Ресей ғалымдарының Аралды құтқаруға құлшынысы неге артып жүр?!

Былтырдан бері Ресей ғалымдары «Қазақстандағы Аралды құтқару керектігін» жиі айтып жүр.  Жуырда ғана Ресейдің Зоология институтының профессоры Николай Аладин Аралды қалпына келтіру талай мәселені шешетінін алға тартты. Былтыр Аладин мырза «Мен Аралды құтқарамын, сол үшін маған Нобель сыйлығы берілетін болады» деп жалпақ жұртқа жар салып назарымызды бір аударып қойған болатын. Ресей ғалымдарының мәлімдеуінше, Арал тек Қазақстанның ғана проблемасы емес, ол әлемдік проблема. Сондықтан теңіздің тағдыры ғаламды алаңдатып отырған жайы бар.

арал тениз.jpg

Жалпы, Аралды құтқару жайы тоқсаныншы жылдардан бері жүзеге асырылып келеді. Теңізді құтқару үшін осы уақытқа дейін ұзын-саны 72 жоба қолға алыныпты. Өкінішке қарай, олардың дені Арал суының көтерілуіне ықпал ете алмады.

Аралды қалпына келтіруге қатысты еліміздің мамандары түйіп отырған ойға жүгінсек, теңіз суының құрамында сирек кездесетін металдар мен химиялық элементтер баршылық. Бұған қатысты химия ғылымының кандидаты Қорлан Апсалықованың айтуынша, бірінші кезекте Арал суының құрамында иод ресурсы тұнып тұрғанын ұмытпағанымыз жөн.

«Қазір Қазақстанда иод тапшылығы белең алып тұр. Осы тапшылықты біздегі табиғи байлық арқылы жоюға болады. Ол үшін Аралдағы йод ресурсын толық зеттеуге қол жеткізуіміз қажет. Біз үшін қазір Аралдың Солтүстік бөлігін зертеу маңызды. Біріншіден, Аралдың Солтүстік бөлігі Қазақстанның территориясында. Солтүстік Аралда тіршілік бар. Онда балық та бар, көлдің суы да тұщщы. Ал Оңтүстікте тіршілік байқалмайды.  Негізі  Арал суының құрамында көптеген сирек кездесетін металлдар кездеседі. Жасыратыны жоқ, елдегі қаншама жер асты сулары болсын, теңіз сулары болсын толық зерттелмей жатыр. Біздегі су көздерінде судан алынатын рудалар көп. Әлемдік нарықта судан алынатын рудалардың құны алтыннан да мұнайдан да қымбат. Қазір Қытай елі осы саланы әбден меңгеріп, су рудаларын сатуда алға озып тұр. Осыған қарап қынжыласың. Бір ғана Аралды толық зерттей алмауымыз өкінішті»,- дейді ғалым Қорлан Апсалықова.

арал карта.jpg

Ғалымның пайымдауынша, біз Аралды сорға айналып кеткен экологиялық аймаққа жатқызамыз. Бағамдасақ,   Аралда ашық тұз жатыр. Егер оны ұқсатсақ, ол жерлерге арнайы зертханалық жұмыстар жүргізілсе иод тапшылығынан халықты ада ету мүмкіндігі туатын еді. «Біз болашақта Аралды сортаңға айналдырмай табысқа кенеліп, өзіндік бренд жинаймыз десек, осы саланы зерттейтін ғалымдарға қолдау көрсетілуі керек. Қуатты технологияны ғылымға жұмылдыру қажет. Әсіресе Арал мәселесі қуатты технологияны қажет етіп отыр. Ертең біз қамданбасақ, Ресей, Өзбекстан ғалымдары, Қытайдың оқымыстылары Аралды зерттеуге құлшынып-ақ отыр. Сондықтан бұл арада Қазақстанның үлесі басым екенін өзгелер білуі керек» дейді ғалым.

Ғалымдар алға тартып отырғандай, біздегі теңіз суларын зерттеуде нанатехнологияға жүгіну, осы арқылы жаңашылдыққа ұмтылу біз үшін ауадай қажет. Бұл ретте ғалымдар бүгінде жер бетіндегі темір рудасы таусылуға таяу екендігін, 40-50 жылдан кейін темір тапшылығы орын алатынын алға тартады. Осы тұста темірдің орнын алмастыратын композиттік материалдар судан алына бастайтынын айтып отыр.

«2012 жылы Вьетнам компаниялары біздің Арал теңізінен мұнай іздеу үшін барлау жұмыстарын жүргізгісі келетіндерін мәлім етті. Ресми түрде біздің билік тарапынан бұған рұқсат та берілді. Рас, Аралды бұрынғы қалпына келтіре алмаймыз. Аралда қазір басқаша өмір. Теңіздің тартылған жағында өсімдіктердің өздігімен өсу процесі жүріп жатыр. Сексеуіл, өзге де ағаштардың өздігінен өсуі жердің астында әлі де су бар екенін көрсетеді. Сондықтан Аралды зерттеуді тоқтатпау керек. Соңғы бес жылда Аралды зерттеу тым саябырсып кетті. Тіпті тоқтап тұр десе де болады.  Қазір көптеген елдер теңіз суынан құрылыс орындарына қажетті базальт деген зат алып жатыр. Бұл материал өте жоғары температураға шыдамды және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз. Тығыздығы жағынан алмазбен деңгейлес. Алмаздың тығыздығы шартты есептік көрсеткіш бойынша 10 болса, базальттікі 9,8 пайыз құрайды. Осыдан-ақ оның берік материал екенін байқаймыз. Соңғы кездері Жапонияда, Қытайда, Кореяда ірі бетон конструкцияларын жасайтын құрылыс компаниялары панельдердің арасына базальттан жасалған арматураларды сала бастады. Өйткені базальттан жасалған арматура қолданылған панельдер жер сілкінісіне төзімді болады екен. 

арал.jpg

Міне, біздегі теңіз суларының құрамында рудадан бөлек осындай құнды материалдар бар. Мұны білгендіктен де Ресейдің ғалымдары және тағы басқа елдердің мамандары біздегі су көздерін зерттегілері келеді. Сондықтан біз үшін осы сала нақты технологиялық жаңаруға бейімделуі қажет етіп отыр. Ол үшін мемлекеттік қолдау керек. Алдағы он жылдан Қазақстандағы теңіз суларын, жер асты суларын зертетуде нақты жетістікке қол жеткізіп, ондағы алынған бағалы заттарды экспортқа шығара алсақ бұл жақсы емес пе?! Қазір ғылымның қуаты барлығына жетеді. Деемк бізге осы саладағы ғалымдарға жағдай жасалынуы керек. Аралды ғана емес, Балқашты, Зайсан көлін, Ертісті зертету үшін арнайы зертханалар ашылып, суларымыздың құрамында сирек кездесетін металлдар анықталуы тиіс. Өйткені қазір судың да сұрауы артататын заман келе жатыр»,- дейді гидрогеолог маман Ғазиза Түсіпова.

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар