, содан бері Қазақстанның Ресейге жақын аймақтарының халқы Ресейден автокөлік те тасыды, тұрмыстық техниканы да «арзан» деп Ресейден әкелді. Тіпті Ресейден азық-түлікті қаптап  тасығандар болды. Жалпы, бізде Қазақстанда 1 млнға жуық орта, шағын, ірі жеке кәсіпкер мен кәсіпорын бар.  Бұл кәсіпорындарда 3 млннан астам адам жұмыс істейді. Болашақта осы 3 млн адам жұмыссыз қалсын демесек, Ресеймен арада кедендік талаптарды қатайту керек. Отандық өндірісті қорғау үшін Ресейден келетін таураларға белгілі бір шектеу енгізу қажет. Қазір Ресейдің бар мақсаты - біздің отандық өнім өндірушілерді нарықтан ысырып,  ішкі нарықты жаулап алу. Әбден ішкі нарығымызға еніп алғаннан кейін Ресей тауарларының көтерме бағасын өсіре қояды. Міне, сонда көз ілеспес қымбатшылық орын алады. Әзірге бізді Ресей арзан импортымен қызықтырып отыр. Ресейдің арзан импортына иек артып, отандық өнімге деген сұранысты төмендетіп алмауымыз қажет. Отандық өнімге сұраныс төмендесе, оны өндірушілердің де жағдайын төмендейді. Бізді кез келген жағдайда құтқарып қалатын тек отандық өнім. Ал Ресейдің немесе Беларусьтің арзан тауарлары тек өз мүдделері үшін ғана уақытша арзан болып отыр.  Сондықтан үкіметтік тұрғыда осы мәселерді шешуге шаралар қарастырған жөн»,-деді экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметов. 

Осылайша мамандардың  пайымдауынша, Ресейден енетін тауарларға белгілі бір шектеу енгізілмесе, болашақта Байқоңырдағы кәсіпкерлерге ғана емес, отандық кәсіп иелеріне де қиынға соқпақ. Сол үшін бізге отандық бизнеске жайлы орта қалыптастыруға барынша тырысу қажет.

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар